Анашаның отаны: Тәліптер табысты кәсібінен бас тартуы мүмкін бе?

0
2480

Ауғанстанды «империялар моласы» деп те атайды. Себебі, ел тарихында бірде-бір «азуын айға білеген» держава мұнда өз билігін тұрақты орната алмады. Оның сыры Ауғанстан халқының табанды күресінде жатыр. Олар соғыс қимылдарын географиялық ерекшеліктерімен шебер ұштастыра біледі. Соңғы он жылдықта әлемдік қауымдастықтың Ауғанстан халқының партизандық соғыста ғана емес, апиын көкнәрін өндіріп, оны өңдеуде де табысқа жеткеніне көзі жетті. Халықаралық есірткі нарығындағы героиннің барлығы дерлік Ауғанстаннан келеді. «Талибан» қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған) осы уақытқа дейін есірткі өндірісін уысынан шығарған жоқ. Дегенмен, өткен айда билік басына қайта келген тәліптер табысты кәсіптерінен бас тартуға дайын екендіктерін мәлімдеді. Сонда мұндай мәлімдемелердің артында не тұр? Ауғанстанның жаңа үкіметі табысты кәсіптерінен қол үзуге шынымен дайын ба? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті осы сұрақтарға жауап іздеп, әлемдік героин нарығында тәліптердің қандай рөл атқаратынына, апиынның қалайша Ауғанстандағы басты ауыл шаруашылық дақылына айналғанына, АҚШ-тың 20 жыл ішінде жергілікті есірткі бизнесін неліктен жеңе алмағанына тоқталады.

 ӘЛЕМДЕГІ БАРЛЫҚ ГЕРОИННІҢ 83 ПАЙЫЗЫ АУҒАНСТАНДА ӨНДІРІЛЕДІ

«Героин» сөзі – ХІХ ғасырдың аяғында немістің Bayer фирмасы жөтелге қарсы дәрі ретінде шығарған диацетилморфиннің сауда атауы. Препараттың адам психикасына деген әсері өте күшті. Сол үшін де ол «батырлық зат» деген бейресми атау алды. Бірақ, атауында ғана болмаса, онда ешқандай да батырлық жоқ. Бұл адамзатқа белгілі ең қауіпті есірткінің бірі.

Есірткі өндірісінің негізгі шикізаты болып табылатын апиын көкнәр алқаптары негізінен Ауғанстанның оңтүстігінде, «Талибан» жауынгерлері көбірек ықпал еткен провинцияларда орналасқан. Олардың қорғап-қолпаштауымен бұл сала өркендеді. Нәтижесінде, 2015-2020 жылдар аралығында әлемдегі барлық героиннің 83 пайызы Ауғанстанда өндірілді.

БҰҰ бағалауы бойынша, 2017 жылы Ауғанстандағы героин кәсібінің жалпы айналымы 6,6 млрд долларды құрады. Сарапшылардың есебінше, апиын өндіруге 400 мыңға тарта адам жұмылдырылған. Бұл ел әскерилерінің санынан да көп көрсеткіш. Ал, есірткі саудасы 2018 жылы Ауғанстандағы ЖІӨ-нің 11 пайызын құраған.

Биылғы жылдың тамызында билікті қайтарып алған тәліптер күтпеген мәлімедеме жасады. Есірткі өндірісін тоқтатуға ниетті екендіктерін білдірді.

«Біз өз отандастарымызды, ерлер мен әйелдерді және халықаралық қауымдастықты есірткі өндіруге жол бермейтінімізге сендіреміз. Осы сәттен бастап героин өндірумен ешкім де айналыспайды», – деді әлі мойындалмаған Ауғанстан ислам әмірлігінің ресми өкілі Забихулла Муджахид.

Халықаралық қауымдастық бұл мәселеге келгенде тәліптердің сөзіне илана қоймайды. Себебі, жиһадшылардың әйелдер құқығы мен сөз бостандығы туралы мәлімдемелеріне сенбейді. Тәліптер бұған дейін есірткі бизнесін қызғыштай қорып қана қойған жоқ, олар бұл кәсіпті бақылауларына алып, онымен айналысатындарға салық салып отырды. Героиннен түскен көл-көсір пайда олардың әскери салада жетістікке жетулері үшін маңызды рөл атқарды.

