Өзбекәлі Жәнібеков – 90: Үлкен жүректі алып тұлға

0
4987
Дінмұхамед Қонаевтың Түркістанға сапары. Жанында обкомның бірінші хатшысы Асанбай Асқаров және Өзбекәлі Жәнібеков. Суретті түсірген Ержан Уәйіс

Мен, Ержан Үбайдаұлы Уәйіс Отырар ауданындағы Маяқұм елді мекенінде (Оқсыз аймағы) туып-өстім. Осындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепті алтын медальмен бітірдім. Сол мектепте Өзбекәлі Жәнібеков, әкем Үбайда (Үбайдулла) және әкемнің туған інісі Нұртаза Уайсовтар бәрі бір сыныпта оқыған.

Ержан Уәйіс, Манаш Қозыбаев, Балғабек Қыдырбекұлы және Өзбекәлі Жәнібеков,

Мектепті бітірген соң Алматыға оқуға кеттік. Сол жылы мектепті 67 түлек бітірген едік, туған ағам Нұржан Уайсов Алматы медицина институтына түсті. Кейін ол Түркістан қалалық, аудандық денсаулық сақтау бөлімдерінің басшысы, бас дәрігері болып қызмет атқарды, медицина ғылымының кандидаты. Мен ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірдім. Алматыда Қазақ телевизиясында 24 жыл тілші, редактор, комментатор, саяси шолушы болып қызмет еттім.

 Ол кезде Қазақстанда жалғыз ғана телевидение еді. Күн сайын кешке тікелей эфирге шығамын, сол арқылы халыққа танымал болдым. Қызметімнің арқасында 19 облысты түгел араладым. Сол кездегі Қазақстанның бірінші басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты түсіру тобында ол кісінің жеке тілшісі болу – Алланың маған берген сыйы. Дінмұхамед Қонаев облыстарды аралағанда сапарын бірінші Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи және Отырардағы Арыстан баб кесенелерін аралаудан бастайтын еді. Ондайда әкесі Меңліахмет қажыны қасына ертіп алатын. Сондай сапарларында Өзбекәлі Жәнібеков те (Қазақ КСР Мәдениет министрінің орынбасары) бірге жүретін. Осындай сапарлардың бірінде бүгін сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған жоғарыдағы тарихи суретті түсіріп алудың сәті түсіп еді. Бұл суретте Өзағаң Димаш Ахметұлына Түркістан кесенесі туралы тарихи деректерді айтып келеді, қасында – Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров.

 1 мамыр мен 7 қарашада Алматыда өтетін мерекелік шерулерден талай жыл тікелей репортаж жүргіздім, 10 жыл бойы сол іс-шаралардың сценарийін жаздым. Қазақстан жыл сайын мемлекет қамбасына миллиард пұт астық құятын. Оның өзі отандастарымыздың бойына ерекше рух сыйлаушы еді-ау. Қазақ телевизиясында мен жүргізетін «Алтын дән» деген бағдарлама болды, онда да Дінмұхамед Қонаевтың астықты облыстарды аралауынан арнайы репортаждар жүргізетінмін. Үкімет пен Парламент сессияларынан да арнайы тілші ретінде қанша жыл репортаж жүргіздім, бүгінде соның бәрі тарих. Парламенттегі сессиялар кезінде елдің үлкен тұлғаларынан сұхбат алдым.

Бірді айтып, бірге кетіп жатырмын, Маяқұм елді мекеніндегі орта мектептің 8-сыныбына көштік. Сол жылы бір топ оқушыны комсомол қатарына өткізуге аудан орталығы – Шәуілдірге алып келді. Қызылқұм аудандық комсомол комитетінің әдемі киінген бюро мүшелері түгел отыр. Мені бірінші кіргізді. Ол кезде комсомолға өту үшін БЛКЖО-ның Жарғысын, партия, комсомол басшыларының аты-жөндерін жаттау міндеттелетін. Төрде отырған бұйра шашты, реңі Ғани Мұратбаевқа келіңкірейтін, жасы отыздар шамасындағы жанары өткір ағай сұрақты бастады.

– Кімсің, аты-жөніңді айт, оқу үлгерімің қалай, бәрі бес пе? Қандай қоғамдық жұмыстарға араласасың? – деген сауалдарды бірінен соң бірін қойды.

Хал-қадарымша жауап беріп жатырмын. Бюро деген басқосуды бірінші көруім, жүрек атқақтап тұр. Бір кезде әлгі ағай КСРО-ның партия, комсомол органдарындағы бірінші басшыларының аты-жөндерін сұрады. Мен партияның бас хатшысы Леонид Брежнев, БЛКЖО-ның бірінші хатшысы Евгений Тяжельников деп жауап қаттым.

– Ал енді, Қазақстанның бірінші басшылары кім?

– Партияның басшысы Дінмұхамед Қонаев, комсомолдың бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков деп сарт еткіздім.

– Сен Өзбекәлі Жәнібековті білесің бе? – деді.

