Әйгілі «Титаник» апаты қалай тергелді?

0
4853

1912 жылы сәуірдің 14-нен 15-не қараған түні Атлант мұхитының солтүстік бөлігінде, Канаданың Ньюфаундленд аралынан оңтүстік-шығысқа қарай 600 шақырым қашықтықтағы жерде алғаш сапарға шыққан «Титаник» жолаушылар кемесі мұзтауға (айсберг) соқтығысып, мұхит түбіне батып кетті.

АДАМ СЕНГІСІЗ АПАТ

Сол замандағы мінсіз кеменің апатқа ұшырағанына көпшілік сене алмады. Бұқаралық ақпарат құралдарының алғашқы хабарламаларында жолаушылардың өлімі және кеменің мұхит түбіне батуы да жоққа шығарылды. Олар «Кеме мұзтауға соғылғаннан кейін барлық жолаушылар құтқарылды. Ал, «Титаник» Галифакс қаласына сүйреліп жеткізілді» деген ақпар таратты.

Оқиғаның анық-қанығы 18 сәуірде апаттан аман қалған жолаушылар жайғасқан «Карпатия» кемесі Нью-Йоркке жеткенде ғана белгілі болды. «Титаник» бортындағы 2 200-ден астам адамның тек 700-ден астамы ғана аман қалды. 1 500 жолаушы мен экипаж мүшелері  Атлант мұхитының мұзды суынан үсіп, опат болды.

Біраз уақытқа дейін «Титаник» батқан мұхит ауданы «жүзбелі зират» деп аталып жүрді. Себебі, ол аумақтан құтқару күртешесін киген мәйіттер су бетінде қалқып жүретін.

1912 жылдың маусымына дейін бірнеше кемелер опат болғандардың мәйіттерін жинап, жер қойнына табыстау үшін жағаға жеткізіп отырды. Алайда, кейбір мәйіттер жеке басы анықталғанша жерленбей келді.

1912 ЖЫЛЫ АҚШ ПЕН ҰЛЫБРИТАНИЯДА ТЕРГЕУ БАСТАЛДЫ

Апатты басынан өткергендер мен марқұмдардың туыстары «Кеме неліктен апатқа ұшырады? Құрастырушылары оның қауіпсіз екендігіне не үшін сенімді болды?» деген сұрақтарға жауап алғысы келді.

Тергеу бір уақытта АҚШ пен Ұлыбританияда жүрді. Сол жылы 19 сәуірде Уильям Смиттің басшылығымен АҚШ Сенатының кіші тергеу комитетінің тыңдалымы өтті. Сенат комиссиясының сұрақтарына жауап бергендердің арасында «Уайт Стар  Лайн» кеме компаниясының басқарушы директоры, «Титаниктің» тірі қалған офицерлері, матростары, жолаушылары, сондай-ақ апат орнына жақын орналасқан  «Карпатия» және «Калифорния» кемелерінің капитандары болды.

«Титаниктің» бортында кеме жасаушы инженер «Харланд энд Вольф» кеме жасаушы компаниясының атқарушы директоры кіші Томас Эндрюс болды. Алып кемені жобалап, құрастырған сол еді. Мұзтауға соғылғаннан кейін, ол кеменің зақымданған бөлігін зерттеп,  «Титаниктің» сөзсіз апатқа ұшырайтыны жайлы бірінші болып хабарлады.

«Титаник» су жолынан шамамен 7 метр төмен деңгейде мұзтауға соғылып, кеменің тұмсық бөлігінің оң жақ бортында 91 метрлік жырық пайда болды. Соқтығысудың нәтижесінде кеменің су өткізбейтін 16 қабатының бесеуі зақымдалды. Егер кеменің зақымдалуы төрт бөліктен ары аспағанда, кеме жүзу мүмкіндігінен айырылмас еді.

Эндрюстің жасаған тұжырымы тергеудің басты кілті болды. Комиссия мұның себебін анықтауға тырысты.

Ауа райының күрт өзгеруі басты себеп болуы мүмкін. Біріншіден, 1912 жылдың көктемінде мұзтаулар әдеттегі кездеспейтін ендікке жетті. Сондай-ақ, «Титаниктің» капитаны мұзтаудың бағыты өзгергені жайлы радио хабарламаны алған жоқ. Себебі, бұл кезде алып кемедегі радистердің бірінші класстағы жолаушылардың хабарламарын таратудан қолдары босамай жатқан.

Айсыз түнде мұзтау шағылыспады. Сондықтан кеме қарауылдары оны тым кеш байқады. Тағы бір айта кетерлігі, лайнер Атлантиканы кесіп өтіп, өте жоғары жылдамдықпен жүзді. Бұл өз кезегінде  төтенше жағдай кезінде экипаждың ойланып-толғанып шешім қабылдауына мұрша бермей, апат уақытын тездетті.

