Кітапханашы да қастерлі мамандық немесе Көкен апай тәлімі

0
4378
Бір топ Жаңаарқа ауданы кітапхана қызметкерлері. Сол жақтан бірінші отырған, қазақи дәстүрмен басы мен мойының жалаңаштамай байлам шалған Көкен апай. Фотосурет 1970-жылдардың бас кезінде түсірілген

Қазіргі таңда елімізде оқушы жастардың кітап оқымайтыны туралы жиі айтылып жүр. Алайда, XXI ғасырда білімсіз өмір сүру мүмкін емес. Адамзат баласының қол жеткізген рухани ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы болса, білімнің қайнар көзі – кітапта. Кітап – адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, адамзат баласының өмірлік ұстазы әрі ұстанымы екендігі ақиқат. Сондықтан да, алдына белгілі бір мақсат қойған адамзат баласына  өмір бойы үздіксіз білім алып, оқуға тура келеді. Кітаптың орны бөлек, ол адамның логикалық ой жүйесін, фантазиясы мен ой-өрісін дамытатын, адамзат баласын прогреске сүйреген құндылықтардың бірі, яғни білуге, білімге деген ұмтылыстан туындағаны күмәнсіз. Қазіргі желдей ескен замандағы құндылықтар интернет пен смартфондар кітаптың орнын баса алмайды.

Рас, технология дамыған сайын, кітап оқушылар қарасы азайып бара жатқандығы жасырын емес. Ұялы телефондары мен планшеттерінен-ақ баспасөз беттерін шолып шығуды жөн санайтындар қатары көбеюде. Дегенмен, кітап – өткеннің рухы ғана емес, келешектің кілті екендігін де естен шығармауымыз керек. Біздің сан ғасырлық тарихымыз бен тыныс-тіршілігіміздің құнды жәдігерлерін бізге жеткізген алтын сандығымыз да кітап екендігі көпшілікке аян. Жастарды «кітап оқымайды» деп бекерге кінәлай бергенше, олар қызығып оқитын көркем әдебиеттер мен кітаптарды көптеп шығарып, алыс ауылдардағы мектептерге таратудың маңызы зор.

Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында ҚР Білім және ғылым министрлігі орта білім саласында «Оқуға құштар мектеп» жобасын қолға алды. Бұл жоба білім саласын дамытудың Жол картасы аясында қолға алынып, еліміздегі мектеп қасындағы кітапханалардың жұмысын дамыту арқылы жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осы бағдарлама іске асқан жағдайда еліміздегі мектеп кітапханаларының қоры жыл сайын 20 пайызға жаңарып отырады деген болжам бар. Бұдан басқа мектеп кітапханаларының материалдық техникалық жағдайын жақсарту, мектеп кітапханаларында оқушылардың кітап оқуына қолайлы оқу залдарын ашу, т.б. бүгінгі күн талабы.

Бүгінде жаңадан салынған мектептердің өзінде кітап оқу орны қарастырылмаған, оқу залдары көрнекі құралдармен безендіріліп, қажетті компютерлік жабдықтармен жабықталуы қажет. Бағдарламада «болашақта еліміздегі жоғары оқу орындары дайындайтын кітапханашы мамандығының статусын көтеріп, «педагог-кітапханашы» деген мәртебе берілетін болады» деген жолдар келешекте мектеп кітапханаларында да бір серпіліс болар деген үкілі үмітке жетелейтіні анық. Алайда, бұл мектеп кітапханашылары тек қол қусырып отырып-ақ мәртебелі статусқа ие болады деген сөз емес, олардың мектеп шәкірттері мен мектеп кітапханасы арасындағы алтын көпір, дәнекер болуы өте маңызды. Яғни, кітапхана қорын үнемі жаңғыртып, онымен оқушыларды таныстырып қана қоймай, сол кітаптарға деген олардың қызығушылығын ояту да сол «педагог-кітапханашылардың» басты міндеті болуы шарт.

