Бойы 245 см болған «кеңестік Гулливердің» өмірі неге жоқшылықта өтті?

0
3215

Оны әлемдегі ерекше адамдар туралы шоуға және киноға түсуге шақырды. Қайтыс болғаннан кейін де оның денесі үшін қомақты қаражат ұсынды. Ол Гиннесс рекордтар кітабына КСРО-дағы ең ұзын адам ретінде енді. Бұл – кеңестік баскетболшы Александр Сизоненко туралы деректер. Рекордтар кітабына енген кезде оның бойы 239 см еді. Ал, өмірінің соңына қарай бойы 245 см-ге бір-ақ жетті. Әйтсе де, танымал болғанына қарамастан, өкінішке қарай, Сизоненко әлемдегі ең бақытсыз адамдардың бірі саналды. Денсаулығындағы кінәратты, әйелінің тастап кеткенін және қу тізесін құшақтап, жалғыздықта қайтыс болғанын ескерсек, баскетболшыны бақытты да баянды ғұмыр кешті деп айта алмаймыз. Неліктен оның тағдыры соншалықты қайғылы болды? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті Батыс елдерінде «кеңестік Гулливер» атанған баскетболшының өмір хикаясын баяндайды.

КЕЗДЕЙСОҚ КЕЗДЕСУ

Александр Сизоненко 1958 жылы 21 наурызда Украинаның Херсон облысындағы Запорожье ауылында дүниеге келген. Ол қарапайым отбасынан шыққан. Анасы дүкенде сатушы болса, әкесі механизатор болып жұмыс істеген. Олар ұлының жылдам өсіп келе жатқанын байқамайынша, отбасының өмірі бірсыдырғы әрі алаңсыз өтіп жатты.11 жасар Сашаның бойы 170 см-ге жетті. Алайда, ата-анасы оны дәрігерлерге тек үш жылдан кейін ғана көрсетті. Балаға акромегалия (гипофиздің алдыңғы бөлігі қызметінің бұзылуымен байланысты ауру) диагнозы қойылды. Дерттен айығу үшін ота жасау қажет болды. Сашаның бас сүйегін трепанациялап, бір жылда екі рет ота жасалғанымен, ота оған көмектеспеді. Сөйтіп, мектепті тәмамдаған жігіттің бойы 218 см-ге жетті. Дәл сол кезде дәрігерлер оның ары кетсе 20 жыл өмірі ғана қалғанын айтып, болжам жасады.

Сизоненко баскетболға кездейсоқ келді. Ол мектепті бітірген соң, училищедегі электриктің оқуына түсіп, спорттық мансап туралы ойламаған еді. Бірақ, күндердің бір күнінде іс-тәжірибеден үйіне қайтарында, Николаев қаласының «Спартак» командасымен бірге бір автобусқа мініп қалады. Мұндай алып денелі жігітті байқамау мүмкін емес. Содан бапкер оны жаттығуға шақырды. Сизоненко келісімін берді.

«Егер спорт болмағанда, менің қандай болатынымды кім білсін?! Баскетбол мені өмірге қайта әкелді. Өзімді толыққанды адам ретінде сезінуіме көмектесті», – деген еді көзі тірісінде Александр Сизоненко.

Үш айдан соң жас ойыншы елдегі жетекші клубтардың бірі, КСРО құрамасының бас жаттықтырушысы Владимир Кондрашин басқаратын ленинградтық «Спартак»  құрамасының  сапына енді. Бас бапкер 18 жастағы жігіттің физикалық ерекшеліктерін ескере отырып, ұжымға шақырған болатын.

Команда мүшелері жаңадан келген Сизоненконы жақсы қабылдады. Кондрашин мен команда жетекшілерінің бірі Мюнхен Олимпиадасының чемпионы Александр Белов Сизоненконы қанаттарының астына алды. Соның арқасында ол баскетболдың қыр-сырын игере бастады. Саша ойын алаңында өзінің «Спартакта» өнер көрсетуге әбден лайық екенін дәлелдеді. Алғашқы жаттығуда ол 19 айыппұл салымын сәтті жасап, командаластарын таң қалдырды. Себебі, сол тұста бойшаң ойыншылардың орта қашықтықтан себетке дәл лақтыруы өте сирек болатын-ды.

«Оны баскетболшы ретінде қалай бағалауға болады? Егер доп оның қолына түсе қалса, қайтып ешкім ала алмайтын. Қарсыластары секірсе де, допқа қолдары жетпейтін. Ол допты себетке қалай салу керектігін жақсы білетін», – дейді «Спартактың» бұрынғы ойыншысы Михаил Силантьев.

