Ыбырай Алтынсарин – 180: Торғай даласында іске асқан арман

0
6928
Қостанай қаласындағы Ы.Алтынсарин мен Л.Толстой көшелерінің қилысындағы Ыбырай Алтынсарин ескерткіші

Осы кезге дейін баспасөз бетінде биыл туғанына 180 жыл толып отырған көрнекті ағартушы-педагог, жазушы, этнограф Ыбырай Алтынсарин жайлы қанша жазылса да, оның қолға алған тың бастамасына Торғай өңіріндегі нағашы жұрты қолдау көрсеткені жөнінде айтылмай келеді. Тек өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, ыбырайтанушы Әсет Ламашевтің және ХХІ ғасыр басында А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, ыбырайтанушы, белгілі ақын Серікбай Оспановтың ұлы ұстаз жайлы жазған ғылыми еңбектерінде оның нағашы жұрты туралы деректер келтіріледі. «Жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан» дейтін қазақ ата-тегімен бірге нағашы жұртын да түгендейтіні рас. Сондықтан осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында бұған дейін баспасөз бетінде жазылмай, назардан тыс қалып келген ұлы ағартушының анасы, нағашы жұрты жайлы төмендегі мақаланы оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Ыбырай Алтынсариннің нағашы атасы – Мұсаұлы Шеген би

Қазақтың тұңғыш ағартушысы Ыбырай (Ибраһим) Алтынсарин ашқан қазақ балаларына арналған тұңғыш мектептің Торғай жерінен салынуы және оның нағашылары жайлы деректерді Ресейдің және еліміздің мұрағаттарынан кездестіруге болады. Олардың бірқатар көшірмелері Қостанай қаласындағы облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық  мұражайынан, Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының жанынан ашылған Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық мұражайынан және қарт Торғайдағы Ы.Алтынсарин мемориалдық мұражайынан орын алған. Шындығында да, «Мұндай мектепті қазақ өлкесінің Торғайдан басқа да бекіністерінен, мәселен Семейден, Ақмоладан, Ақмешіттен, Верныйдан ашуға болмас па еді?» немесе «Ыбырай Алтынсарин Қостанай өңірінде дүниеге келгенін ескерсек, ол мектепті Тобыл бойынан неге ашпаған?» деген сұрақтардың туындауы да заңды. Бұл сұрақтарға жауап жетіп жатыр. Соның бастысы, ұлт мектебін ашуға қамқор жандардың Торғай өңірінен көбірек табылғаны. Дәлірек айтқанда, Ыбырай Алтынсариннің мектеп ашарда нағашы жұртына арқа сүйегені. Ал, оның нағашылары кімдер еді? Соған қолымыздағы айғақты деректерді тиек етіп көрейік.

Ыбырай Алтынсариннің туған нағашы атасы – Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек тарханның шөбересі, есімі Орта жүзге белгілі «Торғайдың төбе биі» атанған Мұсаұлы Шеген би. Шегеннің бәйбішесі Керей қызы Серке анамыздан Қазыбек, Бірімжан, Бектеміс атты үш ұл және Аймен, Айшық есімді қыздар туады.

Шегеннің жоғарыда айтылған осы екі қызының үлкені Аймен Тобыл бойындағы алтыбас Қыпшақ Балғожа бидің баласы Алтынсарыға ұзатылады. Айменнен 1841 жылы Ыбырай (Ибраһим) туады. Әкесі Алтынсары 1844 жылы Кенесарының шапқыны кезінде қаза тауып, Ыбырай жастай атасы Балғожа бидің тәрбиесіне көшеді.

Ыбырай бала кезінен халық дәстүріне берік атасы Балғожа бидің айтуымен киелі Тосынды жатсынбай Торғайдағы нағашыларына жиі қатынап тұрған. Нағашы жұрты өз кезегінде жиенді сыртқа теппей, керісінше «қыздан туғанның қиығы жоқ» деп бауырына тартып отырған. Нағашы атасы Шеген би баланың зерделігіне баса назар аударып, тәрбиесін де аямаған.

