«Дөңгелекті» бизнес карантинде неге дөңгеленіп кете алмады?

0
4533

Жаңа ғасырда өркениетті экономика бүкіл әлемде бұрынғыдан да өзгеше  бағытта дамуға көшті. Айталық, бізге таңсық саналатын «Street food» (көше тағамы), «Food truck» (дөңгелекті немесе жылжымалы дәмхана) сынды бизнестің жаңа түрі пайда болды. АҚШ, Еуропа мен Оңтүстiк-Шығыс Азия елдерінің ірі қалаларында бұл «дөңгелекті» бизнестің дөңгеленіп кеткені соншалық, тіпті қазір қала қазынасын толтыратын, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ететін табысты салаға айналды. Ал, ғасыр тарихы бар «Qazaq» газетінде былтыр табысты саланың қыр-сырына тоқталып, ҚР «Сауда әрекетін реттеу туралы» Заңға толықтырулар енгізілмей, «көше саудасына» жер телімдерін беру рәсімдері реттелмей, ірі қалалардағы «street food»-тың да, «food truck»-тың да тынысы жылдан жылға тарыла беретінін ашық жаздық. Содан бері ай алмасып, жыл жылжыды. Төрткүл дүниеде коронавирус пандемиясы орын алып, көп сала карантинге кетті. Ал, карантин кезінде «көше асханасы» өз күнін қалай көрді? Тамақтану орындары жаппай жабылғанда, яғни нарықтан негізгі бәсекелестері уақытша кеткенде, «дөңгелекті» бизнес өз артықшылығын неге пайдалана алмады? Енді осы сауалдар төңірегінде ой өрбітейік.

КӘСІПТІ ДӨҢГЕЛЕТІП ӘКЕТУДІҢ АМАЛЫ ҚАЙСЫ?

«Food truck» (фудтрак) – ағылшын тілінен аударғанда «food» – тамақ, «truck» – жүк көлігі деген мағынаны білдіреді. Онда көбіне балмұздақтар, тіске басар жеңіл тағамдар, түрлі сусындар сатылады. Көліктерді адам көп жиналатын жерлерден (концерттер, жәрмеңкелер, саябақтар) кездестіресіз. Ал, жаз мезгілінде «жылжымалы асхананың» тасы өрге домалайды.

«Жылжымалы асханамен» айналысудың таяқтың екі ұшы болатыны сияқты өз кемшілігі мен артықшылығы бар. Артықшылығы – бизнеске ақшаны аз мөлшерде құясыз және елімізде бұл салада әзірге бәсекелестік төмен. Кемшілігі – сіз бұл кәсіптен белгілі бір маусымда ғана пайда табасыз. Яғни, көктемнің соңғы айлары мен жаз мезгілінде. Ауа райының мейірімі түссе, күздің алғашқы айларында да пайдаға кенелесіз.

Бүгінде елімізде фудтрактарды көбейту мәселесі көтеріліп келеді. Мысалы, былтыр ҚР Ұлттық экономика министрлігі отандық кәсіпкерлерді азық-түлік тасымалдау саласына мән беруге шақырды. Сол тұстағы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Асланбек Жақыпов (былтыр ол 500 мың теңге пара алғаны үшін 3 жылға сотталып, кейін ақталып шықты, – ред.) Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «дөңгелекті» бизнесті бастау жылдам әрі тиімді екендігін атап өтті.

«Фудтрактарға қатысты бізде нақты реттеулер жоқ екені рас. Дегенмен, кез келген адамға жүк көлігіне газ плитасын орнатып, баллонды қойып, қала ішінде сауда жасауға жол беруге болмайды. Үш нәрсені ескеру қажет: өрт қауіпсіздігі, жол қозғалысының ережелері және санитарлық талаптар. Ал, сауда жасау орындарын қалалық әкімдік белгілеуі керек», – деп түсіндірген еді Асланбек Қуандықұлы.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының (ҰКП) өкілдері Қазақстан заңнамасында «жылжымалы асханалар» үшін қандай да бір жеке талаптардың жоқ екендігін, өзге елдерде бұл кәсіптің арнайы ережелері қалыптасқандығын айтады. Мәселен, АҚШ-та азық-түлік тасымалдаушылар үшін арнайы «Мобильді сауда туралы» заң жобасы бар. Тиісті құжаттарды толтырып, рұқсат алған соң, өз тауарларын тұтынушыларына еркін сата береді. Сөйтіп, сауда бағытын жергілікті биліктің рұқсатынсыз-ақ қалағандарынша жүргізеді. Демек, АҚШ-тағыдай Қазақстанда «дөңгелекті» бизнестің дөңгеленіп кетуі үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілуі керек.

