Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!

0
1422

Әлемде университеттер көп, алайда тек қана қыздар білім алатын жоғары оқу орындары саусақпен санарлықтай екендігі рас. Міне, сондай білім ордасының бірі де бірегейі – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті. Оқу орны 75 жылдан астам төл тарихында «Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» қағидасы шеңберінде үздіксіз педагог кадрларын даярлаумен келеді.

Маман даярлау заман ағымына қарай жан-жақты кәсіби құзыреттілікті шыңдауды қажет етеді. Әлемдегі беделді университеттердің тәжірибелеріне сүйенер болсақ, біз ұстаз дайындаумен шектелмей, қоғамға қажетті маман даярлауымыз керек. Бұл біз дайындап отырған мамандардың жұмыс берушілер талабына ғана емес, қоғам талаптарын қанағаттандыру болып табылады. Бүгінгі өзгерістер – әлем тарихында болмаған жаңа мүмкіндіктер мен жаңашылдықтар дәуірі. Бұл тұрғыда ұстаздар ұстаханасы атанған Қыздар университетінде уақыт көшіне ілесу мақсатындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде.

Қазіргі күнде тілдердің үштұғырлығы стратегиясын жүзеге асыру күн тәртібінен түспей келе жатыр. Оқу орнының Тарих және шетел тілдері институты білім  стандарт талабына сай «6В01705 – Шет тілі: екі шетел тілі», «6В02301 – Аударма ісі», «7М01705 – Шет тілі: екі шетел тілі (магистратура)» мамандықтары бойынша бакалавр және магистр мамандарын дайындайды. Оқыту жалпы орта білім беру (күндізгі бөлім – оқу мерзімі – 4 жыл және қашықтан оқыту), кәсіптік орта білім беру (оқу мерзімі – 3 жыл) мен екінші жоғары білім беру (қашықтан оқу мерзімі – 2 жыл), (магистратурада оқу мерзімі – 2 жыл) негізінде жүзеге асады. Оқыту қазақ және орыс бөлімдерінде қазақ, орыс, ағылшын және екінші мамандықтар бойынша француз, қытай, парсы, түрік тілдерінде жүргізіледі.

Жоғарыда көрсетілген мамандықтар бойынша бакалавр бітірушілерге шетел тілдері мамандары ретінде орта мектептерде, лицейлерде, колледждерде, орта кәсіби оқу орындарында, магистратураны бітіргендер жоғары оқу орындарында жұмыс істей алады.

Оқыту күндізгі және қашықтан білім беру бөлімдерінде мемлекеттік білім беру гранты және ақылы негізде жүзеге асырылады. Сонымен қатар Қыздар университетінде грант негізінде оқитын студенттер үш мезгіл тегін тамақ, жатақханамен толықтай қамтамасыз етіледі. Барлық пәндер республиканың Білім және ғылым министірлігі бекіткен стандарттарға сәйкес орындалады.

ҚызПУ-дың Шетел тілдерін оқыту әдістемесі кафедрасында жоғары дәрежелі, білікті де білімді профессор-оқытушылар қызмет атқарады. Педагогтар білім беріп қана қоймай, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсене айналысып, студенттердің ғылыми жұмыспен айналысуына жетекшілік етеді. Кафедра оқытушылары өз білімдерін республикада ғана емес, шетелдерге де барып жетілдіруде. Кафедра «Қазақстандағы Иран орталығымен», «Қытай орталығымен», «Британ кеңесімен», АҚШ-тың «ACSELS» орталығымен, «МакМиллан», «Аль-Раминь» баспа орталығымен және еліміздің іргелі жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан.

Кафедрада студенттерге шетел тілін үйретуде жан-жақты жағдайлар жасалынған. Айталық «Лингва» атты шетел тілдері үйірмесі білім алушыларға шетел тілі әдебиеті мен мәдениетін мәдениетаралық қатынас деңгейінде меңгерту және шығармашылық қабілеттерін шетел тіліне деген белсенділігі мен қызығушылығын арттыруға қызмет етеді.

Қазақстан Республикасының  «Білім туралы» Заңында білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шеберлігін шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау. Осыған орай оқу ордасында оқытуды ізгілендіру, өздігінен дамитын, дұрыс шешім қабылдай алатын, өзін-өзі үнемі жетілдіріп отыратын тұлға қалыптастыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде.

Жаңа мыңжылдықта білімі мен білігі үйлескен мамандардың бәсі басым болмақ. Бұны уақыттың өзі айқындап отыр. Отандық жоғары оқу орындарының алдында ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Осынау ауқымды жауапкершілікті абыроймен атқару педагогтарға жүктелген мәртебелі міндет. Сөз соңында бірнеше тілді жете меңгерген білікті маман болуды мақсат тұтсаңыз, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне оқуға түсуге шақырамыз.

Марат КЕБЕКБАЕВ,

Шетел тілдерін оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here