Жоқ, Тасмағамбетов айтты. Бірақ емеурінмен ғана… (Әріптесім Қайым-Мұнарға хат)

0
2096

Иманғали Тасмағамбетовтың «Қазақ әдебиетінде» жарияланған сұхбатын да, сенің «Жас Алаштағы» мақалаңды да зор ынтамен, қызыға оқып шықтым.

Иә, бұл қалам ұстаған халықтың бәрі сыйлайтын, бағалайтын, үміт артатын еліміздегі шоқтығы биік тұлға ғой. Әңгіме-сұхбатты барынша байыпты, саяси сақтықпен, сүйте тұра астарлы айла-тәсілмен жүргізіпті. Зейнеткерлікке кету себебін «Ашығын айтқанда бұл өмірде «құлақсыз сандық» секілді тиімсіз болуға арланамын. Сол үшін де қайнаған істің жолында емес, лауазымды қызметтің қолына қарап отыратындардың қатарынан емеспін» деп түсіндіреді.

Бұған не дауа айтасың? Түсінген адамға салмағы зіл батпан ауыр сөз. Қазіргі биліктің сапында «жатып жастық, тұрып төсек» болып елпеңдеп жүргендердің шынбайына батар сөз. Және текті адамның ғана аузынан шығар сөз.

Екінші айтқаны: «Билік қай тілде сөйлесе – халық та сол тілде сөйлейді». Мұны өзің де мойындап Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласының әкімі болып тұрған кездегі «Алматы қазақша сөйлемей, Қазақстан қазақша сөйлемейді» деген әйгілі сөзін мысалға келтіріпсің. Бұл тілге, ұлтқа деген жанашырлық жолындағы батыл қадам, іс-әрекет емес пе? Оған кім кедергі келтірді? Өзің білесің, биліктің жоғарғы буынында отырған «ләппай тақсырлар» – орыс тілділер. Сен жазған, куә болған көріністі тағы мысалға келтірейін. Олжас Сүлейменов «Какой дурак писал это постановление? Если перевести Алматы на казахский язык, будет социальный взрыв» деп, күркіреп гүр ете қалғанда, Иманғали: «Алжас Амарович, этот дурак перед вами!» – деп шап ете қалса, сол жерде не боларын көз алдыңа елестетіп көр. Екеуі де ел бетіндегі қаймағы, ұстаса кетсе бірін бірі шайнамай жұтады. Оның аяғы ел-жұртқа күлкі болумен, қазақтың сүйегіне таңба түсірумен аяқталған болар еді. Имекең бұл ситуациядан асқан шеберлікпен шыға білген, саяси ұстамдылық танытқан.

Үшінші айтқаны: «Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген ұлы сөзі ұлттық ұранға айналуы керек» дейді. Бізде қос-қос дипломы бар, шетелде оқыған білімді салбөкселер жетіп артылады. Өкініштісі сол, соның көпшілігінде ұлттық мінез, рух, тіл жоқ. Тіл болмаған соң ұлттық мүдде де жоқ. Қазір кейбір орыс ұлты қазақша сөйлеп, баяндама жасап бізді жерге қаратып жатыр. Қызметте жүрген шала қазақтар соны көріп, біле отырып мыңқ етпейді.

Әрине, Қазақстанда мемлекеттік тіл қазақ тілі болуы керек екендігі әлдеқашан мойындалған нәрсе. Ата Заңымызда да жазулы тұр. Бірақ, соны жүзеге асыратын үкімет қайда, тілді жасаушы, сол тілде сөйлеуші халық қайда?! Отбасында, көшеде, жиын-тойда, мәжілістерде неге өз тілінде сөйлемейді? Мен бұрын біздің Қостанайдың еркектері мен қатындары ғана орысша-қазақшаны араластырып сөйлейтін шығар деп ойлаушы едім. Жоға, ұлттық рухтың ұясы, тілдің мәйегі өсіп-өнетін Алматының өзі орысшаланып кетіпті ғой. Көшеде жастарды былай қойғанда кемпірлердің өзі немерелерімен орысша сөйлесіп бара жатады. Немерем осы Алматыда қазақ сыныбына барады. Әйтеуір аты қазақша, үзіліске шығып алып әке-шешелерімен де, өзді-өзі де орысша сөйлеседі…

Қостанайда жиырма жылдан бері көрші тұратын екі-үш шешен отбасы бар. Олар басын кесіп алсаң да бір-бірімен орысша сөйлеспейді. Соларға тәнті болам, не деген рухы мықты жандар десеңші! Тасмағамбетовке не кінә? Қолында билік тұрған кезінде бес облысқа «іс қағаздарын қазақша жүргізейік» деп хат жазыпты. Ең болмаса соның өзі толық жүзеге аспады ғой. Сен болсаң «ашылмадың, бүгінгі биліктің қоясын қопармадың» деп кінәләғың келеді. Иманғали жырынды саясаткер емес пе?! Оның аяғы қайда апарып соғарын жақсы біледі. Және ол су ішкен құдығына түкіретін тексіз емес. Сондықтан арандамай аман жүргеніміз абзал шығар. Асықпа, бұл жалған дүниеде жария болмайтын құпия жоқ. Қара қазанның қақпағы да ашылар. Сіз бен Біз тірі болсақ, оны да көрерміз.

Серік Шайман, Қазақстанның Құрметті журналисі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here