БАЛДАҚ ЖЕҢГЕН БОЛАШАҚ: БАХТИЯРДЫҢ ТАҒДЫРЫ

0
3088

Өмір – сынақтар мен белестерден тұрады. Оның ауыры мен жеңілін, қиындығы мен қуанышын таңдау біздің еркімізден тыс. Адам өмірді және тағдырдың әртүрлі мазмұндағы «сценарийін» таңдамайды. «Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме!» – деп, кез келген қиындыққа төтеп беретін жаратылыс иесінің қоғамдағы мүмкіндігі шексіз. Өмір өткелдерін біз таңдамағанымызбен, оны жеңілдететін жолдарды табу өз қолымызда емес пе?! Әркім өзіне шексіз мүмкіндік сыйлауға хақылы. Сондықтан, әр атқан таңда алға ұмтылу – адамдықтың көрсеткіші. Тағдыр жел өтіне қалдырып, талай сынаған жандардың бірі де бірегейі, жас та болса талаптың тұлпарын мініп, мақсатынан көз жазбаған Бахтияр Мұхамбетқалиев бүгінгі «Шексіз мүмкіндіктің» кейіпкері. «Qazaq» газеті үміті алдамаған, жігерлі жандарды әрдайым қолдайды.

ҚАЙСАРЛЫҚ ҺӘМ ТӨЗІМ

Бахтияр Мұхамбетқалиев кәсіби футболмен айналысқан. Алайда, обыр дертіне шалдыққан соң аяғынан айырылыпты. Аяғын кестірмесе, өмірінен айырылатынын түсінген кейіпкеріміз барлық қиындыққа төзген. Оң аяғына ауыр ота жасалған Бахтияр еңсесін түсірмей, өмір үшін күрескісі келеді. Спорттық жаттығуларын да тастамайды екен.

Жазмыштан озмыш жоқ екені рас. Кеше ғана доп теуіп, футбол ойнап, өз командасының вице-капитаны болып жүрген Бахтияр Мұхамбетқалиев бір-ақ күнде аяғынан айырылып, соның салдарынан бүгін өмірі түбегейлі өзгерді. Бірақ, тағдырдың тауқыметі спортшының сағын сындырмапты.

Кейіпкеріміз «Астана» футбол орталығының түлегі. Қоғамдық іс-шараларда белсенділігімен көзге түскен ол өмірінің осындай арнаға ауарын білген жоқ. Дегенмен, кейіпкеріміз қазіргі жай-күйіне қарамастан күнделікті жаттығуын кейінге қалдырған емес. Елордадағы Паралимпиадалық спорт кешені әлі ресми түрде ашылмаса да, Бахтияр Мұхамбетқалиевтің жағдайын түсініп, өтінішін құп көрген кешен басшылығы спортшының осында еркін жаттығуына рұқсат беріпті.

«Кез келген сұраққа жауап беруге дайынмын. Бәрін де сұрай беріңіздер. Аяғымнан қалай айырылғанымды, қалай кескенін, өмірімнің қыл үстінде болғанын, бәрін-бәрін айтып беремін», – деген Бахтиярдың ашық-жарқын мінезі мен төзімділігіне тәнті боласыз.

Кейіпкеріміз бала кезінде футболға мүлдем қызықпапты. Доп тебуді өнер санамаған ол үйде жалғыз отырып зерікпесін деп жеті жасында ата-анасы хоккей үйірмесіне апарғанын айтады. Бокс пен хоккейді серік етпек болған кейіпкеріміз бұл екі спорт түрі де қаржыны талап ететін қымбат спорттар екенін жасырмады. Бахтиярдың футболды таңдауының өзі қызық.

«Бір күні сол кездегі «Автомобилист» стадионының маңынан өтіп бара жатып, доп теуіп жүрген балаларды көріп қалдым да, бірден шешеме футболға бер деп жармастым. Бұрын бір-екі рет ағаларыммен бірге теледидардан көргенім болмаса, доп тебуді де білмейтінмін. Алғашқы жаттықтырушым Константин Котов бәрін үйретті. Көп ұзамай футболға қатты беріліп кеттім», – дейді Бахтияр Мұхамбетқалиев.

