Ел ағасына құрмет көрсетілді

0
2377

Табиғатынан тал бойындағы еңбек сүйгіштік ерекше қасиетімен, ел басқару ісіндегі ерен іскерлігімен дараланған Шаймағамбет Оразбекұлы Мақашев ағамыз есімін ел білетін азамат болатын. Еңбегімен елінің құрметіне бөленген осынау азаматтың жүріп өткен жолы күні бүгінге дейін сайрап жатқандығы жәнеде шындық. Міне, осындай азаматтарды кейінгі ұрпақ қанша уақыт өтсе де естерінде сақтап, үлгі-өнеге тұтары сөзсіз. Сондай біртуар азаматтың бірі – киелі Шұбартау өңірінің адал перзенті және мақтан тұтар біртуар тұлғасы Мақашев Шаймағамбет Оразбекұлының есімін ол еңбек еткен жерлердегі ел жұрт ерекше әспеттеп жатса ол заңдылық. Біз білетін Шаймағамбет аға атамекені – Шұбартауын он бес жыл басқарды. Ұлы Абай елінде, Абай жерінде табаны күректей 11 жыл тағылымы мол табысты еңбек етті. Туған еліне еңбегін арнап, туған жерін гүлдендіру үшін аянбай тер төккен еңбеккер де қайраткер  ұлын жұрт күні бүгінге шейін ризашылықпен еске алып отырады.

Жақында біз шұбартаулықтардың сол зор алғысының тағы бір мәрте куәгері болдық. Туған ел-жұрты бұрынғы аудан орталығы – Баршатас селосында ардақты ағалары Шаймағамбет Мақашевқа арнап ол кездегі аупарткомның, бүгінгі Баршатас ауылдық округының қос қабатты ғимаратының сыртқы қабырғасына ескерткіш тақта орнатты. Осы салтанатты шарада сөз сөйлеген Аягөз өңіріне аты мәлім әртүрлі саланың майталман ардагерлері Рғызбай Сиқымбаев, Совет Мұқашев, Нәстілек Сәменбетұлы, Қайрат Нағашыбеков, туыстары Кенжебек Әжібекұлы, Қамария Ғабдулкәкімова және басқада Мақашевтің көзін көріп аралас-құралас болған аяулы жандар Мақашевтай ел ардағының ерен еңбегін еске алып сөз сөйледі. Олар Мақашев басшылық еткен кезең Шұбартаудың «алтын ғасыры» болды деп, аға еңбегіне лайықты бағаларын берді.

Осы ізгі тілектер мен жылы лебіздер шарада сөз алған Нәзір Қарабалаұлы секілді ақынның жырларында сомдала түсті.

Мақашевтан тағылым алған мен де елінің аяулы ағасына деген тілегімді:

Армысыз, ағайын-жұрт жерлестерім,

Ел үшін еңбек еткен ерді ескердің.

Білеміз Мақашевтай азаматтың,

Қаншама қиындықпен белдескенін.

 

Аралап Шұбартаудың құз-қатпарын,

Қаңтарда кірпігіне мұз қатқанын.

Білеміз Мақашевтың мына біздер,

Жүрегін ел ісі үшін сыздатқанын.

 

Көтерді ол ондай кезде нардың жүгін,

Есіме соның бәрін алдым бүгін.

Ағайын, Мақашевтың арқасы ғой,

Көшінен көрінсе елің алдынғының, – деп басталатын өзімнің толғауыма  арқау еткен едім. Расында да біз Мақашевтай азаматтың қаншама қиындықпен белдескенін, жүрегін ел ісі үшін сыздатқанын білетін едік. 