– Иә, ол кісі біздің ауылдан, менің әкеммен бірге оқыған. Мен сол Өзбекәлі ағай оқыған мектептен келдім, – дедім.

– Біз партияның, Өзбекәлі Жәнібековтің сөздерін басшылыққа алуымыз керек. Болашақ – жастардікі! Дұрыс айтасың, Өзбекәлі Жәнібеков Отырардан түлеп ұшқан тұлға, – деді әлгі Ғани Мұратбаевқа реңі келіңкірейтін ағай.

Кейін біліп жатырмын, бюроны басқарып отырған ол кісі Қызылқұм аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Арысбек Тәжиев екен. Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің тапсырмасымен, Өзекеңнің тікелей бұйрығымен осы ауданға бірінші хатшы болып сайланған. Сол жылдары ауданда комсомол-жастар бригадалары көптеп құрылды. Қыз-келіншектер трактордың рөліне отырды. Шопандар бригадалары ұйымдастырылды. Құрылысшы жастар туған ауылдарын көркейтіп жатты. Бір сөзбен айтқанда, ол кезде ешкім бос жүрмейтін. Осы істердің бәрінің басы-қасында Арысбек Тәжиев жүрді. Арекең «бұл бірінші хатшы Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей тапсырмасы» деп әңгімені әріден бастайтын. Арысбек ағай кейін партия ұйымдарында басшылық қызметте болды, облыстың құрметті азаматы атанды. Оның өмірінің өзінен кейінгі буынға өнеге болуына ұстазы Өзекеңнің тікелей ықпалы болды десем қателеспейтін шығармын.

Өзбекәлі Жәнібеков, Мұхтар Әлиев және Ержан Уәйіс

Өзбекәлі Жәнібеков Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты кезінде сессиялардағы үзілісте мені қасына шақырып алып, елдің жайын сұрайтын. «Сенің әкеңмен бірге оқыдым, атаң Уәйістен бата алғанмын» дегенді есіме жиі салатын.

Менің үлкен атам – Уәйіс қожаның әкесі Төрежан ахунның есімі Сыр бойына жақсы таныс. Төрежан ахун Хорасан атадан тарайды. Хорасан атаның кесенесі Жаңақорған ауданында. Мен бүгінде сол республикалық Хорасан ата қорының президентімін. Жаңақорғанда жыл сайын 3 мыңнан астам адам қатысатын үлкен жиын, халықаралық конференция өткіземіз. Ата кесенесінің айналасын көгалдандырып, ағаш егеміз. Қазір мұнда 2000 түп ағаш жайқалып өсіп тұр.

Қызылқұм қойнауында өмір сүрген Төрежан ахун имандылықты уағыздау үшін 30 күн Ораза кезінде Арқаға – Сырымбет даласына барады екен. Уәли төре мен оның бәйбішесі баянауылдық Сарғалтай қожаның қызы Айғаным апамен өте жақсы қарым-қатынаста болыпты. Сондай сапарлардың бірінде Уәли ханның ұлы Шыңғыс төре ұлды болып жатқан қуаныштың үстінен түседі. Хан Уәли немересінің атын Төрежан ахунға қойдырады. Төрежан ахун нәрестені қолына алып, «сенің есімің Мұхамед-Ханафия болсын!» деп үш рет айға азан шақырып, атын қояды. Айғаным апамыз кішкентай немересін еркелетіп, «Шоқаным, Шоқаным, Шоқаным» деп атап кеткен екен. Шоқан Уәлихановтың есімі осылай қойылған. Осы жәйтті Өзбекәлі ағаға айтып бергенде, «мұны әлі зерттеу керек, жүрген жеріңде айтып жүр» деп тапсырып еді. Менің бұл әңгімемді Өзағаңның өзі де көп жерлерде айтып жүріпті. Тіпті, Уәли ханның тікелей ұрпағы Шот-Аман Уәлихановқа да айтып беріпті.

Бірде Өзағаң менен «Аталарыңның ұстаздары кім екенін білесің бе?» деп сұрады. Білгенімше айтып жатырмын. Сыр бойындағы Айқожа ишан, Құлболды ишан, Марал ишан, Қосым ишан, Тұрмағанбет шайыр, Садридин Айни, бәрі де Бұқарада – Көкілташ, Мір Араб медреселерінде білім алған. Айқожа ишан Жаңақорғандағы Ақтас мешітін салдырған. Кейін сол мешітте Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың әкесі («халық жауы» деген жаламен атылып кеткен) Мұхамеджан Нүрекеев медресе ашып, бала оқытыпты. Ол мешіт кеңес заманында мал қораға айналған еді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің кеңестің солақай саясатын іштей қолдамағанын анық білемін. Сол жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Дін істері басқармасының Қызылорда облысындағы өкілі, жазушы Бегімбай Ұзақбаевқа телефон шалып, «Ақтас мешітін мал қорадан тазала, айналасына ағаш ек, ішіне қазақтың оюланған киіз-текеметі қойылсын» деп тапсырма бергені есте. Бегімбай Ұзақбаевтың өзі «Сол жұмысты үш күнде бітірдім. Өзіміз партия саясатынан қорқып отырып, Өзекеңнің ұлтшылдығына, қайсарлығына тәнті болып едік» деп еске алатын.

