«Қазақ» газетінің 110 жылдығына арналған кездесу өтті

0
1567

Кеше, 19 сәуірде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Тәрбие жұмыстары жөніндегі департаменттің ұйымдастыруымен республикалық «Қазақ» газетінің 110 жылдығына арналған «Ұлт рухын асқақтатқан басылым» атты кездесу болып өтті. Шараға «Қазақ» газетінің бас редакторы Жасұлан Мәуленұлы, ҚазҰАЗУ Тәрбие жұмыстары жөніндегі департамент қызметкерлері, факультет декандарының орынбасарлары, топ кураторлары мен білім алушылар қатысты.

Ата басылымның мерейтойына арналған кездесуді жүргізген ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов өзінің кіріспе сөзінде: «ХХ ғасыр басында қазақтың ұлттық мүддесі, тарихы мен мәдениеті, тұрмыс-тіршілігінің айнасы болған бұл басылымның сарғайған беттеріндегі құнды мақалалар әлі де зерттеуді, зерделеуді қажет етеді», – деп атап өтті.

Келесі сөз кезегін алған «Қазақ» газетінің бас редакторы Жасұлан Мәуленұлы: «Газет жалпы елдің мақсат-мұратын тоғыстырып, ұлттық сананың оянуына ықпал еткен қозғаушы күш биігіне көтерілді. Бүгінде кейбір республикалық басылымдардың өзі нарық қыспағынан еңсесін көтере алмай отырғанда, бұл газет кезінде 6 мың данамен таралып, оқырмандардың ықыласына бөленді», – дей келе, газеттің өткені мен бүгініне тоқталды.

«Әлеуметтік пәндер» кафедрасының меңгерушісі Зәуре Ақтамбердиева «Қазақ» газетін мемлекет тарапынан қолдау және студенттер арасында кеңінен насихаттау, қайтадан ұлттық басылымға айналдыру туралы ой-ұсынысын ортаға салды.

Шара барысында «Агробиология» факультетінің 1-курс студенті Айым Әділқызы «ХХ ғасырдың басында қазақ ұлтын ұйыстырған мерзімді басылым – «Қазақ» тақырыбында, «Бизнес және құқық» жоғары мектебінің 1-курс студенті Ұлықбек Сұлтанбек «Ұлттық идеяның шырақшысы» тақырыбында арнайы баяндама жасап, университетте газеттің жас оқырмандары аз емес екенін жеткізді.

Кездесу барысында «Қазақ» газетінің 110 жылдығына орай жарық көрген сандары қатысушылар назарына ұсынылып, деректі фильм көрсетілді.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here