Рудаки елін билеген Рахмон әулеті

0
2155

Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары бірнеше мәрте Тәжікстандағы президент және парламент сайлауларын заңсыз деп танып, бұл сайлаулардың дүниежүзілік стандарттарға еш сәйкес келмейтіндігін жариялаған еді. Неліктен? Тоғыз миллионға жуық халқы бар бұл елде шын мәнісінде заңбұзушылықтарға жиі жол беріле ме? Бұл ел тәуелсіздігін алған 1991 жылдың 9 қыркүйегінен бері билік тізгінін ұстаған Эмомали Рахмонның елді ұзақ басқаруымен байланысты ма? Әлде, 66 жастағы президент болашақта ел билігін өзінің 30 жастағы үлкен ұлына бергісі келетіндігімен де қатысты ма? Ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осы сұрақтарға жауап іздейді.

СОВХОЗ БАСТЫҒЫ ҚАЛАЙ ПРЕЗИДЕНТ БОЛДЫ?

Эмомали Рахмон – 2 ұлын ұяға, 7 қызын қияға қондырған әке

Еңбек жолын Тәжікстанның Қорғантөбе мекеніндегі май зауытында қарапайым электрик маманы болып бастаған Эмомали Рахмонның саяси жолы өзінің кейбір әріптестерімен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Ол президент болғаннан екі-ақ жыл бұрын қарапайым ауыл әкімі еді. Кейіннен, Эмомали Рахмон сол кездегі совхоз бастығының екі-үш жыл ішінде президент болып сайланатынын ойламағандығын айтқан. Алайда, уақыт солай болды.

1987 жылдан 1992 жылға дейін Тәжікстанның Данғар ауданындағы Ленин совхозының директоры болған Эмомали Рахмон 1992 жылдың аяғында Тәжік парламентінің төрағасы болып сайланды. Кейін өзін оң қырынан көрсеткен ол 1994 жылы 42 жасында президент орынтағына жайғасты. Эмомали Рахмонға сол кезде халықтың 59 пайызы жақтап дауыс берген еді. Міне, сол тұстан бастап билікке келген Эмомали Рахмон елді сенімді түрде 24 жыл басқарып келеді.

Рас, осы уақыт арасында елде түрлі жағдайлар орын алды. Өзбекстанмен арадағы ұзақ шиеленіс, Ауғанстан мен Тәжікстан арасындағы әскери жағдайлар, Тәжікстанның өз ішіндегі түрлі қылмыстық топтарды басып-жаныштау процестері 1994 жылдан 2000 жылға дейін жүргізілді. Бір сөзбен айтқанда, бұл жұмыстар Тәжік президентінің болашақта батыл әрі нақты шешімдер қабылдауына септігін тигізді.

Қателіктер де болмай қоймады. Көптеген халықаралық ұйымдар бірнеше мәрте Тәжік-станда өткен президент сайлауларының заңсыз болғандығын талай рет айтты. Ол сайлау учаскелеріндегі заңбұзушылықтардың орын алуы мен адам құқықтарының жиі бұзылуы тұрғысындағы әрекеттер еді. Бұған дейін Тәжікстандағы президент сайлауы 1994, 2006, 2013 жылдары өткен болатын. Ендігі ел президентін сайлау уақыты 2020 жылға сәйкес келеді.

РАХМОН ТҰСЫНДАҒЫ ТӘУЕЛСІЗ ТӘЖІКСТАН

КСРО кезінің өзінде Тәжікстан халқының басым көпшілігі кедейшілік жағдайында өмір сүріп жатқандығы жөнінде көп айтылатын. Ал, сол алып империя құлаған тұста елдің жағдайы мүлдем төмендеп кетті. Түрлі қылмыстық топтар пайда болып, олар Тәжік жерінде азаматтық соғыс ұйымдастырғанын да жақсы білесіздер. 1999 жылы БҰҰ Тәжікстан халқының 83 пайызы аштықта өмір сүріп жатқанын мәлімдеді. Алайда, ресми Душанбе сол кезде бұл ақпаратпен келіспейтіндігін жеткізген еді.

Қазіргі таңда да елдің экономикалық жағдайы жақсарып кетті деп айта алмайсыз. 2011 жылғы дерек бойынша, Тәжікстан экономикасының жалпы ішкі өнімінің 47 пайызы мигранттар есебімен толығып отырады екен. Бұл ақша табу үшін миллиондаған тәжік азаматының шет ел асқандығын көрсетеді.