Мұндай жағдайлар Мұхтар Әуезовтің Оңтүстік сапарында да жиі кездесіпті. Ұлы Мұхаң Шаян, Созақ аудандарын аралаған сапарында Созақтағы Бабата, Ысқақ баб кесенелеріне қайырылыпты. Аталған екі кесене де ол жылдары мал қораға айналған. Ұлы жазушы қасына еріп жүрген аудан басшылары Төлепбек Назарбеков пен Әділ Сасбұқаевқа базынасын айтыпты. Осы әңгімені Өзағаңның өз аузынан естіп едім.

Телевизияда жұмыс істейтіндіктен республика көлемінде өтетін көптеген іс-шараларға қатысамын. Ол жиындарға Өзбекәлі аға да қатысады. Сондай жиындарда елдің мәдени-тарихи мұралары – Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Жошы хан, Бекет ата, Марал ишан кесенелері туралы, Сарайшықтың орны туралы өткір-өткір мәселелер көтеретін. Марал ишан дегеннен шығады, Марал ишан – Абылай ханның ұлы Қасымның бөлесі. Қасым ханнан Кенесары туады. Абылай ханның үзеңгілес кеңесшісі Керей ата ұрпағы Құрманның ұлы Марал атақты Тұрмағанбет ақынмен Бұқарада бірге оқыған.

Тұрекең – ірі шайыр. Ол заманында кеңестік Қазақстанның бас идеологы атанған Темірбек Жүргеновтің қамқорлығында болады. Шығыс жұлдызы Фирдоусидің «Шахнамасын» қазақша сөйлеткен үлкен талант. Тұрмағанбет Ізтілеуов тұрған ауылдан (бұрынғы Ленин атындағы кеңшар, қазір Тұрмағанбет ауылы) 100 шайыр, 100 ахун шыққан деп айтылады.

Төрежан ахун бабамыз исламды насихаттау үшін ұлдарын еліміздің әр аймағына жіберіп отырған. Бір ұлы атақты Шыңғыстауды қоныс қылыпты, екінші ұлы Түркістанға – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, ал Уәйіс баласын Арыстан баб әулие кесенесіне жібереді. Уәйіс сол жерде бала оқытып, Арыстан бабта шырақшы болады, емшілікпен айналысады, көріпкел әулие атанады. Ол кісі адамдардың жоғалтқан малын кітап ашып отырып, тауып береді екен. Уәйіс қожа заманында қазіргі Қоғам ауылында имандылық мектебі қалыптасады. Қоңырат ағайындар пір тұтып, абыройын асқақтатады. Шәуілдір ауданын қолымен құрған атақты Дүйсенбай Алтынбеков Уәйіс қожаны сырттай қамқорлыққа алады. Кейін баба ұрпақтары қожа-молдаларды қудалаудың құрбанына айналады. Сенесіздер ме, сол шағын ауылдан колхоз төрағасы Оспан Шораев бастаған тоғыз Социалистік Еңбек Ері шықты!

Оспан Шораев өте беделді кісі еді. Сол кездегі Қазақстан Үкіметінің басшысы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновпен тікелей қарым-қатынаста болды.

Өзекеңе Алланың берген сыйы болса керек, ол кісі басшылықтың барлық баспалдағынан өтті. Қазақстан комсомолы ОК бірінші хатшысы, БЛКЖО ОК бюро мүшесі, облыстық партия комитетінің хатшысы, Орталық Комитеттің бөлім меңгерушісі, Мәдениет министрінің орынбасары, Мәдениет министрі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болды. Қандай қызметте жүрсе де, кеудемсоқтыққа салынған жоқ, керісінше қызметі жоғарылаған сайын халқының табанына топырақ болып төселе берді. Ініге ізетті ұмытқан жоқ, ағаны алқалай білді. Мәселен, Өз­ағаң Мәскеуге келген сайын Нұртас Оңдасыновтың үйіне арнайы кіріп, сәлем беріп шығатын.

«Кешегі Алаш арыстарын ақтауда, Наурыз мерекесін заман талабына сай жаңартып, жандандыруда, тіл туралы заңды дайындауда, Тайқазанды елге әкелу мәселесінде Нұртас Оңдасыновтың ақылына жиі жүгіндім», – дейтін Өзекеңнің өзі.

Кейін Нұртас Оңдасынов Мәскеуде қайтыс болғанда оның мүрдесін туған жерге әкелуге Сағидолла Кұбашев екеуі ерекше қайрат көрсетті. Сағидолла Құбашев те Нұртас Оңдасыновтың тікелей шәкірті болатын. Осы екі кісінің күш салуымен Нұртас Оңдасынов туған жері – Түркістанға жерленді.

