Серікбол БЕРІКҚОЖА: «Бес жылдық «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасының жобасы бекітілді»

0
8796

Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Тарлан тарих үшін қас-қағым сәт қана, ал «мың өліп, мың тірілген» (Жұбан Молдағалиев) қазақ үшін ғасырға бергісіз осы 30 жыл ішінде Қазақстан дүниенің төрт бұрышы түгел таныған абыройлы мемлекетке айналды. Талай талантты жастың қанатын қомдап, арманын орындады. Осылайша, Тәуелсіздік құрдастары да мемлекетпен бірге өсіп-өнді. Сол азаттық жылдары туғандар бүгінде орда бұзар жасқа да келді. Солардың бірі – Жамбыл облысы әкімдігі Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа. Келешегіміздің келбетті, болашағымыздың баянды болуы үшін бүгінде еңбектеніп жүрген Серікбол Қайратұлымен ашық әңгімелесіп, Жамбыл жастарының бүгінгі жағдайын сұрадық.

«ЕЛІМІЗДЕГІ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҚТАРЫНЫҢ ІРГЕТАСЫ ЖАМБЫЛДА ҚАЛАНДЫ»

– Серікбол Қайратұлы, әңгімемізді өңірдегі жастардың хал-ахуалынан бастасақ. Жамбылдағы жастардың саны қанша?

– Өңірдегі жастардың саны 255 мыңды шамалайды. Бұл жалпы облыс тұрғындарының 22 пайыздан астамын құрайды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, кейінгі буынның 95 мыңнан астамы қалада, 160 мыңнан астамы ауылдық жерде тұрады. 

Жастар арасында қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін жан-жақты жағдай жасалуда. Олармен аудандық және Тараз қалалық Жастар ресурстық орталығы тұрақты жұмыс жүргізуде. Жастар ресурстық орталықтары еліміз бойынша алғаш рет біздің облыста негізін қалап, республикаға үлгі ретінде ұсынылғаны барша жастар саясаты саласындағы азаматтарға белгілі. Себебі, Жастар ресурстық орталықтарының жұмысын жандандыру жыл санап өсіп келе жатыр. Мәселен, биыл аймақтағы жастар саясатын жүзеге асыруға мүдделі мекемелер тарапынан 767,2 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылды.

– Жастарды жұмыспен қамту мәселесінің күн тәртібінен түспейтінін жақсы білеміз. Басқарма тарапынан жастар арасындағы жұмыссыздықты жою мәселесі қалай шешіліп жатыр?

– Биылғы жылдың есебі бойынша 6 636 жас жұмыссыз жүрген еді.  Жұмыссыз әрі оқымайтын NEET санатындағы жастар өткен жылы 17 604-ті құраған. Ал, биылғы жылдың бірінші тоқсанында 6 мыңнан аса жасты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарттық. Оның 2 мыңнан астамы ваканттық бос жұмыс орындарына орналасса, 869-ы «Бастау бизнес» жобасы бойынша білім алып, кәсіптерін бастауға ниеттеніп жүр. Кейбірі кәсіпкерлікке бет бұрып та үлгерді. 746 түлек Жастар тәжірибесіне жолданып, 214-і әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. 1 489 жасты ақылы қоғамдық жұмыстарға орналастырдық. 104-і шағын несие алды. Бұл сандар жастардың еңбекке ниетті екенін көрсетеді.

– «Жасыл ел» еңбек жасағы да біршама студенттердің азын-аулақ табыс табуына септігін тигізіп жатқандығынан хабардармыз…

– Дұрыс айтасыз. Биыл «Жасыл ел» еңбек жасағына 53,4 млн теңге қаралды. Бұл сомаға мыңға жуық жұмыссыз және NEET санатындағы жастарды маусымдық жұмыстарға тартуды жоспарлап отырмыз. Бүгінге дейін еңбек жасағына 463 азаматты қабылдап үлгердік, олар түрлі шаруаларды атқару үстінде.

Айта кетейін, бұл қаражаттың 25 млн теңгесі Тараз қаласына тиесілі, мұнда 350 азамат еңбекпен қамтылады. Жуалы ауданына бөлінетін 2,3 млн теңгеге 50 жасты, Қордай ауданына қаралатын 2,8 млн теңгеге 65 жасты жұмысқа тартамыз. Сол сияқты Мойынқұм, Сарысу аудандарындағы 100 жұмыссызға 2,1 млн теңгеден 4,2 млн теңге қаралады. Таластық 60 азаматқа – 2,7 млн теңге, шулық 85 адамға – 4,2 млн теңге, Байзақ ауданындағы 60 адамға – 2,8 млн теңге жоспарланып отыр. Т.Рысқұлов ауданында да солай, 60 адамға – 2,8 млн теңге, жамбылдық 80 азаматқа – 3,4 млн теңге және Меркідегі 75 жұмыссыз жасқа – 3,2 млн теңге бағытталмақ. 