БІР ШЕШІМ: ӨМІР МЕН ӨЛІМ

Кейіпкеріміз ел намысын, ұлттың мүддесін бірінші орынға қоятын азаматтар қатарынан. Ол командамен бірге Қазақстанның әр түкпіріндегі турнирлерге қатысып, тіпті, орталық қорғаушы шебінде ойнап, команданың вице-капитаны болыпты. Ол «Астананың» қосалқы құрамына дейін жеткен екен. Алайда, клубпен кәсіпқой келісімшартқа отырып үлгермепті.

Бахтияр 2016 жылы жаттығу кезінде абайсызда құлап қалып, аяғынан ауыр жарақат алғандықтан ауруханадан бір-ақ шығады. Жарақат алып жатқан футболшылар көп. Дегенмен, кейіпкеріміздің жағдайы өте күрделі болғандықтан, дәрігерлер оған қос таңдау ұсынады. Кейіпкеріміздің өзінің айтуынша, егер аяғын кеспесе, ол өмірінен айырылатын еді. Бұл жарақаттан соң бірден орын алған жайт емес. Арада біраз уақыт өтеді. Аяғының ауырғанына бастапқыда мән бермеген Бахтияр жазылатын түрі болмаған соң клубтың дәрігерлеріне жүгініпті. Толық тексерістен өтіп, томография мен рентгенге түскен соң ол жарақатының қатерлі ісікке айналып бара жатқанын біледі.

Кейіпкеріміз бірден Астанадағы Онкологиялық ауруханаға жіберіліп, сол жерде 2016 жылдың желтоқсанында аяғына алғаш рет ота жасалыпты. Содан 2017 жылдың қаңтарынан бастап күнара химия-терапиялық емдеу қабылдап жүрген кейіпкеріміз былтыр наурызда тағы да оң аяғына ота жасатыпты. Сан мен сирақты жалғастырып тұратын сүйектің орнына темір салғандықтан, енді тек ем-дом қабылдап, химия-терапиядан өтіп тұру керек екен.

«Ампутация жайлы да ойлап қойғанмын. Өйткені, білетін адамдардан кеңес сұрағанда бұл бактерия ешқашан кетпейтінін, бүгін болмаса ертең қайта қозып, алдымен бауырдан айырылатынымды, содан кейін өмірім-мен қоштасатынымды айтқан. Үйдегілер де «аяғыңды кес» деп айтуға бата алмай жүр екен. «Бахтияр, бұл сенің өмірің. Өзің жақсылап ойлан! Сен футболшысың. Ертең арбаға таңылғанда доп тебе алмайтыныңа бізді кінәлап жүрме» деген. Бірақ, аяқтан пайда болмай қалғанын өзім де түсіндім. Ал өміріммен қоштасқым келмейді. Ұлымның өскенін көргім келді», – дейді шексіз мүмкіндіктің иесі.

Сөйтіп, ол дәрігерлерге «дайынмын» деп, аяғын кесуге рұқсатын беріпті. Кеше ғана доп теуіп жүрген зіңгіттей жігітке «аяғыңды кесеміз» деу – «дарға асамыз» дегенмен бірдей болғанымен, дәрігерлер Бахтиярдың өмірін сақтап қалды. Кейіпкеріміз содан бері балдақпен жүр.

«МЕН СЕНІҢ ӨМІРІҢНІҢ ЖАЛҒАСЫМЫН»

Бахтиярдың екі жасқа толған ұлы бар. Оның өміріне мән-мағына сыйлаған да сол балақай. Есімі – Дінмұхамед. Ауруханада жатқанда да өмірінің жалғасы жайлы ойлап, мұңға батқан.

38 жасында әже атанған анасы да немересін иіскеп, «Сенің кішкентай кезіңе қатты ұқсайды. Сен нәресте болып қайта туған сияқты көрінесің де тұрасың», – деп жиі айтады екен.

Ең қызығы, кейіпкеріміз ауруханада жатып түс көріпті. Түсін жақсылыққа жориық.

«Қай жыл екенін білмеймін, әлем чемпионаты екен. Финал. Қазақстан мен Бразилия құрамасы ойнап жатыр. Мен негізгі құрамдамын. Бір кезде ойынның соңына таман бас бапкер мені алмастырды. Стадион өре түрегеліп, қол шапалақтап жатыр. Қарасам, орныма қосалқы құрамнан ұлым шығып келе жатыр екен. Артында Дінмұхамед деген жазу бар. Оянған соң түсімді неге жоритынымды білмей, ұзақ ойландым. Ақыры мен жете алмаған арманға ұлым жететін шығар деген қорытындыға келдім. Расымен де, Дінмұхамедтің футболшы болуына енді бар күшімді саламын. Одан ешнәрсе аямаймын», – дейді Бахтияр Мұхамбетқалиев.

