Мұрат Темірәлиев: «Шын мықтыға тұсау жоқ»

0
7103

«Ашық әңгіменің» бүгінгі қонағы – таеквондодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қара белдіктің 5-ші дан иегері, аталған спорт түрінен халықаралық және республикалық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, халықаралық деңгейдегі төреші Мұрат Әбдімәлікұлы Темірәлиев.

«КЕЗ КЕЛГЕН ШЫҒЫС СПОРТ ТҮРІНІҢ ӨЗІНДІК ФИЛОСОФИЯСЫ БАР»

– Мұрат Әбдімәлікұлы, әңгімеміздің әлқиссасын бала Мұраттың өскен ортасынан бастасақ. Туған жер тұрған жермен өлшенбейтіні белгілі. Десе де, Сіз өскен орта осындай дәрежеге жетуіңізге қаншалықты ықпал етті?

Спортқа деген қызығушылығым бала кезден бастап пайда болды десем жалған айтқаным емес. Оған түрткі болған әкем еді. Ол кісі футбол мен хоккейді жақсы көретін. Әлі есімде, 2-3 жастағы баламыз. Ол кезде телеарнадан футбол мен хоккейден жарыстар жиі берілетін. Әкей олардың бірде-біреуін қалт жібермей тамашалайтын. Мен де соларды үнемі көріп, спортқа деген ықыласым артты. Әсіресе, футболға деген ынтам жоғары болды. Туып-өскен жерім бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Түлкібас ауданы. Темір жолдың бойында орналасқан табиғаты тамылжыған біздің ауылда оқушыларға арналған лагерьлер көп болатын. Жазғы демалыс кезінде соған еліміздің басқа аймақтарынан мектеп оқушылары жиі келетін. Олардың арасында көптеген турнирлерге қатысып, жеңімпаз атанған жас спортшылар да болатын. Олармен жақын танысып, бірге жаттығуларға қатысып, спортқа деген қызығушылығым одан әрмен арта түсті. Кейіннен күрес үйірмесіне қатысып, спортқа біржола ден қойдым. Аймақтық, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жеңімпаз атандым. Қарым-қабілетімді аңғарған бапкерлерім Қарағанды қаласындағы сол кездегі Әлия Молдағұлова атындағы спорт колледжіне түсуге кеңес беріп, қолдау көрсетті. Аталған білім ошағында оқи жүріп, шеберлігімді үздіксіз шыңдай бердім. Мектеп-интернатты бітіргеннен соң қазіргі Алматы технологиялық университетіне оқуға түстім.

– Таеквондо күшпен қатар қажыр-қайрат, айла-тәсіл һәм ақылды қажет ететіні белгілі. Корей халқының ұлттық спорты ретінде танымал спорт түрі 2000 жылдан бастап олимпиадалық спорт түрлерінің тізіміне енді. Шығыстың ежелгі күрес тәсілдеріне сүйенетін осынау спортты таңдауыңызға не себеп болды?

Таеквондоға деген қызығушылығым 1990 жылдан бастау алады. Әлі есімде, бір күні университетте «Мұстафа Өзтүрік таеквондо мектебі жігіттер мен қыздарға арналған секцияларға қабылдау жүргізуде» деген хабарландыруды оқыдым. Ол кезде Мұстафа Өзтүріктің атағы аспандап тұрған кез. Өзіміз де спорттан қара жаяу емеспіз. Бағымды сынап көрейін деп бардым. Қабылдандым. Барлығы солай басталған. Сонымен қатар, бұл спортты таңдауыма өткен ғасырдың 90-жылдары елімізде шығыс жекпе-жегі кеңінен тарала бастағаны да өз әсерін тигізді деп ойлаймын.

– Таеквондоның өзге шығыс спорт түрлерінен айырмашылығы қандай?

– Таеквондоның өзге шығыс спорт түрінен негізгі айырмашылығы мұнда аяқ басты рөл атқарады. Мәселен, каратэде аяқпен қатар қол да іске қосылады. Бұл спорт түрінің тәртібі де, ережесі де басқа. Шығыс жекпе-жектерінің ішінде аяқ техникасы дамыған спорт түрінің бірі де бірегейі таеквондо. Сондай-ақ, мұнда ақыл-ой мен тактика да маңызды рөл атқарады. Кез келген шығыс спорт түрінің өзіндік философиясы бар. Олардың барлығы да дұрыс жолға бастайды.