Өткен жылы «Жасыл ел» еңбек жасағына жергілікті қазынадан 63 млн теңгеге жуық қаржы бөлініп, 1 039 азамат маусымдық жұмыстарға тартылған. Олардың айлық жалақылары 42,5-60 мың теңге шамасында болған еді. Сонымен қатар, өткен жылы жасақ жұмысын жыл бойы тұрақты түрде ұйымдастыру үшін бюджеттен қосымша 26 млн теңге қаражат қаралып, 412 жасты маусымдық жұмыстарға тартқанбыз. Студенттік құрылыс жасақтары арқылы 84 білімгерді жазғы еңбек маусымында құрылыс жұмыстарына кіргізген едік. 

«ЕҢБЕК ЕТКІСІ КЕЛЕТІН АДАМНЫҢ «ЕКІ ҚОЛЫНА БІР КҮРЕК» ТАБЫЛАДЫ»

– Бүгінде жастарды бизнеске баулу – заман талабы. Оның үстіне мемлекетіміз кәсіпкерлікті дамытуға ерекше ден қойып жатыр. Осыған орай жамбылдық жастарға қандай жағдай жасалған? 

– Ойыңыз орынды. Жоғарыда атап өткенімдей, бізде жастардың инновациялық және кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға бағытталған «Бастау бизнес» жобасы бар. 869 жас оқытудан өтіп, 43-і бизнес жоспарын қорғаса, жоба аясында 18-і грант, 104-і шағын несие алды. Ал, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде облыс бойынша 1 068 жас мемлекеттік гранттың жеңімпазы атанды.

Мұндай жұмыстар легін алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз. Жалпы, еңбек етемін деген адамның «екі қолына бір күрек» табылады. Тек ынта мен жігер болса жеткілікті. 

– Серікбол Қайратұлы, әр ауданда, қалада Жастар ресурстық орталықтары мен ұйымдар жұмыс істейді. Олардың жұмысына тоқталсаңыз…

– Аймақтағы 12 Жастар ресурстық орталықтарында 335 маман қызмет атқарады. Олар биылдың өзінде ғана 4 225-тей іс-шара өткізіп, 106 мыңнан астам адамды қамтыды. «Рухани адамгершілік» бағыты аясында барлығы 15 655-тей қонақты қамтып, 695 жиын ұйымдастырылды. «Әскери-патриоттық» бағытында 5 984 адаммен 252 іс-шара өткен, спорттық 341 басқосуға 10 884 тұрғын қатысты. «Мәдени-шығармашылық» бағыты аясындағы 515 іс-шараға 15 786 адам қамтылған, құқықтық тақырыптағы 420 жиынға 9 376 азамат шақырылды.

Дін мәселесі де орталықтардың назарынан тыс қалмаған, 344-тен астам басқосуға 8 399 қонақ келіпті. «Психологиялық-танымдық» бағытында 10 035 адамды қамтыған 386 іс-шара өтсе, 479 жиында 12 753 жасқа кеңес берілді. «Экологиялық мәдениет» бағыты аясында өткен 382 шақты басқосуға – 7 970 адам, «Этносаралық келісім» бағытында 198 шараға өзге ұлттың 3 936 өкілі тартылды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша 213-тен аса жиын арналып, 6 117 адам қамтылды. Ал, былтыр жалпы саны 5 254 шара өткізіліп, оларға 133 404 жас қатысқан.

Тағы айта кетерлігі, Жамбыл, Шу, Жуалы, Меркі, Байзақ, Сарысу, Т.Рысқұлов, Мойынқұм аудандары мен Тараз қалалық Жастар ресурстық орталықтары жеке ғимараттарда жұмыс істеуде. Жамбыл облысы «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарында 159 139 мүшесі бар. Олар өңірдегі жалпы білім беретін мектеп оқушыларының 71%-ын құрайды. Нақты айтсам, оқушылардың 85 363-і – жасұландық, 73 776-сы – жасқырандық. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының құрамында 6 700 жас бар екен. «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының аймақтағы филиалына қарасты 569 клубтың да 12 270 мүшесі бар. 

– Енді жоғары, арнаулы орта оқу орындарында білім алатын студенттердің ахуалына тоқталсақ. Олардың жатақханамен қамтылуын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі пысықтағаны есімізде. Содан соң сең қозғалғандай болып, біршама шаруа қолға алынған еді. Ал, нәтижесі қандай? 

