Ұлттық өнерді ұлықтаған шебер

0
2174

Біз дәйім ұлтымызбен мақтанамыз. Халқымыздың сан ғасырдан келе жатқан салт-дәстүрлерінің, жөн-жоралғыларының берері көп. Ұлтымыздың қол өнерінің өзі баға жеткізгісіз қымбат қазынамыз, байлығымыз іспетті. Қазақтың қол өнерін айтып, жазып, суреттеп жеткізу оңайға түспейді. Ағаштан неше түрлі ыдыс жасайтын, ұлттық аспаптар әзірлейтін, неше түрлі аңдардың, құстардың келбетін қашап жасайтын шеберліктері өз алдына бір әңгіме. Қыз-келіншектердің тоқыма, кесте, құрақ құрау секілді дүниелерінің өзі көздің жауын алып, осы күнге дейін жалғасып келе жатыр. Ағаштан түйін түйетін, одан түрлі бұйымдар жасайтын шеберлер де жетіп-артылады. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына қадам басқан елімізде ежелден келе жатқан қол өнеріміз уақытпен бірге жаңғырып, жайнап, толыса түскені даусыз. Біз сөз еткелі отырған Құрманғали Малаев – ұлтымыздың қол өнерін дамытуға айтулы үлесін қосып келе жатқан, осынау ауыртпалығы мол істі арқалап, қиындығын еңсеріп, еткен еңбек, төккен терінің жемісін көрген шебер. Халқымыздың қазыналы қарты, өсіп келе жатқан ұрпаққа берері көп кеудесі алтын сандық. Ол қазақ бейнелеу өнеріндегі лактелген мөлтек жазу саласы бойынша кәсіби, жоғарғы білімді жалғыз маман, суретші-технолог. Бүгінде 83 жасқа толып отырған қадірменді қарт, шебер қолды ақсақал Құрманғали Мұхаметқалиұлымен ұлттық өнер төңірегінде ашық әңгіме жүргізген едік.

– Құрманғали Мұхаметқалиұлы, алдымен өзіңіздің туған жеріңіз, балалық шағыңыз туралы әңгімемізді бастасақ артық болмас. Жалпы,  ұлттық өнермен қашаннан бастап айналысып келесіз?

– «Ел іші – өнер кеніші» демекші, ауылда бала кезімде әкем ағаштан ою, түрлі заттар жасап беретін еді. Менің туған жерім Алматы қаласы болғанымен, Сарыөзек ауылында балалық шағым өтті. Әкем теміржолда қызмет атқарған кісі. Соғыс кезінде анамнан айырылып қалып, анамның аялы алақанын сезіне алмадым. Маған бұл өнер әкемнен дарыған. Әкемнің қолынан келмейтін жұмысы жоқ. Сиырға жегетін арба жасап, аяқ қиімдер тігетін. Өзімнің мектепке жалаң аяқ барған күндерім де болған. Әкемнен көп нәрсе үйрендім, қазір 80 жастан ассам да, аяқ киімдерді жаңалап тігіп аламын.

Мектеп бітірген жылы арман қуып, Алматы қаласына оқуға келдім. Жоғары білім алу үшін Мәскеу технологиялық институтына жолдама алдым. Осы аталған институтқа түсу үшін бұрынғы С.М. Киров атындағы унверситетке барып емтихан тапсырып, нәтижесінде оқуда оза шаптым. Мәскеу технологиялық институына екі қазақ баласы оқуға түссе, соның бірі мен едім. Бес жыл білім алып, шәкіртақы алатын дарынды студенттердің бірі болдым. Орыстың халықтық өнерінің құпияларын, озық технологиялары мен жасалу жолын жетік меңгердім деп айта аламын. Орыстың қыз-жігіттерімен етене араласып, дос болдым. Осы мамандықты араға 5 жыл салып аяқтап, елге қайтып оралдым. Мамандық таңдауда бағытым бірден лактелген мөлтек жазуға ден қою еді. Өзімнің өнерімді сынауда тәжірибеден өту үшін көптеген жерге бардым. Осы арқылы 5 жылға созылған дипломдық жұмысымды жазып шықтым. Мақтанып айтар болсам, тұңғыш рет Қазақстанға миниатюра мамандығын алып келдім. Аталған мамандық бойынша тісқаққан маман ретінде қазақ өнеріне жаңашылдық ашқандай болдым. Мөлтек жазу саласы өміріме тосынсый әкелді деп айта аламын.