 Көп ұзамай Саша негізгі құраманың сапына қосылды. Қызыл-ақтармен бірге КСРО чемпионатының күміс жүлдегері атанып, ел кубогын жеңіп алды. Бірақ, спортшы ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде өнер көрсете алмады. Жаңашыл Кондрашин ойын стратегиясына үнемі тың идеялар қосып отырды. Сондай-ақ, «Спартак» баскетболшыларының жылдамдығын арттыруға тырысты. Ал, бұл стиль алып денелі Сизоненкоға қолайсыз еді. Ол көбінесе қосалқы ойыншы ретінде орындықта қалатын болды.

Бұдан бөлек, алып баскетболшының болашағына әсер еткен тағы бір оқиға орын алды. 1978 жылы сирек кездесетін ауру  жүрек ангиосаркомынан (сирек кездесетін онкологиялық ауру) 26 жастағы әйгілі ойыншы Белов қайтыс болды. Қайғылы жағдай спортшыларды медициналық тексеруден өткізуге әкелді. Содан кейін денсаулығында кінәраты бар спортшыларға қойылатын талаптар күшейтілді. Өз кезегінде Сизоненкоға ауруына байланысты спортпен шұғылдануға тыйым салынды. Сөйтіп, «Спартак» одан бас тартуға мәжбүр болды.

«Беловтің өлімі маған екі есе әсер етті. Мен басты серіктесімді, үлкен досымды, тәлімгерімді жоғалттым. Қарғыс атқыр аурудың кесірінен дәрігерлер баскетбол ойнауыма тыйым салды. Кондрашин «Ауылға орал, онда өмір сүру оңайырақ» деп кеңес берді. Бірақ, артынан өзінің жасаған шешімі үшін өкінетінін айтып ағынан жарылды», – деген еді баскетболшы мансабының осы кезеңі жайында.

Кондрашин Сизоненконы өзінің пікірлесі, Куйбышев қаласының «Строитель» командасының жаттықтырушысы Генрих Приматовқа ұсынды. Ол команданы Жоғары лигаға шығарғысы келетін еді. Ол кезде Сашаның бойы 230 см-ден асып кеткен-ді. Приматов Сизоненконың қабілетіне бәс тікті. Алып баскетболшы ойынын жалғастырды. Екі маусымнан кейін 1981 жылы «Строитель» діттеген мақсатына жетті.

Сизоненко команданың негізгі ойыншысы болды. Ол көбінесе әр матчта отыз ұпайдан жинап отырды. Сондай-ақ, Кеңес Одағындағы өзге де алып баскетболшылар – Арвидас Сабонис, Владимир Ткаченко, Александр Белостенныйлармен бірге елдегі орталық позицияда өнер көрсететін үздік ойыншылар саналды.

«Мен олардан еш кем түспедім. Олардың барлығына блок қоя алдым және олар допты өткізіп алатын еді. Бір кездері бізбен болған матчта Владимир Ткаченко тек ұпай ғана сала алды. Ол өзіне ешкімнің төтеп бере алмайтынына бойы үйреніп қалған еді.  Ал, ол менімен жолыққанда жүрісінен жаңылып, абдырап қалды. Мен Сабониспен болған ойында 42 ұпай әкелдім. Бірақ, «Жальгириспен» болған ойын жолдастық кездесу ғана еді», – депті өз естеліктерінде Сизоненко.

Тіпті, сексенінші жылдардың басында оны жаттықтырушы Александр Гомельский КСРО құрамасына шақырды. Сизоненко ұлттық құрамамен бірге Пуэрто-Рикодағы турнирге баруы керек еді. Алайда, жеме-жемге келгенде виза мәселесіне байланысты бара алмады.

Есесіне, клубтағы жағдай жақсы болды. Куйбышевте оған жұлдыз ретінде қарады. Оның жалақасы ірі кәсіпорындар басшыларының жалақасына пара-пар болды. Айына 250 рубль алып тұрды. Клубтың демеушісі спортшыға қала орталығынан пәтер де сыйлады.

СПОРТТАҒЫ СӘТСІЗДІК

Дегенмен, Александр Сизоненкоға 28 жасында спорттық мансабымен қош айтысуға тура келді. 1985 жылы Приматов өмірден озды. Ол Сизоненкоға өмірде де, спортта да қолдау көрсеткен еді. Сонымен қатар, уыстап таблеткалар ішуді жалғастырған баскетболшының ағзасында гормональді қиындықтар туындады. Бұрынғы ауруларына демікпе мен қант диабеті қосылды. Мұндай жағдайда ол команданың сапында өнер көрсете алмайтын еді. Сөйтіп, маусым барысында саптан шығарылды.

«Адам пайдалы болған кезінде оған ақы төленеді. Ал, ол өзгелермен бір деңгейде жұмыс істей алмаса, ол туралы тез ұмытады. Жаттығуға келгенде жалақымның алынып тасталғанын білдім. Бірақ, маусымның соңына дейін жалақы тағайындалғаны туралы келісім болған еді», – деп күңіренген болатын бір әңгімесінде баскетболшы.