– Жамбыл облысындағы екі жоғары оқу орнында 26 400-ден астам студент білім алады. Оның ішінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде 20 348 студент болса, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде 6 053 студент бар. Өткен оқу жылында қос білім ордасын 2 952 студент тәмамдаған болатын. Олардың 1 600-ге жуығы жұмыспен қамтылды. Аймақтағы мемлекеттік және мемлекеттік емес 46 техникалық және кәсіптік білім мекемелерінде 23 700 жас оқып жатыр.

Енді студенттерді жатақханамен қамту мәселесіне келсек, бүгінде Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде 200 студент жатақханаға мұқтаж. Университет басшылығы Тараз қаласындағы бұрынғы 450 орындық қонақүйді сатып алу арқылы бұл мәселесін біршама шешкен.

Облыстағы үш колледждің 750 білімгеріне жатақхана қажет. Оның ішінде мыңға жуық студенті бар Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжіне 300 орын, 942 студенті бар Жамбыл медициналық колледжіне 350 орын қажет. Алайда, соңғысы Тараз қаласындағы бұрынғы перзентхана ғимаратын өз теңгеріміне алып, бұл мәселенің түйінін тарқатты. Ғимарат жатақхана ретінде биыл пайдалануға берілу керек.

Абай атындағы гуманитарлық колледжінде де жатақхана тұрғызатын инвесторды анықтап, құрылыстың жобалау жұмыстары жүргізілу үстінде. №9 Меркі колледжінде 600 студент білім алады десек, жатақханаға қажеттілік 100 орынды шамалайды. Оның құрылысына 2 гектар жер телімі белгіленіп қойған. Мемлекеттік жер актісі мен сәулеттік жобалау құжаттамасы дайын. Инвесторлармен құрылыс жұмыстары бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл процестер аудан және ауылдық округ әкімшілігінің бақылауына алынған.

«ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 166 ЖАС МАМАН «ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА» БАРДЫ»

– Серікбол Қайратұлы, өңір жастарының құқықбұзушылығы, суицидке баруы, нашақорлыққа бой алдыруы жергілікті биліктің күн тәртібінен түспей тұрғаны рас. Жастар арасында мұндай «кеселді» болдырмау мақсатында облыста жұмыстар атқарылып жатыр ма?

– Аталған проблемалардың алдын алу бағытында өткен жылы көптеген жұмыс атқарылды. Аудандардың бәрін қамтып, кеңейтілген жиындар өтті. Нәтиже де жаман емес, айталық биылғы 1 мамырдағы жағдайға сәйкес, жастар арасында 2 478 қылмыс тіркелген. Мұның ішінде 14 пен 29 жас аралығындағы буыннан 410 адам құқықбұзушылыққа барған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінде 647 болған. Әлгі 14 пен 29 жас аралығындағы жандардың өз-өзіне қол салу дерегі де 13 екен, 9-ы қаза тапқан. Өткен жылғы деректер де осындай, тек көз жұмғаны – 8. Өкініштісі, аймақтағы алкогольді тұтынатын азаматтар санатының тізімі 5 мыңға жуық болса, оның ішіндегі жастардың үлесі – 199 (4%). Былтырғы дерек бұдан да көп еді. Облыста есірткі заттарын тұтынатын 1 880 адам бар десек, ондағы замандастарымыздың саны 424-ті құрайды.

– Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жастарға жасалып жатқан қамқорлықтар аз емес. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сондай мүмкіндіктерді барынша пайдаланып қалу қажеттігін жиі айтады. Осы бағыттағы шаруалардың барысы жөнінде әңгімелеп берсеңіз…

– Әлбетте, солтүстік өңірлерді қазақыландыруға, тұрғындар санын арттыруға бағытталған «Серпін-2050» жобасы аясында Жамбыл облысынан барлығы 1 382 студент өзге облыстарға оқуға түсті. Олардың 1 151-і – жоғары оқу орындарында, 231-і – орта арнаулы оқу орындарында педагогикалық, техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылығы және медициналық мамандықтарды игеру үстінде. Жоба басталған 2015 жылы 443 түлегімізді шығарып салғанбыз. Ал, 2016 жылы – 262, 2017 жылы – 283, 2018 жылы – 224, 2019 жылы – 118 мектеп бітіруші басқа аймаққа аттанды. Былтыр 52 жас солтүстік облыстардағы білім ордаларын таңдады. Олардың 30-ы педагогикалық мамандықтар бойынша білім алып жатса, қалғаны ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерлік, өндірістік және құрылыс салалары негізінде білім алып жатыр. 