– Он саусағынан өнер тамған шебер ретінде осы ағаштан ою оятын өнеріңіз жөнінде әңгімелеп берсеңіз…

– Негізінен мен бала кезімнен шыны ыдыстар мен ағаш қасықтарды жасаудың жолын іздеп, ағаш бұйымын ерекше жақсы көрдім. Ауыл балаларына ағаштан түрлі ойыншықтар жасап беретін едім. Сол жиырма жылдан бері ағаштан көркем бұйымдар жасап, қыштан құйылған заттарды әсемдеу, зергерлік мөлтек жазу арқылы өміріме үлкен өзгеріс әкелдім. Ағаштың түр-түрінен, мысалы, қайың, үйеңкі, алма ағаштарынан түрлі заттар жасауға болады. Әсіресе, қазақтың ұлттық ыдыстарын, бұйымның жаңаша қырларын эстетикалық талғаммен жасадым. Ағаш кесінділерінен кертіп жасаған ожауларым тамаша көрінеді. Қазақ ожауының жаңаша түрлерін дүниеге әкелдім. Осы аталған бұйымдарым шет елдерде болған көрмелерде жоғары бағаланды.

– Ұлттық өнер туралы әңгімеге ойыссақ, соның ішінде қазақтың киелі дастарханына арналған өзіңіздің қолыңыздан шыққан бұйымдар туралы айтып берсеңіз…

– Мен өз қолымнан шыққан озық үлгілерді насихаттап, халыққа тарту етіп келе жатырмын. Айта кетейін, менің қолымнан шыққан қайың, үйеңкі, алма ағаштарынан жасалған күбі, келі мен келсап, оюлы әбдіре, үй жиһаздары мен мөлтек жазулы қыш құмыра, ыдыстар, сәнді ожау мен қымыздық шара, төрт тұтқа, құлағы төрт түлік малдың бейнесінен оюлап әдіптелген ет табақ, оюлы тостағандар, т.б. өз қолымнан шыққан бұйымдар бар. Осы аталған бұйымдарым  шет елдерде болған көрмелерде ең жоғары бағаланды. Әсіресе, қымыз шараға деген сұраныс жоғары. Бұл қымыз шараны жасау барысында әрбір сызықты, нүктені ыдыстың томпақтау келген бүйірін, жинақы кенересін, орнықты табанын қашап, қошқар мүйізді сурет салған едім. Ыдыс ернеулерінің жіңішке металмен қапталуы өрнектерді айшықтандыра түсті. Сол ұлттық ыдыстар құрамына кіретін ет салатын табақты жасау кезінде көркемдік нақышпен әрледім. Астаудың жағасына төрт түлік малдың бейнелерін ойып жасадым. Қазақтың ыдыс-аяқтарын жасау барысында жасанды еш нәрсе қоспай ағаштың өзінің бойындағы мүмкіндіктерін пайдаланып, үйеңкі арқылы табиғи әшекейлерге өзгеріс әкелдім деп мақтанып айта аламын. Бағыма қарай осы саланы жақсы меңгеріп шықтым.

– Құрманғали Мұхаметқалиұлы, Сіздің бұл өнеріңізден басқа кітаптарды көркемдейтін өнеріңізді де білеміз. Осы жөнінде айтып берсеңіз…

– Жалпы осы кітапты көркемдеу бойынша отызға жуық кітаптың мұқаба дизайнын жасаған едім. Кітаптарды сәнділеп жасап, оның идеялық-көркемдік мазмұнын аштым деп ойлаймын. Жазушы Ж. Жұмахановтың «Қиядағы қайыңдар» атты кітабын көркемдегенім үшін Душанбеде өткен Бүкілодақтық «Кітапты көркемдеуші суретшілер» атты көрмеде марапатқа ие болдым. Сонымен қатар, Мәскеуде «Недра» баспасынан шыққан техникалық әдебиеттерге, қазақ жазушыларының бірнеше көркем шығармаларына салған иллюстрацияларым жетерлік.

– Осы ұлттық өнерді алға сүйреуде қандай да бір мақсатыңыз болды ма?

– Менің мақсатым – қазақтың дастарханын дәммен ғана емес, ұлттық өнердің үлгілерімен ажарландыра түсу. Рас, кейінгі жылдары ұлттық үлгідегі ыдыстар, тұрмыстық заттар қолданыстан шығып, мұражай жәдігерлеріне айнала бастады. Дегенмен, біздің ұлттық рухымыз оянған сайын ол дүниелер де дастарханымызға қайта оралып, ажарын аша түсер деген сенімдемін. Сондықтан, осы бастан бұл кәсіптің білікті ұлттық кадрларын даярлау үшін жоғарғы оқу орындарынан арнайы мамандық ашса деген арман, тілегім бар.

