QazForum: Елордада қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың V форумы өтіп жатыр

0
803

Бүгін, 5 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында «Медиа кеңестіктің жаңа келбеті» атты қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың V форумы басталды. Медиа сарапшылар, журналистер, бас редакторлар, блогерлер мен влогерлер қазақтілді медианы дамытудың жаңа трендтерін талқылап жатыр. Бұл туралы Түркітілдес журналистер қоры хабарлады.

Қазнет тарихын таныстыратын бейнероликтен басталған жиын қатысушыларын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева форумның ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

«QazForum – қазіргі таңда қазақ тіліндегі контент жасаушылардың өзекті мәселелерін көтеретін бірден-бір платформа болып отыр», – деді Аида Ғалымқызы.

QazForum-2021 ашылуындағы сөзінде АҚШ-тың Қазақстандағы Сенімді өкілі Джуди Куо осы күні өршіп тұрған жалған ақпарат мәселесін шешудегі еркін және кәсіби медиа ортаны қалыптастырудың маңызы туралы айтты.

«Ел өзіңнен, болашақ бүгіннен басталады» демекші, QazForum маңызды тенденцияларды ескеріп, алысты жақындатып, болжам мен мүмкіндіктерге ашық болуды басшылыққа алады», – деп қорытты.

Форум барысында спикерлер мен қатысушылар «Тәуелсіздік кезеңіндегі медиа-толқын: қазақстандық онлайн-контенттің ерекшелігі неде?», «Пандемиядан кейін: қазақ тіліндегі онлайн-контент қалай өзгерді?», «30 жылдан кейін қазақстандық медиа және қоғамы» тақырыптарын талқылайды.

«Пандемиядан кейін: қазақ тіліндегі онлайн-контент қалай өзгерді?» атты бірінші пленарлық талқылауда танымал шоумен, сценарист және продюсер Марат Оралғазин, Galamat Media жетекшісі Абай Серғазиев, factcheck.kz қазақ нұсқасының бас редакторы Думан Смақов, Salem Social Media креативті продюсері Бұхар Марат, ZTB Media негізін қалаушы Марғұлан Тұрсынов COVID-пандемия әлемді қалай өзгерткенін, оң өзгерістердің бар-жоғын, инфодемия қаншалықты өскенін, қандай сабақ алғанымызды және алдағы жылы бізді қандай медиа-трендтер күтіп тұрғаны жайында тәжірибелерімен, ойларымен бөлісті. Сессияның модераторы – тележүргізуші Ғалымжан Кеншілік.

Форумның екінші сессиясының тақырыбы – «Тәуелсіздік кезеңіндегі медиа-толқын: қазақстандық онлайн-контенттің бірегейлігі неде?». Сессия модераторы – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин. Ол «Қазақстан «РТРК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мақпал Жұмабай, продюсер Ерболат Беделхан, ОZEN лейблінің негізін қалаушы Айзатулла Хусейн, Brave Talents негізін қалаушы Алмас Жали және JKS Entertainment (Tik-Tоk хаустар өкілі) тең құрылтайшысы Асхат Халимовпен бірге қазақстандық және қазақ тіліндегі онлайн-контентті кім жасап жатқанын, қазақтілді медиа-тауардың экспорттық әлеуеті қандай екенін, қазіргі заманғы контентті қалай монетизациялауға болатынын талқылайды.

Форумның екінші бөлімінде «30 жылдан кейін қазақстандық медиа және қоғам» панельдік пікірсайыс барысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, PR-маман Әлішер Елікбаев, ҚазҰУ журналистика факультеті деканының орынбасары Карлыға Мысаева, “Ұлттық аударма бюросы” ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы алдағы 30 жылда медиа мен қоғамда қандай өзгерістер болатынын, өзгеріс кезінде медианың атқаратын рөлі және сол өзгерістер үшін бүгіннен бастап не істеу қажет деген сұрақтар төңірегінде ойларымен бөліседі. Бұл сессияны белгілі блогер және тележүргізуші Өркен Кенжебек жүргізеді.

Сессиядан кейін форум қатысушылары қазақстандық және шетелдік мамандардың шеберлік сабақтарына қатыса алады. CNN бұрынғы тілшісі және желідегі #HashtagOurStories қозғалысының негізін қалаушы Юсуф Омар «Вирустық бейнелерді телефон арқылы түсіріп, әлемді қалай өзгертуге болады?» тақырыбын қозғайды, The Village Kazakhstan директоры Айсана Әшім медиа монетизациялау тәжірибесімен бөлісіп, ал медиакеңесші Асхат Еркімбай «Data Mapping» туралы мастер-класс өткізеді.

Форум шеңберінде алғаш рет Qaz Startup Battle өтеді, бұл байқау қазақ тілін дамыту мен қазақ тіліндегі контент құруға бағытталған стартаптар арасында өткізілетін болады. Байқаудың жүлделік қоры 3 500 000 теңгені құрайды. Бас жүлденің жеңімпазы өз IT-өнімін дамытуға 2 000 000 теңге, ал екінші мен үшінші орындарға ие болған стартаптар сәйкесінше 1 000 000 теңге мен 500 000 теңге ақшалай жүлдеге ие болады.

Форум қонақтары «Қазнет тарихы» көрмесіндегі фотосуреттермен, сондай-ақ қазақстандық суретші Бақыт Шүкетаевтың туындыларымен таныса алады. Форумның аяқталуына қарай қонақтар үшін қазақстандық жас жұлдыздар ОZEN лейблының Yenlik және Dudeontheguitar әншілері өнер көрсетеді.

Айта кетейік, АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігі – QazForum шарасының бастамашысы және идеялық қолдаушысы. Ұйымдастырушы – «Business Event&Rent» агенттігі. Биыл шараны «Kaspi Bank» АҚ, «JUSAN BANK» АҚ, «AirAstana» АҚ және Sheraton Nur-Sultan қолдады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here