Рас, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының да маңызы мен пайдасы зор болып тұр. Жыл басынан бері осы бағдарлама аясында 166 маманға жолдама берілсе, оның 45-і – Қордай ауданына, 7-уі – Сарысуға, 5-уі – Т.Рысқұлов ауданына, Шуға – 17-сі, мойынқұмдықтарға – 29-ы, Меркі ауданына – 30-ы, Жуалыға – 20-сы, Талас ауданына – 3-уі, 5 жас маманнан жамбылдықтарға және байзақтықтарға қызмет етіп жүр. 45 кадрға 48,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы тағайындалғанын айтуымыз керек. Ал, тұрғын үй сатып алуға 196,8 млн теңге қаржы бөлінді. 

– Тұрғын үй демекші, облыста баспанасыз жүрген жастар аз емес сияқты… 

– Өкінішке қарай, солай болып тұр. Десе де, бұл аймақта тұрғын үй бағытында жұмыс істеліп жатқан жоқ деген сөз емес. Қыруар шаруа атқарылып жатыр. «Асарлатып үй салу», «Нұрлы жер», «Жас отбасы» сынды бағдарламалар аясында жыл сайын көптеген үйлер пайдалануға берілуде. Игі істерге көпшілік те, біз де куәміз. Алайда, Жамбылдағы тұрғын үй алуға кезекте тұрған жастардың саны 4 407-дей шамасын құрайды. Мұның 1 800-ден астамы Тараз қаласында болса, қалғаны аудандарда. Жер телімін алуға кезекте тұрған 6 600-ге жуық жас бар. Мұның 460-сы ғана облыс орталығында.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен «Әулиеата жастары» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасының жобасы әзірленіп, облыстық Қоғамдық кеңеске талқылауға ұсынылды. Алдағы уақытта оң қорытынды алсақ, облыстық мәслихатқа бекітуге ұсынамыз. Бағдарлама арқылы кемінде 100 жасқа баспана алуға мүмкіндік туады деп отырмыз.

«ПАНДЕМИЯ ЖАҒДАЙЫНДА ӘУЛИЕАТА ЕРІКТІЛЕРІ САУАПТЫ ІСТЕРГЕ БЕЛСЕНЕ АРАЛАСТЫ»

– Өткен жыл «Волонтерлар жылы» болды. Жамбылдық жастар бұл бастамаға қандай үлес қосты? 

– Президенттің бастамасы, әсіресе мұқым жер бетіндегі адамзаттың басына түскен індет кезінде айрықша септескенін айтуға тиіспіз. Пандемия жағдайында әулиеаталық еріктілер де қал-қадірлерінше сауапты істерге белсене араласты, атсалысты. Жамбыл облысы аумағында волонтерлік қызметпен құрамында 8 784 волонтері бар 30 ұйым айналыcуда. Тарқатып жеткізетін болсам, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 36, Тараз қаласы мен барлық аудандық Жастар ресурстық орталықтарының жанынан 11 волонтерлық топтар құрылған болатын. 

Өңірде 2019 жылдан бері «Қамқор» әлеуметтік қайырымдылық дүкендері іске қосылып, бүгінде 15 дүкен жұмыс істеп тұр. Жоба аясында 12 мың отбасыға 41 мың тонна киім-кешек үлестірілді. Ал, «Волонтер жылы» аясында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен 7,3 млн теңгеге 21 волонтер-жасқа 300 мың теңгеден гранттар бөлінді.

Төтенше жағдай кезінде «Әулиеата жастары» волонтерлық штабы құрылып, онда өз еркімен 717 ерікті қызмет атқарды. Еріктілердің көмегімен 9 352 адамға азық-түлік қораптары үлестірілсе, 2 023 адамға дәрі-дәрмек жеткізіліп берілді. Олар 1 743 жалғыз ілікті қариялардың тұрғын үйлеріне барып, шаруашылық жұмыстарына көмек көрсетті. «Қазпошта» АҚ Жамбыл облыстық филиалымен бірлесіп 65 жастан асқан азаматтарға зейнетақысын үйге жеткізіп беру қызметін ұйымдастырып, барлығы 2 мыңнан астам қарияға зейнетақылары мен жәрдемақылары үйлеріне жеткізіліп берілді. Тұрғындарға 100 мыңнан астам тегін маска таратылды. Ал, жыл басынан бері жалпы 1 250 шара өткізіліп, оған 39 мыңнан астам жас қатысты. 