Негізінде, Қазақстанда бүгінгі күні он екі мыңдай кітапхананың бес мыңға жуығы ғана мемлекеттік кітапхана екен. Ал, мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың таралымы 2000-нан аспайды. Есептеп қарасаңыз, 2000 кітапты қанша тырыссаңыз да, бүкіл республикадағы кітапхана мен дүкендерді түгелдей қамту мүмкін емес. Бүгінде республика бойынша мектеп жанындағы кітапханаларда 200 млн данадан астам кітап қоры сақталынған болса, олардың 38 млн данасы көркем әдебиеттер. Осы көркем әдебиеттердің  20-30  пайызын  80-90 жылдары шыққан ескі көркем әдебиеттер мен мерзімді басылымдар құрайды екен. Олар қазіргі заманғы шәкірттердің  қызығушылығын оятпайтыны анық.

Жасыратыны жоқ, заманауи тақырыпқа сай кітаптар қатары сирек қазір. Кеңестік идеология тұрғысынан кеңес заманында басылып шығып моральдік тұрғыдан әбден ескірген көркем әдебиеттерді қазіргі ұрпаққа ұсынудың өзі де өте тұрпайы қылық болар еді, себебі «срогы» өтіп кеткен тамақты қалай ұсынарсың?! Қазақтың шұрайлы, бай тілі – қа­зақтың көркем әдебиетінде.  Балаларды ұлттық құндылыққа, отаншылдыққа тәрбиелеуде әдебиеттің, әсіресе балалар әдебиетінің орны ерекше. Өкінішке қарай, қазіргі жас өскін балалардың өз бетімен кітап оқуға, көркем әдебиетке деген ұмтылысы бәсеңдеп, қызығушылығы азайып барады. Әдебиетке деген қызығушылық құлдырап, құлықсыздық пайда болды.

Байқап қарасақ, біз бұрынғы кітап оқу үрдісінен айырылып бара жатқандаймыз. Қазіргі кезде том-том кітап құ­шақтап, кітапханаға жиі баратын адамдарды сирек кездестіретін болдық. Кез келген ұлтты өркениетке жеткізетін күш – білімде десек, ал білім негізі – мектепте. Олай болса көп мәселе мектеп ұстаздарына, олардың әлеуеті мен біліктілігіне байланысты болмақ. Ал, қазіргі жас мұғалімдердің өздері қаншалықты кітап оқуға құштар?  Кітапқа деген құлықсыздықтың салдарынан жастар еркін ойлауға, ауызекі тілде көркем сөйлеуге қабілетсіздік таныта бастағандай. Ақын Иосиф Бродский: «Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал миллиондаған адамдар кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті», – деп бекер айтпаса керек. «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың келер ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», – деген еді кезінде Ғабит Мүсірепов. Қанша жыл өтсе де, қанша буын алмасса да, кітап өз құндылығын еш жойған емес.

Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір рөлін қалтқысыз атқарып келген  руханият ордасы екендігін қазіргі аға ұрпақтар әлі де ұмыта қойған жоқ. Кітап пен кітапхананың тіршілігіне дем беретін ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы дәнекер болып бүгінгі күнге дейін өз маңызын жоғалтпай келе жатқан, көзге аса көрініп елене бермейтін мамандық иесі ол – кітапханашылар. Кітапхана мамандығы сонау орта ғасыр дәуірінен бастау алып үзілмей келе жатқан құрметті де тарихы терең көне мамандық. Көзге көрінбей халықтың рухын көтеріп келе жатқан  кітапханашы еңбегі нағыз насихат құралы, идеологиялық құрал екендігін көпшілік ескере де бермейді. Сондықтан да, ол мектеп ұстаздарымен теңестіріліп, бір сапта аталынып Мемлекет басшысы тарапынан еңбектері еленіп жатса, бұл мамандық иелеріне деген зор құрмет деп бағалануы керек.

Ақыры әңгіме ауаны кітап оқу, кітапхана айналасында болған соң өзіміз куә болған арада жарты ғасыр өтсе де, өткен ғасырдың 70-жылдарын сағынышпен еске аламыз. Біз қазір де өзімізді сол дәуірдің ұрпағы санаймыз.  Коммунизм елесі дәуірлеп тұрған ол жылдары әр үйдің төр бөлмесінің көрнекті жерінен кітаптар қатары тізіліп тұрса, қазіргі уақытта олардың орнын шет елдерді аралаған саяхаттарының белгісіне айналған фотосуреттер орын алған.

