Бірқатар елдерде вакцинаның екінші дозасын егу мерзімі ұзартылды

0
727

Өткен аптада ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші мен екінші компонентін алу интервалы өндірушінің ғылыми тұрғыда жүргізген жұмыстарының нәтижесінде белгіленетінін айтқан болатын.

«Бастапқыда вакцинаның 1-ші және 2-ші компонентін алудың арасында 21 күн өтуі тиіс болатын, егер белгілі бір себептермен 21 күннен кейін алуға мүмкіндік болмаса, қосымша 7 күн уақыт берілетін еді. Алайда, Ресей мемлекетінен келген қосымша ғылыми мәліметтерге сүйенсек, вакцинаның 2-ші компонентін 21 күннен 60 күнге дейінгі аралықта алуға болады. Бұл вакцинаның сапасына еш әсер етпейді және ғылыми тұрғыда дәлелденген нәрсе. Екпенің тиімділігі сақталады, адамның ағзасы 60 күнге дейін вирусқа қарсы тұра алады, 21 күн мен 60 күннің арасында айырмашылық жоқ екені ғылыми тұрғыда дәлелденді», – деп түсіндірді Айнагүл Қуатбаева.

Әлемдік тәжірибеде осыны көрсетеді. Мысалы, Украина Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық техникалық тобы сарапшыларының ұсынысымен коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші және екінші дозасын егудің арасын 28 күннен 90 күнге дейін ұзартты. Бас санитар дәрігер Виктор Ляшконың айтуынша, CoviShield (AstraZeneca) вакцинасының 1-ші және 2-ші компонентін алу интервалын 62 күнге ұзарту оның тиімділігін арттырады. Мұндай қорытындыны The Lancet медицина журналы жасады. Бұл Pfizer вакцинасына да қатысты жасалған тұжырым.

Италия Денсаулық сақтау министрі Роберто Сперанца вакцинаның бірінші мен екінші дозасын егу жиілігі ұзартылғанын мәлімдеді. Енді вакцинаның бірінші дозасын алған итальяндар екінші дозаны 42 күннен кейін салдырады. Бұрын бұл Pfizer үшін 21 күн, Moderna үшін 28 күн болатын. Италия билігі жылдың соңына дейін халықтың 90%-ы екпе алатынын хабарлап отыр. Демек, вакцина тапшылығын болдырмау үшін қазір ресейлік «Спутник V» вакцинасын бастапқыда сатып алу, кейін оны өз аумағында өндіру мәселелерін талқылап жатыр.

Ұлыбритания екінші доза интервалын 4 есе ұзартты. Бұрын британдықтар Pfizer, AstraZeneca вакцинасының екінші дозасын 21 күннен кейін алып келсе, енді олар оны үш айдан кейін салдырады.

Чех Республикасы да коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші және екінші дозасын егудің арасын 42 күнге ұзартты. Бұл шешімді Чех Республикасының Денсаулыққа төнген қауіп-қатер мәселелері бойынша Үкімет кеңесі мақұлдады. Денсаулық сақтау министрлігі бұл шара зерттеліп барып енгізілгенін, сондықтан еш алаңдаудың қажеті жоқтығын мәлімдеді.

Мұндай қадамға барған кезекті ел – Испания. Енді испандықтар вакцинаның екінші дозасын 16 аптадан кейін алады.

Жалпы, 198 жылдық тарихы бар атақты The Lancet журналының жоғарыдағы қорытындысынан кейін вакцинаның екінші дозасын егу мерзімін Канада, Германия, Франция елдері де ұзартты.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here