Сонау қызыл империяның тұсында Шәкең өнерді, әдебиетті сүйетін азамат ретінде ауылдағы өнер мен мәдениеттің қанатын кеңге жаюына қамқор болды. Шұбартауда аудандық Мәдениет сарайын салғызып, «Баршатас» халық театрының сенімді жұмыс жасауына, «Бұл-бұл» атты халықтық ән-би ансамбліның, «Шұбартау сазы» халық оркестірінің республикаға танымал болуына мүмкіндік жасады. Оның Меліс Қоқымбаев, Ахметқан Алпысбаев, Санақ Әбеуов, Нұрқасым Мұстафаев, Гүлғайша Әубакірова, Ораз Шыңғаев, Жеңіс Мұхметов, Халықберген Әбілжанов, Тоқтар Серіков сынды әнші-күйшілері ел назарына ілігіп, өмірден, өнерден өздерінің орындарын алуына жарқын жол ашты.

Шұбартаудан шыққан Төлеубек Жақыпбайұлы, Төлеуғали Есімжанов, Төлеуғал Сүлейменов, Несіпбек Айтұлы, Мыңбай Рашев, Мағауия Раев, Тұрсынхан Әділханова сынды Шұбартаудан шыққан ақын-жазушылар «Шұбартауым» деп Шұбартауды жырға қосса, Мақашев елдің мұң-мұқтажын облыс пен республика басшылығының алдына батыл қоя білген үлкен жүректі білімді де білікті басшы болды. Шәкең басшылық жасаған жылдары  аудандағы жеті совхоздың саны онға жетті, Баршатаста және басқа жерлерде үш қабатты аурухана мен қос қабатты бірнеше мектеп үйлерінің құрылысы салынды. Су құбыры тартылды және көгілдір экран халықтың  көзайымына айналды. Күн сайын ұшатын «ЯК-40» самолеті Семеймен екі араны жақындата түсті. Аягөзден басталып, Қарағанды арқылы бүгінгі Астанаға дейін баратын ең төте заманауи көтерме жолдың құрылысы салынып пайдалануға берілді. Балға өзеніне халықтың өз күшімен тоспа салынып, ауыл ішін аралап мөп-мөлдір бұлақ суы сылдырап ағып жатты.

Ал, шұбартаулық жастардың «Қой шаруашылығы – жастардың төл ісі!» деген бастамасы сол кездегі кеңестер одағында кең қолдау тапты. Сондай-ақ жер-жерде жас құрылысшылар, Саха елінде жас бұғышылар бригадалары заман талабына сай құрылып, ел ісіне үлес қосып, ерекше қайрат көрсетті. Сол бір еңбек күші жетпейтін, жастар жұмыссыз қалған заманда  еңбекші қауымның қолын ұзартқан бұл бастама өзінің лайықты бағасын алды. Республикада тұңғыш рет Шұбартау ауданының комсомол ұйымы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып,  Тілек Ықсанов секілді жастары Ленин комсомолы сыйлығын иеленді. Ал, Зинат Сармурзина, Рағына Әбілахатова және басқа қыз-жігіттері бүкілдүниежүзілік жастар фестиваліне қатысып, он сегізі омырауларына алуан түрлі елдің наградалары мен орден-медальдарын тақты. Олар солай қой шаруашылығында екі жыл еңбек етіп, жеңілдікпен жоғарғы оқу орнына түсіп, сан түрлі мамандықтардың иесі болып шықты. 

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, республика парламентінің депутаты және өзі еңбек еткен Шығыс Қазақстанның Аякөз бен Абай, Үржар және Алматы облысының Еңбекші қазақ аудандарының құрметті азаматы, төрт  Еңбек Қызыл Ту  және  Халықтар достығы ордендерінің иегері Шаймағамбет Оразбекұлы Мақашевтің есімін есте қалдыруға республиканың билік органдары тарапынан әлі де болса лайықты көңіл бөлінетініне біз кәміл сенеміз. Сондықтан ел-жұртының өз перзентіне деген алғысы асыл ағаны есте ұстап, ұрпаққа өнеге ету жолындағы алғашқы игі іс деп білеміз.  Осындай жастарымызға тағылым беретін елдік іс жалғасын таба берсін. Елінің еңсесін көтерген, жерін аялап гүлдендірген басқа да барлық ел азаматтары құрметтелсе нұр үстіне нұр болар еді.

Ақаш Көксегенов, Қазақстан Журналистар одағының мүшесі,

Аягөз қаласы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here