631 млрд теңге мен 398 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды

0
320

Олигополия меншігінен 398 мың гектар жер, 631 млрд теңге мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Тимур Тәжімбаев хабарлады. 

«Президент тапсырмасы бойынша активтерді қайтару және олигополиямен күрес жалғасуда. Арнайы комиссия жұмысымен мемлекетке 631 млрд теңге қайтарылды. Оның ішінде 400 млн доллар қылмыстық қудалау аясында шетелден қайтарылды. Олигополия меншігінен 398 мың гектар жер қайтарып алдық. Оның бағасы 6,5 миллиардтан астам теңге тұрады», – деді Тимур Тәжімбаев Бас прокуратураның биылғы жұмысын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатында. 

Вице-прокурордың мәліметінше, Бас прокурор бұрын олигополия пайдасына шығарылған сот шешімдеріне наразылық енгізіп, нәтижесінде Жоғарғы сот 17 сот актісінің күшін жойды. Сол арқылы 600-ден астам темір жол тупиктері қайтарылды. Жол жүру тарифтері азайды. 21 миллиардтан астам сомаға мемлекет мүддесі қорғалды. Заңсыз алынған мемлекеттік объектілерді қайтару туралы прокуратура берген 6 талап-арыз қолдау тапты. Жалпы сомасы 14 миллиардқа жуық теңгеге прокуратура берген талап-арыздар қаралып жатыр. 

«Қылмыстық жолмен алынған табыс және активтерді қайтаруға шетелдік әріптестерімізді тартып жатырмыз. Мысалы, қазан айында Кипрмен қылмыскерлерді беру және қылмыстық істер бойынша көмек көрсету туралы шарт жасалды. Жалпы қылмыстық-құқықтық салада Қазақстан 34 елмен шарттар бекітті. Олардың ішінде Қытай, АҚШ, Үндістан, Бразилия сияқты ірі елдер бар», – деп нақтылады Тимур Тәжімбаев.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here