Сонымен қатар, Тәжікстан Республикасының өзінің бірқатар көршілерімен де территориялық дау-жанжалы бар екендігін айта кету керек. Ол бірінші кезекте осы елдің алып көршісі Қытай екендігі даусыз. Биылғы жылдың басында Тәжікстан мен Қытай арасында болған жағдай да көпке белгілі. 1992 жылдан бері Тәжікстан Қытайға таулы аймақтағы біраз жерін қарыз үшін беріп келді. Бүгінгі таңда Қытайдың жеті компаниясы Тәжікстанда алтын өндірумен айналысып жатыр.

Жуырда Тәжік мемлекеті Қытай алдындағы 1,2 млрд доллар қарызы үшін «Жоғарғы Құмарық» қазба кен орнын жерімен бірге Қытайға беруге мәжбүр болған деген ақпарат тарады. Алайда, бұл хабарды Тәжікстан үкіметі растамады. Қалай дегенмен де, жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды. 100 жылға жуық уақыт Тәжікстанмен жер дауын жүргізіп келе жатқан Қытай Тәжіктің таулы аймақтарын өз иелігіне алғысы келеді. Ол бүкіл Тәжік жерінің 20 пайызын құрайды дейді мамандар. Бір сөзбен айтқанда, Эмомали Рахмон ел басқарған жылдары ел экономикасы мен сыртқы саясатта көптеген қателіктер жіберілді.

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДАҒЫ ЕЛ

Эмомали Рахмон ел экономикасын көтеріп тастамаса да Тәжікстанның рухани тұрғыда жаңғыруына көп көмегін тигізді. Кеңес Одағы кезіндегі көптеген жер-су мен елдімекен атауларына өзінің тарихи есімдері қайтарылды.

Тіпті, елдің АХАЖ бөлімдеріне балаларының тегіне «ов» немесе «ова» деп жаздырғандарды тіркемеуге бұйрық берді. Мемлекеттік телеарналарда тек тәжік тіліндегі әндер мен дәстүрлер насихатталып жатты. Бұл бірінші кезекте халыққа ұнайтындығы белгілі.

Қазір тәжік халқы өз президенттерін ерекше құрметтейді. Эмомали Рахмон өз елінде тәуелсіз Тәжікстанды құрушы ғана емес, оның жаңа заманғы тарихын қалыптастырушы ретінде де насихатталады. Ол жөнінде тәжік телеарналарында күніне бірнеше мәрте айтылады. Тіпті, үлгілі отбасы, көпбалалы жанұя мен бақытты әке саналатын Эмомали Рахмонның өмірі көпке үлгі.

Шын мәнісінде, Эмомали Рахмон көпбалалы отбасының тірегі. Оның 9 перзенті бар. Оның ішінде 7 қыз және 2 ұл тәрбиелеп отыр.

2015 жылы Эмомали Рахмонға деген Тәжік халқының құрметіне орай ол тек президент қана емес, «Ұлт көшбасшысы» атағын алды. Дегенмен, Тәжікстан президентінің ұлт көшбасшысы атануы Батыс елдерінде біраз сөз болды.

28 ЖАСТАҒЫ ҰЛЫНА ДУШАНБЕ ТІЗГІНІН ҰСТАТҚАН ПРЕЗИДЕНТ

Эмомали Рахмонның отбасы мен туған-туыстары жөнінде кезінде АҚШ сарапшылары да бірқатар жағымсыз әңгімелер айтқандығы белгілі. Атақты «Викиликс» сайтының мәліметіне сенсек, Эмомали Рахмон отбасына елдегі ірі банктер мен алюминий зауыты тиесілі болған екен. Сонымен қатар, тауда орналасқан ірі су электр стансалары да Тәжікстан басшысы отбасының қарамағында деп жазды сол кезде батыс басылымдары.
Ел шулаған тағы бір әңгіме 2016 жылдың басында ел астанасы Душанбе қаласының мэрі қызметіне Эмомали Рахмон өзінің 28 жастағы үлкен ұлы Рустам Эмомалиді қоюымен байланысты еді. Ресейде білім алып, ағылшын және неміс тілдерін жетік меңгерген Рустам әкесінің арқасында қысқа мерзімде Тәжікстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікті, елдің кеден комитетін басқарып үлгерді. Ал, анша-мұнша емес, баласы Душанбе қаласы әкімінің орынтағына отырған кезде көптің төбесінен жай түскендей болды. Міне, әке жолын қуған жас саясаткер дем арасында осындай жетістікке жетті.

«Эмомали Рахмонның ендігі мақсаты – билікке өз ұлын дайындау» дейді сарапшылар. Сондықтан да, қазір көптеген жиналыстарда Тәжікстан президенті Рустам Эмомалиді қасына ертіп жүреді. Оған елдің көзінше нақты тапсырмалар беріп, халық алдындағы беделін арттыруға тырысады.