«КӨШЕ АСХАНАСЫ» КАРАНТИНДЕ НЕГЕ ӨЗ КЛИЕНТТЕРІНЕ ЖЕТЕ АЛМАДЫ?

Фудтрак тамақтану орны болғандықтан, бұл қызмет түрі «Сауда қызметін реттеу туралы» заң және санитарлық ережелер мен нормалардың аясында жұмыс жүргізеді. «Атамекен» ҰКП өкілдерінің айтуынша, «дөңгелекті» бизнестің кәсіпкерлерге қаншалықты таныс екендігін айту қиын. Себебі, бизнестің бұл түрі қызмет барысында да, тіркеу кезінде де ерекшеленбейді. Тіркеу барысында заңды тұлғаның немесе жеке кәсіпкердің мекенжайы көрсетіледі. Бағытты жергілікті әкімдіктің өкілдері белгілейді. Сауда-саттық белгіленген бағыттың кез келген нүктесінде жасауға рұқсат етіледі. Бірақ, рұқсат етілмеген жерде сауда жасаған жағдайда айыппұл салынады. Сондай-ақ, фудтрак иелері жол ережелерін, заңның басқа да талаптарын орындауға міндетті.

Әрине, заңға томпақ келетін бұл әрекеттерге «food truck» иелері ғана емес, барлық кәсіпкерлер бармауы керек. Ал, «food truck» иелері үшін әкімдік сауда жасауға рұқсат беретін орындардың шектеулі болуы басты мәселе. Мұнымен «Атамекен» ҰКП өкілдері де келіседі. Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнама концерттерде, саябақтарда және халық көп жиналатын басқа да жерлерде азық-түлік сату мәселесін реттемейді. Ең бастысы фудтрак иелері бекітілген шектеулі бағыт бойынша ғана сауда жасауы керек.

Рас, фудтрак – көше асханасы. Бизнестің мұндай түрі карантин кезінде қызметін жалғастыруына құқылы еді, алайда бұл мүмкіндікті толыққанды пайдалана алмады, себебі «дөңгелекті» сауданы реттеу қиын болды. Мәселен, іс-шараларда кейтерингпен айналысқан кей кәсіпкерлер дәстүрлі емес саудаға бөлінген орындарға қол жеткізе алмады. Оларға сол орын үшін жылына бір рет өткізілетін тендерге қатысып, оны ұтып алу керек болды. Ол жерлерге жәй ғана барып, сата беру заңға қайшы келеді.

Заңнамадағы өзгерістер осы дәстүрлі емес сауда саласының өкілдері арасында әкімдік пен «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлерді қолдайтын өкілдерінің жұмыс тобымен бірге талқылануда. Нарық қатысушылары кафе-фургондарға арнап бағыттар қарастыруды ұсынады. Жалгерлік жерге шекті төлемақыны  жері мен ауданына қарай енгізуді ұсынады.

Журналистердің «көліктегі тамақтану орнына қатысты арнайы заң қашан шығады?» деген сауалына «Атамекен» ҰКП өкілдері мұндай сауда түрі қызметінің алғышарттары әлдеқайда жеңілдетілгенімен, фудтракерлерге жаңа мүмкіндіктердің пайда болғанымен, яғни 2019 жылдың 19 шілдесінде шыққан «Ішкі сауда ережелерін бекіту туралы» бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенімен жауап береді. Ол жерде әкімдік енді «дөңгелекті» сауда нысандарының орнын ғана емес, бағытын да бекітетінін айтады. Алайда, фудтракерлер атқарушы биліктің әлі де бағыттарды белгілемегенін алға тартады. 

Фудтрак бизнесі карантинде «қиналып» қалғаны жасырын емес. Себебі, өзінің мобильділігін толыққанды пайдалануға мүмкіндігі болмады. Бизнес орталықтар мен адам көп жүретін жерлерге орналастырылатын кафе-фургондар мобильді қоғамдық тамақтануға қатысты нақты қағидалардың болмауынан алыстағы көшелерге де жете алмай қалды.

