Көк түтінге тұншыққан Алматы: Лос-Анджелес сабақтары

0
4466

Алматының менің туған қалам Лос-Анджелеспен ұқсастығы өте көп. Бірі АҚШ-тың, екіншісі Қазақстанның мәдени және экономикалық орталығы. Өкінішке қарай, қос қаланың да ауасы ластанған. Мен Лос-Анджелесте тұрғанда ауаның ластануы көптеген қолайсыздық тудыратын. Қазір Алматының көк түтінінен Алатаудың қар басқан заңғар шыңдары қалай көрінбесе, бұрын Лос-Анджелестегі Ли тауында орнатылған атақты Hollywood белгісі де түтіннен солай көрінбейтін еді.

Енді мен ауаның ластануы қолайсыздықтан бұрын алдымен біздің денсаулығымыз бен экономикамызға орасан зор зиян тигізетінін білемін. Oзoн opгaнизмгe дeммeн жұтылғaн ayaмeн eнeді. Ол демікпе, жүрек-тамыр аурулары, өкпе қатерлі ісігі жағдайларының көбеюіне әкеледі және балалардағы өкпенің дамуына кедергі келтіруі мүмкін. Бұл денсаулық сақтау саласындағы жүктеменің артуына алып келеді. Ал, зерттеушілердің бағалауы бойынша, ауаның ластануы Алматыда 25 жастан асқан адамдардың 18% өлімінің себебі болып табылады екен.

Экономикалық шығындар да таңқаларлық. Энергетика және таза ауаны зерттеу орталығының жақында жүргізген зерттеуіне сенсек, ауаның ластануы әлемдік экономикаға 2,9 трлн доллар шығын әкелетін көрінеді. Бұл әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 3,3 пайызын құрайды. Ауаның ластануынан АҚШ жылына 600 млрд доллар (ЖІӨ-нің 3 пайызы), Қытай 900 млрд доллар (6,6%) жоғалтады. Бұл көрсеткіш Ресейде 4%-дан асады.

Дегенмен, ауаның ластану деңгейін төмендетуге болады. Мен Лос-Анджелестегі ауаның Үкімет пен азаматтық қоғамның бірлескен күш-жігерінің арқасында жылдар өткен сайын жақсарып келе жатқанын мақтан тұтамын. Осындай күш-жігердің Алматыда да жасалып жатқаны қуантады. Осы орайда ауаны жақсартуда АҚШ-тың жасаған батыл қадамдарына тоқталғым келеді. Өйткені, АҚШ тәжірибесін Қазақстанның назарға алуы артық болмайды.

Америка Құрама Штаттары 1970 жылы таза ауа туралы Заң қабылдап, оны реттеудің қажеттілігін мойындады. Нәтижесінде 2015 жылға қарай АҚШ-та ең көп таралған алты ластауыштың шығарындылары орта есеппен 70%-ға бір-ақ төмендеді. Кейбір адамдар қоршаған ортаны қорғау әрекеттерінің экономикаға кері әсер ететінін алға тартады. Бірақ, біздің тәжірибеміз бұл тұжырымның қате екенін дәлелдеді. Неге десеңіз, ауаның ластану деңгейі төмендегенде,  біздің ЖІӨ 246% өсім көрсетті.

Carnegie Mellon University мәліметі бойынша, 2008-2014 жылдары ауаның ластану деңгейін төмендетуге арналған шығындар 20%-ға қысқарды. Сонымен қатар, энергетикалық сектордан болатын ауаның ластану деңгейі 50%-ға төмендеді. Ал, электр энергиясын өндіру көрсеткіші іс жүзінде өзгерген жоқ. Сонда бұған қандай фактор оң әсер етті? Энергетикалық ақпарат агенттігінің мәліметінше, көмірмен өндірілген электр энергиясының көлемі осы кезеңде 20%-ға азайып, табиғи газ бен жаңартылатын көздердің көмегімен өндірілген энергия тиісінше 28 және 42%-ға артқан.

Әрине, көмірден бірден бас тарту оңай шаруа емес. Дегенмен,  жаңартылатын энергия көздеріне көшу арқылы ауаны ластайтын көмірден біртіндеп бас тартуға болатынын АҚШ тәжірибесі көрсетіп отыр.

АҚШ Үкіметі қазірдің өзінде Қазақстанның электр энергия көздерін әртараптандыруын қолдайды, оның ішінде энергетикалық секторын жаңғырту, жеке инвестицияларды көтермелеу және халықаралық стандарттарды енгізу үшін негізгі заңнамалық актілерге түзетулер енгізуге Қазақстан Үкіметіне көмектеседі. Мысалы, USAID Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері бойынша аукциондар өткізуге жәрдемдесті, соның нәтижесінде энергетикалық сектордағы көмірқышқыл газ шығарындылары 2025 жылы көмірдің көмегімен өндірілген электр энергиясының осындай көлеміне қарағанда 3,6 пайызға төмен болады. Сонымен қатар, АҚШ Үкіметінің қолдауымен елдегі ауа сапасын қадағалайтын құрылғылардың саны мен сапасы артып, шенеуніктер олардан нақты деректерді алуды үйренеді. Ал, ауаның ластану қаупін жақсы түсінетін Лос-Анджелес тұрғындары кезінде барлық өзгерістерге түсіністікпен қарап, Үкімет пен азаматтық қоғамға қолдау көрсеткен еді. Алматылықтардың да құзырлы орындардың бастамасын қолдайтындарына кәміл сенемін.

Ауаның ластануымен күресу қиын болуы мүмкін, бірақ онымен күресті қазір бастамасақ, халықтың саулығы мен қаланың экономикасына айтарлықтай залалын тигізеді. Сайып келгенде, Қазақстан азаматтарының денсаулығы мен елдің экономикалық дамуы үшін ауаның ластануымен күреске уақыт пен қаржыны аямай жұмсау керек. Өйткені, оның міндетті түрде өтеуі болады. Оған жоғарыда сөз болған АҚШ тәжірибесі дәлел. Ал, АҚШ осы ортақ міндетті шешу үшін Қазақстанмен жүйелі жұмысты жалғастыруға дайын. Және мен де дайынмын. Қазір мен еш кедергісіз Голливудтың белгісін Лос-Анджелесте жыл бойы көре аламын және болашақта Алатау туралы да солай айтқым келеді. Біз бірге бұған қол жеткізе аламыз.

Эрик Майер, АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here