«ТАЕКВОНДОМЕН ТҮБЕГЕЙЛІ АЙНАЛЫСУЫМА ЫҚПАЛЫН ТИГІЗГЕН МҰСТАФА ӨЗТҮРІК ЕДІ»

– Қазақстандағы таеквондо спортының тарихы 1991 жылдан бастау алады. Егемендіктің елең-алаң кезінде оның негізін қалаған ұлтымыздың бағына біткен талант, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қара белдіктің 6-шы дан иегері Мұстафа Өзтүрік екені көзіқарақты қауымға белгілі. Бұны айтып отырғандағы себеп – 1993 жылғы тамыз айында Нью-Йоркте өткен әлем чемпионатына Мұстафа Өзтүрік бастап барған тұңғыш ұлттық құрама команданың сапында болған екенсіз. Аты аталған спорт саңлағымен қалай таныстыңыз? Аты аңызға айналған азаматтың адами болмысы мен шеберлікті шыңдаудағы тәсілдері турасында және таеквондо спортын дамытудағы рөлі жайында айтып өтсеңіз…

– Расында да, елімізге осы спорт түрінің дамуына даңқты спортшы Мұстафа Өзтүрік пен Бексейіт Түлкиев сынды ағаларымыздың сіңірген еңбегі орасан зор. Менің де таеквондомен түбегейлі айналысуыма ықпалын тигізген Мұстафа ағамыз. 90-жылдардың басында осындай азаматтардың бастамасымен Қазақстан таеквондо федерациясы құрылды. Сол жылдары олар штаб-пәтері Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында орналасқан әлемдік таеквондо федерациясына арнайы барып, елімізді аталған ұйымның ресми мүшесі етіп тіркеді. Оған Мұстафа ағамыздың қара белдіктің 6-шы дан иегері атануы да үлкен септігін тигізгені рас. Біздің таныстығымыз да сол кезден бастау алды. Жаңа да айтып өттім, студент бола жүріп, таеквондо секцияларына тұрақты түрде қатысып жүрдім. 1992 жылы таеквондодан Қазақстан чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға қатысу үшін Алматы қаласы мен Алматы облысындағы іріктеу турнирлерінде бағымды сынап, жеңімпаз атандым. Қазақстан чемпионатында да жұлдызым жанып, қарсыластарымды ұтып, таеквондо спорты бойынша ел құрамасының сапына алындым. Команданың бас жаттықтырушысы Мақсұт Нарбаев, Исатай Қабеков және Диқан Ақаев сынды ағаларымыздың тәлімін алдық. Біз жаттығатын жерге Мұстафа Өзтүрік пен Бексейіт Түлкиев жиі келіп, ақыл-кеңестерін айтып тұратын. Сондай абзал азаматтармен сұхбаттасып, әңгімелесудің өзі бір ғанибет еді ғой. Содан 1993 жылы ұлттық құрама команда Нью-Йоркте өтетін әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысты. Оны мұхиттың арғы жағындағы алып елге Мұстафа Өзтүрік пен Бексейіт Түлкиев ағаларымыз бастап барды. Ұлттық құраманың сапында сегіз салмақ дәрежесінде 8 спортшы болдық. Осы орайда айта кетейін, сол жылдары елімізде шығыс жекпе-жегімен айналысатындардың қатары өте көп болатын. Көпшіліктің, әсіресе жастардың ынта-ықыласы да өзгеше болатын ол кезде. Десе де, мыңдаған өреннің арасынан үздік атанып, жаһандық жарысқа жолдама алғандар қатарында болғаным еткен еңбек пен төгілген тердің арқасы екендігі рас.

– Осы спорт түрі бойынша жеткен жетістіктеріңізге шолу жасап өтсеңіз. «Әттеген-ай» деген сәттеріңіз болды ма?

– Жеті жылға жуық уақыт бойы Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеттім. Үш дүркін ел чемпионы атандым. Орталық Азия біріншілігінде бас жүлдені қанжығама байладым. Әлемнің кіл мықтылары қатысқан халықаралық турнирлерде жеңімпаз атанып, алтын медаль иелендім. Десе де, өкінішті жайттар да жоқ емес. 90-шы жылдары уақыт басқа болды, бұл спорт түріне деген мемлекет тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбеді. Жаһандық деңгейдегі жарыстарға қатысу үшін қаражатты өзіміз табуға тиіс болатынбыз. Осындай олқылықты жайттардың салдарынан көптеген дүбірлі додаларға қатыса алмағанымыз да рас.