Ұлы ағартушының туған нағашы атасы Мұсаұлы Шеген би Торғай аймағының атақты кісілерінің бірі, жоғары шекті бөлімінің ру басшысы болған. Ол туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Нәсенов «Кенесары – Дала маршалы» атты кітабында былай деп жазады: «Мен Кенесары Қасымовтың көтерілісіне байланысты Ресей мұрағаттарында өте көп істермен таныстым. Солардың ішінде Шеген ақсақалға байланысты көптеген құжаттарға кездестім. Біразын осы кітапқа кіргіздім. Менің түсінігімде бұл атамыз өте ақылды, кеңпейілді, мырзашылығы мол жан. Әрі өте бай болған. Сол себепті кімде-кім не нәрсеге кемтар болса, соларға шын пейілмен көмектескен».

Өкінішке қарай, Мұсаұлы Шеген би туралы айтылар ақиқат әңгімелерді көп уақыт айта алмай қорғаншақтап келдік. Ол туралы әңгіме қозғалса сөз арнасын басқаға бұрып кетіп жүрдік. Соның салдарынан «Торғайдың төбе биі» атанған Мұсаұлы Шеген би осы уақытқа дейін өз дәрежесінде насихатталмай, ХІХ ғасырдағы қазақтың би-шешендері қатарынан өз орнын ала алмай келеді. Дегенмен, халық санасына ұялаған тарих сырлары ауыздан ауызға таралып, ұрпақтан ұрпаққа көнекөз қарияларымыздың әңгімелері арқылы жетті. Осы орайда есімі елге аңыз болған Мұсаұлы Шеген би туралы ең алғашқы рет өткен ғасырдың отызыншы жылдары М.Әуезов қалам тартса («Хан Кене» пьесасындағы Шеген қария), сөз орайы келгенде  жазушы І.Есенберлиннің  1976 жылы шыққан, қазақтың «қамал бұзар алғашқы шығармасы» болып есептелетін «Көшпенділер» тарихи трилогиясын да атап өту керек.

Қостанай облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық мұражайындағы Шеген бидің шапаны

Сөзіміз дәлелді болу үшін содан үзінді келтірейік: «…Егер Сыр бойында жеке алысып жүрген Нұрмұхаммедтің Жанқожасы басқарған Кіші жүздің бір қауым қарашысын, Атыраудың күнгей қапталындағы Адайды, әлі де Шеген бидің қарамағынан шыға алмай келе жатқан Арғынды /Торғай арғындары, – Е.Қ./ өз жағыма тарта алсам, бар қазақтың басын қосқаным емей немене» деп ойлайтын Кенесары». Көріп отырғандай, аттары жалпақ қазақ еліне жайылған осы үшеуінсіз ойлаған ісі жүзеге аспайтынын, қазақша айтқанда, «төртеу түгел болса, төбедегі келетінін» Кенесары жақсы түсінді. Сондықтан да, Кенесары олармен жақындасуға тырысты.

Осындай аласапыран кезде артында сөзін тыңдар елі бар Арғынның биі Мұсаұлы Шеген секілді табанды бимен Кенесары санасып, әркімге көрсеткен жуандығын көрсетпей, қаһарын төге қойған жоқ. Дүниені дүр сілкіндірген Шыңғыс хан мен аты алты алашқа мәшһүр, қазақ халқының әйгілі ханы Абылай нәсілі, «берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан аламын» дейтін Кенесары хан Шеген бимен найза ұшында емес, терезесі тең тұлғалар тұрғысынан ортақ тіл табысып, ақыл-қайрат ұшқындаған нағыз ерлерше табысқан.

Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалысына қалам тартып, зерттеп жүрген тарихшы ғалым, профессор Серік Негимов 2015 жылғы 26 ақпан күнгі №8 санындағы «Ана тілі» газетінде «Ұлттық тарихтың тарланы» атты мақаласында Шеген бидің тарихи хаты жөнінде былай деп жазады: «Кенесары тарихының білімпазы, профессор Ермұхан Бекмаханов тарихи-мәдени, әдеби-фольклорлық деректерді жұтынтып жеткізеді. Мысалы, 1845 жылы Арғын тайпасының ұлтжанды ақылды рубасы Шеген Мусин Ахмет Жантөринге мынадай хат жазған: «Сіз маған алтын алқа бердіңіз. Мойныма таққан соң мен қызға, әйелге айналдым, ал барқыт шапан киіп жас жігітке айналдым… Алтын, күміс ақша алдым. Менің жерімде дала сұлтаны Ахмет бекініс салып маған орыстан әскер берді. Не істеуім керек? Мен Ахметке ризамын. Тек қана басымызға шаш киіп, аузымызды мұртпен жабу ғана қалды. Оны да істеймін әлі! Біздің дініміз бір және тіліміз де бір. Сіз осындай іс жасауға жол бердіңіз. Мен дәрменсізбін. Сіздің патшадан рақым сұраймын деген уәдеңізге біз сеніп қалған едік, бірақ мынадай күтпеген оқиға болды және неден болғанын білмеймін. Менің ойымша, сен тақтық сұлтандықтан, ал мен би лауазымынан бас тартуымыз керек. Мынадай мақал бар: «Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады». Біз кеңесіп іс қыла алмадық, сондықтан мен өзімді лауазымды би, сені тақтық сұлтан деп ойламаймын. Мен: «Ахмет ақылдасатын болар, ойымызды ортаға салармыз» деп ойлағанмын, бірақ бұлай болмады, сондықтан мен өзіммен-өзім ақылдастым. Неліктен бұлай, білмеймін».

Осы жайында халық ақыны Әл-Мұхаммед Оспанұлы: 
«…Батырдан Мұса-Шеген би,
Патшадан шекпен келген сый,
Алдауыш деп алмаған,
Олжа деп көзін салмаған.
Көнбеді деп алдауға,
Жүрмеді деп айдауға,
Қараңғы үйге қаматып,
Сылтаумен патша алған кек», – деп жырға қосқан.

Көріп отырғанымыздай, Шеген бидің абақтыға жабылуы да лақап сөз емес, өмірде болған жағдай. Шеген бидің Орынбор өлкесінің Шығыс бөлімінің билеуші-сұлтаны, төре Ахмет Жантөринге жазған тарихи хаты оның қазақ ұлтының болашағы үшін жанын беретін тұлға екенін көрсетсе керек. Торғай халқы Шегенді жау шебі келгенде бетке ұстар батыры, шытырманға түсіп торықса, жол көрсетер ақылгөйі, күйзелгенде қол ұшын берер қамқоршысы деп білді. Ел арасында «Ойда – Шеген, қырда – Беген тұрғанда қазақты жау ала ма» деген сөз қалған (Беген – Тобыл өңірінің атақты биі, мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың атасы). Сондықтан да, Шеген би туралы халық пікірі мен орыстың алдыңғы қатарлы зиялы қауымының пікірлері өзара үндесіп жатты.

Сайып келгенде, жоғарыда баяндалғандай, Шеген бидің ел намысын ойлайтын ары биік, өте ақылды, жаны таза, етек-жеңі кең пішілген мырза, баба өсиетіне адал жан екенін аңғартады. Серікбай Оспановтың жазуынша, бұл кісі қайтпас ер мінезімен, батырлығымен, ел билеудегі әділдігімен, шешендігімен де танымал тұлға десе, Алаш рухты ақын Хамитбек Мұсабаевтың:

«…Көкірегін күйдірсе де шер-шемен,
Кісілікті адалдықпен өлшеген,
Айыр тілді абыз бидің біреуі,
Жәнібек тархан шөбересі ер Шеген!» – деген жыры бар.