Ұстазына осылай құрмет көрсеткен Өзағаңның өзі де шүкір, құрметсіз емес. Қазақстанның басқа түкпірлерін айтпағанда, өзінің туып-өскен елі – Маяқұм елді мекеніне кіре берісте рух сардарының үлкен портреті ілініп, орталық көшеге есімі берілді. Шәуілдірде өзі оқыған мектепке аты берілді, аудандағы мұражайдан бұрыш ашылды. Сондай-ақ, өзі біріншіден жетіншіге дейін оқыған Маяқұмдағы Ш.Уәлиханов мектебінде Ө.Жәнібеков атындағы үлкен мұражай ашылған, бюсті қойылған. Мен ол мұражайға Өзағаңның бірнеше суретін сыйға тарттым.

Ауылда түрлі іс-шара Уәйіс атамсыз өтпейтін. Өзағаңның екінші әкесі Сейтеков Серім ата да елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақырып жүретін өте сыйлы кісі еді. Ауыл ақсақалдары ол кісіні «Серім датқа» дейтін. Ел арасында дау-дамай туа қалса, соның бәрін Серім ата өзі реттейтін. Елдің жайына келгенде бір ақылдасатын кісісі Уәйіс атам еді. Серім датқа қасына үнемі жас Өзбекәліні ертіп жүреді екен. Мұның себебін сұрағандарға «көпшіл, халықшыл болып өссін» дейді екен.

Мен кезінде үлкен бабаларымыз және туған жер туралы «Төрежан ахун» деген кітап шығардым. Онда тарихи суреттерге көбірек орын берілген. Кітапқа Хорасан ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелерінің әсем суреттері орналастырылып, Дінмұхамед Қонаевтың, Нұрсұлтан Назарбаевтың, Өзбекәлі Жәнібековтің, түрік президенттері Тұрғыт Озал мен Ережеп Тайп Эрдоғанның бейнелері көрініс тапқан. Сол кітапта «Уәйіс атаның Өзбекәліге батасы» деген тарау бар. Ол батаны Серім атаның ұлы, бүгінде 93-ке келіп отырған Абан қариядан жазып алған едік:

«Уәйіс ата деген елдің қадірлі қариясы әрі ұлағатты ұстазы болған, талай өзінің қасиеттерін айналасына таратқан, жақсы адам болды. Менің әкем Серім мен Уәйіс ата екеуі ағалы-інілі болды. Біз Уәйіс атаның өкіл баласы болдық.

Уәйда, Нұртаза бәріміз бір мектепте оқып, бір аулада өстік. Өзбекәлі бәрімізден озықтау оқыды, біз біреуміз бірінші, біреуміз екінші, біріміз үшінші сыныпта оқыдық. Ол кезде бір кабинетте екі-үш сынып бірге оқитын. Соғыстың қайнап тұрған уақыты, сол уақытта Өзбекәлілер осы жерде тары қорыды. Жалаңаяқ су кешіп, егін суарды. Тамыздың басында Өзбекәлі 7-сыныпты бітіріп, 8-сыныпты оқу үшін Шәуілдірге, Жамбыл мектебіне кетті. Уәйіс атамды шақырып, Өзбекәліге атамның батасын әперді әкем. Сондағы берген батасы мынау:

– Шырағым, Өзібек Әлі, Құдай қаласа жорытқанда жолың болсын, көргенің жақсылық болсын, арғы бабаларыңның тегі бар, тектіден текті туар деген. Сен әлі халықтың азаматы боларсың, сенің атыңды әкең Өзібек Әлі деп қойған, сол тілегі қабыл болсын, мына Серімнің тілегі қабыл болсын, сен Құдай қаласа бұларды талай шыңнан асырасың! Сонда сен мына елдің бәрін бірдей көр, ешуақытта елді ұмытпа, Құдай қаласа жолың болады!

 Міне, Уәйіс атамның осы батасы қабыл болған шығар, Өзбекәлі Жәнібеков алақандай Маяқұмда туып-өсіп, тұтас Алаштың, бүкіл Қазақстанның азаматы болды. Қазақ деген халықтың мақтанышына айналды. Өзіне дейін ешкімнің шамасы жетпеген Ленинградтағы Эрмитаждан Тайқазанды алдырды. Сол арқылы қазақтың рухани ырыс-несібесін қайтарды. Наурыз тойы жаңа сипатқа ие болды. Бүкіл елде атеизм салтанат құрып тұрған уақытта тәуекел жұтып, Айша бибі, Әзірет Сұлтан, Бекет ата, Арыстан баб кесенелерін жөндетіп, жойылып кетуден аман сақтап қалды. Өзбекәліні сонау биікке көтерген әуелі Алла, сосын осы Уәйіс атаның батасы деп ойлаймыз. Уәйіс қожаның артында қалған ұлдары Үбайда, Нұртаза елге сыйлы азаматтар, немерелері Нұржан мен Ержанның есімдері де Қазақстанға белгілі. Мұны жазған Абан Серім Өзбекәлі Жәнібектің бауыры».

