Ақбасты алыстағы Аргентина да армандайды

0
1497

Өткен жылы британдық герефорд тұқымымен будандастыру арқылы шығарылған қазақтың әйгілі ақбас сиыры 70 жастан асты. Алайда, былтырғы қатаң карантиндік шектеулерге байланысты салтанатты іс-шаралар легі осы күзге ауыстырылған болатын. Енді іс-шаралар KazFarm/KazAgro көрмесі аясында 20-22 қазан аралығында Нұр-Сұлтан қаласындағы EXPO кешенінде және Ақмола облысының үлгілі шаруа қожалықтарында өтеді. Ақбас тұқымы мерейтойын бірқатар жетістіктерімен қарсы алды. Аталмыш тұқымды сиырлардың саны жарты миллион басқа жақындап қалды. Бүгінде оларға деген сұраныс ұсыныстан да асып түседі. Қазіргі таңда қазақтың ақбас сиырын сатып алғысы келетін әлеуетті клиенттер әлем бойынша аз емес. Тіпті, сиыр етін экспорттауда әлемде алғашқы ондыққа енетін алыстағы Аргентина да бұл тұқымды сиырды сатып алуға ниетті. Ақбас сиыры жайлы Қазақ ақбас сиыры республикалық палатасының атқарушы директоры Дәурен Матақбаев ElDala.kz порталында оралымды ойларымен бөліскен екен. Қазақтың бас аграрлық сайтының мәліметі негізінде ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін қазақтың атақты ақбас сиырының артықшылығына, өткені мен бүгініне және алдағы болашағына тоқталады.

Қазақ ақбас сиыры республикалық палатасының атқарушы директоры Дәурен Матақбаев

АРҒЫ АТА-БАБАЛАРЫ АҒЫЛШЫНДЫҚ СИЫР

1950 жылы Орынбор облысы мен Батыс Қазақстанның селекциялық орталықтары жасаған 20 жылдық күрделі жұмыстардан кейін қазақтың ақбас сиыры жаңа будан ретінде ресми түрде тіркелді. Тұқымның негізі Англия мен Уругвайдан КСРО-ға әкелінген герефорд тұқымының 850 бас бұқасы болды. 20 жыл бойы Қазақстанның байырғы жергілікті тұқымын герефорд бұқаларымен будандастыру жүргізілді. Соның арқасында қатал климаттық жағдайда баптауға, азықтандыруға қолайлы етті бағыттағы тұқым шығаруға қол жеткізілді.

«Кез келген тұқымның тарихы – ең алдымен оны жасап шығарған адамдардың тарихымен байланысты. Егер мал өсірушілер өз жұмыстарын жақсы көретін болса, онда тұқым да, бүкіл сала да дамиды. Еске сала кетсек, жалпы Кеңес Одағы ыдырығанға дейін тұқымды етті бағыттан сүтті бағытқа ауыстыру үшін бірнеше мәрте талпыныстар жасалды. Бірақ, ақыр соңында ол етті бағыттағы сиыр деп танылды. 1991 жылдың аяғында Қазақстандағы ақбас сиырының басы 1,5 млн-нан астам болды. Ақбастың алғашқы таралымы Қазақстанның батысы мен шығысында орын алды. Содан бері көптеген асыл тұқымды зауыттар бар. Олардың кейбіреулері аттарын өзгертті, ал кейбіреулері керісінше тарихи есімдеріне қайта оралуда», – дейді Дәурен Матақбаев.

Шын мәнінде, қазақтың ақбас сиыры Кеңес Одағының бүкіл аумағына таратылды. Мәселен, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, сондай-ақ Моңғолия және басқа да елдерде болды.

Өкінішке қарай, елімізде ақбас ауыр кезеңдерді бастан өткерді. Сандармен дәйектесек, 1991 жылы ақбас сиырының саны 1,5 млн бас болса, 2010 жылға қарай олардың саны 75 мыңға дейін қысқарды. Әйтсе де, 10 жыл бұрын елдегі мал шаруашылығын жандандыру мақсатындағы жұмыстардың арқасында бүгінде ақбас сиырының саны 470 мың бастан асты.