Шеген би өлер шағын сезгесін балаларына төмендегідей өсиет айтып тапсырады: «Ғұмырым таусылған болар. Тәңірінің ісі ғой, оған лаж жоқ. Сендердің алдарыңда алғанға құлмын. Адам болдыңдар. Орнымды жоқтатпайтын халге жеттіңдер. Бірің төре, бірің би, бірің бай, бірің қажы болдыңдар. Анау кішкентай жеті жасар жиен Ыбырайжанға да дұрыс тәрбие берілсе, бір жерді тесіп шығатын түрі бар, көз қырларыңды салып жүріңдер. Қолдарыңнан бәрі де келетініне көзім жеткендеймін. Алайда, мынаны естеріңде сақтаңдар: Болашақта тек білек күшіне сеніп жауды жеңе алмайтынымызды өмір көрсетті. Талапты жігіт нармен тең, білімді жігіт нұрмен тең. Сондықтан алдағы өмірде ұрпақтарыңды білімге ұмтылдырыңдар. Қорғанудың алғы шарты – білім». (Қараңыз: байырғы журналист-баспагер, Шеген ұрпағы Ә.Бектемісовтің 1976 жылы жазған баспа бетін көрмеген «Мұса-Шеген» атты қолжазбасының «Шегеннің өсиеті» тарауы, 318 б.).

Міне, Шеген бидің айтқан осы өсиеті оның көкірегі сезімді, көңілі ояу ұрпақтарымен қатар жиені Ыбырай Алтынсаринге де көзінің ерте ашылуына, өнер-білімге ұмтылуына игі әсерін тигізді. Осы орайда еліміздің алғашқы ыбырайтанушыларының бірі, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының жанынан ашылғын ұлы ұстаздың педагогикалық мұражайын ұйымдастырған профессор Әсет Ламашевтың: «Ыбырайдың Торғай жақтан мектеп ашып, бұл елге қайта-қайта орала беруінің бір сыры – ол Торғайдағы нағашы жұртын арқа тұтқаны», – деп айтқаны жоғарыда келтірілген деректерді айқындай түседі.

Орынбор қаласындағы шекаралық комиссияның жанынан қазақ балаларынан аудармашылар мен хаттаушылар даярлайтын мектепті бітірген Ыбырай Алтынсарин үш жылға жуық атасы Балғожа бидің жанында хаттаушы болып жұмыс істейді. Кейін Орынбордағы облыстық басқармаға кіші аудармашы болып қызметке ауысады.

1860 жылы Орынбордағы облыстық басқарма Ыбырайды бастауыш мектеп ашу үшін Орынбор бекінісіне (Торғай қаласына) орыс тілінің мұғалімі етіп жібереді. Болашақ ұлы ағартушы Орынбордан Торғай дуанына киелі Тосын құмы арқылы жүріп, Тосын болысын билеп тұрған Шеген бидің балалары Қазыбек би мен Бірімжан бидің отбасыларына сәлем беру үшін соғып, біраз күн аялдайды. Жиенді ауыл болып тік тұрып қарсы алады. Нағашылары жас Ыбырайдың қолға алғалы жатқан тың бастамасына қолдау көрсетіп, дуаннан мектеп ашуына жергілікті халықты жұмылдыруға және қамқорлыққа алып, екі-үш үйір жылқы мен ақшалай қаражатпен де көмектесуге уәде береді.  

Нағашылары сол уәдесінде тұрды. Арғын, Қыпшақтың Қорғанбектей желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпақтарына жаңа өріс, оқу керек екендігін Бірімжан би сияқты сұңғыла қайраткер жіті сезініп, «Мұсылман болған адамда қырық парыз болса, орыстың тілін оқып білу қырық бірінші парыз болсын» деп ұйғарым жасайды. Бұл сол кездегі надан елдің басындағы үлкен мәселе еді. Соны көрегендікпен көре білген Бірімжан орыс тілін білуге талпынған азаматтарға жағдай жасап, ілім-білімге көп күш жұмсайды. Ыбырай Алтынсарин да нағашы атасының қалай көмектескенін өзінің естеліктерінде мақтанышпен әңгімелейді.  Осындайда қазақ «Өз жұртың – күңшіл, қайын жұртың – сыншыл, нағашы жұртың – тілеуқорың» деп айтса керек.