Өзбекәлі Жәнібековтың туып-өскен жері әйгілі Отырар ауданы екені белгілі. ХІІ ғасырда Отырар қаласы – Орта Азиядағы ең ірі қалалардың бірі болған. Отырартөбеге жыл сайын археологиялық қазба жұмыстары жүргізіледі. Осы жұмыстар да кезінде Өзағаңның тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылды. Осыдан біраз жыл бұрын дарияның суы тасып, Маяқұм елді мекенін су алып кетті. Үкімет маяқұмдықтарға үлкен көмек көрсетіп, жаңадан бес бөлмелі 100 үй салып берді. Маяқұмдықтардың қоныстойына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, халықпен кездесті. Тұңғыш Президентке тұрғындар алғысын айтты. Сол кездесуде бұл елде Өзбекәлі Жәнібековтің туып-өскені сөз болды. Сонда Елбасы «Халқымыз құрметтейтін ұлтжанды азамат Өзбекәлі Жәнібеков менің ұстазым болған» деп Өзекең туралы жылы лебіз білдірді. Өзбекәлі Жәнібеков Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып тұрған кезінде Теміртауда Қазақстан Магниткасында аға горновой болып жұмыс істеп жүрген Нұрсұлтан Назарбаевты Теміртау қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы етіп тағайындау туралы бұйрыққа қол қояды. Кейін тұңғыш ғарышкер Юрий Гагаринді қарсы алу салтанатында Өзбекәлі Жәнібеков пен Нұрсұлтан Назарбаев бірге болады.

Уәйіс атамызды Сыр өңірі, Түркістан, Отырар аймағының жұрты пір тұтқанын айттым. Соның бір дәлелі – ол кісі маяқұмдық Социалистік Еңбек Ерлері Қайқыбай Қуатбековпен, Нұсқабай Құлымбетовпен ағалы-інілі болып араласты. Нұсқабай атаның үлкен ұлы Әтібай Өзағаңмен Шәуілдірде бірге оқыған, екінші ұлы Жарылқасын Қазақ телевизиясында Бас редактор (мені телевизияға қызметке қабылдаған осы Жақан ағай болатын) болып қызмет атқарды. Жарылқасын аға сондай-ақ бірнеше баспаның бас директоры болды. Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры, академик атағына ие болды. Алматыда Өзбекәлі ағаймен ең жақын туыстық қарым-қатынаста болған осы Жарылқасын ағай. Нұсқабай атаның үшінші ұлы Әбілқасым Қызылқұм, Отырар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудан әкімі қызметтерін атқарды. Қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков 1991 жылы 29 тамызда 60 жасқа толғанда Әбілқасым аға Отырардан арнайы келіп, Өзағаңа ақбоз ат мінгізген еді. Айтайын дегенім, Социалистік Еңбек Ері Нұсқабай Құлымбетовтің мүрдесі де Арыстан баб мазаратына жерленген Уәйіс атамның қасына қойылды. Ортада адам жоқ. Одан сәл төменіректе Өзбекәлі Жәнібековтің көк күмбезді кесенесі менмұндалап тұр. Жер-жерден Арыстан бабқа зиярат ете келгендер Уәйіс атамызға да, Нұсқабай атаға да, Өзекеңе де арнайы Құран бағыштайды.

Жарылқасын Нұсқабаев сол кездегі бас мүфти Әбсаттар Дербісәлімен, Отырар ауданының сол кездегі әкімі Әлімжан Кұртаевпен бірге Сирияға барып, әл-Фарабидің мәңгілік тыныс тапқан жерінен бір уыс топырақты осы Арыстан баб кесенесіне әкеліп, арнайы стеллаға қойған ғалым. Өзағаңның курстас досы Ауданбек Көбесов әл-Фарабиді көп зерттеген еді. Енді міне, Арыстан баб, әл-Фараби мен Өзбекәлі Жәнібековтің топырағы бір жерде. Мұны өз басым кездейсоқтық деп ойламаймын…

Алматыда оқып жүрген кезімізде Қалихан апамыздың шайын ішеміз деп Өзбекәлі ағаның үйіне інілері Тұран Ізтаев, Көпен Әмірбек, мен және ағаның қарындасы Ақбол Серімова анда-санда барып тұратын едік. Аға сұсты көрінгенімен, табиғаты өте қонақжай еді. Бір шешілуі қиын, бір шешілді бар ма, тыңдаушысын, яғни бізді өзіне ерекше баурап алатын. Сөйлеп отырғанда бізге ерекше мейірімі төгіліп отырғанын аңғару қиын болмайтын. Кетерімізде Қалихан апа «сендерге Өзбектің жолын берсін!» деп бата беретін.