«Біз жарты миллион басқа жақындап келеміз. Алда әлі де көп жұмыстар бар. Қазақ ақбас сиыры республикалық палатасы бүгінде 525-тен астам шаруа қожалықтарын біріктіреді. 2019 жылы маған герефорд палатасынан шақырту келген кезде, мұнда 270 мүше болған еді. Әкімшілік тетіктер де, маркетингтік жұмыстар да өсуге көмектесіп жатыр», – деп түсіндіреді Дәурен Матақбаев.

Егер асыл тұқымды ақбас өсірумен айналысатын шаруашылықтар туралы айтатын болсақ, бүгінде олардың еліміздің түкпір-түкпіріндегі саны 15 мыңнан асады. Бұл елдегі ең көп таралған тұқым. Ал, Қазақ ақбас сиыры республикалық палатасы мүшелерінің саны барлық басқа тұқымдағы қауымдастықтардың, соның ішінде сүт қауымдастығының санынан асып түседі.

«Біздің халқымызды ақбас сиырымен белгілі бір патриоттық сезім байланыстырады. Бұл кеңес заманында қазақ атауын алған жалғыз тұқым. Бұл бәрімізге, әсіресе замандастарымызға белгілі бір жауапкершілік жүктейді. Иә, біз оны жоғалтып алуға сәл-ақ қалдық. Бірақ, содан кейін қайта өрлеу басталды. Бұл ретте ҚР Ауыл шаруашылығы министрі лауазымында болғанда реформа жүргізіп, республикалық тұқым палаталарын құрған Асылжан Мамытбековке алғыс айту керек. Бұл реформа фермерлердің шоғырлануына мүмкіндік берді. Бізге қазір Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан елдеріндегі әріптестеріміз қызыға қарайды. Өйткені, оларда жоспарлы экономика тұрғысынан алғанда бәрі жақсы болғанымен, істелген жұмыстар нарықтық жағдайда өзін ақтамай келеді», – деп санайды Дәурен Матақбаев.

Сонымен қатар, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысу ірі шаруашылықтардың аясында емес, мал саны 250 басқа дейінгі шағын шаруашылықтарда айналысу тиімді әрі сенімді. Айтпақшы, Қазақстандағы ақбас шаруашылығының ерекшелігі – елімізде бір шаруашылық аясында 3 мыңнан астам мал басын біріктіретін селекционерлер жоқ.

АҚБАСТЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Ақбас сиырының бірқатар артықшылықтарға ие екені биылғы жылы болған құрғақшылық пен жем-шөптің жетіспеушілігінде анық байқалды. Қатаң жағдайға бейімделген мал шөбі тапшы жайылымдарда да және қосымша жем-шөп берусіз-ақ салмақ жинай алды.

«Жоғарыда айтқанымдай, қазақтың ақбас тұқымының негізінде герефорд генетикасы жатыр. Бұл – британдық тұқым. Оның пайда болғанына 280 жылдан асты. Ол тағы бір танымал тұқым –ангус сиырынан 30 жасқа үлкен. Сондықтан мал шаруашылығымен айналыспайтын жандар үшін ақбас пен герефорд бірдей көрінуі мүмкін. Шынымен де, визуалды ұқсастықтар көп. Мәселен, терісінің қызылдығы, басы мен кеудесінің, құйрығының ұшы мен сирақтарының ақтығы және мұрын айналасының қызғылттығы сынды ортақ элементтер бар. Сондай-ақ, герефорд сияқты қазақтың ақбас сиырының да мүйізді және мүйізсіз түрлері кездеседі», – деп еске салды Дәурен Матақбаев.

