Зардыхан Қинаятұлы – 80: «Не жазып кетсе, жайы сол»

0
3129

«Халықтың өсіп-өнуі үшін азаттық пен білім керек» деген екен Шоқан. Осынау бір ауыз сөзге жер бетіндегі қайғы мен қасіреттің, ілгерілеу мен іркілістің, тұтас халықтар мен мемлекеттердің тағдыр-тәлейі сыйып тұр. Азаттық пен білімнің қадір-қасиетін тереңінен ұғынған, оны барынша ұлықтаған, ұрпағына аманаттаған халықтың бір де болса бірегейі – қазақтар. Алысқа бармай-ақ, кеңестік замандағы алып тұлға Қаныш Сәтбаевтың өмір жолына зер салып көрейікші. Кәмелетке толар-толмастан Алаш жолына түсті. Екі мүшелден аса бере «Ер Едіге» кітабын, «Алгебра» оқулығын дүниеге әкелді. Осы және басқа да жұлдызды сәттерінің негізінде Алаштық интеллектуалды серпіліспен қатар қазақ халқының білім-ғылымға шексіз құштарлығы жатыр. Тоталитарлық билік оны түсінген де жоқ, лайықты бағалаған да жоқ. Біресе марапаттады, лауазымды қызметке қойды, біресе қудалады. Ұлан-ғайыр білімі мен жойқын таланты ғана жанын аман сақтап қалды. Әйткенмен екіұдай саясат салқыны әлі күнге дейін жойыла қоймады. Әйтпесе Алматыда Сәтбаев көшесінің бойындағы алаңды тәуелсіздік тұсында ұлы тұлғаның есімімен атамай, Республика алаңы деп айдарлауға қандай себеп  бар?! Кеңестік заманда 70 жыл бойы республика болып келдік қой. Жалпы, республика атануға құмарлық XVIII ғасырға тән.

Иә, ұлттық тарихымыздың жұлдызды айы – желтоқсан қарсаңында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бастамашылдығымен өткен ғылыми басқосу Зардыхан Қинаятұлына арналғанмен ұлт мақтанышы Қаныш Сәтбаевқа қандай қатысы бар деген сұрақтың туындауы заңды құбылыс. Қанекең дүниеден озғанда Зардыхан Моңғолияда тұрып жатты, 24 жаста ғана болатын.

Мәселе мынада. Өскен, білім алған, қызметке араласқан моңғол елінде әділетсіздікті, кейіндері тәуелсіз қазақ елінде ұлтсызданудың сорақылығын басынан өткере жүріп, Зұқаң да тума таланты мен білімінің арқасында адам қызыққандай биіктерге көтерілді, туған халқымен бірге жасай беретін ғылыми мұра қалдырды. Үлкен өмір мектебінен өтті. Ол туралы фәниден бақиға аттанардан 6 жыл бұрын былайша жазғаны бар: «Өмірімде әлемнің 30-дан астам елінде болыппын. Олардың әрқайсының өзіндік қызығы бар… Менің жетінші атам Асубайдың басы Катонқарағайда, төртінші атам Жөнбайдың басы Ресейдің Таулы Алтай өлкесінде, ұлы атам Мамырбайдың басы Шыңжанда, әкем Қинаяттың басы Моңғолияда (Қобдада) жатыр. Өзіме Қазақстан топырағы бұйыратын шығар».

Екінші дүниежүзілік соғыс өрті өрши түскен 1940 жылғы 31 желтоқсанда туған, жоқшылық пен жетімдіктің кермек дәмін жастай татып алған ол қоғам және мемлекет қайраткері бола тұра орыс шовинизмі мен моңғол ұлтшылдығы дертімен сан рет бетпе-бет келді. Моңғолияның Қазақстандағы елшілігіндегі қызметін аяқтап, атажұртта қалғанда жұмыссыздық пен баспанасыздық алдынан шықты.      

