Вакцина коронавируспен күрестің «қуатты құралына» айнала алды ма?

0
940

Бір жыл бойы коронавирусқа қарсы вакцинаны ойлап табумен айналысқан медицинасы озық елдер діттеген мақсаттарына жетті. Содан «көзге көрінбейтін жаумен» ашық айқасқа шықты. Қазір бірқатар елдерде жаппай вакцинациялау науқаны басталды. Алғашқы нәтижелер де жоқ емес. Бұл елдерде коронавирус жұқтырғандардың саны біршама азайып келеді. Мысалы, 6 ақпан күні 2020 жылдың 11 наурызында COVID-19 індетіне байланысты пандемия (жаңа ауру түрінің жаһандық ауқымда таралуы) жариялаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) сарапшылары әлемде коронавирустың таралу қарқыны баяулағанын мәлімдеді. Ұйым сарапшысы Мария ван Керкховен бұған вирустың таралу тізбегін тоқтататын шараларды қолданудың арқасында қол жеткізілгенін, вакцинаны коронавируспен күрестің тағы бір «қуатты құралы» екенін баса айтты.

Вакцинациялаудың алғашқы нәтижелері қандай?

 Бұған дейін COVID-19 вакцинасын қабылдаған адамдар саны вирусты жұқтырғандар санынан асып түскенін мәлімдеген ДДСҰ бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус: «Бір жағынан, бұл жақсы жаңалық және қысқа уақыт ішінде қол жеткізілген таңғажайып жетістік. Бірақ, вакциналаудың төрттен үш бөлігінен астамы әлемдік ЖІӨ-нің 60%-ы шоғырланған небәрі он елде жүргізіліп жатыр», – деген еді.

Әлемдегі басты денсаулық ұйымының басшысы халықтың едәуір осал бөлігін және медицина қызметкерлерін вакциналап үлгерген мемлекеттерді жаппай вакциналауды бастамас бұрын артық екпені басқа елдермен бөлісуге шақырды. Оның бұл пікірін қолдамасқа болмайды. Өйткені, «саусақ бірікпей, ине ілікпейтіні» рас. Әлемдік қауымдастық «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығармай», қазіргі күрделі ахуалдан аман шығу мүмкін емес. Халқын жаппай вакцинациялаған озық елдер коронавирустың бетін бері қаратқанымен, вакцинаны сатып алуға мүмкіндігі жоқ елдерде «көрінбейтін жау» өздігінен кетпейді. Дегенмен, қазіргі жағдайда әр мемлекет «көрпені өзіне қарай тартып» жатқаны рас.

Бір қуаныштысы, Қазақстанда халқын жаппай вакцинациялауға мүмкіндігі бар. 1 ақпанда Ресейде шығарылған «Спутник V» препаратымен COVID-19-ға қарсы вакциналау басталды. Бірінші кезеңде вакцинаны дәрігерлер қабылдап жатыр. 15 ақпаннан бастап Қазақстанда өндірілген вакцина пайдаланылады. Жылдың екінші тоқсанында отандық «QazCovid-in» екпесімен вакциналау жоспарланып отыр.  

Жалпы, ақпан айында Қарағанды фармацевтикалық кешені вакцинаның 112 мың дозасын, наурызда – 150 мың, сәуірден маусымға дейін – ай сайын 600 мың дозаны жеткізетін болады. Сондай-ақ, сәуір айынан бастап 75 мың доза көлемінде «QazCovid-in» отандық вакцинасы салынбақ. Ай сайын оның көлемі 500 мың дозаға көбейеді.

Жоғарыда айтқанымыздай, бірінші кезекте халықтың жекелеген топтары – медицина қызметкерлері, полицейлер, әскери қызметкерлер және т.б. вакцинацияланады.

Вакцинациялауға профилактикалық егуге қарсы көрсеткіштері жоқ адамдар жіберіледі. Вакцинация алдында дәрігер пациентті міндетті түрде тексереді.

Ел бойынша егу пункттерінің дайындығы тексерілді, профилактикалық егу жүргізу мәселелері бойынша стандартты операциялық рәсімдер бекітілді, 2 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды.

Қазақстанда вакцина халыққа тегін салынады

ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың сөзіне сенсек, коронавирусқа қарсы вакцинациялаудың алғашқы кезеңі мемлекет есебінен, яғни тегін жүргізіледі.

«Қарағанды фармкомбинаты бойынша вакциналарды жеткізу кестесін бекіттік. Ақпанда нарыққа 90 мың доза жеткізіледі. Наурызда тағы 150 мың доза өндіріледі. Содан кейінгі айларда 600 мың дозадан шығарылады. Сәуір мен мамыр айларынан бастап халықтың басым көпшілігіне вакцинациялау қолжетімді болады», – деп түсіндіреді Марат Шоранов.

 Бірінші вице-министр қазақстандық вакцина да қатар өндірілетінін айтып өтті.  Бұл өз кезегінде халықты вакциналаумен көбірек қамтуға мүмкіндік береді.

«Жалпы жыл соңына дейін 6 млн адамға екпе салуды жоспарлап отырмыз. Алайда, мұндай көлемдегі вакцина нарықта болуы керек. Бұл тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында вакцинация тегін болады. Елде вакциналауды мемлекет есебінен жүргізу қарастырылып жатыр. Үкімет резервінен тиісті қаражат бөлінеді. Тиісінше вакциналау тегін болады», – деп нақтылады Марат Шоранов.