Дегенмен, екеуінің айырмашылықтары бар екенін де айта кеткен жөн. Атап айтқанда, ақбас сиыры герефорд сияқты ерте жетілмейді және бір жасқа дейін салмақ жинау жағынан да кемшін түседі. Алайда, ақбас сиырының Қазақстанның климатында бірегей тепе-теңдікті қалыптастыратын артықшылықтары бар екені даусыз. Оның артықшылығы –төзімділік пен азықтану жағдайына бейімделе алуында. Тіпті, жем-шөп аз болып, пішен мен сабаннан басқасын күйсемесе де, қазақтың ақбас сиырының анау айтқандай күйі кете қоймайды. Биылғы маусым да осыны көрсетті.

«Кәсіби мамандар үшін мұның бәрі алдын-ала белгілі болды. Оны түсіну үшін төтенше жағдайға тап болудың қажеті шамалы. Мысалы, спортшылар мен әскерилердің денесі қарапайым адаммен салыстырғанда жүктемені жақсы көтереді. Қазақтың ақбас сиыры өмір сүру, бейімделу, төзімділік жағынан белгілі бір артықшылықтарға ие болғандықтан, біздің фермерлер күрделі азықтандыру рационын жасау, сүрлем мен пішен дайындау сияқты мәселелермен бас қатырмайды. Ақбастың күтіміне сабан, шөп, минералдар немесе тұз жеткілікті. Осы жағдайлардың барлығында ақбас сиырын бағудың экономикалық тиімділігі толығымен негізделген. Себебі, малдың салмағы жоғарыда аталған асыл тұқымды шетел сиырларынан аз болуы мүмкін. Бірақ, оны күтіп-баптауға кететін шығындар да әлдеқайда аз болатынын ұмытпау керек», – деп атап өтті Дәурен Матақбаев.

Республикамыздың ең ыстық, ең құрғақ аймақтарында да қазақтың ақбас сиыры күннің астында, аптапты ыстықта емін-еркін жайыла алады.  Рас, қолайсыз ауа райы оған да жайсыз тиеді. Бірақ, оның қатаң климаттық жағдайларға деген реакциясы тұрақты. Бұл – ақбас сиырының басты артықшылығы.

ТҰҚЫМДЫ ЖЕТІЛДІРУДЕ НЕНІ ЕСКЕРУ КЕРЕК?

Қазақ ақбас сиыры республикалық палатасы тұқымды одан әрі дамыту және ең бастысы оның генетикалық әлеуетін сақтау үшін арнайы стратегия құруда. Бұл мәселенің түйінін тарқату да оңай шаруа емес. Себебі, елімізде жем-шөп өндіру жүйесін жаңадан құрған шаруашылықтар пайда болуда. Олар өздерінің бағып жатқан малдарының ет сапасы бойынша герефордпен иық тірескенін қалайды. Бұлай болуы бір жағынан жақсы. Ал, екінші жағынан алып қарағанда, бұл ақбас сиырының күшті жақтарының жойылып кетуіне үлкен қауіп төндіреді.

«Бұл шаруашылықтардың инфрақұрылымы азықтандырудың және малды күтіп-баптаудың жаңа деңгейін қамтамасыз етуге дайын. Сондай-ақ, олар салмақ мәселесіне келгенде тиісті қайтарымды алғысы келеді. Бірақ, осыған сәйкес теңгерімсіздік те орын алмақ. Жақсы күтімге үйренген ірі қара мал жем-шөп бұрынғыдан аз беріле қалса, күйін жоғалта бастайды. Палата мүшелерінің 85 пайызы ірі қараның осы тұқымын қолдайды. Өйткені, бұл тұқымды күй талғамайтындығы үшін таңдағандықтан, күтіп-баптау кезіндегі кейбір қателіктерді кешіреді. Біз оның осы қасиеттерін сақтауымыз керек. Егерде сиырдың күтімі мінсіз болса, оның төлі осы қасиеттерінен айырылып қалады. Мұны былайша түсіндіруге болады: мысалы, мигранттар жаңа елге қоныс аударғанда, олардың еңбектеніп жатқан елде туған балалары өз атамекендеріндегі балалардан ерекшеленетіні сияқты», – деп түсіндіреді Дәурен Матақбаев.