Әрине, бұл сала Ресейде әлдеқашан жолға қойылған. Біздің елімізде де ұлттық өнерді дәріптеуді қолға алса, жолға қойса, нұр үстіне нұр болар еді. Қазақы шебер қолдардан шыққан тұрмыстық заттардың түбінде қолданысқа қайта оралатынына, келешек ұрпақтың ұлттық құндылығымызға оң көзқараспен қарайтынына сенімдімін. Сондықтан да, жоғары оқу орындарында білікті ұлттық кадр дайындау мәселесін жиі-жиі көтеріп жүрмін. Бар арманым мен мақсатым – қазақ дастарханын ұлттық өнердің үлгілерімен ажарландыра түсу, қазақы қалпымыздың сақталуына мұрындық болу. «Жас келсе іске» дегендей, осы салада шебер, білікті жастар легін көруді армандаймын.

– Заттарды әшекейлеу технологиясы жөнінде не айтасыз?

– Иә, дұрыс айтасың, заттарды әшекейлеу технологиясы өзінше жатқан ғылым деп айтсам болады. Көптеген шығармашылық еңбекті талап етеді. Оның кез келген адам байқай бермейтін қырлары мен сырлары көп. Кешегі көшпелі кездегі ата-бабаларымыздың қолынан шыққан түрлі әшекейлердің өзі көздің жауын алады. Мен осы мұраларға тек қосымша дем беріп әрледім. Қолөнер мен өнердің нақыштарын қиыстыра қиып жүрдім. Мақтанып айтар болсам, шыныдан жасалған заттарды әшекейлеу мамандығы бойынша өндірістік оқытудың тұңғыш ұлттық шебері атандым.

– Осы саланың майталман маманы ретінде мамандығыңыздың қыр-сыры туралы айтып берсеңіз…

– Менің мамандығым елімізге беймәлім сала болып келді. Тіс қаққан мамандардың өзі бұл мамандық туралы білмейтін. Лактелген мөлтек жазу саласының қыр-сырын әлі де болса бүгінгі жастар біле бермейді. 1974 жылы бірінші болып осы бөлімшені өзім ашып, бізге мамандар қажет деп шақырдым. Мұндай өнер бізде дамымаған. Дамымағаныңыз не, сіңбей жатыр. Мысалы, біз сурет-кескіндеме өнері өзіміздікі болмаса да, соны өзімізге қарай бұрып алдық. Сондықтан да, теория мен тәжірибені қатар ұштастырып, жастардың бойына сіңіруге ат салыстым. Осы лактелген бояу барысында тостаған, қасық, ожау, шара жасау бойынша он шақты қыз балаға білгенімді үйреттім. Өнерімнің өрісін кеңейту үшін 1974-1976 жылдары Қапшағайдағы шыны зауытын арнайы ашып, 150-ге тарта шыныға сурет салатын мамандар дайындап, түрлі-түрлі ыдыстар мен ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен сәндеп жүрдім. Зауыттағы жұмысыммен қатар Алматыдағы Н.В. Гоголь атындағы көркем сурет училищесінен «Көркем жазу мен лактелген мөлтек жазу» атты арнайы бөлім ашып, ұстаздық жолымды бастадым. Ондағы ойым, мақсатым ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық қолөнеріміздің жалғасын табуына жол ашу еді. Оқуға 10 бала қабылдап білгенімді үйреттім. Сол оқушыларға арнайы бөлім ашып бердім. Осы бөлімдегі балаларды өзім дайындадым. 30 жыл осы салаға жағдай жасап, аталған мекеме басшылары кептіретін, қыздыратын пешпен қамтамасыз етті. Еліміздегі жалғыз технолог екенімді кейіннен білдім. Мәселе, 1990 жылы аттестациядан өткен кезде, комиссия мүшелері «Республикадағы жалғыз маман болып саналады» деп жазған екен. Мен оны аңғармаған едім. Республикалық «Мұқағали» әдеби-мәдени журналының бас редакторы Батық Мәжитұлы мен туралы «Жалғыз технолог маман» деп арнайы мақала шығарды. Сол мақала барысында таныла бастадым. Жалғыз маман деген аттестацияны маған өздері берді. Кейіннен бір ішім ашитын дүние, бұл миниатюра мамандығының атауын басқаша өзгертіп тастағаны жаныма аяздай батты.

