Енді бізге мысықты «ит», итті «көкбөрі» деп атау қалыпты…

0
1320

Меніңше, айтар ойды әлеуметтік желіде таратпас бұрын әуелі ой елегіне салып, айтар сөздің дұрыс, не болмаса бұрыстығын екшеген орынды болар. Ал, есіне түскен сөзді сандырақтай салып, ел ішін алатайдай бүлдірген қалай болар екен?!

Рас, бұл күндері кім не демей жатыр. Кімнің аузына қақпақ боласың. Іріген ауыздан шіріген сөз шыға береді.

Әлеуметтік желілерді бір суық жел аралап жүр. Бір жерде ұстазсымақ біреу қазақстандық келімсектердің ұлттық жазбасына қазақ деп жазу жөнінде сандырақтапты. Оны екінші біреу мақұлдапты.

Бұл кімнің сөзі, бұл бір еріккен, ен дүниеге қаныққан, сөйтіп тоқтығына масайған санасыздың сөзі, тіпті сөзі де емес сандырағы. Айналып келгенде бұл әлгі екеудің де сөзі емес, бұл қазақстандық жер бетіндегі жалғыз Ассамблеяның сөзі. Жау жағасындағы жаудың сұлбасы, бөлтірік астындағы бөрінің ыңырсығаны, үй ішіне тіккен үйден шыққан күңкіл. Бұл ұсынысты әлгі екеуі айтып отырған жоқ, оны ар жағындағы желіккен ұйым өкілдері айтқызып отыр. Қорыта келгенде, бұл өзге емес, тұп-тура келімсектер қоғамының сөзі.

Енді бізге мысықты «ит» деп, итті «көкбөрі» деп атау қалыпты. Бұл әсте жөн емес. Американы мысалға келтіреді. Ол мемлекетте қанша ұлт пен ұлыс тұрғанында ешкімнің шаруасы жоқ, себебі оның бәрі тек қана ағылшын тілінде сөйлейді. Ал, бізде ше? Бізде бәрі басқаша. Толыққанды мемлекет болғанымызға отыз жыл толып қалды. Сол мерзімнің ішінде басқасын былай қойғанда ана тілімізде не өзгеріс болды? Ешқандай да оң өзгеріс болған жоқ. Ұлы Абай тілімен айтқанда, «Баяғы жартас бір жартас, қаңқ етер үні байқалмас». Тіліңе тұсау түсіп, ана тілің адымдап алға баса алмай тұрғанда, бұл неғылған пәле?! «Бұрында сорлы едім, ит қапқан соң не сорым» депті ғой біреу. 

Келімсектер қай елде жоқ дейсің, дүниенің бәрінде бар. Мәселен, Өзбекстанда дүнген немесе күрд «мен өзбек болғым келеді, төлқұжатыма солай  жазып бер» деп айта ала ма? Ресей келімсектері орыстарға осындай тілек айтуға  зауқы соғар ма екен? Осындай жойдасыз тілек әзербайжан да айтыла ма!? Жын да қабаққа қарап басады…

Мұндай құйтырқы ой, әзәзіл сөзді тезінен тоқтату керек. Бұл – бір.                       Екіншіден, ұлтының атын, тілін, дінін сату деген барып тұрған сатқындық қой. Ал, мұндай сатқындардан не күтуге болады?! Оларға сені сатып кету деген түкке тұрмайды. Сатқындық – кешірілмейтін қылмыс. Кезінде Отырарды сатқан сатқынға Шыңғыс ханның қандай өкім шығарғанын көзі қарақты елдің бәрі біледі.

Негізі бүйректен сирақ шығарып отырғандардың уәжін тоқтату керек. Абыройсыз сөзді айтпаған жөн болар. Ел тыныштығына тас лақтырғандарға жаза қолданған жөн секілді. Болашағымызды ойлайық, ағайын!

Дәнеш АХМЕТҰЛЫ, жазушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here