Міне, небәрі 19 жасында Торғайға келіп, алғашқы кезде бекініс комендантының аудармашысы, сот орындаушысы болып жұмыс істейді. Ойындағы арманын іске асыру үшін жергілікті жұрттың және нағашыларының көмегімен мектеп салуға кіріседі. Әрине, мектеп салуға Торғайдың елі түгел қатынасты, әр рудың әлді адамдары қаражатпен де көмектесті. Бірімжан бидің бекініс бастығы подполковник Я.П.Яковлевпен тіл табысуы да өз нәтижесін берді. Ол тұңғыш мектептің құрылысын жоспарлау, негізін қалау ісіне маман топограф ретінде ақыл-кеңесін береді. Мектепті салу барысында қастандық та жасалды, алғашқы құрылыс басталғанда ілім мен білімге қарсы болғандар мектепті өртеп те жіберді. Бірақ, Бірімжан бидің ұйытқы болуымен және бекініс бастығы подполковник Я.П.Яковлевтің қамқорлығы арқасында 1861 жылы құрылысы басталған мектеп 1864 жылдың қаңтарында салынып бітеді.

1864 жылы 8 қаңтарда Торғай уезінде тұңғыш ресми орыс-қазақ мектебі ашылған салтанатты жиналысты бекініс коменданты Я.П.Яковлев ашып, құрметті қонақ ретінде Торғайдың ауқатты адамдарымен бірге Бірімжан Шегенов те арнайы шақырылып, құттықтау сөз сөйлейді. Бекініс коменданты Я.П.Яковлев 1864 жылдың 22 қаңтар күні Орынбор басқармасына хат жазып, онда былай деп хабарлайды: «Осы жылдың 8 қаңтар күні Орынбор бекінісінде салтанатты түрде орыс-қазақ мектебі ашылды. Ашылу рәсіміне екі жүздің үстінде бекіністегі әскери адамдар мен жергілікті халықтың өкілдері қатысты. Ашылу рәсімінен кейін үлкен той болды. Мектеп табалдырығын он екі бала аттады. Мектептің жетекшісі де, мұғалімі де Ы.Алтынсарин. Оған мектеп үшін жиналған 900 сомның мүлкін тізімдеп тапсырдым. Оның ішінде 50 оқулық, 500 қауырсын қалам, екі бума қарандаш, тақта бар» (Ы.Алтынсарин. Үш томдық шығармалар жинағы, екінші том, Алматы, 1976 жыл, 127-128 б.).   

Сол алғашқы 12 баланың төртеуі Шеген бидің ұрпақтары, олар – Бірімжанның балалары Қорғанбек пен Әбдібек, Бектемістің баласы Омар, Өтетілеудің баласы Хайролла болды. Ыбырай мектеп ашылғанға дейін төрт баланы үйіне жатқызып орысша оқытады. Соның екеуі Дәуренбек пен Қорғанбек. Дәуренбектің орысша сауаттылығы жөнінде Ыбырай Алтынсарин былай деп жазады (түпнұсқа орыс тілінде жазылғандықтан оқырмандарға оны қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдік): «Мой товарищ и ученик Дауренбек с особенною любовью смотрит на поэму «Ер-Таргын» и все проговаривался по-русский: как отлично напечатано!» (Ы.Алтынсарин.Үш томдық шығармалар жинағы, 3-том, 22-23 бет, Алматы. 1978 ж.).