«МӘСЕЛЕНІ ЖҰДЫРЫҚПЕН ШЕШЕТІН СӘТТЕР ДЕ БОЛДЫ»

– Ешкімге жасырын емес 90-жылдардың басында елімізде түрлі қылмыстық топтар пайда болды. «Рэкет» ұғымы санаға сіңді. Білегінің күші мықты, жекпе-жекті жетік меңгерген сайдың тасындай іріктелген жігіттер осындай топтардың құрамында болғаны да белгілі, бүгінде.  Сол жылдары жаһандық байрақты бәсекелерде бағыңызды сынап, шаршы алаңдағы қарсыластарыңызды шаң қаптырып жүрген Сізге олар тарапынан қандай да бір ұсыныстар болды ма? Осы орайдағы оқиғаларды есіңізге түсіріп көрсеңіз…

– Жасыратыны жоқ, ондай уақыттар өткен. Сол уақытта таеквондомен қатар күреспен де айналысып жүрдім. Мәселені жұдырықпен шешетін сәттер болмады десем өтірік болар еді. Болды. Қатарымдағы кейбір спортшы жігіттер сондай топтардың құрамына да кіріп жатты. Уақыттың өзі, заманның ағымы солай болатын. Қызығушылық та басым еді, көп жігіттерде. Десе де, менің жолым басқа, таңдауым өзге бағыт болды. Оның үстіне студентпін. Сабақ пен спортты қатар алып жүргендіктен ондай-ондай нәрселерге уақыт та бола бермейтін. Қызығушылығым да шамалы болды. Ауылдағы ата-анам Алматыға «оқы, адам бол» деп жібергеннен кейін олардың үмітін ақтау басты парызым болғанын да жасырғым келмейді. Қазір байыптап отырсам, дұрыс жолды таңдаған сияқтымын.

– Ұзақ жылдар бойы Қазақстанның таеквондо федерациясының бас хатшысы, еліміздің таеквондодан ұлттық құрама командасының басшысы сынды қызметтерді атқарғаныңызды білеміз. Арыстай азаматтар іргетасын қалап кеткен таеквондо спорты бойынша Қазақстан ширек ғасырдан астам уақытта қандай жетістіктерге жетті? Бүгінгі беталысы көңіліңізден шыға ма?

– Еліміздегі таеквондо спортының пайда болған кезінен бастап осы салада қызмет атқарып келеміз. Жоғары оқу орнын бітіргеннен соң кәсіби маманданған салама емес, спортқа таңдауым түсті. Бастапқыда өз спорт клубымды аштым, шәкірт даярладым. Олардың қатарында республикалық, халықаралық дәрежедегі жарыстардың жеңімпаздары баршылық. Солардың арасынан Нариман Шәкіров, Мерей Расилов, Рамиль Ашмахунов, Асхат Әбілдаев, Абзал Анарқұлов сынды сайыпқырандар суырылып шығып, түрлі дүрмектерде атой салды. 2005 жылы федерация басшылығы тарапынан ұсыныс түсіп, бас хатшы қызметіне тағайындалдым. Сондай-ақ, сол жылдан бастап таеквондодан Қазақстан ұлттық құрама командасының басшысы қызметін қоса атқардым. Менің бірнеше тілді меңгергенім де бұған өз әсерін тигізді деп ойлаймын. Мақтанғанымыз емес, сол қызметтерде атқара жүріп, жанашырлықпен еңбек еттік. Көптеген нәтижелерге де қол жеткіздік. Атап айтқанда, 2005 жылы Алматы қаласында тұңғыш рет жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өткізілді. Бұл чемпионатта бірқатар шәкірттеріміз жеңімпаз атанып, ел мерейін үстем етті. 2006 жылы Тайландтың Бангкок қаласында өткен Азия чемпионатында Арман Шылманов алтын, Ренат Кұралбаев, Батырбек Есдаулетов, Сағыныш Қалымбетов, Екатерина Дмитриева, Зарина Шамшатқызы қола медальдерге ие болды. 2006 жылы Катардың астанасы Дохада өткен ХV жазғы Азия Ойындарында ұлттық құрама команданың мүшелері қола жүлделерге ие болды. Сол жылы Вьетнамда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Жалғас Бекқасымов тұңғыш рет чемпион атанды. 2007 жылы Қытайдың Пекин қаласында өткен әлем чемпионатында Аслан Батыкулов пен Назгүл Тажиғұлова және Арман Шылманов қола жүлделерге ие болды. Ал, 2008 жылы ТМД елдерінің ішінен алғаш болып қазақ таеквондосы тарихта бұрын-соңды болмаған ірі жетістікке ие болды. Арман Шылманов Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Осы спортшы 2009 жылы Данияның Копенгаген қаласында өткен әлем чемпионатында 3-ші орынға ие болды. 2010 жылы Сингапурда өткен жастар арасындағы тұңғыш Олимпиада ойындарында ұлттық құрама командасының мүшесі Нұрсұлтан Мамаев күміс жүлдені қанжығасына байлады. Айта берсек, бұл тараптағы тізім созыла береді. 2014 жылы Алматыда тұңғыш мәрте «Федерация Кубогы» Республикалық турнирі өтті. Сол жылы елімізде өткен барлық жарыстар марқұм Мұстафа Өзтүрікті еске алуға арналды. Бүгінде елімізде таеквондомен айналысатындардың саны көп. Олардың арасында болашағынан үлкен үміт күттіретін жастар да баршылық.