Талай елді аралап, дәм-тұзын татқан ағамыз бармын деп аспады, жоқпын деп саспады, бір де бір ел немесе халық, тіпті жекелеген адам туралы ғайбат сөз айтқан емес. Жазғандарын оқыған, өзімен емен-жарқын араласқан адам ретінде байқағаным һәм есімде айрықша сақтағаным мынау: тұла бойы елге-жерге сүйсіну мен мейірге, отбасы мен білім-ғылымға риясыз махаббатқа толы еді. Әсіресе, балалық және жастық шағы өткен Моңғолия жеріндегі Нарын, Көксерке, Дундгол, тұнық Буянты өңірін өмір бойы сағынышпен, тебіреніспен сүйіп өтті. Кіндік қаны тамған туған жермен үш рет қоштасқан екен. Алғашқыда, 15-16 жастағы бала кезінде әкесі дүние салғаннан кейін әпкесіне еріп, Налайхан шахтасына көшеді. Екінші рет 28 жасқа толған шағында МХРП орталық комитетіне қызметке шақырылып, Уланбатырға көшеді. Соңғы қоштасуы 1992 жылы Моңғолияның Ташкенттегі бас консулы болып тағайындалумен тәмамдалды. Үшінші қоштасудың жөні бөлек екенін өзі де сезеді. Оған мына жолдар куә: «Барлығы көз алдымда. Қыстаудан – жайлауға, жайлаудан – күзеуге көшкен керуен жолдар, ата-анаң көз жұмған, жерлеген сәттер, кербестімен шаңдатып өткен белдер, қозы жайып, асық ойнаған қозытас, қойтастар, бұралып аққан тұнық Буянт, әкем талай көзін ашқан Ауыз құдық, Шандун құдығы, Шібір бұлағы, Ақтасты қора, Ақжал асуы – бәрі-бәрі артта қалып барады. Қайтып келемін деп тәңірдің бұйрығынсыз қалай айта аласың. Іштей жылап тұрсам да, көз жасымды көрсетпей кете бардым».

Ал ес біліп, ат жалын тартып мінгеннен кейінгі қастерлеген құдіреті – Қазақ елі. Екеуіне де қылаудай шаң жуытқан емес.

Туған жер мен атажұртқа деген шексіз махаббат Зардыхан  Қинаятұлының шығармашылық ізденісіне арқау болды. Коммунистік идеяға  сеніммен өмір сүрген жылдары философия ғылымдарының кандидаты, тарих ғылымдарының докторы дәрежесіне диссертация қорғады, тарихқа, қоғамға, санаға материалистік көзқарасты уағыздаған ғылыми еңбектерін жазды. Соның өзінде коммунизм елесіне алданбастан ұлттық мәселе мен ұлттық мүддеге берілгендігі көзге түспей тұрмады. Мәселен, 1973 жылы КОКП орталық коммитеті жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясының аспиранты шағында партиялық шенді шенеунікке Кенесарыны жақтаған мазмұнда сұрақ қойғаны үшін Мәскеуде де, Уланбатырда да ұлтшыл деген күдікке ілінеді. 1981 жылы аңсаған атажұрты Қазақстанға алғаш келгенінде қазағының қара орысқа айналып бара жатқанына көзі жетеді. Қазақ әлемі тарылғанына қиналған ол кейінде «Ішім жылап қайттым» деп жазды. Әу бастан ұлттық бағыт-бағдары бекем қалыптасқандықтан көзқарас драмасы шығармашылық, тұлғалық дағдарысқа ұрындырған жоқ. Қайта құру тұсында «Не істеу керек?», «Кіммен боламын?» деген сауалдарға жауапты дөп басып таба алды. Бұл жолы да сабырлы, салиқалы бекзат болмысынан айнымады. «Моңғолияның Ельцині» атанды.

«Партиялық жүйені және оның идеологиясын қабылдай алмайтынымды МХРП орталық коммитетінің пленумында ресми түрде жария етіп, партияға, партиялық бұрынғы серіктеріме алғысымды айтып, 1990 жылы ақпанда партия, оның идеологиясымен біржола қош айтыстым. Сөйтіп мен атажұртыма коммунист емес, қазақ болып оралдым», – дейді «Көшпенділік ғұмыр» кітабында.

Таңдаған жолының дұрыстығын өмірдің өзі дәлеледі. Сол жылдары Зұқаңның соңына еріп, шәкірті атанған Цахиагийн Элбэгдорж кейінде екі мәрте премьер-министр, 2009 жылы мемлекет басшысы болып сайланды. 2010 жылы абыз ақсақал былай деп жазды: «Ол қазірге дейін мені ұстазым деп жүретін көрінеді. Әрине, мен Цахиагийн Элбэгдорждай шәкіртім болғанына ризамын. Әрі қазақ жастарынан осындай қажырлы қайраткерлер туса екен деп армандаймын және туатынына сенемін де».