«Кітапсыз үй – жансыз дене сияқты» деген екен бір кітап қадірін түсінген білімпаз. Адамдарға сыйлық жасау тек материалдық игіліктермен ғана шектелмейді. Бұл күндері мерекелерде, туған күн­дерде адамдар бір-біріне кітап сыйлау өткен күннің бір архаикалық белгісіндей ғана болып қалғандай.  Кітап тек досың ғана емес, ұста­зың… кеңесшің… ақылшың… Біз кітапты Құрандай төбемізге көтеріп, қастерлеп төрімізге жинап, бір-бірімізге ескерткіш ретінде кітап сыйлап, «білімді мыңды жығады», яғни «кітап – білім бұлағы» екендігін бойымызға сіңіріп, кітапты құныға оқып сусындап өскен, қасиетін әлі күнге дейін сезініп келе жатқан ұрпақпыз.

Кезінде академик Лихачев: «Мәдениетті сақтап қалу үшін университет салу шарт емес, бірақ кітапхананы сақтап қалу міндет», – деген аса мағыналы терең ой айтқан екен. Шынында да, ауыл кітапханалары бір кездері  мәдениетіміздің шамшырағы, шырақшысы ғана болып қоймай, біз үшін үлкен білім ошағы да болып еді. Ауылдағы мәдени ошақ бірі мектеп, бірі мәдениет үйі болса, ал енді бірі ол – кітапхана. Мәселен, Ресейде 500 адам тұрған жерде бір кітапхана болуы керек деген норма бар. Ал, кітап пен кітапхананың тіршілігіне дем беретін ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы – ол кітапханашылар екендігін ұмытуға болмайды.

Бұрын әр ауылдың өз клубы, кітапханасы болатын. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары ауылымыздың (ол кезде «Дружба» совхозына қарасты Ленин бөлімшесі, қазіргі «Ескене» ауылы) рухани өркендеуіне зор үлес қосып мәдени ошағына айналған кітапхананы (біздің замандастарымыз үшін киелі де рухани орындардың біріне айналған сол кітапхананың бүгінгі күні орны да қалмапты) лайықты дәрежеде ұстай білген Ахметова Көкен Заданқызын (Тұтқабек келіні) қазіргі күнге дейін үнемі жылылықпен еске алып жүреміз. Қолымызға алғаш рет әліппені ұстатқан ұстаздай кітапқұмарлыққа баулыған апайымызды аса қадірлеп, сыйлап  өстік. «Таулардың биіктігі алыстаған сайын зорая түседі» демекші, уақыт өткен сайын сол бір шуағы мол сәулелі күндер еске түседі. Ол кез жоғары оқу орны түгілі училище бітіргендердің өзі саусақпен санарлықтай, ауыл еңбеккерлерінің көпшілігі жеті, он жылдық мектеп дәрежесінде ғана білім алған  (әрине, ішінде «оқымағанның зерегі» болғандары да бар), алайда болашағымызға зор үмітпен қараған кезең болатын.   