Сөздің реті келгенде аула клубтары жайына да тоқтала кетейін. Өңірдегі 47 аула клубында 4 562 жас тұрақты түрде үйірмелерге қатысуда. Оларда шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, асық ату, күрес, декоративті қолданбалы өнер, экскурсия, тіл үйрену үйірмелері бар. Аймақтағы Жастар ресурстық орталықтарына 20 шақты аула клубтары қарайды. Олардың 7-уі Тараз қаласында болса, 5-уі – Жамбыл ауданында, 8-і Қордайда жұмыс жүргізуде. Ал, спорт бөлімдеріне қарасты 6 аула клубында 741 жас тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Сонымен қатар, білім бөлімдерінің 3 аула клубы тек мектеп оқушыларымен ғана жұмыс істейді. 

– Серікбол Қайратұлы, мемлекеттік қызметке келгеніңізге де көп болмады. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметте еңбек ету – жастар үшін тиімді ме?

– Иә, мемлекеттік қызметкер болғаныма екі жылдай уақыт болды. Осы уақыт аралығында осы саланың қызығы мен шыжығын көріп келемін. Мол тәжірибе жинап та үлгердім. Мемлекеттік басқаруға жастарды тарту тиімді. Олар жаңашылдық пен жаңа бастамаларды жылдам игерумен қатар, шаруаны тез дөңгелетіп әкететіні сөзсіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жалпы жастарды мемлекеттік басқарушы органдарға, квазимемлекеттік басқарушы компанияларға тартып, білімді әрі білікті, өршіл, халықтың жағдайын ойлайтын азаматтарға мүмкіндік беру керек», – деп атап өткен болатын. Себебі, өзіңіз білетіндей, былтыр желтоқсан айында Президенттік кадрлық резерв арқылы 300 адамды жасақтаған еді. Мемлекет басшысы сол 300 жасты қабылдап, бағыт-бағдар беріп, ерекше көңілмен қолдау көрсетті. Бұл – жалпы жастарымызға үлкен демеу деп ойлаймын. Жастар жылы дәл осындай қолдаумен өте табысты аяқталды.

Ендігі мақсат жастардың бойында «Мемлекеттік қызметтен не аламын» деп емес, «Мемлекетке не беремін, Президенттің «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру үшін қандай жауапкершілікті алуым керек» деген жауапкершілікті қалыптастыру керек.

Біздің жастар өткенін ұмытпауы тиіс. Мемлекеттік қызметшілер осы қағиданы әрдайым санасынан шығармаса деймін. Естеріңізде болса, жастармен кездесу кезінде Мемлекет басшысы олардың есіне Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзін еске салған болатын. Түсінгенге – бұл үлкен үндеу. Президент осы үндеуімен жастарды елге адал қызмет етуге шақырып отыр.

– Жастармен жұмыс істеуде қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

Біз тікелей жұмыс жасайтын жастар ақыл тоқтатқан, нақты не қалайтынын біледі, өздігінен шешім қабылдай алады. Ал, жастардың NEET санаты бар. Міне, солармен жұмыс жүргізуде қиындықтар туындайтыны рас. Олар еш жерде жұмыс жасамайтын, оқымайтын жастар. Олардың өмірлік мақсаттары мен болашаққа деген жоспарлары жоқ десек те болады. Біздің жұмыс – оларды оңтайландыру, қоғамға бейімдеу. Мамандық таңдауына, жұмысқа орналасуына ықпал ету. Осы мақсатта нақты индикаторлар көрсетілген іс-шаралар жоспары бекітіліп, қарқынды жұмыстар жүргізіліп келеді. Есепті кезеңде 16 бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылып, 655 жас жұмысқа орналасты, оның ішінде NEET санатындағы – 51, пробация тізімінде тұрған – 61 жас қамтылды.

– Алдағы жоспарларыңыз туралы айтып өтсеңіз…

– Басқарма басшысы ретінде дәл қазіргі жоспарым «Әулиеата жастары» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасының жобасын бекіту және іске асыру. Осылайша, өңір жастарының тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне жағдай жасау. Сонымен қатар, жастарға бейімделген, заманауи жастар орталығын қалыптастыру. Үстіміздегі жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен көлемі 2 800 шаршы метр болатын ғимаратты жастар орталығына берді. Қазіргі таңда жобалау, жоспарлау жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта орталықта жастарға арналған кітапхана, коворкинг орталығы, мәжіліс залы, аудио-бейне жазба орталығы, жастарға қызмет көрсету орталығы мен жастар ұйымдары бір шаңырақ астына топтастырылатын болады. Міне, осы екі жоспарды сәтті іске асыруды жоспарлап отырмын.

– Ашық әңгімеңізге рахмет! Мемлекеттік қызметтегі еңбегіңіз мерейлі болсын!

Сұхбаттасқан: Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here