БИЗНЕСТІ БАСТАУҒА ҚАНША ҚАРАЖАТ КЕТЕДІ?

Жоғарыда жазғанымыздай, фудтрак – тамақ пен сусынды сыртта саудалайтын мобильді асханасы бар көлік. Ал, «дөңгелекті» кәсіпті бастауға қанша қаржы керек? Бұл сұраққа осы кәсіптің иесі Марлен Мәлкеев жауап бере алады.

Марлен Нұрланұлының айтуынша, автоасханада дайындалған бургер мен хот-догтарды сатып бастау үшін орташа есеппен 8-12 млн теңге қажет. Оның үштен екісі автокөлік немесе трейлерді сатып алуға кетсе, қалғаны арнайы құрылғыларды орнатуға жұмсалады. Егер автокөлікке үнемдесеңіз, жұмысты одан да аз қаржыға үйлестіруге болады.

«Қайта жабдықтау және жөндеуімен 4 млн теңгеге түседі. Бұл – фудтрак құрылысына қажетті ең аз сома. Онда да жұмыстың біраз бөлігін өз қолыңызбен істейтін болсаңыз. Қолданылған дайын фудтрактардың бағасы ең кемі 7 млн теңгеден басталады», – деп түсіндірді 1995 жылғы «Mercedes 308D» сатып алып, оны кәсіпке айналдырған «Picnic Food Truck» басшысы Марлен Мәлкеев.

Тағы бір кәсіпкер Павел Завриннің пікірінше, сусын сату үшін үлкен жүк көлігінің қажеті жоқ. Минивэнді қайта жабдықтаса да жеткілікті. Ұсталғанын 3,5 млн теңгеге сатып алуға болады. Кәсіпкер өзінің жеке мысалына сүйеніп осылай айтады. Өйткені, осындай қаржыға «Renault Kangoo» минивэні базасындағы қозғалмалы кофехананы сатып алған. 

Қозғалмалы кофехана қызмет көрсетуде салыстырмалы түрде арзан және қарапайым болып келеді, сондықтан жаңадан кәсіп бастаушы кәсіпкерлер фудтракерлік бизнестің дәл осы сегментін жиі таңдайды.

Иә, «жылжымалы асханалары» бар кәсіпкерлердің сөздерінше, базалық жиынтықтағы жүк көлігінің тіркемелерін алуға 5-8 миллион теңгенің арасында қаражат кетеді. Сонымен бірге, жүк көлігінің ішкі жабдықтарының материалдарын алуға да біраз ақша керек.

Қазақстанда «food truck» шығаратын «Sputnik» зауытының директоры Андрей Шенцовтің айтуынша, «food truck»-тің өзі – 5 млн, ал арнайы жабдықталғаны – 6-8 млн теңге тұрады.

Осы саланың басы-қасында жүргендер жұмыстың алғашқы маусымында бизнеске салынатын инвестицияның көлемі шамамен 15 млн теңгені құрайтынын айтады. Кәсіпкерлердің есебін ҚР Франчайзинг қауымдастығының басшысы Әдемі Досжанова да қуаттайды. Кәсіптің бұл түрі орта және төмен бюджеттік франчайзингтердің қатарына жатады. Салынатын инвестицияның көлемі 20 млн теңгеге дейін баруы мүмкін. Жүк көлігіне, керекті құрал-жабдықтарға кететін шығындар да осыған кіреді.

Әдемі Досжанова «street food»-пен айналысатын «Red Dragon» мейрамханалар желісін және «Zheka’s doner house»-ті мысалға келтірді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда аталмыш «көше асханалары» қолжетімді деңгейде. Ал, франчайзинг жобаларына салынатын инвестициялардың көлемі 300 мың теңгеден басталып, 20 млн теңгеге дейін барады.

ШЫҒЫН ШЫҚПАЙ, КІРІС КІРМЕЙДІ

Шағын кәсіпкерлік тұрғысынан қарағанда «дөңгелекті» бизнесті бастау қымбатқа түседі. Кәсіпкердің біраз шығындалатынын жоғарыда жаздық. Дегенмен, шығын шықпай, кіріс кірмейді. Мұнымен фудтракерлердің ешқайсысы дауласпайды. «Дөңгелекті» бизнес дөңгеленіп кеткен күннің өзінде шығынды ақтау үшін орта есеппен 2-3 жыл кетеді.

