«Жас азамат» және «Жұмағали Тілеулин» кітаптарының тұсаукесері өтті

0
1013

С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Конституция күні қарсаңында «Тәуелсіз Қазақстан: Жасампаздыққа толы жылдар» дөңгелек үстелі өтіп, онда «Жас азамат» және «Жұмағали Тілеулин» кітаптарының тұсаукесері өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов пен зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, ғалымдар, қоғам белсенділері қатысты.

«Биыл – еліміз үшін ерекше жыл. Ата бабамыз аңсаған Тәуелсіздікке 30 жыл толады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында тарихымыздың ақтаңдақ беттерін жан-жақты зерттеу қажет екенін айтқан болатын. Соның негізінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру басты міндетке айналды. Осындай комиссиялар өңірлерде де құрылып, жұмыс топтарының бағыты айқындалды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауда ақтаңдақтар беттерінен сыр шертетін құнды еңбектердің жарық көруі ерекше маңызға ие», – дей келе, Ғани Сақтағанұлы өткен ғасырдың шерлі тарихынан сыр шертетін «Жас азамат» және «Жұмағали Тілеулин» кітаптары ортақ еңбектің алғашқы жемісі екенін атап өтті. Және қос кітапты жарыққа шығаруға атсалысқан азаматтарға өз ризашылығын жеткізді.

1918 жылы Қызылжарда шыққан «Жас азамат» газетінің тарихына тоқталған М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің профессоры, Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының академигі Зарқын Тайшыбай бұл басылымға өңірімізден шыққан Алаш қайраткерлері – Мағжан Жұмабаев, Жұмағали Тілеулин, Смағұл Сәдуақасов, Қошке Кемеңгеров, Біләл Малдыбаев, Әбдірахман Айсарин және тағы да басқа азаматтар мақала жазғанын жеткізді. Негізінен «Алашорда» үкіметінің қызметінен хабар берген басылымның 1-22 санында жарық көрген материалдардың негізінде құрастырылған «Жас азамат» кітабы екі бөлімнен тұрады. Құнды жинаққа ғалымдардың «Жас азамат» газеті туралы жазған монографиялық зерттеулері де енген.

Құндылықтар зұлымдық зауалымен лайланып, тарихта “қызыл террор дәуірі” деп таңба басылған нәубетте жазықсыз айып тағылып, жазаланған адам қаншама? Солардың бірі – Алашорданың көрнекті қайраткері Жұмағали Тілеулин. 1890 жылы Айыртау ауданы, Шұқыркөл ауылында дүниеге келген Алаш қайраткері өмірінің көп бөлігін Петропавл қаласында өткізді. Ол тарихта дәрігер атымен ғана танылып қоймай, саяси күресте табанды қайраткер ретінде де белгілі болды.

Қоғам қайраткері, ұлт жанашыры Жұмағали Тілеулиннің есімі қазақ халқы үшін қастерлі. Өкінішке қарай, тағдыры қиын тарихи тұлға туралы көп айтыла бермейді. Сондықтан «Жұмағали Тілеулин» кітабы оқырман үшін құнды. Жинақта оның 1922-1923 жылдары сотқа тартылып, кейін ақталғаны, 15.04.1931 жылы қайта тұтқындалғанша Петропавл қалалық емханасында фельдшер болып жұмыс істегені жазылған. 1938 жылы қаңтардың 17 күні тұтқынға алынып, бұрынғы «қылмыстары» қайта қопарылып, ақпанның 15 күні ату жазасына кесіледі. Оның «Гигиена», «Жұқпалы науқастар» атты еңбектері де аталмыш басылымда топтастырылған екен. Сондай-ақ жинаққа Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатының қорында сақталған құжаттар енді. Қос кітаптың жарыққа шығуына атсалысқан тарихшылардың еңбегі өлшеусіз екенін атап өткен жөн.

Жиында белгілі тарихшылар Марат Әбсемет, Ақмарал Ыбыраева, «Egemen Qazaqstan» газетінің өңірдегі меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат пен тағы басқа қатысушылар өз ойларын ортаға салып, тарихты түгендеу – азаматтық парыз екенін айтты.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here