2023 жылдың 20-24 ақпан аралығында Филология институты Академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Алматы облысы бойынша кәсіби даму институтының ұйымдастыруымен «Әдістемелік десант: жас мамандар мен болашақ педагогтарға кәсіби қолдау» тақырыбында республикалық форум болып өтті.
«Инклюзивті білім беру және шағын жинақталған мектеп: Теория және тәжірибе» тақырыбында өткен форум мәжілісінің модераторы, институт директоры Алуа Василийқызы жиынға қатысқан қонақтарды таныстырып, бүгінгі басқосудың ұйымдастырудың өзектілігін атап өтті.
Форумның пленарлық мәжілісін ашқан университетіміздің академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Нышанұлы жалпы бүгінгі таңда жас мамандарға педагогикалық қолдау көрсету, еліміздің барлық мектептерімен әріптестік байланыс орнау университетіміздің басты міндеттерінің бірі екеніне тоқталды. Сондай-ақ осы мақсатта Абай университетінде көптеген игі бастамалар қолға алынып жатқанын, студенттеріміз педагогикалық практикадан өту барысында теориялық білімін практикамен шебер ұштастырып жатқанын да тілге тиек етті.
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас сарапшысы, PhD доктор Балабек Сақтағанов, «Өркен» ұлттық ғылыми- практикалық балалардың хал-ахуалы институтының аға ғылыми қызметкері, психолог-кеңесші, халықаралық сертификатталған коуч Берікгүл Әбдіхалықова, Алматы облыстық оқу-әдістемелік орталығының әдіскері, практик-психолог Индира Талғатқызы, «Өрлеу» БАҰО АҚФ Алматы облысы бойынша КДИ директорының оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары, PhD доктор Хуршидам Масимова, «Өрлеу» БАҰО АҚФ Алматы облысы бойынша КДИ-нің «Әдіснама және педагогикалық инновация» кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор Меруерт Бисенбаева баяндама жасап аталған мәселе бойынша ой бөлісті.
Форумның келесі күндерінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Алматы облысы бойынша кәсіби даму институтының білікті әдіскерлері және республика мектептерінің басшылары мен мұғалімдері «Қазіргі қоғамдағы ерекше білім беру қажеттілігі», «Шағын жинақталған мектептердегі оқу үдерісі: Ерекшеліктер мен мүмкіндіктер» тақырыптарында шеберлік-сыныптар мен баяндамалар жасап, бүгінгі таңдағы білім саласындағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Сонымен қатар, біздің бітіруші түлектерге заманауи технологиялар көмегімен тренингтер ұйымдастырып көптеген тәжірибелерімен бөлісті.
Әдістемелік десанттың «Білім берудің нәтижесі – функционалдық сауаттылық» тақырыбында өткізілген төртінші күні Академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының білікті әдіскер-ғалымдары тіл мен әдебиет сабағынан шеберлік-сыныптар ұйымдастырып, студенттеріміздің шығармашылыққа баулыды.
Төрт күнге созылған форумда студенттер мен жас мамандар бүгінгі таңдағы білім беруде орын алатын қиындықтарды тиімді шешу жолдарын меңгеріп шықты. Осы форумның басы-қасында болған Филология институтының директоры, профессор Алуа Василийқызы мен Академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Нағима Әбзелбекқызы аталған шараның жас мамандарға берері көп екенін атап өтті. Әсіресе, бітіруші түлектеріміз форум барысында спикерлерге көкейдегі сауалдарын жолдап, кері байланыстың көпірін орната білді.
Жыл сайын өтетін дәстүрлі форумның көтерер жүгі мен берер ақпараты өте өзекті. Сондықтан да, студенттеріміз осындай басқосулар жиі ұйымдастырылса деген тілектерін білдірді. Форум соңында кафедра меңгерушісі Нағима Әбзелбекқызы форумда өз тәжірибелерімен бөліскен спикерлерге ректордың «Құрмет грамотасын» тапсырды.