«ӘДІЛЕТСІЗДІК АБЫРОЙ ӘПЕРМЕЙДІ»

– Ұлттық құраманы бірнеше жыл қатарынан дайындауға өз үлесіңізді қостыңыз. Бүгінде халықаралық деңгейдегі төрешісіз. Осы тараптағы жетістіктеріңізге тоқталып өтсеңіз…

2012 жылы ұлттық құрама команда мүшелерін Лондон Олимпиадасына бастап апарған мамандардың бірі болдым. Сондай-ақ, әлемдік спорт додасында төрешілік жасадым. Бұл орайда да бірқатар жетістіктерге қол жеткіздім. Әлем мен құрлық чемпионаттарында, Азия ойындары мен әлем кубогында және басқа да көптеген турнирлерде қазылық еттім. Ұйымдастырушылар тарапынан еңбегім лайықты бағаланып, түрлі бәсекелерде ең үздік төрешіге тиесілі арнайы сыйлықты қанжығаладым. «Азияның ең әділ қазысы» деген атақ та бұйырды.

– Әлеуметтік желідегі парақшаңызды бағамдап отырып түйгеніміз – уақытыңыздың көп бөлігін шет мемлекеттерде өткізесіз. Онда не істеп жүрсіз? Қазақстаннан кетуіңізге не себеп болды? Бүгінде немен айналысудасыз?

Шетелге бұрыннан көп шығамын. Халықаралық жарыстарға, әлем чемпионаттарына ұлттық құрама команданы алып барамыз. Үйде аз болатынымыз рас. Әлемдік таеквондо федерациясының бұрынғы бас хатшысы Жан Мари Айэр Швейцарияның Лозанна қаласында орналасқан Халықаралық олимпиада комитетіне қызметке шақырып, ұсыныс білдірді. Ол кісінің ұсынысын қабылдап, Швейцарияға ат басын бұрдым. Аталған жерге қызметке орналасудың да өзіндік машақаты жетіп артылады екен. Бірнеше саты бойынша сынақ тапсырып, арнайы тағылымдамадан өттім. Сол жылы «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқуға түсіп, Швейцарияда «Sport administration and Technology» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдадым. Оқуды бітіргеннен соң Әлемдік таеквондо федерациясы мен Халықаралық олимпиада комитетінің арнайы бағдарламасы бойынша қызмет атқардым. Десе де, «Болашақ» бағдарламасының ережесі бойынша елге оралып, бүгінде Алматы қаласындағы таеквондо федерациясының вице-президенті қызметін атқарудамын.

– 2009 жылдан бері әлемдік және халықаралық деңгейдегі жарыстарға төрелік жасап келе жатырсыз. Бұра тартып, әлдекімдердің өтінішімен кіл мықтының ішінен шын мықтыға әділетсіздік жасаған кездеріңіз болды ма? Шындықты айту оңай емес екені белгілі. Сонда да…

– Расын айтқан ләзім, әділетсіздік абырой әпермейді. Әлемдік байрақты бәсекелерде Сіз айтқандай бұра тартып, кейбіреулердің өтінішін орындаған төрешілер де болды. Алайда, олардың қателігі анықталса, төрешілік қызметі тоқтатылады. Сондай жайттарға тап болмас үшін әділетсіздікке бармаймын. Ол менің қанымда жоқ нәрсе. Шын мықтыға тұсау жоқ. Үздік, өз ісінің қыр-сырын жете білетін адамға ешқандай кедергі тосқауыл бола алмайды.

ҚЫСҚА ҚАЙЫРҒАНДА…

– Сіз үшін «Отан» ұғымы нені білдіреді?

– Отан деген – өзің. Өзіңе қалай қарасаң, Отанды да солай қастерлейсің.

– Соңғы оқыған кітабыңыз қандай?

– Ағылшын әдебиеттері.

– Төбелеске жақынсыз ба?

– Туындаған мәселені төбелессіз шешкен дұрыс.

– Балаларыңыздың ішінен Сіздің ісіңізді жалғағаны бар ма?

– Екінші ұлым таеквондомен айналысады. Беталысы жаман емес.

– Өтірікті қаншалықты жиі айтасыз?

– Ешкімге зияны жоқ өтірікті айтатынымыз бар.

– Достарыңыздың саны қанша?

– Шынайы достардың саны көп болмайды. Нағыз достарым баршылық.

– Кімнен немесе неден қорқасыз?

– Алладан қорқамын.

– Сіз үшін өмірдің мағынасы неде?

– Шындық пен тура жолда жүру.

 Әңгімелескен: Жандар АСАН, «Qazaq»

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here