Біздің замандастарымыз үшін ауыл кітапханаларының мәдени-әлеуметтік рөлі өте жоғары болушы еді. Аудан орталығынан бөлек басқа ауылдармен де байланыста бола отырып, үнемі кітап қорын жаңартып, ауыл тұрғындарын кітап оқуға ынталандырып отыру және қыстау-жайлауларда отырған малшы қауымға немесе сол жылдары кең қанат жайған комсомол жастар бригадаларына барып жастарды кітап оқуға баулып, насихаттауы өз алдына, Көкен апайымыз ауылдағы сегізжылдық мектептің ұстаздары мен оқушыларының, ауыл жастарының басын қосып «оқырмандар конференциясын» ұйымдастырып, диспуттар өткізіп үнемі қанаттандырып, рухтандырып отыратын. Қоғамдағы әлеуметтік уақиғалар мен мәдени жаңалықтардың жаршысы да бола білді. Кеңестік кеңістікте өмір сүрген  біздердің  С.Мұқановтың  «Ботагөз», «Өмір мектебі», Ғ.Мүсіреповтың «Қазақ солдаты», І.Есенберлиннің «Алмас қылыш», «Қаһар», Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер», Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз», сондай-ақ, Д.Исабеков, С.Сарғасқаев, Б.Соқпақпаев сияқты т.б. жастардың жан дүниесіне жол тапқан жазушылардың  бірегей  туындыларын жата жастана оқығанымыз да осы кез. Бірігіп, бас қоса қалсақ, соңғы оқыған кітаптарымыз  жайлы ойларымызды  ортаға салып, қызу талқылап жататындығымыздың өзі де бір мектеп еді-ау. Сонау жетпісінші жылдары жаңадан шыққан кітаптарды білмей  оқымай қалу, пікір білдірмеу деген ұяттың ең үлкені болып саналатын. Әсіресе, екі бүктеліп төс қалтаға сыйып кететін немесе «керзі» етіктің қоңышында жүретін республикалық «Жалын» журналы қолдан-қолға  өтіп жатқан кездерге де куә болғанбыз. Бүкіл республика жастары болып жазушы Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдарын», т.б. кітаптарды оқып, қызу талқылап жатқаны бәлкім бүгінгі ұрпақ үшін аңызға айналып, біртүрлі тосын болып та көрінетін шығар. Бірақ, біздің замандастарымыз үшін ол ғұмыр, ол тарих, ол тағдыр.

Көкен апайымыз қарапайым ғана кітапханашы мамандығын ұлағатты ұстаздық дәрежеге дейін көтере білді, сол кәсіптің насихатшысы, шырақшысы  еді десек те қателеспеспіз. Егіншілердің дала қосындары мен малшылардың қос тігіп жайлауға шыққан сәттерінде олардың «үлкен жермен» байланысын үзбей араларында дәнекер болып жүрген де апайымыз болатын. Шаруашылықтың жүк көліктеріне жәй талғамай міне салып, бір-екі қап немесе сөмкелерге салынған газет-журнал, кітаптарын тиеп алып, механизаторлар бригадалары мен «Ескене» ауылын қоршай орналасып көк майсаға бөлеп жатқан «Оқкөмген», «Аққұнан», «Бүркітті», «Түлкілі», «Қияш қашқан»,  «Құралы»  сияқты арқа жеріне тән жатаған таулар (өзіміз  үшін заңғар Гималай тауларындай елестейтін) баурайынан бұлқынып шығып жерге нәр беріп, қан жүгіртіп жатқан «Бес қауға», «Баянбай бұлағы», «Төсбұлақ», «Жұман бұлағы», «Қошқарбай бұлағы», «Қайрақпай», «Омар бұлағы», «Саңқай», «Қосбұлақ», «Қасқабұлақ», «Үлкенбұлақ» сияқты (ауыл айналысын жағалай орналасқан осындай жер-су аттарын тізе берсек жүзге тарта топонимдік атаулар шығар еді) кәусәр бұлақ көздерін жазғы қоныс еткен малшылар ауылдарын аралаудан бір сәтке де жалыққан емес (қазір сол кездердегі сүрлеу, далалық даңғыл жолдар көмескіленіп, шөп басып көрінбей қалған). Керісінше, қарапайым ауыл адамдарымен қоян-қолтық жақын араласып, сырласып, олардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, рухани азығын молайтып рухтарын көтергенінен  өзі де бір ләззат алып, рахаттанып, рухтанып қалатын. Осындайда бұрынғы даналардан қалған қанатты сөз «Ең жақсы адам – рухани білім тарату арқылы өмірдің түпкі мақсатына жол ашқан кісі» деген даналық тәмсілдерін еріксіз мойындайсың.

