Былтыр өлім жазасы қай елдерде қолданылды?

0
11077

«Amnesty International» халықаралық құқық қорғау ұйымы әлемдегі өлім жазасына қатысты 2019 жылға арналған есебін жариялады. Ұйым деректеріне сүйенсек, өткен жылы әлемнің 56 елінде кем дегенде 3 299 адамға (Мемлекеттік құпия саналатындықтан Қытай, Иран, Солтүстік Корея, Сирия елдеріндегі өлім жазасына кесілгендердің нақты санын білу мүмкін емес) өлім жазасы үкімі шығарылса, Қытай, Солтүстік Корея, Сирия, Вьетнамды есепке алмағанда 16 ел 649 адамға өлім жазасын қолданыпты. Ал, темір тордағы «өлім камераларында» барлығы 26 мыңдай тұтқын отыр. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осы тақырыпқа кеңінен тоқталады.

ӨЛІМ ЖАЗАСЫ: ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

Сонымен, 2019 жылы «Amnesty International» ұйымы 16 елде орын алған 649 өлім жазасын тіркеді. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 5%-ға төмен. Яғни, сол жылы 20 елде 690 өлім жазасы орындалған болатын. Ұйымның есебінше соңғы он жылдықтағы ең аз көрсеткіш 2019 жылғы деректер болып табылады. Мәселен, 1989 жылдан бері ең көп өлім жазасы 2015 жылы тіркелді. Ресми мәліметке сенсек, осыдан 5 жыл бұрын әлемде 1 634 адам атылды, дарға асылды немесе басы шабылды.

Өлім жазасының көп бөлігі әдеттегідей Қытайда, Иранда, Сауд Арабиясында, Вьетнамда, Солтүстік Кореяда және Иракта орын алды.

Қытай әлі күнге дейін өлім жазасын жиі қолданады. Бірақ, аспан асты еліндегі өлім жазасының қолданылу деңгейін нақты айту қиын. Себебі, оған қатысты ақпараттар мемлекеттік құпия болып саналғандықтан, нақты ресми мәліметтер жоқ. Әлем бойынша былтыр тіркелген 649 өлім жазасының есебіне Қытайда орындалған мыңдаған жазалардың саны кірмейді.

Қытай, Солтүстік Корея, Сирия, Вьетнам елдеріндегі өлім жазасына қатысты нақты ақпараттардың жоқтығы үшін оларды есепке алмасақ, онда өлім жазасының 80%-ы тек төрт елде – Иран, Сауд Арабиясы, Ирак және Мысырда ғана орындалды.

Иранда өлім жазасының көрсеткіші екі жыл қатарынан төмендеп келеді. 2017 жылы 507 адам өлім жазасына кесілсе, 2018 жылы 253, 2019 жылы 251 өлім жазасы болды.

Былтыр Гамбия, Кения, Зимбабве, Орталық Африка Республикасы өлім жазасынан бас тартты. Күні кеше олардың қатарына біздің Қазақстан да қосылды. Ресей, Тәжікстан өлім жазасына жарияланған мораторийді ұзартты. Сондай-ақ, былтыр АҚШ-тың Нью-Гэмпшир штатында өлім жазасы туралы заң өз күшін жойды. Сөйтіп, ол өлім жазасынан бас тартқан америкалық 21-ші штат атанды.

2018 жылдың соңында әлемнің 106 мемлекеті заңды түрде өлім жазасын қолданудан бас тартса, былтыр олардың саны 142-ге жетті. Ал, 56 елдің өлім жазасынан бас тартуға ниеті жоқ.

«Amnesty International» өлім жазасының орнына басқа жаза қарастырып жатқан 24 елді тіркеді. Олардың қатарында Бангладеш, Гайана, Үндістан, Индонезия, Малайзия, Марокко, Мьянма, Нигерия, Біріккен Араб Әмірліктері, Оңтүстік Корея сияқты елдер бар.

Өлім жазасына кесілген 11 тұтқынның ақталуы екі елде тіркелді. Олар Замбия (8) және Америка Құрама Штаттары (3).

Әлемде 2019 жылы өлім жазасының мына түрлері қолданылды: ату, дәрі егу, дарға асу, бас кесу, электрлі орындық арқылы өлтіру. Көбіне бұл ауыр жазалар есірткі сату, зорлау, жемқорлық, құдайдан безу, адам ұрлығы сияқты жағдайда қолданылды.

Кейбір мемлекеттерде өлім жазасына қатысты шыққан сот үкімі халықаралық соттың стандарттарына сай келмейді. Соның ішінде Беларусь, Вьетнам, Ирак, Иран, Қытай, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Солтүстік Кореяда шығарылған үкімдер бар.