Әрине, уақыт өте келе тұқымның трансформацияға ұшырауы мүмкін. Бірақ бұл процесс 10-20 жылдан кейін, елдегі мал шаруашылығының басым бөлігі жем-шөп өндірісінің жаңа деңгейіне шыққан кезде аяқталады. Ал әзірге сиырды қарсыз кезеңдерде ғана (оңтүстік аймақтарда жыл бойына) жайылымға шығарады. Төзімділік тұқымның  ең басты артықшылығы болып қала береді.

ГЕНЕТИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТТІ КҮШЕЙТУ ЖОЛДАРЫ

Дәурен Матақбаев Қазақ ақбас сиыры республикалық палатасына келгенге дейін 8 жыл Герефорд тұқымының республикалық палатасында жұмыс істеді. Мал өсіру технологиясымен танысып, көптеген елдерде болды.  Ол осы тәжірибенің арқасында тек қазақстандық мал өсірушілердің ғана емес, АҚШ, Канада, Аустралия мал өсірушілерінің де жұмыс тәсілдеріне салыстыра баға бере алады.

«Өкінішке қарай, біздегі селекция ғылымы көрші елдерден біршама артта қалды. Осыны ескере отырып, мен 2019 жылы директорлар кеңесіне  заманауи сынақ станцияларын құру жөніндегі жобаны ұсындым. Станция құрылды. Енді оның негізінде біз аз жем тұтынатын, бірақ жоғары салмақ беретін жануарларды таңдаймыз. Бір мысал келтірейін: күллі әлем отын үнемдеуге бет бұруда. Тіпті, Land Cruiser 300 қозғалтқышының көлемі 3,5 литрмен шықты. Бірақ, оның қуаты артты. Мал шаруашылығында да солай: жем-шөп барлық шығындардың 70 пайызын құрайтындықтан, біз қазақтың ақбас сиырынан аз шығынмен максималды әсер беретін генетиканы іздейміз», – дейді Дәурен Матақбаев.

Палата технологиясын енгізіп отырған «Vytelle» компаниясының есептері бойынша, егер барлық мал басын осындай генетикаға көшірсе, онда барлық бағыттар бойынша үнемдеу 10-12 пайызды құрайды. Тағы бір үлкен артықшылығы – аммиак газдарының атмосфераға шығарылуы неғұрлым төмен болса, жемнің конверсиясы соғұрлым жоғары болады. Осылайша, қазақтың ақбас сиырының мықты қасиеттерін одан әрі жақсарту жұмыстары жүргізілуде. Идеал жоқ. Сондықтан генетикалық әлеуетті күшейту қажет. Бірінші әдіс – әлеуетті тұқымдарды алдын-ала іріктеп, сынақ станциясына ең таңдаулы деген малдарды жинау. Екінші әдіс тезірек жүзеге (бірақ одан да күрделі) асады. Бұл ақбастағы герефордтың қанын арттыру болып табылады.

«Мұны істегенде өте сақ болу керек. Мен герефорд палатасында жұмыс істеп жүрген кезде, ақбас селекционерлері менен герефорд бұқаларының қанын алып, өз сиырларына құю үшін жиі жүгінетін. Бұл генетиканы жақсартудың жақсы және дұрыс әдісі. Бірақ, оны түсіністікпен жасаған жөн. Егер сіз мұны жасауда ағаттық жіберетін болсаңыз, онда сіз ақбасты жергілікті байырғы тұқымнан қалған сиырдың мықты тұстарына жауап беретін гендерінен айырылып қалуыңыз ғажап емес», – деп ескертеді Дәурен Матақбаев.

