Өнертабыстары өндіріске дайын университет

0
2002
Оралбай Дәрменовтің жетекшілігімен пайда болған технология тамырдың ішіндегі қатып қалған қалдықтарды тазартады, яғни қан тамырдағы қан айналымын тұрақтандырады...

Рас, қуатты елге айналу үшін қуатты экономика керек. Ал, экономиканың өзі білім мен ғылымға тікелей тәуелді. Мысалы, сатып алу қабілетінің паритеті бойынша есептегенде зерттеулер мен әзірлемелерге ең көп шығындалатын елдердің бестігіне АҚШ (657,5 млрд $), Қытай (525,7 млрд $), Жапония (173,3 млрд $), Германия (147,5 млрд $) және Оңтүстік Корея (102,5 млрд $) енеді. Енді қараңыз, ғылымға қаржы аямайтын АҚШ, Қытай, Жапония және Германия тиісінше әлемдегі экономикасы ең мықты төрт елді құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша Оңтүстік Корея ғана 12-орынға жайғасқан. Екінші мысал келтірейік. Ғылымға жұмсалатын қаржының жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) үлесі бойынша көш басында Израиль (4,9%), Оңтүстік Корея (4,6%), Тайвань (3,5%), Швеция (3,4%), Жапония (3,2%) тұр. Израиль, Тайвань, Швеция да экономикасы мықты, халқы дәулетті елдер саналады. Демек, іргелі ғылымсыз ілгерілеу болмайтынын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Өкінішке қарай, 2021 жылы елімізде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға ЖІӨ-нің бар болғаны 0,12 пайызы ғана жұмсалған. Мұны Президенттің өзі де мойындап, 2025 жылға қарай ғылымға бөлінетін қаржыны ЖІӨ-ның 1 пайызына дейін жеткізуді тапсырды, бірақ қажетсіз жұмыстар мен зерттеулерді қаржыландыруға жол берілмейтінін, әрбір ғылыми жұмысқа қатаң талап қойылатынын ескертті. Президент тапсырмасын орындауда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің еңбегін атап өтпеске болмайды. Еліміздегі жетекші жоғары оқу орнының ғылыми жобалары аз емес. Оған  Ғылыми-технологиялық паркі мен ғылыми-зерттеу лабораториялары жетістіктерін таныстыру мақсатында 23 ақпанда өткен БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турында көз жеткіздік.

Ғылыми институттармен және ұйымдармен интеграция күшейтілді, университетте 21 білім беру бағдарламасы енгізілді, 396 магистр мен PhD докторы оқытуды аяқтады

ЖАҢА ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛЫ

Тоқсан жылға таяу тарихы бар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттерге білім беріп қана қоймай, ғылымның тың беттерін ашып жатқанын көз көреді, құлақ естиді. Университет ғалымдарының еңбегі еліміздің экономикасы үшін таптырмас мүмкіндік береді. Ғылым мен өндіріс қатар жүргенде ғана елдің ертеңі айқындалады. Ал, зерттеу университетінің коммерцияға дайын жобаларын санауға саусақ жетпейді. Дегенмен, маңызды деген бірнешеуін атап өтсек артық болмас.

Қарашаңырақта бес жылдан бері ғалымдар мен студенттердің инновациялық идеяларын жүзеге асыратын Ғылыми-технологиялық парк жұмыс істейді. Сол «ТрансНефть» технопаркі Орталық Азия ғылыми-зерттеу және жобалау институтымен бірлесіп, «Сұйық түрдегі ракушка плиткалардың бетіне жағылатын тау жыныстарының поликристалды сынғыш ұнтақты кальций карбонатын жасайтын бірлескен өндірісін құру» инновациялық жобасын іске асырып келеді. Жаңа құрылыс материалының жоғары сапасы жұмыс барысында дәлелденді. Қазір эксперимент ретінде жаңа материал университет ғимараттарының қасбеттеріне қолданылып жатыр. Бүгінге дейін айына 10 мың шаршы метр көлемінде инновациялық құрылыс материалдарын өндіру жолға қойылған көрінеді.

«Құрылыс материалы» дегеннен шығады. Өкінішке қарай, құрылыс материалдарының басым бөлігі сырттан келеді. Соның ішінде қасбеттерді дайындауға арналған құрамдар, резеңке және темір құбырлар, әйнектер, керамикалық кірпіштер мен плиталар, сантехника мен радиаторлар сияқты құрылысқа қажетті негізгі тауар санаттарына 90 пайыз тәуелдіміз. Құрылыс саласында ішкі нарықты бетон, цементпен ғана қамтамасыз етеміз. Қалғаны импортқа толық тәуелді. Егерде жаңа құрылыс материалын ойлап тапқан жоғарыдағы ҚазҰУ ғалымдары сияқты еліміздің барлық жоғары оқу орындары осыған атсалысса, оны өндіріске енгізуге мемлекет қолғабыс етсе, тағы бір кемнің орны түгенделер еді. Осы орайда ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «Ұлық іс ұсақтан ұлғаяды. Кірпіш зор емес, қаласаң қандай зор үй шығады» деген ұлағатты сөзі ойға оралады. Ойласатын-ақ шаруа!