Бір таңқаларлығы, көптеген сарапшылар «Мұндай жағдайда мұзтауды мүлдем байқамағандары дұрыс болар еді» деп санайды. Фронтальді соққы су тасқыны мен кеме тұмсығының зақымдалуына әсер еткенімен, кеме су бетінде тұра береді. Бұл құтқарушылар келгенше күтуге мүмкіндік беріп, көптеген адамдардың аман қалуына жағдай жасар еді.

ЖҮЗДЕГЕН АДАМНЫҢ ӨЛІМІНЕ КІМ ЖАУАПТЫ?

 2020 жылдың желтоқсанында The Daily Telegraph британ газеті 1912 жылғы «Титаник» апатын зерттеген Лондон Жоғары сотының соты Мерсидің күнделігінен үзінділер ұсынылған мақаланы жариялады.

Оның жасаған тұжырымдары америкалық тергеудің нәтижелерімен сәйкес келеді. «Титаник» апат алдында қауіпті мұзды аймақта жоғары жылдамдықпен жүзді және мұхиттың осы бөлігіндегі мұзтаулар туралы ескертулерді елемей, экипаж мүшелері төтенше жағдайдағы шараларды жасамады. Ал, құтқару қайықтарының саны жолаушылар санымен сәйкес келмеді.

«Апат үшін кім жауап беру керек?» деген заңды сұрақ туындайды. Кеме құрастырушысы Томас Эндрюстің өмірі «Титаникпен» бірге үзілді.  Сондай-ақ, апаттың орын алуына жобалау кезіндегі кеткен қателіктердің қатысы жоқ болып шықты. «Титаник» капитаны Эдвард Смит те айыпты саналмады. Оның апаттан кейінгі әрекеттері «сауатты әрі кәсіби» деп бағаланды. Апат кезіндегі жағдайға келетін болсақ, кеме соққыға ұшыраған сәтте Смиттің көмекшілері күзетте болған.

Ақыр соңында «Уайт Стар Лайн» компаниясының басқарушы директоры Джозеф Исмей мен «Калифорния» кемесінің капитаны  Стэнли Лорд басты күдіктілер деп танылды.

САЛҒЫРТТЫҚ САН СОҚТЫРДЫ

Джозеф Исмейге «Капитан Смитке қысым жасады» деп айып тағылды. «Кеме компаниясының басшысы «Титаник» капитанынан  Атлант мұхитын жүзіп өту жылдамдығынан рекорд орнатуды талап етіп, барлық қауіпсіздік ережелерін елемеуге мәжбүр етті. Соның салдарынан кеме апатқа ұшырады» деп мәлімдеді тергеушілер. Сондай-ақ, куәгерлердің айтуынша, Исмей «Титаник» бортындағы әйелдер мен балаларды итеріп жүріп, қайыққа отырып алған. Алайда, қаза болған капитанға жасалған қысымды дәлелдеу мүмкін болмады және Исмейге тағылған айыптар алынып тасталды.

Екінші айыпқа келетін болсақ, компания басшысының құтқару қайығына әйелдер мен балалар жоқ кезде ғана барып мінгені дәлелденіп, оның әрекеті қылмыстық құқық бұзушылыққа саналмады. Әйтсе де, қоғамның Исмейді айыптауы, қорлауы күшті болғаны соншалық оның мансабына нұқсап келіп, өмірінің соңына дейін қоғамның назарынан тыс күн кешуге мәжбүр болды.

Стэнли Лордтың «Титаниктің» мұзтауға соғылуына ешқандай қатысы жоқ еді. Бірақ, соған қарамастан, «Калифорния» кемесінің капитаны жүздеген адамның өліміне жанама түрде кінәлі болды деп болжам жасауға негіз бар.

Апат кезінде «Калифорния» «Титаникке» 35 шақырым қашықтықта жақын жүрді. Енді салыстыратын болсақ, жолаушылардың көпшілігін құтқарған «Карпатия» кемесі апат аймағынан 93 шақырым алыста болған. «Титаниктен» аман қалған жолаушылар «Калифорния» кемесінің шамдарын көргендеріне, бірақ оның көмек белгісін бергеніне қарамастан орнынан тапжылмағанына сендірді.

«Калифорнияның» бортында Сирил Эванс атты бір ғана радио оператор болған. Ол сағат 23:30-да 15 сағаттық ауысымды жұмысын аяқтап, ұйқыға кетеді. Ал, он минуттан кейін «Титаник» мұзтауға соғылады. Лайнер жарты сағаттан соң алғашқы апат сигналын бергенімен, «Калифорния» бортында оны ешкім қабылдамады.