Бұл елім деген ердің сөзі. Алда талай қиыншылықтар күтіп тұрды. Моңғолия кәсіподағының кешегі жетекшісі, үкімет басшысының орынбасары, Ұлы хурал депутаты Қазақстанда баспанасыз, жұмыссыз күн көруге тура келді. Азаматтың бағасын кештеу ұққан билік иелері Ұлттық ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына қызметке орналасуына, шағынаудандағы үш бөлмелі пәтерге кіруіне септесті. Бұған дейін саясаттың тылсым сырларын меңгеруге, идеологияның жұмбағын тарқатуға, тоталитаризмнің қылмысы мен озбырлығын әшкерелеуге ақыл-ойы мен күш-қуатын жұмсаған Зұқаң енді үлкен ғылымға, қазақ тарихының, моңғол тұлғаларының «ақтаңдақтарын» ашуға, солайша халықтың тарихи жады мен санасын жаңғыртуға белсене кірісті.

Зардыхан  Қинаятұлының ғылыми мұрасы мазмұнына қарай екі дәуірді алып жатыр. Бірі – кеңестік жылдарғы Моңғолия дәуірі, екіншісі – тәуелсіздік тұсындағы Қазақстан дәуірі. Бірінші дәуірдің болмыс-бітімін өзі былай дәйектеген: «1980-1990 жылдардағы Моңғолия қоғамы үшін демократиялық жаңа өзгерістер қажеттігін теория тұрғысынан алғашқы болып жария ету бақыты маған бұйырыпты. Мұны бүгін Моңғолияда ешкім жоққа шығара алмайды». Ал Қазақстан дәуірінде саяси өмірге араласуды саябырсытып, тарих ғылымына біржолата ден қойды. Осы дәуірде жариялаған зерттеулерін жанрларына қарай топтастыратын болсақ, олар мынадай: Отан тарихы, Әлем тарихы, Деректану мен тарихнама, Тұлғатану, Этнография, Мемлекеттану, Саясаттану, Диаспорология, Тарих теориясы мен методологиясы. Ең бастысы – әрқайсының ізашары, жаңашылы, түркі жұртшылығы мойындаған зерттеушісі бола алғаны. Шыңғыс хан, Жошы хан, Қазақ мемлекеттілігі мен оның билеушілері, түркі әлемінің тұлғалары жайлы еңбектері, А.Левшинге, В.Бартольдқа, Л.Гумилевке, К.Нұрпейісовке, Бянбын Ринчинге, Зайсановқа арнаған шығармалары ешқашан маңыздылығын жоймақ емес. Мәселен, Шыңғысты қазақ қылғысы келетіндерге үзілді-кесілді қарсы шықты. Әдебиеттің де білгірі еді. Абай, Үлімжіұлы Ақыт, Қалқаұлы Шәмел, Молдағалиев Жұбан сынды ақындар мұрасын ғылыми талдағаны әсте кездейсоқтық емес. «Көшпенділік ғұмыр» мемуары мен ондағы өлеңдері талантының және бір қырын көрсетеді. «Жетпіс жылдық ғұмырында, – деп жазыпты З.Қинаятұлы,  – адамның басына нелер келіп, не кетпейді. Бірақ бұл менің жеке басымның өмірбаяны емес, өмірімде көрген, білген, естіген, өз басымнан кешірген қызықты және естен қалғысыз сәттерім жайлы ой үзіктері (эссе). Мұнда туған жер, ер жеткізген орта, көз көрген адамдарым, олардың тағдыры туралы сөз болады».

«Теңіздің дәмі бір тамшысынан-ақ білінеді» дейді халық даналығы. «Не жазып кетсе, жайы сол» деген екен хәкім Абай. Бүгінде ортамызда жоқ әйгілі тарихшыны тану үшін жазғандарын оқудан басқа жол жоқ. Солардың ішіндегі ерекше маңызды 2-3 пайым-тұжырымға тоқтала кеткенді жөн көрдім.