Өзбекәлі аға ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың үлкен өнердегі жолын ашқан тұлға болды десек, қателеспейміз. Заманында бүкіл қазақ даласына ән салдырып жіберген Шәмші Қалдаяқовтың Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атануына Өзағаң қосқан үлес зор. Сыйлық ақын Қадыр Мырза Әлі айтпақшы, дарынға ғұмыр бермегенмен, тұғыр береді. Мемлекеттік қызметте істегендер жақсы біледі, ол заманда қоғам заңымен емес, өз заңымен өмір сүріп жүрген Шәмші Қалдаяқовқа Қазақстандағы ең үлкен екі сыйлықтың бірін алып беру оңай іс емес еді. Бәріне қатаң қарайтын сол кездегі жүйе сыйлық беруге ықпал еткен адамды да іздеп тауып, бір-ақ сәтте басына қара бұлт үйіріп қоя алатын. Жәнібеков осының бәрін біліп тұрып, Шәмшінің, яғни таланттың, одан да әрірек кетсек жаңарған қазақ өнерінің мерейін өсіру үшін нар тәуекелге барды. Ертең басыммен жауап беремін ғой деп кібіжіктемеді. Демек, мына қоғам таланттарды қолдауды да Өзбекәлі Жәнібековтен үйренсе, артықтық етпейді.

Мен еліміз тәуелсіздік алған соң шетелде аккредитацияға тіркелген тұңғыш қазақ журналисі болып, Түркияда Қазақ телевизиясы мен радиосының арнаулы тілшісі, Германиядағы Азаттық радиосының (басшысы Хасен Оралтай) тұрақты тілшісі, одан соң Түркиядағы Қазақстан елшілігінде, нақтысы Стамбулда Бас консул қызметтерін атқардым. Кейін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметінде болдым. Түркияда қызмет атқарып жүргенде бірде Стамбулға қасында белгілі қаламгерлер Ақселеу Сейдімбеков пен Қойшығара Салғараұлы бар Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз келді. Ол кісі араламаған тарихи орындар қалмады десе де болады. Осман империясы кезінде салынған мешіт-мұражайлардың тыныс-тіршілігімен танысты. Сол сапарында түрік сұлтандарының әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, олардың өздері ғана емес, өмір сүрген замандарының жай-жапсарына дейін тоқталғанда жергілікті түрік ғалымдары қазақ ұлының терең біліміне тәнті болды.

Сол сапарында жиналғандарға Түркістанның, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің келешегі зор болатынын айтты. Біз бүгін сол сөздің растығына көз жеткізіп отырмыз.

Өзағаң қазақ тарихын қалыптастыруда академик Манаш Қозыбаевпен бірлесіп көп дүние бітірді. Осы мақалаға Өзағаңның Балғабек Қыдырбекұлымен, Манаш Қозыбаевпен және осы жолдардың авторымен түскен суретін қоса жариялап отырғаным содан.

Өзбекәлі Жәнібеков Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметінде жүргенде республиканың барлық өңірінде болып, жас ұрпақ өкілдерімен көптеген кездесулер өткізді, жастардың рөлін көтеруге ерекше үлес қосты. Ол кезде бүкілодақтық, республикалық екпінді құрылыстар көп болатын. Қазақстан Магниткасы атанған Теміртаудағы құрылыста жастардың ортасында жүрді. Екібастұз ГРЭС-інде, Маңғыстаудағы Қаламқас, Қаражамбас, Бозашы мұнай кеніштерінде, Жамбылдағы фосфор зауытында, Қостанайдың егістік алқаптарында, Торғай боксит рудасы кәсіпорнында, Семейдегі Жаңа Шульба ГЭС-інде, Ақтөбедегі ферросплав зауытында оның іздері сайрап жатыр. Қаратау, Жаңатас, Кентау, Ақтау, Рудный, Текелі, Қапшағай қалаларын сол кездің жастары салды десек, шындықтан алшақтамаймыз. Демек, ол қалаларда да Жәнібековтің қолтаңбасы бар.

Жәнібековтің комсомолдағы қызметі Қазақстанда қой шаруашылығын өркендету кезеңімен тұспа-тұс келді. Сол жылдары еліміздің қой өсіретін барлық аймағында шұбартаулық жастардың бастамасы қолдау тауып, жер-жерде комсомол-жастар бригадалары құрылып жатты. Мойынқұмдық даңқты шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың шопан таяғын жастарға өткізу, шиелілік диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың қасиетті қара кетпенін ізбасарларына тапсыру салтанаттарына Өзбекәлі Жәнібековтің өзінің келгенін бүгінде сол өңірдің көнекөз тұрғындары жыр қылып айтады. Қазақ топырағынан тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин көкке самғағанда да Өзбекәлі Жәнібеков, қасында Нұрсұлтан Назарбаев бар, тарихи сәтке бірге куә болған еді. Одан кейін екінші ғарышкер Герман Титовты Өзекең Мәскеуден арнайы шақырып, Қызылорда облысына, Байқоңырға ертіп келді, Сыр жастарымен жүздестірді. Шиелі жастарымен атақты диқан Ыбырай Жақаевтың кездесуін ұйымдастырып, жастарға мұратқа еңбек қана жеткізетінін түсіндірді. Сол кездесуде Өзекеңнің жанында Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасен Бектұрғанов, облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Абылай Айдосов бірге болған еді.