Ауылда ерте кезде салынған екі бөлмелі кітапхана үйі ескіріп, құлап қалған кезде де Көкен апай қол қусырып үйде отырып қалмай, кітапхана қорындағы кітаптарды өз үйіне тасып сақтап, ол жөнінде бірнеше мәрте совхоздың басшыларына ескертіп қана қоймай, өзі де бел шеше кірісіп, сол 1968-1969 жылдары ауыл жастарын жұмылдырып, мектептің жоғары сынып оқушыларын ұйымдастырып, ең ақырында өз үйін жөндеуге әкелген құрылыс материалдарымен бөлісіп, күзгі суық түскенше бірнеше рет сенбіліктер ұйымдастырып асар жасап, ауыл кітапханасына қайтадан күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне мұрындық болған еді. Кейіннен сол бір қысылтаяң жылдардағы көп жылғы өлшеусіз еңбектері ескеріліп, Үкімет тарапынан бағаланып, «Еңбек ардагері» төс белгісімен және аудандық мәдениет бөлімі тарапынан бірнеше рет мақтау грамоталары беріліп марапатталғанын замандас тұстастары, ауылдастары әлі күнге дейін жылылықпен еске алып айтып жүрсе, ал кейінгі жастар кішкентай ғана ауылымыздың осындай үлкен тарихы барлығынан мүлдем хабарсыз, бейғам  екендігі, қазіргі жастардың кітап оқуға деген ынтасы жоғалып бара жатқаны ойлантады. Сондықтан да, осындай мамандық иелерін қазіргі нарық заңдылықтары қыспаққа алған заманда насихаттап отыруымыз мемлекеттік деңгейде қолға алынып жатқан рухани жаңғыруымыздың бірден-бір кепілі болмақ.

Жолдасының ертеректе дүниеден озғанына мойынсұнбай, ауылдың ауыр тұрмысын замандастарымен бірге бөлісіп, мынау пәни дүниенің ырзығын балаларының ортасында небары 59 жыл ғана бірге өткізіп, бірге қызықтап жасындай ғұмыр кешкен, көпшіл де қоғамшыл Көкен апайымыздың қысқа да болса мазмұнды ғұмыры көпке үлгі. Өмірлік қосағынан небары 28 жасында айырылып (ауылда агроном болып абыройлы қызмет атқарып жүрген жолдасы Зікірия Тұтқабекұлы аяқ астынан ауырып бақилық болған еді), артында қалған төрт бірдей сәбиін ерінің орнын жоқтатпай тәрбиелеп өсіріп, елге қадірлі ардақты ана болса, ал ана сүтін бойларына сіңірген (бәлкім, ата-бабаларынан берілген тектілік қасиеттер де бар болар) балаларының бәрі де «ұяда көргендерінен» жазбай, заман көшінен қалмай лайықты жоғары білім алып, ана сенімін ақтай білді. Қазіргі уақытта әрқайсысы әр салада ұстаздық, денсаулық сақтау, құқық қорғау және ішкі істер саласы бойынша абыройлы қызметтерімен ел құрметіне бөленіп жүр.

Әрине, «туған жер, өскен орта адамның тұлға ретінде қалыптасуына үлкен әсер ететін алғышарттардың бірі» десек те, «жеріне лайық елі туады,  еліне лайық ері туады» деген халық даналығын да ұмытпауымыз керек. Алғаш сонау отызыншы жылдары колхоздар ұйымдасып, 1950 жылы іріленгенге дейінгі кезеңде колхоз басқарып, оның дамуына өзіндік қолтаңбаларын қалдырған ел азаматтарының ішінде кезінде «қызыл сұңқар» Сәкенге (Сейфуллин) серіктес болған, алғашқылардың бірі болып кеңес дәуірінде партиялық  қызметтер атқарған Игіліков Тұтқабек те  бар еді.  Жаңа Кеңес мектептері ашылғанымен, оларға арналып салынған мектеп үйлері жоқ жылдары, 1927-1928 оқу жылында Жаңаарқа ауданы бойынша Маңақа өзенінің бойындағы «Жартас» мектебінің іргесін алғашқы қалаушылардың бірі болды. Себебі, мектеп құрылысын жүргізу жұмыстары төрт ауылдық кеңеске бөлініп беріліп, солардың бірі бірінші ауылдық кеңес төрағасы Игіліков Тұтқабек болғандығы туралы жазба деректер жеткілікті. Елге сіңірген еңбектері ескеріліп, қазіргі уақытта Жаңаарқа ауданы орталығындағы көшелердің бірі Тұтқабек ақсақалдың атымен аталынуына да уақыт төреші.      