ЕСІРТКІ ИНДУСТРИЯСЫ

Өткен айда пуштун содырлары жергілікті әдет-ғұрып бойынша дәстүрлі киімдерін киіп, көздерінің айналасын сурьма қарындашымен бояп, Ауғанстанның ірі қалаларына бірінен соң бірі басып кірді. Олар бәлендей қарсылыққа тап бола қоймады. Америкалық дайындықтан өткен республикалық әскери күштер үдере қашты. Тіпті, көпшілігі қаруларын, ауыр техникаларын қарсылықсыз тәліптерге тастап кетті. Жиһад негізінен тұтқынға түскен сарбаздардың өлімін есептемегенде көп қан төгіссіз өтті.

Салыстырмалы түрде осылай көп қан төкпей жаулап алу үшін тәліптер жергілікті билікпен үлкен жұмыс істеді. Биылғы жылдың көктемінде АҚШ-тың өз әскерлерін Ауғанстаннан шығаратыны мәлім болғаннан кейін тәліптер қала басшыларымен келіссөздер жүргізіп, мәміле жасады. Қағаз жүзінде бұл шабуылдарға қарсы келісім ретінде көрінді. Бірақ, шын мәнінде, губернаторлар лаңкестерді қару-жарақпен қамтамасыз етуге және уақыты келгенде әскерлерін алып кетуге келісті. Оның есесіне тәліптер олардың бас амандықтарына кепілдік берді. Қомақты өтемақы алғандары айтпаса да түсінікті. Ал, партизандық өмір салтын ұстанатын тәліптерге ауғанстандық шенеуніктерге пара беріп, қару сатып алатын қаржы қайдан келді? Олардың Ауғанстандағы лицензияланбаған бай пайдалы қазба кен орындарын бақылауға алғандары, сауда және көлік жолдарының бағыттарына салық салатыны белгілі. Бірақ, бұдан стратегияларын жүзеге асыруға қажетті мол қаражат түседі деп айту қиын. Сондай-ақ, Ауғанстанның кедей тұрғындарынан алынатын алымдар да қалталарын қампайтпайтыны анық.

Кейбір британдық сарапшылардың пікірінше, содырлардың көпшілігі заңды тауарларға салынатын салықтардан ақша табады. Мәселен, темекі, жанармай сынды басқа да ресурстарға салық салады. Бірақ, АҚШ-тың  Ауғанстан істері бойынша арнайы инспекторы Джон Сопконың айтуынша, «Талибан» табысының 60 пайызға жуығы героин саудасынан түседі. БҰҰ-ның мәліметінше, содырлардың есірткі саудасынан табатын таза пайдасы жылына 400 млн долларды құрайды.

Иә, заңсыз психоактивті заттардың кез келген өндірісі сияқты апинды егістік алқаптарында өсіру басқа саладан табыла бермейтін көл-көсір пайда түсіреді. Алайда, ауған шаруаларына табыстың төрттен бір бөлігі ғана тиесілі. Табыстың едәуір бөлігі есірткіні Еуропаға тасымалдайтын контрабандистерге беріледі. Егер есірткіні Ресейге жеткізу керек болса, Орта Азия елдері арқылы, Батыс елдеріне тасымалдау керек болса, онда Түркия мен Балқан елдері арқылы өтеді.

Автомат асынған қаба сақалды контрабандистер көптеген жылдар бойы өздерінің қомақты үлестерін алып келді. Тәліптер бұл кәсіппен айналысқандардың алғашқысы емес. Бұған дейін есірткі өндірісімен Кеңес Одағымен соғысқан моджахедтер де айналысқан. «Қасиетті соғысымыз үшін бәріміз де апиын өсіріп, сатуға тиіспіз» деген еді жиһад көшбасшыларының бірі 1986 жылы New York Times басылымына берген сұхбатында. Лаңкестер бастан-аяқ қаруланып алған соң, көкнәр алқабының иелерінен қомақты салық жинады және қандай да бір қарсылықтарды қабылдамады. Мәселен, апиын өсіруді қаламаған адамдарды өлім жазасымен қорқытты.