Бір жылдары коммунистік партияның түкірігі жерге түспей тұрған заманында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің секретариатының кезекті бас қосуы өтті. Оны Орталық комитетінің хатшысы Мельник жүргізіп отырды. Қазақстан ауыл шаруашылығы министрі Рогинец, «Казсельхозтехника» республикалық бірлестігінің басшысы Батраков сөз сөйлеп, қыз-жігіттерді қой бағуға, механизатор-трактор рөліне отыруға, сауыншылық салаға баруға шақырды. Батраков жолдас жаңа К-700 алып тракторлар мен комбайндарды тек қыздарға беретінін айтып көкиді. Бір кезде Өзбекәлі Жәнібеков сөз алды.

«Жолдастар, әлгі сөйлеген министрлер Қазақстанға жаңа техникаларды алдырғаны құптарлық іс. Оларды 30-40 жылдан бері ескі техникаларды жүргізген тәжірибелі жүргізуші мамандарға беру керек. Ал, жастардың білім алғанын, жоғары оқу орындарына түскенін қалар едім. Қыз-балалардың рөлге отыруына мен қарсымын. Олар ертеңгі ана емес пе?!» – деп кесіп айтты және бұл ұсыныспен мүлдем келіспейтінін білдірді.

Жиын Жәнібековтің сөзімен аяқталды. Алайда, партияның сөзі ұрып тұрған заманда бастамалар кейіннен қолдау тауып жатты. Сол кездері қазақ қыздары жаңа трактор рөліне отырды. Қостанайлық Кәмшат Дөненбаева, ақмолалық неміс қызы, қазақ келіні Наталья Геллерт алып тракторларды жүргізді. Кейін екеуі де Социалистік Еңбек Ері, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Міне, партияның саясаты осындай еді…

Өзбекәлі Жәнібеков сол кезді былай еске алған еді көзі тірісінде: «Қазақстан Үкіметін бірнеше жыл басқарғаннан соң, Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы (ол кезде Маңғыстау облысымен бірге) Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың мына бір тәжірибесі ойыма келді. 1958 жылы Маңғыстау ауданынан мектепті бітірген 30 қыз-жігіттер екі жыл қой бағуға баруға тілек білдіріп, Обкомның бюросына келеді. Нұртас Оңдасынов жолдас олардың әр қайсымен жеке-жеке сөйлесіп, пікірлерін тыңдайды. Сол Маңғыстау ауданынан келген бұйра шашты жас жігіт Әбіш Кекілбаев та бар еді. Нұртас Оңдасынов: «Қарақтарым, қой бағуды қазақтың маңдайына жазып қойған жоқ қой. Сендер бұл райларынан қайтыңдар. Екі жыл қой баққаннан соң, бастарыңда не қалады?! Жоғары жаққа оқуға барыңдар. Мен сендерге Мәскеу, Ленинград, Ташкент, Алматыға баруға арнайы жолдама беремін», – деп әңгіменің тоқетерін айтады».

Мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов Әбіш Кекілбаевқа КазГУ-ге жолдама берді. Ұлы тұлғаның қамқорлығының арқасында Әбіш ағамыз көрнекті жазушы атанды. Бұл оқиғаны Әбіш ағада жүрген жерінде айтып жүрді.

Түркияда елшілікте қызмет атқарып жүргенде Анадолы жеріне Қазақстаннан көптеген делегациялар, белгілі тұлғалар келетін. Делегацияларды күтіп алу, ресми жерлерге, тарихи орындарға апару маған жүктелетін. Өйткені, менде жеке қызметтік көлік болды. Бір күні Түркияға белгілі мемлекет қайраткері Михаил Иванович Есенәлиев келді. Қасында Советқазы Ақатай бар. Түркі дүниесінің көшбасшыларының бірі болған Алпарслан Түркешке жолықтырдым, кездесу өте сәтті өтті.

Сол сапарда Михаил Есенәлиев маған «Енді мені Михаил Иванович деп атама, Мәке десең жетеді» деп еді… Кеткенше «Мәке аға» деп жүрдім. Есімнен кетпейтіні, Мәке аға өзінің ең жақын досы Өзбекәлі Жәнібеков туралы күнде бір жақсы әңгіме айтатын. Михаил Есенәлиев Өзбекәлі Жәнібековпен бірге Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы болды. Кейіннен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мәдениет бөлімінің меңгерушісі, алғашқы Сыртқы істер министрі қызметін атқарды. Олар отбасылық жақсы достар еді. Камал Смайылов пен Ғайникен Бибатырованың Өзекеңнің ең сенімді серіктері болғанын да сол сапарында айтып еді.

Михаил Есенәлиевтің сол сапарда айтқан мына бір әңгімесі де өнегеге толы әңгіме десем, оқырмандар келісетін шығар деп ойлаймын. Өзағаң Торғай облысында идеологиялық хатшы болып тұрған уақытта Ресейдің Челябі, Қорған облыстарында бүкілодақтық алқалы жиын өтіп, сол жиынға Мәке ағамыз да қатысады.

«Енді елге қайтамыз деп тұрғанда қонақүй нөміріндегі телефоным шырылдады. Көтерсем Өзбекәлі досым екен.