– Жеткен жетістіктеріңіз, толағай табыстарыңыз қандай?

– Өз саламның майталманы болдым деп айта аламын. Ең алғашқы марапат алғаным, Қапшағайдағы училищеде «шынылық қолтаңба» мамандығы бойынша өндірістің шебері атанған едім. Менің қолымнан шыққан бұйымдар бүгінгі таңда көрмелерде тұр. Көрмеге қойылған күбілерім көпшіліктің қызығушылығын тудырды, нәтижесінде Германияда, бұрынғы Югославияда, Тәжікстанда, Арменияда, Украинада, Ресейдің бірқатар қалаларында өткен халықаралық байқауларда арнайы жүлделерге ие болуым соның бір ғана айғағы. Сонымен қатар, 1947 жылы Лейпцигте өткен халықаралық жәрмеңкесінде сандық көрсетіліп, қолданбалы өнердің озық үлгілері қатарына енді. Айта кетейін, 1985 жылы Мәскеуде өткен Дүниежүзі жастарының ІІ фестивалінде күбілер мен тостағандарым, әшекей бұйымдарым көпшілікті қайран қалдырған еді. Бірнеше рет Республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қатысқаным есімде. Югославияда болған суретшілер көрмесінде туындыларым жоғарғы бағаға ие болды. Бүгінде менің қолымнан шыққан тың дүниелер Алматыдағы А. Қастеев атындағы мұражайдың алтын қорының тұрақты экспозициясынан орын алды. Өнерім Офицерлер үйінің, Д.А. Қонаев қорының, Нұр-Сұлтандағы Президенттік Мәдениет орталығының мұражайларында сақтаулы тұр. Әскерилер үйінің мұражайында «Ұлы Отан соғысына 50 жыл» атты панода Р. Қошқарбаевтың Рейхстагқа жеңіс туын тігіп тұрған тұлғасы бейнеленген. Дәл қазір өзім жасаған дүниелер үйімде сақтаулы. Оларды келешек ұрпаққа аманат етсем деп отырмын.

– Отбасыңыз туралы да айта отырсаңыз…

– Бүгінде бауырларымның алды ағам дүние салды, қарындасым бар. Анамыз өмірден қайтқанда қарындасым 3 жаста болған еді. Қазір өзім асарымды асап, жасарымды жасап болғасын балалық өмірді аңсап тұрамын. Өйткені, қазір бір-бірін аңдыған адамдар, аяқтан шалу, көре алмастықтан шаршадым. Өзімнің 9 балам бар, жетеуі аман-есен, олардан 15 немере, үлкен ұлымнан 2 шөбере сүйіп отырмын. Немерелеріммен бақыттымын. Қолымдағы немеремді қатты жақсы көремін, болашақта атасының жолымен жүретін маман болғанын қалаймын. Осы ұрпағымның қай-қайсы болмасын өнерден кенде емес. Менің салған сара жолымды жалғайтынына кәміл сенемін.

Ізіңізді басқан шәкірттеріңіз көп пе?

– Училищеде білім берген шәкірттерім жетерлік. Менің шәкірттерім жан-жақтан келіп білім алған. Шәкірттерімнің бойларына шеберлікті сіңірдім. Әйтпесе, мына жасалған дүниелердің барлығы қайдан өз деңгейінде болсын. Менің тәрбиелеген шәкірттерім үйлерінде отырып-ақ өздерін асырай алады. Бір бұйым жасайтын болса да үлкен олжа. Осы шеберліктерін бизнеске айналдырса да болады. Болашақ ұрпақ ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіріп өссе. Өнер деген ойыншық емес. Біреуі шын мәнінде өнер қуып келеді, екінші біреуі атақ қуады. Біреулері диплом алуды мақсат етіп, ілініп-салынып жүреді. Менікі – осы саланы бір адам болса да үйренсе деген ой ғана. Бізде әдістеме жоқ, теория жоқ. Орыстардың, басқа ұлттардың әдістемесін алып, соған қарап отырып жасатуға тура келеді. Менің ойымша, біз болашақ ұрпаққа тек  қазақы бұйымдарымызды, ұлттық  қол өнерімізді, бояу-нақышымызды ғана дәріптеуіміз керек.

Құрманғали Мұхаметқалиұлы, ашық әңгімеңізге алғыс білдіреміз!

Сұхбаттасқан: Индира Біржансал

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here