«Калифорнияны» байқаған «Титаник» офицерлері бірнеше мәрте сигналдық зымырандарды ұшырды. Кеме бұл сигналдарды көргенімен, дұрыс ажырата алмады. Бұл туралы капитанның өзі «Кеме мұз арасында тоқтап, орналасқан жерін көрсету үшін сигналдық зымыран ұшырды» деп ойлағандарын айтады.

Жарықтар көзден ғайып болған кезде, «Калифорния» экипаждары белгісіз кемені көрінетін аймақтан ұзап кетті деп ойлайды. Радио оператор ұйқысынан оянып, өз орнына оралғанда ғана барып экипаж мүшелері «Титаниктің» батып кеткенінен хабардар болады.

СОТТЫҢ СОҢҒЫ СӨЗІ

Джозеф Исмей сынды Стэнли Лордта қоғамның наразылығы мен айыптауларына ұшырады. Бірақ, АҚШ-та да, Ұлыбританияда да ресми айыптаулар тағылған жоқ. Екі тергеу комиссиясының мүшелері де қасақана әрекетсіздік туралы айтуға еш негіз жоқ деген қорытындыға келді. Стэнли Лорд ісі бойынша қосымша тергеу жүргізуді қажет деп таппады.

Нәтижесінде, апаттан аман қалғандар мен марқұмдардың ет жақындарының наразылығына қарамастан, «Титаник» ісі бойынша қылмыстық сотқа бірде-бір адам айыпталушы ретінде келмеді. ХХ ғасырдағы жантүршіктірерлік «кеме апатына мұзтау, айсыз түн және тағдырдың жазуы себеп болды» деп жарияланды.

 АПАТҚА ҰШЫРАҒАН КЕМЕЛЕР

Мұхит түбінде батып жатқан кемелер тарихшылардың, зерттеушілердің, қазына іздеушілердің, шытырман оқиғаға әуес жандардың қызығушылығын тудыратыны белгілі. БҰҰ-ның есебінше, су түбінде үш миллионнан астам кеме жатыр. Сарапшылардың пікірінше, бір ғана Кариб теңізінің өзінде 1500 жылдар мен 1850 жылдар аралығында 1 200-бен 4 000-ның арасында кемелер су түбіне кеткен. Ал, Атлант мұхитына бірнеше ғасыр бойы шамамен 100 мыңнан астам кеме батқан. Батып кеткен кемелердің көпшілігі есепсіз тиелген жүктің, су астындағы жартастардан және қауіпсіздік ережелерін сақтамағаннан, навигациялық жабдықтардың болмауынан, қатты жел мен дауылдардан, әскери операциялардан зақымданудың, кеме ішіндегі бүліктің, жөнсіз басшылықтың салдарынан апатқа ұшырады.

«Титаник» кемесінің апатқа ұшырауы ХХ ғасырдағы мұхиттағы басты апат болып саналады. Алайда, «Титаник» оқиғасы мұхиттағы ең ірі апат болып саналмайды 1987 жылы 20 желтоқсанда Филиппиннің «Донья Пас» кемесі соңғы сапарына аттанды. Мариндуке аралының ауданында кеме «Вектор» танкерімен соқтығысып, ауыр соққының нәтижесінен екіге қақ айырылды. Оқиға адам қателігінің салдарынан орын алды. Танкердің экипажы қырағылық танытпады және бағытын алдын ала өзгертпеді. Апат салдарынан төрт мың адам опат болды.

Өзен суларындағы ең ірі апат – американдық «Сұлтанша» кемесі болып саналады. 1865 жылы кеме капитаны екі мыңнан астам байырғы тұтқындарды Солтүстіктегі штаттарға жеткізуге келісті. Бірақ, бу қазандығының жарылуы салдарынан борттағы адамдардың бір бөлігі зардап шекті. Ал, кейбіреулері суға батып кетті немесе хабар-ошарсыз жоғалды. Қаза болғандардың жалпы саны 1 653 адамды, құтқарылғандардың саны 741 адамды құрады.

Батып кеткен кемелердің арасында су асты археологтарының қызығушылығын тудыратын кемелер де бар. Солардың бірі – Балтық теңізіндегі Турку айлағының маңында қазыналарымен бірге батып кеткен «Фрау Мария» желкенді кемесі. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, 1771 жылы голландиялық кеме ІІ Екатерина Амстердам аукционында Эрмитаж мұражайы үшін сатып алған өнер туындыларын Санк-Петербургке жеткізу мақсатында жолға шыққан. Көп ұзамай желкенді кеме қатты дауылға тап болып, жартасқа соғылған.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Әйгілі Сақ кемеңгері, өз заманында әлемнің жеті ғұламасының қатарына кірген Анақарыс Афина қаласында гректердің кеме жасау өнерімен танысады. Кемеге қажетті тақтайларды мұқият қарап тұрып: «Өлім мен өмірдің арасы – екі елі», – деген көрінеді.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq»

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here