Журналистерге шабуыл ұйымдастырғандар ұсталды

0
604

Соңғы кездері елімізде журналистерге шабуылдың үдегені рас. Шабуылдардың жүйелі түрде жасалуына қарағанда, оның жоспарлы түрде ұйымдастырылғаны анық. Ал, журналистерге шабуыл жасау жақсылықтың нышаны емес. Бұл алдымен сөз бостандығына жасалған қиянат. Сондықтан журналистерге шабуыл мәселесін толыққанды тергеп, тапсырыс орындаушыны да, тапсырыс берушіні де анықтау құқық қорғау органдарының тікелей міндеті. Осы шабуылдар бойынша құқық қорғау органдарына мұқият тергеу жүргізуді тапсырған Президент те осыны айтқан болатын.

Бүгін Polisia.kz порталы Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомствоаралық жедел-тергеу тобы БАҚ өкілдеріне шабуыл ұйымдастырған күдікті топтың жолын кескенін хабарлады. Ресми мәліметке сенсек, Алматыда арандатушылық шабуылдардың тікелей үйлестірушісі – шетел азаматы, білікті хакер О.Токарев ұсталған. Оның уақытша тұрып жатқан жерінен шабуылдарды басқару, анонимді Telegram-аккаунттарда тапсырыстар беру, орындаушыларды табу және олардың қылмыстарына ақы төлеу жүргізілген техника табылып, тәркіленген. Аталған топ Вадим Борейкоға, Гүлнар Бажкеноваға, Гүлжан Ерғалиеваға, Самал Ибраеваға, Динара Егеубаеваға және бұқаралық ақпарат құралдарының өзге де өкілдеріне қарсы 30-дан астам арандатушылық шабуыл жасаған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Бұл – автокөлікті өртеу, журналистерге, олардың туыстары мен редакцияларға қоқан-лоққы көрсету мен шабуылдар жасау, DDoss шабуылдар. Қылмыстық топ шабуылдарының басты мақсаты – журналистерді қудалауды имитациялау арқылы ҚР Президентін және ол жүргізіп отырған демократиялық реформаларды дискредитациялау», – делінген ІІМ хабарламасында.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де тергеу барысын жіті назарда ұстайтынын мәлімдеді.

Шабуыл жасау, қоқан-лоқы көрсету сияқты журналистерге қарсы бағытталған қылмыстың артында кім(дер) тұр? Токарев кімнен тапсырыс алды? Енді Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті осы сұрақтарға жауап іздеуі керек.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here