  1. Ұлттық тарихнамамызда күні бүгінге дейін ХІХ ғасырдағы орыс шенеунігі А.Левшинді «қазақ тарихының Геродоты» деп бағалау сақталып келеді. Бұл эпитетті алғаш айтқан Шоқан Уәлиханов болатын. Ақиқатына келгенде, Левшиннің қазақ тарихынан шаласауатты пікірін жақтырмағандықтан Шоқан кекесінмен айтқан теңеудің «ақтаңдағын» жан-жақты ашқан әрі дәйектеген ғалым Зұқаң еді. Зұқаң айтқан тұжырымның дұрыстығына Шоқанның қаламынан туған ескертпелерді, нақтырақ айтсақ, Левшиннің қырғыз-қазақ ордасы жайлы сипаттамасының үшінші бөліміне ескертпелерін оқысақ көз жеткіземіз. Шоқан он үш мәселеге қатысты қателесулерді егжей-тегжейлі талдаған: ақ бура сөзі дұрыс жазылмағанын, қазақтар қожаларды ақсүйекке жатқызбайтынын, саумалдың көже емес, ашып үлгермеген бие сүті екенін, тұрмыстағы әйелдер шаштарын тек қос бұрым етіп өретінін, қазақтар ешқашан шайтанға табынбайтынын, өз дінін білмейді деу қате екенін, сиқыр, алдау және дуалау дін емес, ырымшылдық екенін, т.б. ескертеді. Халқымыздың сезімталдығын, жақынның қайғысын бөлісуге даяр тұратынын, мейірімділігін «өркениетті еуропалыққа өнеге, қасиетті ұғым» деп қорытындылайды. Левшин шығармасындағы қаптаған қателесулер мен бұрмалауларды бұлтартпай тізген З.Қинаятұлы да «XVIII ғасырға дейін біздің қазақты танып білмеген жаттың өкілін қазақ туралы бір монография, бірнеше мақала жазғаны үшін қалай «Қазақ тарихының Геродоты» деп тануымыз керек! Жоқ, мен тарихшы ретінде А.Левшинді «Қазақ тарихының Геродоты» немесе «атасы» деп тани алмаймын» деген сөздермен ат құйрығын шорт кескен. Қазақстан тарихшылары осы ұстанымды басшылыққа алумен ұлттық тарихнамамыздағы адасуды тезге салғанын қалаймын.
  2. Зұқаңның методологиялық мәдениетінің өрі мен өресін байқау үшін «Василий Бартольд көшпенділер мемлекеті туралы» мақаласымен танысу жеткілікті. Бартольдтың «Кочевой народ при нормальных условиях не стремится к политическому объединению» («Көшпенді халықтар мал-басының аманында саяси бірлікке ұмтыла қоймайды») деген пайымдауын ғұн, байырғы түркі, найман, керей мемлекеттері, моңғол империясы, Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы, Моғолстан, кеңестік Қазақстан, тәуелсіз Қазақстан тарихын ұғынудың, болмысын ашудың кілті деңгейіне көтереді. Бұл орайда Шыңғыс хан, Жошы хан, олардың қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудағы рөлін зерделеген монографияларының орны ерекше. Қазақ мемлекеті тарихынан көптомдық еңбек жазуды жоспарлап еді. Артында байтақ зерттеулерге өріс ашатын сөз қалдырған ағаның методологиялық дәстүрі мен мұрасын одан әрі жалғастыру – жас ғалымдардың міндеті.
  3. Ғалымдар тарапынан әділ де білікті бағасын алмай жатқан қазынасы – этнографиялық зерттеулері. Бұларда көшпелі өмір салты, туыстық қарым-қатынастар, неке мен отбасы, ұлттық тәрбие мен педагогика, тәңірілік наным-сенім, қазақы мінез-құлық, төрт түлік малдың күтімі, тау мен түздің тағылары сынды іргелі мәселелерге бір жағынан ғылыми көзқарасын білдіреді, екінші жағынан ақпарат беруші субъект міндетін атқарады. Әрбір құбылыстың жұмбағы мен шешімін қазақ қоғамының функционалдық, институционалдық, аксиологиялық, тарихи-мәдени құндылықтары мен басымдықтарынан іздейді. Орыстың ана ғалымы былай депті, ағылшынның ғалымы олай депті, француз этнологтары мынадай пікірде екен дегенге саятын, түптеп келгенде, бізді өзімізден гөрі солар терең білетіндей тұрғыдан ой қорыту мүлде жоқ. Жаңа буын ғалымдар ешқашан қаперінен шығаруға болмайтын қағидат – осы. Бөтеннің жетегінде жүрумен көсегеміз көгермейді. Жаһанданумен есептескен жөн, бірақ ұлттық кодты сақтай білу одан әлдеқайда қымбат.
  4. Тарих ғылымындағы Зардыхан құбылысының басты ерекшелігі – ұзақ жылдар бойы социалистік идея мен идеология мәселелерін зерделеген маманның қысқа мерзім ішінде орта ғасырлар тарихынан ең таңдаулы ғалымдар қатарына қосылғаны. Жасыратыны жоқ, КОКП салтанат құрып тұрғанда партия тарихынан диссертация қорғаған жүздеген қазақстандық ғалымның бірен-сараңы ғана ахуалдың түбегейлі өзгеруімен жаңаша ойлау үдесінен шыға алды. Ақиқатынан мифі басым идеологияға табынған жалған ғалымдардың негізгі дені азаттық тұсында білгенінен айырылып қалды, арсыз кеудемсоқтары сумақайлыққа (плагиат) салынып, күлдібадам дүниелерін жариялағандықтан дүйім жұртқа күлкіге қалды. Ішінде ЖОО немесе ғылыми зерттеу институты басшылары, профессор мен доценттер бар. Демек, Зұқаң үлкен ғылымға кемел даярлықпен келгенін тиянақтау – алдағы күннің еншісінде.