Әрине, адам болған соң өз туған өлкесін биік санап, өз өскен ортасын мақтаныш тұтуы заңдылық. Ауыл тақырыбы – қазақпен біте қайнасқан мәңгілік тақырып. Ауылдың тағдыры – ол қазақтың тағдыры. Дегенмен де, «елу жылда ел жаңа» десек те, кейінгі жылдары ауылдардың даму қарқыны мәдени даму жағынан баяулап, консервативтік қоғамға айналып, инерттік жолмен дамып келе жатқан сияқты көрінетіні де рас. Бәлкім, бұл жерде бір қоғамдық формациядан екінші бір қоғамдық формацияға «бірден секіріс» жасаған қадамымыздан «абдырап» қалған кезеңннің де әлеуметтік әсері болған шығар. Соның салдарынан тоқсаныншы жылдары республиканың кей өңірлеріңде Кеңшар орталығындағы елдің  жартысы көшіп, үйлерінің орнында үйінділер ғана қалып, жан ауыратын, жүрек сыздайтын сұмдық көріністер орын алып жатса, бұл қасіретті құбылыстар елдің береке-бірлік, ынтымағының арқасында «Ескене» ауылын айналып өткен сияқты. Осы тұрғыдан алғанда, Ескене ауылы да – бітімі бөлек бекзат өлке, тынысы кең дегдар мекен. Қызылордалық ақын Итен Қарымсақұлы жырлағандай:

«…Туған жердің кәусарынан жұтпаған,
Туған елдің қадірің де ұқпаған.
Ата жұртын пір тұтпаған адамнан,
Халқын сүйген қаһарман да шықпаған».

Иә, «Азаматына қарап ауылын таңы» дегендей, әр ауылдың туын көтерер тұғырлы тұлғалары болуы өмір заңдылығы. Халқымызда «Игере білмеген жерді жамандайды, басқара білмеген елді жамандайды» деген терең мағыналы, ұлағатты сөзі бар. Қоғамымызды алға қарай жетелеп, өрге сүйрейтін де солар, яғни, академик Гумилевтің пікіріне сүйенсек, «пассионарлық» тұлғалар. Заманына қарай олар да әр қырынан көрініп, танылып жатады. Бәріне де уақыт төреші.

Кейінгі жылдары республикамыздың әр аймағында ауылдық деңгейдегі тұлғаларды ұлықтап, олардың еңбегін үлгі тұту мақсатында ауылдағы мектеп, мәдениет үйлері, кітапханаларға белгілі тұлғалардың атын беру немесе естелік тақталар орнатып, үлгілі істерін насихаттап, ел игілігіне жарату үрдісі қолға алынып жүр. Өте құптарлық бастама, өңірлік деңгейдегі руханият орындарына сол ауылдан шығып ауылдастарына үлгі-өнеге боларлық із қалдырған ел  азаматының, жергілікті тұлғалардың есімдері беріліп жатса несі айып. 

Сөз соңында айтарымыз, мәдениет те білім, ғылым, өнер салалары,  т.б. рухани ілім көздері сияқты көзге еленіп көрінбейтін, бірақ адамзат баласының  қалыптасып, даму сатысында өзіндік орны бар қастерлі мамандық. Мәдени сала қызметкерлеріне берілетін мардымсыз жалақыны қанағат тұтып, ширек ғасыр бойы бүкіл саналы ғұмырын бір ғана кітапханашы мамандығына жұмсаған Көкен Заданқызын ауыл тұрғындарының құрметпен еске алып,  «Ескене» ауылындағы кітапхана ғимаратына естелік тақта орнату туралы ұсыныстары тиісті орындар тарапынан қолдауға тұрарлық деген ойдамыз.

Дәуренбек Ескекбаев,
тарих ғылымдарының кандидаты,
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі
«Мәдениеттерді жақындастыру орталығының»
Бас ғылыми қызметкері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here