Кейіпкеріміз аз ғана үзілістен соң денсаулығын қалпына келтіріп алып, жаңа белестерді бағындыруға бел буып отыр. Бір аяқпен де талай асулардан өтуге болатынын дәлелдемек болған қайсар азамат, ең бастысы, жігерді жасытпау керектігін айтады.

Бахтияр Мұхамбетқалиев алдағы уақытта Паралимпиадалық ойындарға қатысуды көздеп отыр. Жақында отырып ойнайтын волейболдан Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алыпты. Ережелерін, қалай ойнау керектігін білмейтінін жасырмаған Бахтияр ынта мен жігер болса, үйрену қиын еместігін айтады. Сондай-ақ, ол болашақта Паралимпиада ойындарында спорттың жүзу түрінен де бағын сынамақ екен.

Қазір Астанадағы Паралимпиадалық спорт кешенінде жаттығу жасап жүрген Бахтиярдың осы комитеттің президенті Қайрат Боранбаевқа алғысы шексіз. Тура Алматыдағы «Қайрат» футбол клубының базасы сияқты стильде жасалған кешен Бахтияр секілді спортқұмар жандарға арналған.

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Қазір Бахтияр фитнеспен айналысып, спорт залға жиі барып, ұлымен бірге футбол ойнап, басқа балаларды да жеке мектептерде футболдан жаттықтырады.

«Көптен күткен сәт те туды. Бақыттымын деп айта аламын ба? Білмеймін! Алайда екі аяғыңа қайта тұру – керемет сезім. Енді арманыма жетіп, әлемді бағындыратыныма деген сенім екі есе арта түсті», – деді футболшы.

Бахтияр Алматы қаласының Онкология және радиология ғылыми-­зерттеу институтында ем алған. Дәрігерлердің мәлімдеуінше, Бахтияр қатерлі ісіктен кейін де бұрынғыдай өмір сүре алады.

«Емделушіде қазір ремиссия жүріп жатыр. Бахтияр протезге үйренгенше ол Паралимпиада құрамында спортпен шұғылдана алады. Протезбен бірге спортзалда физикалық жаттығулар жасайтын болады», – дейді Ғылыми-зерттеу институтының дәрігері Қуаныш Орманов.

Кейіпкеріміз әлеуметтік іс-шараларға да белсене араласады. Бахтияр Мұхамбетқалиев Еуропа Лигасы топтық кезеңінің «Астана» – «Маккаби» матчын тамашалау үшін стадионға барыпты.

«Сүйікті клубымның маңызды ойынына келіп, жанкүйерлермен иықтаса «Астанаға» қолдау білдіру төбемді көкке жеткізді. Бұл жеңіс бізге еурокубоктардың көктемгі кезеңіне өту үшін күреске қолайлы мүмкіндік береді. «Астана Арена» стадионындағы атмосфера керемет болды. VIP-сектордан орын бөлгені үшін клуб басшылығына ерекше алғыс айтамын. Ота жасатқан соң лангет кигізілген аяғым июге келмей қалды, ал VIP-сектордағы орындар қолайлы, отырып ойын тамашалау мүмкіндігін сыйлады», – деді Бахтияр.

Кейіпкеріміз спорттан басқа да қоғамдық дүниелермен айналысқысы келеді. Өзін-өзі жетілдіріп, рухын жаңғыртқан Бахтиярдың болашақтан үміті зор. Мәселен, өзі сияқты жағдайға түскен жандарға семинарлар өткізіп, дәріс оқуға, кеңес беруге дайын екен.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Мінекей, біз бүгін ғана таныған бір тағдырдың тарихы осындай. Бахтияр Мұхамбетқалиев сынды мақсаты мен мүддесі бар, көздеген нысанасынан айнымайтын азаматтар еліміздің жарқын болашағының кепілі. Кейіпкеріміз қандай жағдай болса да, өзін бақытты санайды. Өйткені, ол өмірдің барлық сынына төтеп беруге дайын. Елін, жерін мақтан тұтатын Бахтиярдың қайсарлығы мен батылдығын біз де құрметтейміз.

Әлия ІҢКӘРБЕК, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here