Зардыхан  Қинаятұлы туралы сөз қозғағанда менің көз алдыма осынау жайсаң жанмен қалай танысқаным келеді. 2010 жыл шамасы еді. Наурыз айында «Алаш айнасы» газеті бетінде Түркі академиясын құру идеясын қолдаған мақала жариялағаным бар. Сәті түсіп, идея жүзеге аса қалды. Жаңадан құрылған Түркі академиясының президенті Ш.Ыбыраев «Байырғы түркі көшбасшылары» жобасына жетекшілік жасауды маған тапсырды. Бұрын араласпасам да, Алматыдағы Зұқаңа телефон соқтым. Авторлық топқа қосылуын өтіндім. Бірден келісті. Бәлсінуі жоқ, қарапайым адам екені байқалып тұрды. Жауапкершілігі жоғары әрі тез жазатын авторға айналды. 2011 жылы «Түркі әлемінің көшбасшылары» ұжымдық монографиямыз (1-кітап, 364 бет) жарық көрді. Осы жылы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына директорлық қызметке ауысып, Зұқаңмен аға-інідей қоян-қолтық араласа бастадық. Екінші кітапты жазуға кірістік. Оны да тез аяқтадық. Ағамыз сүбелі тарауларды жазды. Өкініштісі – академия басшылығы ауысып, қолжазба жарияланбаған күйде қалды. Қазан аузы жоғары, қолдаушы-демеушілер табыла қалса, тасқа басылар.

Зұқаңа жасаған екінші қызметім – Жошы хан туралы монографиясын 2014 жылы Институт қаражатына шығарып бергенім. Келер жылы аяулы ағаны ауру меңдей бастады. Бірақ, рухы сынған жоқ. Өзін өте сергек ұстады. 2015-2016 жылдар тоғысында  Венгрияға барып емделіп келген соң да еңсесін тік ұстады. Аурудың беті қатты екенін білді, біз де сездік. Осы жылдың қара күзінде Алматы әуежайынан Пекинге ұшайын деп тұрғанымда азаматтың дүниеден озғаны жайлы қаралы хабар жетті. Болашақты болжауында мін жоқ екен, топырақ Қазақстаннан, жер жәннаты Жетісудан бұйырды.

Ғалымның хаты өлмейді. Ендеше әйгілі тарихшы Зардыхан Қинаятұлының жазғандарын көптомдық түрінде қара орман оқырманына, туған халқына жеткізу – артында қалған әріптестерінің парызы.

Ханкелді Әбжанов, ҰҒА академигі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here