ТҰРМЫСҚА ҚАЖЕТТІ ҚОНДЫРҒЫЛАР

Журналистердің басын қосқан баспасөз турында Ғылыми-технологиялық паркі дәстүрлі электр энергиясы жоқ жерлерде электр энергиясын беруге арналған қондырғыны таныстырды. Ол – қуаты екі және одан да көп киловатт-сағат телеметриясы бар мобильді, автономды-гибридті күн энергиясы қондырғысы. Аталған жобаға Қорғаныс министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, «Қазақтелеком» АҚ, ұялы байланыс операторлары, агроөнеркәсіптік кешен өкілдері және өзге де ұйымдар қызығушылық танытқаны айтылды. Әрине, тұрмысқа қажетті қондырғыға қызығушылық қана танытып қою аздық етеді. Енді ғалымдар ойлап тапқан күн энергиясы қондырғысын дамыту, ғылыми жетістікті коммерцияландыру мәселесі шешілуі керек.

Тағы бір табысты жоба – «Мұнай ұңғымаларын асфальт-шайыр-парафинді және гидратты шөгінділерден тазарту технологиясы». Ол да «Инновациялар плюс» компаниясымен бірлесіп қолға алынған тың жоба. Ғалымдар әзірлеген автоматты мұнай шөгінділерін тазарту қондырғысы мұнай өндіру кезінде циклдік және күнделікті тазартуды жүзеге асырады. Құрылғы өте төзімді және минималды бақылауды қажет етеді. Ол қолданыстағы тазарту шығындарын 80 пайызға дейін азайтуға, тазарту кезінде мұнайдың төгілу қаупін төмендетуге, адам факторының кері әсерін болдырмауға мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, бюджетінің үштен бір бөлігі мұнайға тәуелді еліміз үшін таптырмас қондырғы.

Жанар Жеңісқызының жетекшілігімен университет ғалымдары ел аумағында өсетін дәрілік және қоректік шөп қоспаларының бірнеше түрінен табиғи тұнбалар жасап шығарды…

ҒАЛЫМДАРДЫҢ БІРІНШІ БАЙЛЫҚҚА ҚОСҚАН ҮЛЕСТЕРІ

«Бірінші байлық – денсаулық» деп тегін айтылмайды. Ал, университет ғалымдарының сол бірінші байлыққа қосып  жатқан үлестері өз алдына бөлек әңгіме. Тарқатайық.

Биология ғылымдарының докторы, профессор Оралбай Дәрменовтің жетекшілігімен пайда болған артериялық патологияны емдеу тәсілі медицинаға қомақты үлес болып қосылды.

Оралбай Кенжебайұлының сөзінше, аталған емдеу жолы қырықтың қырқасынан асқандардың бәріне қажет-ақ. Яғни, орта жастан асқан адамдардың қан тамырлары уақыт өткен сайын тарылып, қан айналымы азая түседі. Қауіптің алдын алмаса, адам инсульт немесе инфаркт алып қалуы бек мүмкін.

Ғалымның сөзінен түсінгеніміз, әлемде қолданыста бар технология жіңішкерген, тарылған тамырды кеңейтумен ғана шектеледі. Ондағы қатты қалдықтарды тазалауға қауқарсыз. Оралбай Дәрменовтің жетекшілігімен пайда болған технология тамырдың ішіндегі қатып қалған қалдықтарды тазартады. Яғни, қан тамырдағы қан айналымын тұрақтандырады.

Бір атап өтерлігі, тың жоба қазір лабораториялық зерттеуден өтіп жатыр. Болашақта ел оның игілігін көруі алыс емес. Лайым солай болғай!

Адам саулығына қатысты университеттің екінші жобасы – «Өсімдік шикізаты негізінде инновациялық өнімдерді әзірлеу» деп аталады. Баспасөз туры барысында аталған жобамен Дәрілік өсімдіктердің ғылыми-зерттеу орталығында таныстық. Оны жоба авторының өзі таныстырды.

