Өнімдерді таңбалау сүт бағасына қалай әсер етеді?

0
2840

Шығыс Қазақстан облысындағы сүт өңдеу кәсіпорындарының кәсіпкерлері өнімдерді таңбалауға үзілді-кесілді қарсы болып отыр.  Себебі, олар бұл үрдіс жаппай сүт өнімдерінің бағасының өсуіне алып келеді деп санайды.

Тауарларды таңбалау үшін жабдықтарды енгізу бағдарламасы Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) бастамасымен жүзеге асып, бүгінде Ресей мен Беларусьте қолданысқа енгізілді. Ендігі кезек Одақтың басқа елдеріне, атап айтқанда, Қазақстан, Қырғызстан мен Арменияға келді. Бүгінде пилоттық жоба Қазақстанда сыналып жатыр. Таңбалауды енгізудің басты мақсаты – тауар жайындағы бастапқы деректерді қадағалау: қашан, қайда, кімнің және неден өндірілгені. Пилоттық жобаға қатысу үшін бүкіл ел бойынша жеті кәсіпорын, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысындағы «Эмиль» ЖШС таңдап алынды.

«Процеспен танысқаннан кейін мұның өндіріс қарқынын айтарлықтай баяулататыны туралы ортақ пікірге келдік. Біз өнімнің қалай құйылатынын және QR-кодтарының қалай бейнеленетіні жайында қарастырдық. QR-кодтар пакеттің түрлі жерлерінде орналасқан. Тіпті, кейбір пакеттерде екі QR-кодтың бар екендігі белгілі болды. Сонымен қатар, пакеттерді кесу барысында кодтар жиі қиылып қалады. Бұдан бөлек таңбалау процесіне қатысты басқа да мәселелер туындағандықтан, жалпы нәтижені қанағаттанарлықсыз деп санадық», – деп түсіндірді ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев.

Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша, «Эмиль» ЖШС жобаның оңы мен солын саралау үшін калькуляция жасайтыны туралы шешім қабылданды. Соған сәйкес таңбалау сызығын енгізу үшін кететін шығындардың барлығын және оның тұтынушыларға арналған өнімдердің түпкілікті құнына қалай әсер ететінін есептейді.

Таңбаланған өнім кәсіпорыннан шыққан соң, жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз етудің қажеттілігін, таңбалаудың өзін, қосымша штат бірліктерінің сыйақысын және «Қазақтелеком» АҚ операторына өнімнің таңбаланған әрбір данасы үшін 3,5 теңге төлеу керектігін ескерсек,  сүт өнімдерінің бағасы шамамен 29%-ға қымбаттайды.

«Пилоттық жобаның көрсеткен нәтижесіне сүйене отырып, біз ШҚО  Кәсіпкерлер палатасымен, Қазақстанның сүт өндірушілері одағымен,  кәсіпкерлер қауымдастығымен бірге ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне барып, олардың көксегені не екенін сұрап, бұған қанша қаржы кететінін және оның не үшін қажет екендігін дәлелдеуге барамыз. Егер мемлекет таңбалауды енгізуден бас тартпаса, онда біз шот-фактуралардың, виртуалды қоймалар мен ТІЖ электрондық жүйесін осы таңбалау жүйесімен үйлестіруді ұсынуымыз керек. Бұған да көнбесе, олар жаңа жүйені енгізу үшін барлық кәсіпорындардың кәсіпкерлеріне жеткілікті түрде қаражат берсін. Менің нақты міндетім – жоба іске қосылған жағдайда, өнімді қандай бағада алатынымызды көрсету болады», – дейді «Эмиль» ЖШС директоры Анна Аберле.

Кәсіпкер өз есептеулерінде таңбалау жүйесі енгізілген жағдайда өнімді таңбалауға мәжбүр болатын кәсіпкерлер шығынының орнын толтыруды ұсынды. Ал, бұл дегеніміз, қаржыгер мен таңбаланған өнімді қабылдаушы маманның еңбекақысы, кассалық аппаратты құны бір миллион теңге тұратын аппаратқа алмастыруға кететін қаржы. Кездесуге қатысушылар қосымша құнның 40-50%-ы өнімнің өзіндік құнына қосылатынын есептеді. Мысалы, бүгінде бір литр сүттің бағасы 420 теңге болса, таңбалаудан кейін бір литрі тұтынушыларға 600 теңгеге сатылатын болады.

2023 жылы жағдай одан әрі нашарлайтынын айтады отандық кәсіпкерлер. Себебі, 2023 жылдың 1 қаңтарында шағын бизнес үшін табыс салығын төлеуден босатылған үш жылдық мерзім аяқталады. Сөйтіп, мемлекет тарапынан нақты қолдау болмаса, қып-қызыл шығынға батқан кәсіпкерлер сүт өнімдерін қымбаттатуға мәжбүр болады.

Әрине, өнімдерді таңбалау жүйесін пилоттық жоба арқылы тексерістен өткізу ұтымды шешім болды. Өйткені, бұл өзгерістің кем-кетігі көп екені анықталды. Бәлкім, сүт өнімдерін таңбалау ішкі нарыққа емес, тек экспорт үшін жасалғаны тиімді болар.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here