Әрине, кейбіреулердің мақсаты өз сиырларын герефордқа айналдыру болуы мүмкін. Алайда, мұндай жағдайда ол «ақбас» деп емес, «қазақ герефорды» деп аталуы керек. Мұндай мысалдар қазірдің өзінде бар. Өкінішке қарай, бұл мәселе заңнамада нақты көрсетілмеген. Сондықтан оны біржақты етуді кейінге шегеруге тура келеді. Ал, әзірше Қазақ ақбас сиыры республикалық палатасы шаруашылықтарды төрт негізгі класқа бөлуді енгізуді ұсынады. Палата мамандарының басшылығымен тек фермалардың бірінші класы ғана герефорд тұқымының қанын құюға болады. Қазір мұндай шаруашылықтардың саны 40-қа жуық. Олардың жем-шөп базасы өте жақсы. Сондай-ақ, бастапқы есеп жолға қойылған және сауатты селекциялық-асылдандыру үшін барлық қажетті мәліметтер бар. Қалған шаруашылықтар алдыңғы қатарлы селекционерлер алатын генетикаларды пайдалана алады.

СУБСИДИЯЛАР ӘСЕРІ

Дәурен Матақбаев мемлекеттің асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау деңгейін күрделі мәселе деп санайды. Себебі, барлық шаруа қожалықтарының міндеттері, қажеттіліктері және табыс деңгейі әртүрлі.

«Біреу 100 мың теңге тауып риза болса, екінші біреу айына 100 млн тапса да қанағат етпейді. Өкінішке қарай, тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік қолдау деңгейі тұрақты даму үшін шешуші рөл атқармайды. Бізде Ақтөбе немесе Солтүстік Қазақстан сияқты облыстар болды. Олар өз уақытында барлық өңірлер асыл тұқымды мал өсіру үшін бір басқа 20 мың теңгеден субсидия алып отырғанда, аталған екі облыс бір бас үшін 100 мың теңгеден алды. Бірақ, шынымды айтсам, мен солардың ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже көрсеткенін байқамадым. Шаруашылықтарда да, малдарда да түбегейлі өзгеріс болған жоқ. Бөлінген қаржының барлығы мақсатты түрде жұмсалмады. Себебі, ақшаның жұмсалу механизмі көрсетілмеген», – деді Дәурен Матақбаев.

Әйтсе де, мемлекеттік  қолдауды алып тастау да тығырықтан шығаратын жол емес. Мемлекет соңғы кездері мал өсірушілерді субсидиямен бұрынғыдай жарылқап отырған жоқ. Мәселен, өткен жылы бір бас үшін берілетін 20 мың теңге (2012 жылы бекітілген болатын) жыл сайынғы өсіп жатқан шығындарға, атап айтқанда, жанармай бағасының қымбаттауына және кәдеге жарату алымының (ультисбор)енгізілуіне қарамастан 15 мың теңгеге дейін қысқарды.

Сонымен қатар, фермерлер үшін басты мәселе – минималды қолдауды ұсынудың шарттары жыл сайын өзгеріп отыратындығы. Бұл ұзақ мерзімді жоспарлар құруға мүмкіндік бермейді. Шын мәнінде, ережелер ұзақ мерзімге әзірленіп, министрлердің ауысуына және кейбір басымдықтарға қарамастан өз күшінде қалуы қажет.

АҚБАС ЭКСПОРТЫ

Биылғы құрғақшылық селекционерлердің ақбастың бірқатар артықшылықтарын табуына түрткі болды. Ақбастың артықшылықтарын табиғаттың өзі көрсетті және бұл оған деген сұранысты арттырды. Сұраныс тек ел ішінде ғана артпады. Тіпті, әлемдік етті бағыттағы мал шаруашылығы көшбасшыларының бірі Аргентина сынды елдерде де ақбастың генетикасын сатып алуға құмартқандар бар.

«Жалпы, елімізде қазақтың ақбас сиырының тұқымы тапшы. Аналық мал барлық елдерде, соның ішінде бізде де жетіспейді. Сондай-ақ, бізге Моңғолиядан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданынан ақбастың тұқымын алғысы келетіндерден сұраныстар түсуде. Аргентинада  бірнеше фермер достарымыз бар. Олар бұл генетиканы тұқым немесе эмбрион түрінде алуға қызығушылық танытады. Иә, бұл ел әлемдік көшбасшылардың бірі. Бірақ, оларда пампас деп аталатын біздің оңтүстік аймақты еске түсіретін жайылымы тапшы құрғақ аймақтар бар. Әлемдегі мен деген танымал тұқымдағы малдар ол жерде өзін жеткілікті деңгейде қолайлы сезінбейді. Ал, ақбас сиыры ол жақта елде жайылғандай емін-еркін жайыла алады», – дейді Дәурен Матақбаев.