– Мәке, Торғай өңірі тарихқа тұнып тұрған өлке болып шықты. Осында қызметке келгелі жер-жерлерден, ауылдардан әртүрлі жәдігерлер жинастырып жатырмын. Құдай қаласа, облыстық өлкетану музейін, театр және мәдениет үйлерін ашпақпын. «Шертер» деген ансамбль құрдық, өнерін тамашалайсың. Таяуда осы біткен жұмыстардың бәрін үлкен іс-шара етіп өткізбекпіз. Сол іс-шараға қатысып, лентасын кесесің, өзің ашып бересің, – деді.

– Ойбай, Өзеке, оған Орталық Комитеттен рұқсат алу керек әрі Торғайға бару дегеніңіз… қазір мен тұрған жерге тіпті қиыс қой, – деп едім, шарт кетті.

– Қысқасы, келесің бе, келмейсің бе? Келмесең, сенімен достығымды шорт кесемін! – деп телефонды тастай салды.

Өзекеңнің мінезін өте жақсы білемін ғой. Дереу телефонды қайта қостырып, келетінімді айттым. Барсам жаңа құрылған Торғайдың мәдени өміріне кәдімгідей қан жүріпті. Бірталай мәдениет, өнер нысандары ашылған. Музейге ауыл-ауылдан жинаған жәдігерлерімен таныстырды. «Мынау XVIII ғасырдың басында жасалған жеті қазынаның бірі – итке арналған итаяқ-астау. Оюлап өте шебер жасапты. Аманкелді ауданын аралаған сапарымда бір малшының дәу төбетінің алдынан көрдім. Иесі тамақ беріп жатыр екен. Дереу жабыса кеттім. Шопан менің әрекетіме таң қалып, аузы ашылып қалыпты. «Ала беріңіз» деді жайбарақат. Дереу тазалап жудырып, машинама салдырдым да Арқалыққа музейге алып келдім», – дейді қайран Өзекең.

Осыдан кейін Торғай өңірінде итаяқ туралы жақсы әңгімелер көбейді. Бұл Өзекең үшін ұлтқа қатысты қандай мәселеде де ешқандай ұсақ-түйек болмайтындығының керемет көрінісі еді», – дейді Мәкең.

Мен де Мәкең Есенәлиев ағадан естіген осы әңгімені көпшілікке үнемі айтып жүремін.

Сөз соңында қазақтың қайсар ұлдарының бірі – 1938 жылдан 1953 жылға дейін Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы, 15 жыл Қазақстан Үкіметін басқарған, кейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы болған Нұртас Оңдасыновтың: «Біріншіден, менің қолым таза, ешкімнен бір нәрсе алып, арымды былғағаным жоқ. Екіншіден, жан-дүнием таза. Үштіктің айтақтауына еріп, біреуді жамандап, сыртынан қол қойғаным жоқ. Үшіншіден, жүзім таза, ешкімді алаламадым, руға, жүзге бөлмедім. Тек бір қазақ халқына, оның болашағына адал қызмет еттім», – деген ұлағатты да асыл сөздерін мен тура Өзбекәлі Жәнібековке арнар едім. Өйткені, ол қолы – таза, жүзі – ашық болып өмірден өтті.

«1991 жылы 28 тамызда коммунистік партия тарқап, өз жұмысын тоқтатты. Сол күні Өзбекәлі Жәнібековтің туған күні еді. Ол туған күн шағын топпен тойланды. Зейнет жасына толған Өзағаңа қызмет ұсынылмады. Меніңше, ол кісіні ең болмағанда елшілік қызметке, әсіресе, түркітілдес мемлекеттердің біріне жіберуге әбден болатын еді… Одан көп нәрсе ұтар едік. Нағыз елші, нағыз диломат, нағыз қайраткер осы Өзекең емес пе?!» Бұл – Мәкең Есенәлиев ағаның Өзекеңе берген ақиқат бағасы. Расында да, заңғар жазушы Шыңғыс Айтматов та, режиссер Төлеміш Өкеев те, ақындар Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов та шетелдерде елші қызметтерін атқарды ғой.

Иә, өмірдің көш-керуені тоқтаусыз өтіп жатыр. Бар қазақтың Өзбекәлісінің туғанына биыл – 90 жыл. Қазақ тұрғанда Өзбекәлі Жәнібековтің аты өшпесе керек. Себебі, ол бүкіл саналы өмірін қазақтың атын өшірмеуге арнады. Ендеше, ұлты үшін ұлы тірліктер атқарған тұлғаның мерейтойын лайықты дәрежеде атап өту – баршамызға сын. Әсіресе, ел тізгінін ұстаған азаматтардың қастерлі борышы деп білемін. Қайсысымыз да қазақта екі Өзбекәлі жоқтығын жадымыздан шығармауымыз керек!

Ержан УӘЙІС,
Маяқұмда Өзбекәлі Жәнібеков оқыған мектептің түлегі,
тележурналист, дипломат,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here