НАШАҚОРЛАР МЕКЕНІ

Елде американдық әскерилер пайда болғаннан кейін және көкнәр алқаптарын басқаратын негізгі топ «Талибан» болғаннан кейін өндіріс көлемі айтарлықтай артты. Тоқсаныншы жылдардың ортасында Ауғанстанда 50 мың гектарға көкнәр плантациялары өсірілді. Он жылдан соң бұл көрсеткіш екі есе ұлғайып, 100 мың гектар алқап көкнәр өсіруге пайдаланылды. 2013 жылға қарай бұл көрсеткіш тағы екі есеге өсті. Сөйтіп, есірткі бизнесі Ауғанстан экономикасының маңызды бөлігіне айналды. Елде героин әлдеқайда көп болса да, есірткінің барлығы шекара аса бермейді. Айталық, 2005 жылы елде есірткіге тәуелді 200 мыңға жуық адам болса, олардың саны 2009 жылы миллионға жетті. Ал, БҰҰ-ның есебінше, 2015 жылы елдегі нашақорлардың саны шамамен 1,9-2,4 млн адам болған.

Есірткіге тәуелділер күнделікті өмір салтынан жаңылып, оқшауланған. Бірақ, олар белгілі бір жерлерде жиналады. Сондай орындардың бірі –Кабулдегі Пули-Сухта көпірінің асты. Қоқыс арасында үнемі есірткі қолданатын бірнеше мың адам бар. Героин эпидемиясы әйелдерге де әсер етті. Олар мұны ауруды басатын құрал ретінде тұтынады. Ал, балалар есірткіге тәуелді ата-аналарынан үлгі алады.

Елде білікті наркологтар мен әлеуметтік қорғау тетіктері жетіспейді. Сондықтан «Талибан» өзіндік «оңалту бағдарламасын» жасайды. Тәліптер нашақор ер адамдарды өз қатарына алады. Олар ислам дінін жақсы білетін содырлар жұмыс істейтін шалғай таулы мекендерде уақыттарын өткізеді. Нашақорлар бірнеше апта уағыз тыңдап, қадағалауда болған соң қалыпты өмірлеріне орала алады. Бірақ, солардың әрбір екіншісі «Талибанға» кіріп, жиһад жолын таңдайды.

НӘТИЖЕСІЗ КҮРЕС

Тәліптердің барша ауған халқын нашақорлықтан құтқара алмайтыны анық және олардың алдарына мұндай мақсат қоюлары да екіталай. Себебі, бұл саланың тек шетелдіктерге ғана емес, жергілікті тұрғындарға да зиян келтіретініне қарамастан, бұл елде нашақорлыққа қарсы күресе алмайтындар ғана емес, есірткісіз таңын атыра алмайтындар да бар.

«АҚШ есірткі экономикасымен күресу үшін үлкен күш пен қаражат жұмсады. Ресми дереккөздерге сүйенсек, 8 млрд долларға шығынданған. Бірақ, ешқандай күш-жігер – көкнәр егістіктерін жою да, рейдтер жасау да, маңызды нүктелерді бомбалау да америкалықтарға өз мақсаттарына жетуге мүмкіндік бермеді. Біздің сарп еткен күш-жігеріміз айтарлықтай нәтиже бермеді», – дейді АҚШ-тың Орталық қолбасшылығының басшылығында 2016-2019 жылдары болған Джозеф Вотель.

Күрестің бұл түрі ресми Кабул мен оның шетелдік одақтастарына қырын қарайтындардың көбеюіне алып келді. Нәпақасын көкнәрдан айырып, тіпті сонымен әл-ауқатын көтеріп отырған шаруалар өздерінің өндірісіне кедергі жасала бастаған соң «Талибанмен» ауыз жаласа бастады.