Ұлы ұстаздың Дәуренбектің орысша сауаттылығы жайында осы айтқан сөзі бұлтартпас дәлел болатын тарихи баға жетпес айғақ десек, артық айтқандық болмайды. Ал, Қорғанбек болса Ыбырай қолданған 12 балдық баға қою жүйесінде бірінші орында болған. Әулеттің балалары Мұсаұлы Шеген би тұсынан басталған абыройлы атаққа лайықты тәрбиеленіп, өз әулетінің ел арасындағы атақ-абыройын төмендетпей, елге қызмет ету парызын ерте түсініп өсті. Сондықтан Қорғанбек отбасында берік орныққан салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа сай тәрбиеленіп, ата даңқына кір келтірмеуге жастайынан-ақ дайын болды. Алтынсарин мектебінен тәлім-тәрбие, тиянақты білім алған Қорғанбек орыс тілін жақсы меңгеріп, Торғай өңіріндегі жергілікті басқару орындарда мемлекеттік қызметкер міндетін атқарған тұңғыш торғайлық қазақ болды.

Торғайдағы оқу-ағарту ісіне қол ұшын беріп, қаржылай демеушілік жасағандарды марапаттауға ұсынғанда Қорғанбек уез басқармасы қызметкері ретінде атқарылған жұмыс тікелей міндетім деп өзін тізімнен алдыртып тастайды. Алайда, кейін Ы.Алтынсарин бұл кемшіліктің орнын толтыру мақсатында 1881 жылдың 15 қаңтарында В.В.Катеринскийге жазған хатында бұл мәселені былай түсіндіреді: «…При этом я послал к Вам представление о Корганбеке, который был достойнее всех, но остался без награды. Представить или докучать новыми представлениями я побоялся попечителя, а Вы, быть может, найдете возможность исподволь переговорить с попечителем» деп қолқа салады (И.Алтынсарин. Собрание сочинение в трех томах. 3-том. Стр.99. Алма-Ата. 1978 г.).

Сол жылы Қорғанбек Бірімжанов В.В.Катеринскийдің қолдауымен Торғай облысы қазақтары арасынан алғашқылардың бірі болып «Почетный блюститель Тургайского двухклассного русско-киргизского училище» деген құрметті атаққа ие болады. Оның қоғамдық қызметінің негізгі бағыты – ағартушылық туын жоғары ұстап, халықты оятуға тырысты. Сондықтан да, ол небір жақсы істердің жаршысы болып, өз дәуіріндегі озық ойдың, жаңашыл ағымның жарқын көрінісі бола білді.  

Қорғанбектің атқарған ағартушылық қызметінің өзі Торғай тарихының ең көрнекті белестерінің бірі болып қалады. Торғай облысының губернаторы Константинович 1881 жылы Қорғанбекке арнайы ұсыныс-хат жазады. Сол ұсыныс-хатты түп нұсқа күйінде келтіруді жөн санадық. Ол мынандай мазмұнда:  «Предписание военного губернатора Тургайской области Почетному блюстителю Тургайского двухклассного училища Корганбеку Беремжанову об окозании содействия в открытии пришкольной библиотеки. г. Оренбург,  11 августа 1881 г.

При степных киргизских школах, как известно мне, не имеется библиотек, ни ученических и не учительских, а между тем потребность в них, как заявил инспектор киргизских школ Алтынсарин, уже сказывается. Обращаюсь поэтому к Вам, милостивый государь, как лицу, близко стоящему к народному образованию, с предложением оказать всякое возможное содействие к устройству означенных библиотек и о последствиях Ваших стараний по этому делу прошу сообщить мне непосредственно или через инспектора школ Алтынсарина.

Военный губернатор Тургайской области, генерал-майор Константинович.

Советник Довыдов» (И. Алтынсарин. Собрание сочинений в трех томах.  3-том. стр. 261. Алма-Ата. 1978 г.).