Сол тұстағы спорт журналисі Сергей Волков Сизоненконы жақсы білетін. Оның пікірінше, алып баскетболшының мансабының қысқа болуына өзінің де кінәсі бар. «Ол режимді қатаң сақтайтындардың қатарынан емес еді. Темекіні де тартты, ішімдікті де ішті. Ал, мұндай аурулардың жиынтығымен жүрген ол өзіне күтім жасауға міндетті еді. Бірақ, ол түптеп келгенде өзін-өзі жарға итерді», – деп санайды Сергей Волков.

Волковтың сөзінше, Сизоненконың тағдырына өзінің қиын мінезі де себепкер болған. Оның қырсық әрі тез өкпелеп қалатын адам болғанын айтады.  Кейде қарсыластары алып ойыншының арынын басу үшін оған қарсы дөрекілікпен ойнаған. Қарсыластары Сизоненконы қағып-соғып, реті келсе аяғынан шалып, допқа секірген болып аяғын жаншып кетіп жүрді. Мұндай кездері ол ашуға булығып, кек алу үшін өзі де сондай қасақана астыртын әрекеттер жасап көретін. Алайда, онысынан түк шықпасын түсінгенде өзін басқа ойыншымен алмастыруын сұрап, ойын алаңынан кетіп қалатын. Бұдан бөлек, өзінің командаластарымен де ара-қатынасы айтарлықтай жақсы болмаған. Жаттықтырушысы және тағы екі-үш ойыншымен ғана араласқан.

«Оның адамдарға деген ризашылық сезімі болмады. Сизоненко өзін айналасындағылардың барлығы оған қарыздар сияқты ұстайтын. Әрине, мұнысы ешкімге ұнай қойған жоқ және мансабының соңына қарай көбісі одан бас тартты», – дейді спорт журналисі.

Спорттан кету баскетболшы үшін ең алдымен ақшадан айырылуды білдіреді. Ол ІІ-топтағы мүгедек деп танылып, 63 рубль зейнетақы тағайындалды. Бұл әдеттегіден екі есе аз еді. Әрине, мұндай зейнетақы оған жетпеді. Себебі, 58-ші мөлшердегі аяқ киім мен алып киімді тек тапсырыс беру арқылы ғана жасатуға болады. Сөйтіп, зейнеткер спортшының жағдайы қиындай түсті.

Бұл туралы Сергей Волков: «Біз көрші тұрдық. Ол көз жасына ерік беріп,  жиі тамақтана алмайтынын мойындады. Спорт жанкүйерлері оған қолдарынан келгенше жәрдем берді. Бірі картоп салынған қабын арқалап келсе, енді біреулері қырыққабатын алып келіп жүрді. Кейбірі ақшалай да көмектесті. Бірде Саша қаузайтын ештеңе болмаған соң бір апта бойы таблетка ғана жегенін айтып, күлгінденіп кеткен тілін көрсетті. Мен бұдан асқан қорқынышты нәрсені көрген емеспін», – деп еске алады.

Сизоненконың құрдымға кетуіне жол бермеген бірден бір адам – Сергей Волков. Ол әйгілі «Собеседник» басылымына «Гулливерге кім көмектеседі?» атты мақаласын жариялады. Аталмыш мақала баскетболшыны тығырықтан құтқарды. Қала билігі спортшының жағдайын ескеріп, зейнетақысын көтерді, оны қайтадан гастрономға орналастырды және үш метрлік жаңа төсек сатып алып берді.

Сизоненко туралы өзге де басылымдар жарыса жазды. Оның хикаясы КСРО-дан шет елдерге де белгілі болды. Батыс елдерінде ол «кеңестің Гулливері» деп аталды. Жапондар оны әлемдегі ең ерекше адамдар туралы шоуларына шақырды. Сондай-ақ, ол чехтің «Батыл тігінші» фильмінде алыптың рөлін сомдады. «Собеседникте» жарияланған мақала оның жеке өміріне де септігін тигізді. 1988 жылы Александр Сизоненко Светлана Гуменюкпен шаңырақ көтерді.

Екі жылдан соң Сизоненко КСРО-дағы ең ұзын адам ретінде Гиннесс рекордтар кітабына енді. Ол кезде оның бойы 239 см еді. Әлемде одан бойы ұзын бір ғана адам болды. Ол – 245 сантиметрлік ливиялық баскетболшы Сүлеймен Әли Нануш.

ТӘЛКЕКТІ ТАҒДЫР

Сизоненконың өмірінде тағы да қиындықтар басталды. 1992 жылы әйелі алаяқтық жасап тұтылғандықтан, олар Куйбышевтегі үйінен айырылды. Қарызды өтеу үшін пәтерді сатуға тура келген еді. Ал, Светлананың өзі түрмеден зорға дегенде құтылды.