Тәліптердің есірткі өндірісін тоқтату туралы жаңа мәлімдемелері 2001 жылды еске түсіреді. Бұл ауғандық героин өндірісі үшін маңызды кезең еді. Содырлар алғаш рет героин өндірісін азайтуды 2000-2001 жылдары қолға алды. Сол тұста олар экспорт үшін көкнәр өсіруге тыйым салып, егістік алқаптарын он есеге қысқартты. Содан 82 мың гектар алқаптан 8 мың гектар ғана қалды. Алайда, АҚШ-тың есірткіге қарсы күрес агенттігі (DEA) бұл әрекетті ізгі амалға балаудың болмайтынын айтады. Бұл 2001 жылғы 11 қыркүйектегі оқиғадан кейінгі айларда орын алды. Лаңкестер америкалықтардың шабуылын күтті. Үлкен қауіп төніп тұрған тұста тәліптер есірткі бағасын күрт көтеруді шешті. Есірткі экспортына тыйым салу арқылы нарықта есірткі тапшылығы пайда болды. Дәл осы сәтте тәліптер бағаны көтеріп, рекордтық көрсеткішке жеткізді. Елде шамамен бір келісі 95 долларға сатылатын көкнәрдің құны 746 долларға дейін шарықтады. Сонымен қатар, бұл кезде шикізаттың негізгі қоры да тәліптердің бақылауында еді.  «Талибан» осылайша қаржылық секіріс жасады деген болжам бар.

Brookings Institution ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері Ванда Фельбаб-Браун «Талибан» сол кезде көкнәр өсірушілердің арасында үлкен наразылық туғызғанын және олардың бақылауындағы аймақтарға қауіп төндіргенін атап көрсетті. Елге басып кірген америкалықтардың есірткі өндірісін жоймайтыны белгілі болған соң, көкнәр алқаптарының көлемі бұрынғы мөлшерге дейін өсті. Мәселен, 2002 жылы көкнәр алқаптары 74 мың гектар жерді алып жатты. Ал, 2004 жылы бұл көрсеткіштер америкалықтар келгенге дейінгі мөлшерден де асып түсті. Елдегі соғыс қимылдары экономикалық дағдарысты одан әрі ушықтырды. Кедейленген халық ақшаға мұқтаж болды. Соның салдарынан көкнәр алқаптары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады.

Есірткі өндірісі бір ғана героинмен шектелмейді. Ауғанстан баяғыдан гашишті де жеткізумен айналысқан. Соңғы жылдары ауғанстандықтар елде эфедра өсіруді жолға қоя бастады. Олар метамфетамин өндіру үшін пайдаланылады. Бұл есірткі сияқты өте қауіпті өнім.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жиырма жыл бұрынғы тәжірибе «Талибанның» есірткі өндірісіне қарсы шешуші соққы беруге қабілетті екенін көрсетеді. Бірақ, олардың қазір мұндай ниетте болулары екіталай. БҰҰ-ның Кабулдағы есірткі және қылмыс жөніндегі кеңсесінің басшысы Цезарь Гудес айтқандай, Ауғанстан нашақорларының есірткіге тәуелді болғанындай, тәліптер де аталмыш өндіріске сондай тәуелді.

Шетелден бөлінетін субсидиялар көкнәр өндірісін тоқтата алатын бірден-бір кепілдендірілген шара ретінде көрсетіледі. Тәліптер егер Түркия, Ресей, Иран және басқа да елдер көкнәр өсірудің орнына бидай өсіруге жәрдем берсе, ондаған мың ауған шаруалары шығындарын өтейді деп күтуде.

Ауғанстандықтардың қалауына қарамастан, керісінше процесс байқалады. Ауғанстан экономикасына ақша құюға мүдделі елдер «Талибанмен» ынтымақтасуға асығар емес. Бүгінде қаржыландыруды тоқтатқан.

Тәліптердің елдегі тәртіпті сақтай алуы да екіталай. 26 тамызда Кабулдағы ондаған құрбандармен болған терактілерден-ақ тәліптер билігінің осалдығын байқауға болады. Егер «Талибан» билік тізгінін ұстай алмаса, хаос пайда болып, елдегі экономикалық дағдарыс күшейе түседі. Демек, бұл кезде есірткіден түсетін табысқа деген қажеттілік те артады. Бұл ауғанстандық есірткі тасымалының үзілмейтінін, керісінше күшейе түсетінін білдіреді.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here