Осы ұсыныс-хатқа сәйкес Қорғанбек дуанда алғаш рет 1882 жылдың көктемінде қоғамдық кітапхана ашып, Торғай өңірінде кітапхана жүйесінің негізгі іргетасын қалады. Ал, Алаштың астанасы атанған Семей қаласында қоғамдық кітапхана 1883 жылдың күзінде ашылғанын ескерсек (Қараңыз: Семей қаласы кітапханасының бөлім бастығы Ж. Әділбекқызының «Абай тұлғасы» мақаласы, «Қазақ әдебиеті» газеті, 2015 жыл, №30), Торғайдағы Қорғанбек кітапханасы одан аттай 1,5 жыл бұрын ашылғаны ақиқат. Өз тұрғыластарының көбімен салыстырғанда Қорғанбектің жаңашылдыққа бейім адам болғанын байқаймыз.

1868 жылы патша үкіметі Орынбор және Батыс-Сібір генерал-губернаторлығында қазақтарды басқару жүйесін өзгерту жөнінде реформа жасалғаны тарихтан белгілі. Сол реформаға сәйкес Торғай облысы және оған қарасты 4 уезд (Ырғыз, Елек, Торғай, Қостанай) құрылды. Сол жылы уездердің көлемінде жаңа басқару жүйесі болыстар да құрылды. Міне, Тосында бірінші болыс болып Бірімжан сайланды. 1873 жылы Бірімжан қайтыс болған соң, оның ең үлкен және беделді баласы Дәуренбек 1915 жылға дейін 42 жыл болыс болса, 1915 жылдан 1928 жылғы кәмпескеге дейін Дәуренбектің баласы Жақып болыстықты ұстап тұрған. Содан кейін болыстық қысқарып, аудандар, ауылдық кеңестер құрылды. ХІХ ғасырдың аяғында, яғни 1880 жылдардың ортасынан ауылдағы мұсылман мектептеріне реформа жүргізіліп, жаңа болыстық мектептер ашыла бастады. Сондай шағын болыстық бастауыш мектептердің Торғай өңірінде пайда болуы қазақтың тұңғыш ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің есімімен тығыз байланысты. Торғайда ұстаздық қызмет атқарып жүрген ағартушы: «Қазақтардың тұрмыс-тіршілігіне ыңғайлы болу үшін мектеп ауылдарда көшпелі болуы қажет, жазда жайлауда, ал қыста қыстауда болғаны жөн», – деп дәлелдеп жазған еді.

Жүргізілген осы реформаны Ыбырайдың алғашқы шәкірттерінің бірі, дуандағы уездік мектептің ұстазы Әбдібек Бірімжанов қолдап, ұлы ұстаздың идеясын жүзеге асырды. ХІХ ғасырдың аяғында, нақты айтқанда, 1899 жылдың күзінде, жаңа мыңжылдықтың басталуы қарсаңында Тосын болысының болысбегі, ағасы Дәуренбектің қолдауымен Торғай өңірінде бірінші болып Тосынның «Кіші құмында», өз үйінде тұңғыш болыстық бастауыш мектеп ашты, онда балалар төрт жыл оқыды. Жергілікті халық ол мектепті «Әбдібек мектебі» деп атады. Оқу процесі жазда жайлауда киіз үйде, қыста қыстау үйінде өтетін болған. Осы орайда өткен ғасырдың басында Торғайда қазақ балаларын орыс тілімен сусындатқан ұстаздардың бірі, кейін 20-30 жылдары жеті жылдық орыс мектебін басқарған Н.Г.Иванов Шеген бидің ұрпақтары туралы: «В Торгае было немало знатных и богатых людей. Имена большинства из них уже забытый, а имя Шегена и его сыновей, внуков стали легендой», – деп жазғанын халықтың Шеген би ұрпақтарына берген бағасы деп түсінуіміз керек.   

Ыбырай Алтынсариннің тарихи ерлігі талай ғасыр қараңғылық басқан өлкенің тұңғыш рет бір шетінен шырақ жағып, сәуле түсіріп, одан соң туған халқын ауыр ұйқысынан қоңырау қағып оятуы еді. Міне, осындай игі шараның жүзеге асырылуы Торғай даласынан білім, ғылым саласында тұңғыштар тобының шығуына қолайлы негіз жасады.