Әл-Фараби атындығы Қазақ ұлттық универститетінің профессоры, PhD доктор Жанар Жеңісқызының жетекшілігімен университет ғалымдары алғаш рет ел аумағында өсетін дәрілік және қоректік шөп қоспаларының бірнеше түрінен табиғи тұнбалар жасап шығарды. Олар тұмау вирусына, ЖРВИ-ге, бауыр мен әйелдер денсаулығын сақтауға бағытталған профилактикалық және емдік қасиеттерге ие. Өнім фармацевтикалық компаниялар, медициналық мекемелер, ғылыми-зерттеу институттары және өзге де нарық нысандарының өндірісіне дайын. Отандық өнім шетелден келетін құрамы күмәнді, бағасы қымбат түрлі дәрумендермен бәсекеге түсуге тас-түйін дайын тұр. Енді табиғи өнімнің жаппай қолданысқа енгізілгені керек.

Жалпы, Жанар Жеңісқызының есімі ғасыр тарихы бар «Qazaq» газетінің көзі қарақты оқырманына таныс болса керек. Бұрнағы жылдары ата басылымда ғалымнан алған көлемді сұхбат та, оның антивирустық табиғи қоспасы туралы мақала да жарияланған болатын.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті осы күнге дейін екі наноспутникті ғарышқа ұшырды…

ҒАЛЫМДАР ҒАРЫШҚА ДА ҚОЛ СОЗДЫ

Жоғарыда жетекші университеттің ғалымдары ашқан ғылыми жаңалықтарын санауға саусақ жетпейтінін жаздық. Оның барлығын жазып шығуға газет беті көтермейді. Сондықтан баспасөз туры аясында таныстырылған жобалардың бәріне тоқталуға мүмкіндік жоқ.

Ғалым Әмірхан Темірбаев жетекшілік ететін процестік инновациялар орталығы «Әл-Фараби сериялы университеттік наноспутниктерін әзірлеу және құру» жобасымен таныстырды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кубсат стандартының алғашқы отандық наноспутнигін әзірлегенін зор мақтанышпен айтуға болады. Расында, біздің мақтанатындай жөніміз бар. Айталық, қазірге дейін университет екі наноспутникті ғарышқа ұшырды. Cubesat-тар кішкентай көлеміне қарамастан, Марс атмосферасы, астероидтар, Күн желін зерттеу, нақты уақыт режимінде Жер шарының бетін бақылау сияқты технологиялық, ғылыми және білім беру мәселелерін шешеді.

Бүгінде «Ғылым қоры» қолдауымен Процестік инновациялар орталығы базасында ғарыштық робототехниканы, сондай-ақ еліміздің мектептері мен жоғары оқу орындарында STEM-білім беруді дамытуға бағытталған шағын ғарыш аппараттарының инновациялық конструкторларын өндіру жобасы іске асып жатқанға ұқсайды. Қазірдің өзінде 10-нан астам жиынтық сатылған. Яғни, ғылыми жетістікті коммерцияландыру жұмысының қолға алынғаны қуантады.

Нанотехнология туралы көп айтамыз, жиі естиміз. Өйткені, салыстырмалы түрде айтқанда, бұл ғылымдағы жаңа бағыт. Кішігірім өлшемдермен айналысатын ғылымның пайда болғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Дегенмен, нанотехнологиялар үлкен сұранысқа ие болып отырғаны рас. Сондықтан көштен қалуға болмайды. Бұл салаға университет ғалымдарының да қосқан өз үлесі бар. Айталық, Ашық үлгідегі ұлттық нанотехнологиялық зертхана мен инженерлік өндіріс зертханасында Данияр Исмаилов «Наноматериалдар негізіндегі қабылдағыштар» жобасын әзірлеген. Қабылдағыштарда сенсор ретінде заманауи нанотехнологиялық тәсілдер пайдаланылады. Бұл шығарылатын өнімнің сипаттамаларын жақсартуға мүмкіндік береді. Оның артықшылығы ретінде алдымен нанотехнологияға негізделген сапасын айтса болады. Саладағы ерекше қасиеттерге байланысты баға тұрғысынан қолданыстағы аналогтармен бәсекелесе алады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

ХІХ ғасырда Ұлы Абай «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деді. Хәкімнің ұлағатқа айналған бұл тұжырымы уақыт өткен сайын көмескіленбей, керісінше мән-мағынасы артып келеді. Себебі, жаңалығы желмен жарысқан бүгінгідей заманда өркениетті елдер ғылымға қатты көңіл бөледі. Олар іргелі ғылымсыз ілгерілеу болмайтынын, өнертабыссыз өндіріс өрге баспайтынын жақсы біледі. Ғылым дамымай, елдің бәсекеге қабілеттілігі артпайтынын, экономикалық өсім болмайтынын Президент те айтты. Айтып қана қойған жоқ, бірқатар тапсырма жүктеді.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here