Жайсыз оқиғадан соң, Сизоненко мен жұбайы қаладан кетуге мәжбүр болды. Олар Санкт-Петербургке қоныс аударды. Сол жақта Куйбышевтегі пәтерді сатқаннан қалған ақшаға жаңа баспана сатып алғысы келді. Ерлі-зайыптылар қаржыларын жаңадан салынып жатқан үй құрылысына құйды. Әйтсе де, құрылыс компаниясы банкротқа ұшырап, ақыр соңында олар үйсіз, ақшасыз далада қалды.

Келеңсіздіктерден қажыған Светлана күйеуін тастап кетті. Шаңырақтарын 1994 жылы дүниеге келген сәби де сақтап қала алмады. Светлана босана сала, баланы өзімен алып, тайып тұрды.

Сашаға Санкт-Петербург спортшыларының одағы қол ұшын созды. Олар баскетболшыға қалалық билік арқылы коммуналдық екі бөлме алып берді. Көп ұзамай Сизоненко ол жаққа мәңгілікке көшті.

Ол басқаша да өмір сүре алатын еді. 1999-2001 жылдар аралығында неміс анатомы Гюнтер фон Хагенс Сизоненкомен бірнеше рет байланысқа шықты. «Мұндай алып дене – кез келген анатомның арманы» деп санаған Хагенс оған мәйітін қомақты ақшаға пластикация институтына беру туралы ұсыныс жасады.

Рас, қомақты қаржы спортшының шекесіне тар келмес еді. Бұл кезде баскетболшының бойы 245 см-ге жетіп, салмағы 180 келі тартқан болатын. Бірақ, бұл аурулардың асқынуына әкелді. Сизоненкода  остеопороз (cүйектің сынғыш болуы) дамыды. Сөйтіп, алып баскетболшы алдымен таяққа,  кейін балдаққа сүйеніп қалды. Ал, неміс анатомы ұсынған қаржы өмірінің соңына да, емделуіне де жететін еді. Дегенмен, неміс анатомының ұсынысы Сизоненконы түршіктіріп жіберді. Ол бұдан үзілді-кесілді бас тартты. Сизоненко өзі өлген соң христиандарша зиратқа жерленгенін қалайтынын түсіндірді. Бір сөзбен айтқанда, баскетболшыны райынан қайтару мүмкін болмады.

Осыдан кейін Сизоненконың өмірінде қандай да бір жаңалықтар бола қоймады. Саша бірнеше журналистермен және «Спартактың» бірең-сараң ардагерлерімен ғана араласып тұрды. Анда-санда оған есейген ұлы келіп кететін. 2011 жылдың жазында Сизоненконың өз пәтерінде қатты әлсірегеннен құлап, аяғын зақымдап алғаны белгілі болды. Тізедегі ауырсынудың салдарынан ол төсектен әрең тұрды. Бір апта бойы ешкім іздеп келмеген соң, фототілші Владимир Бертовқа өзі қоңырау шалып: «Кел, мен өлетін сияқтымын», – депті.

Оны ауруханаға апарғанымен, дәрігерлер көмектесе алмады. Екі апта ішінде үш емханаға барған Сизоненко үйіне оралып, төсек тартып жатып қалды. Сын сағатта қоғам оны қайтадан есіне алды. БАҚ шу көтерген соң,  оның атына есепшот ашылды. NBA ойыншысы Андрей Кириленко Сизоненконың пәтерін жөндету үшін ақша аударды. «Спартак» құрамасы  теледидар сатып алып берді әрі оған күтім жасайтын күтуші тауып берді. Бірақ, мұның бәрі жеткіліксіз болды. Сизоненкоға шетелге барып, құны қымбатқа түсетін ем қабылдау қажет еді.

Жаңа жыл қарсаңында алып баскетболшының жағдайы күрт нашарлады. «Спартак» Сизоненконы оңалту орталығына жіберді. Алайда, қаржы таусылғандықтан, бірнеше күннен кейін оны үйіне қайтарды. Ақшасы біткен соң, қасында күтушісі де қала алмады.

2012 жылдың 5 қаңтарында Сизоненко өз үйінде қайтыс болды. Әйгілі баскетболшы Санкт-Петербургтің солтүстік зиратында Кондрашин, Белов және «Спартак» құрамасының өзге де ардагерлерінің қасына жерленді. Оның ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне бірнеше адам ғана келді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Александр Сизоненконың тағдырында қуаныш пен қайғы алма-кезек орын алды. Сірә, бұл дүниенің баскетбол добындай тұрлаусыз, тұрақсыз екендігін баскетболшының өзі де түсінген шығар. Ойын алаңында қанжығасы майланған спортшыны өмір майданында олжалы болды деп айта алмаймыз.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here