Аргентиналық фермерлер Қазақстанмен жақсы таныс. Олар елге 10-15 жыл бойы келіп, ақбас сиырымен танысып үлгерді. Қазақ ақбас сиыры республикалық палатасы қандай жауапкершілік жүктелетінін жақсы түсінеді.  Сондықтан материалды жіберуге асықпайды. Даярлық жұмыстарын бітірген соң барып қана тапсырысты орындауға кіріспек.

«Біздің мақсатымыз – жоғары сападағы генетикалық өнімді дайындау. Былтырғы және биылғы жылы біз «Асыл түлік» асыл тұқымды станциясында бұқаларымызды жаңарттық. Палата бұқаларды фермерлерден өз бағасына сатып алып, станцияға жеткізді. Онда сорылатын тұқым алдымен толық тексеруден өтеді. Содан кейін ғана сапа параметрлеріне сәйкес экспортқа жіберіледі», – деп түсіндіреді Дәурен Матақбаев.

Ақбастың тұқымын шетелге сатудан қыруар қаржы түседі деп айту қиын. Десек те, бұл елдің имиджіне оң әсер етіп, елдегі мал шаруашылығы үшін үлкен жетістік болар еді. Сонымен қатар, қазақтың ақбас сиыры тұқымының халықаралық қауымдастығын құру жұмыстары жүргізілуде. Қауымдастыққа Қазақстаннан басқа Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Қытай кіреді. Сондай-ақ, болашақта Аргентина да кіреді деп күтілуде.

«Тағы бір айта кетерлігі, ірі қара малдың генетикасына қатысты мәселелері бар Африка елдері де ақбастың тұқымына қызығушылық танытады. Рас, біз жас тұқымбыз. Бірақ, мақтана алатын нәрсе бар. Егер біз дамуды жалғастыратын болсақ, онда он жыл ішінде әлемнің түрлі елдерінен ақбастың генетикасына құда түсіп келетіндей дәрежеге жетеміз», – деп түйіндеді Дәурен Матақбаев.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Сонау Бағдаттағы араб халифатының Х ғасырда Еділ Бұлғариясына жіберген елшісі Ахмед ибн Фадлан солтүстікке сапарында біздің Жайық өңірінде де табанының ізін қалдырыпты. Сонда ол былай деп айран асыр болған екен: «Джах немесе Джайх өзенінің бойында қыпшақтар тұрады. Олар қонақжай және жомарт халық. Өздерінің шүйгін шөпті кең даласында жылқы, түйе, қой-ешкі, сиыр өсіреді. Адам бойына жақын өсетін қалың шөптің арасында жайылатын сиырларының семіздігінен тіпті аяғы көрінбейді».

Иә, ежелден малмен күн көрген бабаларымыз сиырдан да кенде болмаған. Ақбас сиырының аталығы герефорд болғанымен, аналығы ғасырлар бойы сүзгіден өтіп, еліміздің қатаң климатының жағдайына бейімделген жергілікті тұқым екенін ұмытпайық. Аргентина сынды мал шаруашылығындағы жетекші елдің жайдан жай қызығушылық танытпағанын жоғарыда айттық. Бәлкім, жұрттың қаңсығын таңсық көріп, қолда бар алтынды күміске айырбастауды доғаратын уақыт жеткен шығар.

Ақбас сиыры – еліміздің мал шаруашылығы үшін арнайы сұрыпталған бірегей тұқым. Тек қадіріне жете білсек, бұл тұқымнан пайда көрмесек, зиян шекпейтініміз белгілі.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here