Марлен Нұрланұлының пікірінше, бүгінде елімізде фудтрактарда екі жұмыс үлгісі бар. Біріншісі – мобильді кейтеринг, яғни фудтракты фестиваль, концерт және т.б. бұқаралық іс-шараларда қою. Бір іс-шарада орта есеппен 50 мың теңге табыс табуға болады, ал айналым 200-250 мың теңгені құрайды. Ал, екінші жолы – қаладан жалға жер алу.

Фудтракты бизнес орталығының алдындағы жеке аумаққа да қоюға болады. Бизнес орталығының бір өкілі кеңсе ғимараттарының иелері кафе-фургондарға жалгерлік бағаны қандай долбарға сүйеніп қоятынын айтып берді. Яғни, фудтрак бизнес орталықтың аумағындағы көлік қоятын орынның бағасы есебінен жалгерлік ақыны төлей алатынын меңзейді. Мобильді кафе қанша орын алса, сонша қаржы төлеуі тиіс. Бір жердің жалгерлік ақысы айына 20-35 мың теңге аралығында құбылып тұрады. Бизнес-орталық «әрбір шаршы метрге қарай» классикалық тәсілді де қолданса болады. Мөлшерлеме бизнес-орталықтың орналасқан жері мен маусымға да байланысты.

Биыл «Алматыда «дөңгелекті» бизнес орындарына арнайы бөлінген 60 орынның біріне орналасуға болады» деген жақсы жаңалық шықты.

Мемлекет қарамағындағы жерлердің ақысы да анау айтқандай қымбат емес, фудтракерлердің айтуынша, айына 300-400 мың теңгеге бағаланады (оның үстіне бұл баға жыл бойына өзгеріссіз қалады, қайта бағасы қыс кезінде 3-4 есе төмендейді).

Фудтракерлердің бірінші жұмыс үлгісі шын мәнісінде тартымды, өйткені, оның құжаттамасында да анау айтқан бас қатыратын дүниелер жоқ, ал табыс онсыз да жеткілікті. Әкімдік ұйымдастырған іс-шаралар өтетін жерлердің жалгерлік ақысы орта есеппен күніне 30 мың теңгені құрайды. Егер бұл жеке ұйымдастырушылардың ивенті болса, онда күніне 50 мың теңге. Алайда, бүгінде коронавирус пандемиясына байланысты бұқаралық шараларға тыйым салынуына байланысты мобильді кейтерингке маманданғандар табыссыз қалды. Дәстүрлі емес сауда нысандарының айналасында тұрған кәсіпкерлердің де тұрақты тұтынушылары азайып кетті. Павел Завриннің бағалауы бойынша, аталған салада табыс биыл 60%-ға қысқарды. Карантин кезіндегі екі жұмыс үлгісі де тиімсіз болды, алайда пандемияның кесірінен басқа жерлерге ауысу, мәселен, шет аймақтарға көшуге фудтракерлердің батылы жетпеді.

Айта кетейік, 2017 жылы күрделі жөндеуден өткізіліп, кеңестік ескі көшеден желекжолға (ішкі жағына ағаш егілген алаң/көше, – ред.) айналған Алматы қаласының Панфилов көшесіндегі бес «дөңгелекті асхана» бір жылда мемлекет қазынасына 67,4 млн теңге пайда түсіріпті. Демек, «street food», соның ішінде «food truck» – мол табыс табатын сала.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Маркетингтік зерттеулер фудтрактың бүкілдүниежүзілік нарығының жылдық орташа өсімі алдағы бес жылда 5%-ға артатынын болжайды. Аталған сегменттің артықшылығы ретінде дәстүрлі кафелермен салыстырғанда әлдеқайда төмен бағасына тоқталады. Сондай-ақ, нарыққа ауысуы мен тұтынушылар легін басқарудағы икемділігін де ескеріпті (теория бойынша қай жерде тұтынушы көп болса, сол жерге орналаса алады). Бүкіл әлемдегі маркетологтар сегменттің қауіп-қатері ретінде аса қолайсыз құқықтық-ережелік орта мен фудтракерлердің қоғамдық немесе жеке аумақты өз мақсатына тек заң шеңберінде ғана қолдануға міндетттелгендігін алға тартады. Яғни, бұл саланың құқықтық, құжаттық реттелуін бір ізге түсірмей, айы оңынан тууы екіталай.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ, экономикалық шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here