ӨЛІМ ЖАЗАСЫНА ҚАТЫСТЫ АЙМАҚТЫҚ ШОЛУ

Солтүстік және Оңтүстік Америка құрлықтарында соңғы он жылдықта өлім жазасын қолданатын жалғыз ел – АҚШ.

Иә, өркениетті елдердің көшін бастайтын АҚШ қажет жағдайда өлім жазасын қолдануды құп көреді. Бірақ, АҚШ конституциясы өлім жазасы туралы бапты кеңінен қарастырған. Конституцияға енгізілген сегізінші өзгеріс бойынша айыпкердің жасаған қылмысы толық дәлелденбейінше, үкім орындалмайды.

2019 жылы АҚШ-та 35 адамға өлім жазасына кесуге үкім шығарылса, соның 22-сіне үкім орындалды. Жалпы, 28 штаттың заңында өлім жазасы бар болғанымен, іс жүзінде басым көпшілігі бұл жазаны қолданбайды. Дегенмен, 2,5 мың АҚШ азаматы абақтыдағы «өлім камерасында» отыр.

Америка тарихында өлім жазасын қуаттайтын саясаткер ретінде АҚШ-тың 43-ші президенті Джордж Буш аталады. Себебі, кіші Буш 1995-2000 жылдары Техас штатының губернаторы болып тұрған тұста 140 адамның өлім жазасына кесілуіне рұқсат беріп қол қойған. Тек бір ғана адамға кешірім берген.

АҚШ-та өлім жазасы көбінесе жабық камераларда, яғни ел назарынан тыс орындалады. Қолданылатын әдістер: газбен тұншықтыру, екпе егу, ату және электрлі орындықпен өлтіру. Сондай-ақ, айыпкерге үкім орындалмас бұрын күнәсін жуу үшін алты ай діни қызметкермен рухани тұрғыда тазаруға да мүмкіндік беріледі.

Айта кетейік, электрлі орындық арқылы жазаны қолдану ХІХ ғасырдың аяғында АҚШ-та өнертапқыш Томас Алва Эдисон ойлап тапқан. Тұтқынды орындыққа отырғызып, басына арнайы дулыға кигізіп, аяқ-қолын, көзін байлайды. Денесін белдіктермен бекітеді. Бастапқыда екі мың вольттық айнымалы тоқ өткізеді, одан кейін тоқ мөлшерін азайтып, тағы бір рет тоқ жібереді. Содан адамның жүрек соғысы тоқтайды.

2019 жылы Азия-Тынық мұхит аймағындағы 11 елде кем дегенде 1 219 адам өлім жазасына кесіліп, соның ішінде 5 елде 1 009 үкім орындалған. Алайда, «Amnesty International» ұйымының жасаған есебіне Солтүстік Корея мен Вьетнамдағы жүздеген өлім жазасы кірмеді.

Қытай Халық Республикасы – өлім жазасын кең қолданатын елдердің бірі. Бейресми мәліметтер бойынша, Қытайда жылына шамамен бес мың адам өлім жазасына кесіледі. Дегенмен, олардың нақты санын әлемдік қауымдастық білмейді. Бейжің бұл ақпаратты жалпақ жұртқа жария етпейді. Мемлекеттік құпия болып саналады.

Заң бойынша аспан асты елінде өлім жазасына кесілетіндер: жемқорлықпен айналысқандар, заңсыз есірткі саудалағандар, мемлекетке қарсы тыңшылық әрекет жасағандар, жалдамалы баскесерлер. Бірақ, сыбайлас жемқорлықпен айналысқандардың барлығына бірдей өлім жазасы берілмейді. Егер парақордың мемлекетке келтірген шығыны 450 мың юаньнан (шамамен 28 млн теңге) асқан жағдайда ғана ату жазасына кесіледі.

Күншығыс елінде қазіргі таңда өлім жазасына кесілгендерді дарға асу әдісі бар. Дегенмен, өлім жазасына кесуде жапондар қателікке бой алдырмауды жөн көреді. Қылмыскердің қылмысы толық дәлелденген уақытта ғана үкім орындалады. Осы арқылы Жапония жазықсыз жандардың өлім жазасына кесілудің алдын алып отыр. Мысалы, 1995 жылы Токио метросында жарылыс ұйымдастырған «Аум Синрикё» террористерінің ісін бақандай 23 жыл бойы зерттеп, анық-қанығына әбден көз жеткізген соң барып қана үкім орындалды. Сөйтіп, 2018 жылы «Аум Синрикё» сектасының 13 мүшесі өлім жазасына кесілді.

Айта кетейік, Жапония 1982 жылы БҰҰ-ның «Өлім жазасын жою туралы» азаматтық және саяси құқықтар туралы пактісіне қол қоюдан бас тартқан еді.