2020 жылы Тәжікстанда өтетін президент сайлауы кезінде Рустам Эмомали 32 жаста болады. Яғни, Тәжікстан конституциясына сай оның президенттік сайлауға түсуге мүмкіндігі де пайда болады.

Президенттің үлкен ұлымен қатар үлкен қызы да саясаттағы мансабын абыройлы жалғастырып келеді. 40 жастағы Озода Рахмон – Президент әкімшілігінің басшысы.

КӨРШІЛЕР КӨМЕГІ ЖӘНЕ ТӘЖІКСТАННЫҢ САЯСИ СЕРІКТЕСІ

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон өзінің басқа да президент әріптестеріне қарағанда тоғыз перзенті бар көпбалалы әке. Сонымен қатар, ол діни ұстанымға да берік азамат. Рахмон осы уақытқа дейін 4 рет қажылықта болған адам ретінде белгілі. Өзгелермен салыстырғанда да спортқа әуес. Әсіресе, Рахмонның тау шаңғысы спортына ықыласы ерекше.

Тағы бір қызықты ақпарат: Эмомали Рахмон 2006 жылы тәжік ауылдарының біріндегі мектептерді аралау кезінде бірнеше жергілікті мұғалімдердің аузынан алтын тісті байқап, оны кейін сүйек тіске ауыстыру жөнінде тапсырма берген екен. Бұл әрекетті президент былайша түсіндірген: «Егер, халықарылық ұйымдар әр тәжік мұғалімінің аузындағы алтын тісті көретін болса, олар бізді бай мемлекет деп ойлап қалуы мүмкін. Сонда біз шет елден келетін көмектен қағылуымыз да ғажап емес». Нәтижесінде, қазір тәжік ұстаздары алтын тіс салдырмайды.

Қазақ «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейді. Тәжікстан Республикасы үшін тәуелсіздік жылдарындағы ең маңызды мәселе өзінің алыс-жақын көршілерімен тіл табысу еді. Ол көп жағдайда бұл елге қиын болды десек те болады. Өйткені, шығысында Қытаймен жағдай түсінікті еді. Оңтүстікте соғыс өрті толастамай отырған Ауғанстан мәселесі. Ал, батысында Өзбекстан тұр.

Ұзақ жылдар Тәжікстан үкіметі көрші Өзбекстанмен арадағы байланысты реттей алмады. Тіпті, 1991-2000 жылдар арасында бұл екі ел шекарасында әскери қақтығыстар жиі орын алатын еді. Бұл ширек ғасыр Өзбекстанды билеген президент Ислам Каримовтің саясатымен тікелей байланысты болды. Алайда, соңғы уақытта Тәжік-Өзбек ара-қатынасы айтарлықтай жақсарды. Каримовтің орнына келген Мирзиёев екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екендігін айтқан. Нәтижесінде, 1995 жылдан кейінгі 22 жылдан соң биыл Эмомали Рахмон Ташкентке алғаш рет ат басын бұрды. Бірқатар келіссөздерге қол жеткізілді.

Эмомали Рахмон – Қазақстан мен Ресей құрған Еуразиялық одақты қолдайтын басшы. Сондықтан, оның солтүстіктегі алып көршілері Қазақстан мен Ресейге деген көзқарасы оң. Оң болмай қайтсін, сөз басында айтқан тәжік мигранттарының басым бөлігі Ресейде жұмыс істейді. Олар Қазақстан территориясы арқылы өтеді. Оның үстіне Тәжік-Ауған шекарасындағы бітпейтін шиеленісті Тәжікстан өз күшімен реттей алмайтындықтан үнемі Ресейден көмек сұрауға мәжбүр. Бұл тұрғыда Ресей көмек беріп келеді. Алайда, ол үшін де Тәжікстан Ресейдің бірқатар мүдделерін орындап отырғандығын да айту керек. Былтыр Тәжікстан шекарасында болған даулы мәселеден кейін Ресейдің қорғаныс министрлігі екі ел шекарасына тікұшақ бөлімшесін ұйымдастырғаны да көп нәрсені аңғартса керек.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Міне, бір кездері алып империяның құрамдас бөлігі болған Тәжікстан бүгінде өзінің мызғымастай көрінген басшысы Эмомали Рахмон жолымен жүріп келеді. Ал, ол дамудың даңғыл жолы болмаса да, авторитарлық режимді аңсаған азаматтар үшін бүгінде тиімді болып тұрғаны сөзсіз.

Айбол ҚАРАШЕВ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here