ХХ ғасырдың басында Торғайдан өнер мен білімді мұрат тұтқан көптеген зиялы азаматтар шықты. Бұлардың бәрі де Ыбырай мектебінен түлеп ұшқан тұлғалар еді. Солардың алғашқыларының қатарында есімдері елімізге белгілі  Шеген бидің ұрпақтары ағайынды Ахмет, Ғазымбек Бірімжановтар, Мұқтар Қорғанбековты, Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Кәрім Тоқтабаев, Нәзипа Құлжанованы, кейінгі толқыннан Қоғабай Жоламанов, Асқар Закарин, Батырбек Бірімжанов, Молдахмет Кенбаев, Нұрхан Ахметбеков, Ілияс Бәйменов, Қайнекей Жармағамбетов, Мұқатай Жармұхамедов, Кәрім Ержанов, Сырбай Мәуленов пен Ғафу Қайырбеков, Кенжеғали Сағадиев және Бекет Махмутовты атасақ болады.

Торғай өлкесінде мектептер ашыла бастағанына қазір 157 жылдай уақыт өтті. Сол мектептердің негізін салушы Ыбырай Алтынсариннің туғанына биыл 180 жыл. Жоғарыда аталған Шеген әулетінен, жалпы қарт Торғайдан шыққан зиялы қауымға жол ашып кеткен Ыбырай атамыздың еңбегі айрықша екені тарихтан белгілі.

Біздің мақсатымыз негізінен Ыбырай Алтынсариннің Торғайдағы нағашылары хақында әңгіме болғандықтан, Ұлы ағартушының алдын көрген Торғайдан шыққан білімді, есімдері елімізге белгілі басқа тұлғалар туралы деректер келтіріп, сөз қозғаған жоқпыз. Және олардың аты-жөні мен еңбектері көзі ашық қауымға таныс екенін де еске алдық.

Ыбырай Алтынсарин Торғайда 23 жыл тұрып, барлық саналы өмірін өткізіп, 1883 жылы Қостанайға көшті. Ұлы ағартушы 1889 жылы 17 шілдеде 48 жасында қайтыс болды. Міне, қазақтың ұлы ағартушысының барлық саналы өмірі Торғайда нағашыларының қасында өтті. Сондықтан оның өмірге көзқарасының қалыптасуына нағашы жұртының да толық әсері болғанын ешкім жоққа шығармаса керек.

P.S. Қостанай қаласындағы облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық мұражайы халық қазынасын сақтап қана қоймай, жас ұрпаққа өткен ғасыр мен бүгінгі күннің арасындағы рухани қазыналарды санасына сіңіріп келеді. Мұражай өзінің жәдігерлерімен келушілердің қызығушылығын тудырып жатса, ол бір кездегі халық шеберлерінің баға жетпес туындысы деп түсінеміз. Мұражайдың сондай жәдігерлері арасынан Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің туған нағашы атасы Мұсаұлы Шеген бидің шапанын көруге болады. Бұл мұраны мұражайға торғайлық қарт журналист, Тосын құмының тумасы Сағи Әбілхасенұлы тапсырған. Шапан сұр түсті, жолақты кенеп матадан тігілген, қаусарма жиегі алтын түстес сары жіппен көмкерілген. Бұл шапан мұражайдың төріне қойылған көне жәдігерлердің бірі ретінде көрермендерді өзінің сәнділігімен, әсемдеу тігісімен тартады.

Кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбаев: «Кешегіміз түгенделмей, бүгініміз бүтінделмейді. Бұл – өмір ақиқаты», – деген болатын. Ал, өткенді түгендеу дегеніміз, ең алдымен барыңды бағалап, рухани мұраларды қалдырмай жинап, сақтау деп білуіміз керек.

Ертай ҚАРАБАЛА, ҚР ІІМ зейнеткері

НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here