Солтүстік Кореядағы (КХДР) өлім жазасына кесілгендердің жасаған қылмыстары біз үшін түкке тұрмастай көрінеді. Бірақ, Құдайға сенбейтін ел заңында бірқатар қылмыс жасағандардың жазасы – өлім. Егер тыйым салынған шетелдік музыканы тыңдаса, шетелдік сайттарға кірсе, шенеунік жиналыста ұйықтап қалса, мереке күндерінен бөлек алькогольді ішімдік ішсе, шет елге қоңырау шалса, Оңтүстік Кореяның киноларын көрсе, діни сенімге қарсы шықса, порнографиялық видеоларды көрсе және таратса, басшыларға құрмет танытпаса, яғни тыйым салынған нәрселерді жасаған жағдайда ел алдында өлім жазасына кесіледі.

2015 жылы болған өлім жазасы әлемді дүр сілкінтті. Жиналыста баяндама жасап тұрған диктатор Ким Чен Ынге Қарулы Күштер министрі Хен Ен Чхольдің ұйықтап қалғаны ұнамаған. Ұйқысы қанбаған министрді қатал басшы әскери жаттығу полигонында жұрттың көзінше мәңгілікке ұйқыға жіберді.

Еуропа бойынша былтыр Беларусьте үш өлім жазасы тіркелді, оның екеуі орындалды. Осылайша, Беларусь – өлім жазасынан бас тартпаған Еуропадағы жалғыз ел атанып отыр.

Минск жазаның ауыр түрін «геноцид», «соғыс ұйымдастыру», «лаңкестік әрекет», «Отанға опасыздық жасау», т.б. қылмыстар үшін қолданып келеді. 1996 жылы бұл елде өлім жазасынан бас тарту мәселесі талқыланған еді. Алайда, референдумға қатысқандардың 80%-ы жазаның сақталуын қолдап дауыс берді.

Солтүстіктегі көршіміз Ресей Федерациясы өлім жазасынан түпкілікті бас тартқан жоқ. Мәскеу оған мораторий жариялаған.

Таяу Шығыс және Африкадағы жағдай күрделі. «Amnesty International» ұйымының таратқан мәліметіне сенсек, бұл аймақтағы бес мемлекет – Египет (Мысыр), Ирак, Иран, Йемен және Сауд Арабиясындағы болған өлім жазасының көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда төмен. Сонда да бұл елдер әлемде өлім жазасын көп қолданатын мемлекеттер болып қала береді. Дарға асу, бас шабу, тас ату сынды жаза түрлері көбінде осы аймақтағы елдерде қолданылады.

ҚАЗАҚСТАН ӨЛІМ ЖАЗАСЫНАН БАС ТАРТТЫ

Өткен айда, 23 қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына қол қойды.

Сол күні өлім жазасын жою туралы халықаралық Хаттамаға қосылу туралы шешімді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші мерейтойлық сессиясының жалпы саяси пікірталас барасында сөйлеген сөзінде жариялады. Мемлекет басшысы Қазақстан өмір сүру мен адами қадір-қасиетке негізделген құқықты жүзеге асыруға бекем екенін атап өтті.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасында өлім жазасын қолдану ҚР Президентінің 2003 жылы тиісті мораторий енгізу туралы Жарлығымен тоқтатылған болатын. Содан 2004 жылдан бастап өлім жазасы өмірлік бас бостандығынан айыру жазасымен алмастырылды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін әлемде өлім жазасынан бас тарту сияқты тенденция пайда болды. 1948 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының» 3-ші және 5-ші тармақтарына «әркімнің өмір сүруге хақысы бар және ешкімге азаптайтын, ар-намысын қорлайтын жаза тағайындауға болмайды» деген өзгеріс енгізді. Сонымен қатар, БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 1977 жылы, 1980 жылы және 1989 жылы «Азаматтық және саяси құқықтар туралы» пактінің екінші факультативтік хаттамасын ұсынды. БҰҰ-ның бұл үндеулері жауапсыз қалмады. Алғаш рет 1978 жылы Испания, 1981 жылы Франция, 1990 жылы тағы 40 мемлекет өлім жазасынан бас тартты. Жоғарыда атап өткеніміздей, 2019 жылы өлім жазасынан бас тартқан елдердің қатары 142-ге жетті.

Рас, БҰҰ және «Amnesty International» халықаралық құқық қорғау ұйымдарының ықпалымен көптеген мемлекеттер бұл ең ауыр жаза түріне мораторий жариялап, тіпті кейбірі одан бас тарта бастады. Алайда, «аюға намаз үйреткен таяқ» деп білетін Қытай, Иран, Сауд Арабиясы, Вьетнам, Ирак сияқты ондаған елдердің өлім жазасынан таяу он жылдықта бас тартатын түрлері байқалмайды.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq»-тың шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here