«QazCovid-in» вакцинасы шамамен 2 млн доза көлемінде өндіріледі

«QazCovid-in» отандық вакцинасын бірінші кезеңде шамамен 2 млн доза көлемінде өндіру жоспарланған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Марат Шоранов мәлімдеді. 

«Вакцина белсендірілмеген вирус пен зиянсыз адъювантқа негізделген, бұл технология уақытпен тексерілген және А гепатитіне, менингококк инфекциясына, тұмауға, іш сүзегіне, кене энцефалитіне және т.б. қарсы бұрыннан пайдаланылып жүрген вакциналарды өндіруде қолданылады. QazCovid-in вакцинасын COVID-19-ға қарсы клиникалық зерттеудің I және II фазаларының нәтижелері жақсы әрі қауіпсіз екендігін көрсетті. Кейбір жағдайларда вакцина енгізілген жерде қызару, аздап күйдіру, шаншу байқалды, бұл ағзаның иммундық жүйесінің енгізілген вакцинаға реакциясы болып табылады. Бұл белгілер зерттеу хаттамасында күтілетін құбылыс ретінде қарастырылған», – деп түсіндірді Марат Шоранов.

Спикердің атап өтуінше, «SARS-CoV-2» вирусына қарсы вакцинаның жоғары иммуногендік белсенділігі орнатылған. Ол екі рет вакцина алғаннан кейін анық көрінеді және тиімділігі 96 пайызды құрайды.  11 қаңтарда клиникалық зерттеулердің ІІІ кезеңі аясында вакцина үш мың еріктіге егілді. Қазіргі уақытта зерттеуге қатысушыларға динамикалық бақылау жүргізілуде.

Вакцинациядан қорғаныс әсері бірінші доза егілгеннен кейін 12 күн өткен соң біліне бастайды, бірақ толық қорғауды қамтамасыз ету үшін екі доза алу қажет, оларды 19-дан 23 күнге дейінгі аралықпен егу ұсынылады. Вакцина 40-тан 50 күнге дейінгі зерттеулерге сәйкес ағзаның иммундық реакциясын тудырады.

Вакцинацияның электронды паспорты неге керек?

Көптің көкейінде «Вакцинацияның электронды паспортының заңды күші бар ма? Егер электронды паспорт болмаса, қандай шектеулер қойылады?» деген сияқты сауалдар жүр. Бұл сауалдарға да Марат Шоранов жауап берді.

«Қағазсыз аурухана дейміз, барлық ақпарат, операциялар, процедуралар ақпараттық жүйеге енгізіледі. Ақпарат тек медицина қызметкерлеріне ғана емес, жалпы халыққа қолжетімді болады. Оны m-gov мобильді қосымшасы, QR-код арқылы білуге болады. Вакцинация өткізу туралы деректер министрліктің орталықтандырылған ақпараттық жүйесінде электрондық форматта жүргізіледі. Бұл вакциналанғандардың санын есепке алуға және вакцинация көлемін жоспарлау, сондай-ақ сырқаттанушылықты болжау үшін болашақта халықтың иммундық мәртебесін қадағалауға мүмкіндік береді. Ал, паспорт болмаған жағдайда, ұшаққа отырғызбау және т.б. шектеулер қарастырылмаған», – деді бірінші вице-министр.

Отандық вакцина туралы бірер сөз

 Отандық «QazCovid-in» вакцинасын әзірлеу барысында жылдар бойы жақсы нәтиже беріп келген технология қолданылды. Вакцинаның барлық құрамдас бөлігі басқа да вакциналарды әзірлеу кезінде пайдаланылып келеді, сондықтан сенімді компоненттерден тұрады.  Инактивті вакцинаның платформасы қауіпсіз болып табылады. Ал, халықтың көпшілігі вакцинаның құрамындағы компоненттерді басқа да вакциналар арқылы бұған дейін де қабылдаған.

«QazCovid-in» препаратын әзірлеу барысында пайдаланылған жалғыз жаңа компонент – белсенді емес вирус. 

«Инактивті вакцинаны дайындау технологиясы қарапайым. Ол басқа вакциналарға қарағанда қауіпсіз әрі тиімді әсер етеді. Вакцинаны егу нәтижесінде мықты иммунитет қалыптасады. Мысалы, ауырып, кейін сауыққан адамда пайда болатын иммунитетпен салыстыруға болады. Инактивті вакцинаны дайындау үшін пайдаланылған компоненттердің басым бөлігі ондаған жылдар бойы ғылыми тұрғыда пайдаланылып келеді. Олардың зияны болмаған. Сондықтан біз «QazCovid-in» әзірлеу үшін вакцинаның инактивті түрін таңдадық», – деді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғалымы, вирусолог, доктор, профессор Леспек Кұтымбетов.

Бұған дейін вакцинаны әзірлеген ғалымдар, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Ерлан Карин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев және Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин клиникалық зерттеулерден тыс, ерікті түрде отандық вакцинаны салдырған болатын.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қалай болғанда да, адам баласында вакцинадан басқа коронавирусқа қарсы амал жоқ. Кезінде вирус арқылы тарайтын қызамықтан да (корь) адамдар қынадай қырылған. Кейін оның емі (вакцина) табылып, жұқпалы аурудың алдын алатын болған. Медицинада мұндай мысалдар көп. Сондықтан вакцинадан қашуға болмайды. Коронавирустың да алдын алу үшін вакцина алған жөн. Ал, вакцинация коронавирустың одан әрі таралуына жол бермейді. Өйткені, ол қатаң локдаунның жалғыз баламасы.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, саяси шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here