«Қазаққа» екінші ғұмыр сыйлаған қаламгер

0
1817

1 сәуір – «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналын қазақпен қайта қауыштырған баспагер, «Парасат» орденінің, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақ» газетінің 2006-2014 жылдардағы бас редакторы, белгілі жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің дүниеге келген күні. «Байлығым – қазақтығым» деп өмірден өткен жазушы көзі тірі болғанда 84 жасқа толар еді.

Кешегі күннен жүйрік жоқ. Өтіп бара жатқан қайран уақыт-ай десеңізші. «Алашым» дегенде кеудесі қарс айырылған, ұлтының рухы мен намысын бәрінен биік қойған, қазақтың жүзін жерге қаратпау үшін бар саналы ғұмырын халқына арнаған Қоғабай Сәтенұлын сұм ажал арамыздан алып кеткеніне биыл күзде 9 жыл толады.

Осыдан тура 15 жыл бұрын «Қазақ» газетінің киелi табалдырығын аттап, Қоғабай Сәрсекеевпен алғаш танысқан кезде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 2-курс студенті едiм. Қазір орда бұзар отыздан асқанда өткен күндерге шегініп, ұстазымның журналистика жолындағы өнегесі, тәлiм-тәрбиесi, барлығы да менің жүрегімнің төрінде мәңгілік қалатынын анық білемін.

Қоғабай Сәтенұлы өзінің жазушылық, публицистикалық, қайраткерлік қырын қажырлы еңбегімен көзі тірісінде-ақ қазақ жұртшылығын мойындатып қойған. Ондаған кітабы оқырманға жол тартты. Сол еңбектерінің арасынан жетпісінші жылдардың соңында жарық көрген «Қызыл жалау» романының орны ерекше. Өйткені, Кеңес Одағының тұсында қазіргідей екінің бірі кітапты жарыққа шығармайтын. Жазушыдан асқан беделді мамандық болмайтын. Кітаптың оқырманы да көп болатын. Ондаған мың тиражбен жарыққа шығатын. Қоғабай Сәрсекеевтің жоғарыдағы романы да ондаған мың тиражбен жарық көріп, оқырманның ыстық ықыласына бөленген. Алғысөзін Ғабит Мүсіреповтің өзі жазған.

«Амангелді тақырыбын жазуға біраз автор атсалысып жүр. Солардың бірі – Қоғабай Сәрсекеев. Оның батыр өмірінің балаң кезін суреттейтін алғашқы романы бұрнағы жылы «Жұлдызда» басылды. Енді сол роман «Жалын» баспасынан шығып отыр. «Қызыл жалау» деген жалпы атпен берілген бұл романның бірінші кітабын мен қадағалай, барлап оқып шықтым. Оқиға сонау 1880 жылдар бедеріндегі ел басына түскен ауыртпалық, халық үстіндегі қиын кезең Торғай даласында болған нақты тарихи фактілер негізінде өрбиді екен. Шығармада автор бала Амангелдінің өзін қоршаған әділетсіз ортаға кектене өсіп келе жатқан сәтін беру арқылы шындығын бәз қалпында оқушы алдына тартуға талаптанған. Шығармаға мінез керек. Бұл жағынан алғанда автордың қадамы құптарлық па деп қалдым. Көркем дүниедегі әрбір әрекет өзіне лайық жағдайында шыншылдықпен бейнеленгенде ғана үйлесімділік табады. Типтік характерлер қай уақытта да типтілік тұрғыда жасалуға тиісті. Қоғабай Сәрсекеев романында осындай мінездің барлығы ішті жылатады» деп ағынан жарылыпты Ғабең – Ғабит Мүсірепов.

Көзі тірісінде Қоғабай Сәрсекеевтің қаламгерлігіне Ғабеңнің өзі жоғары баға бергенде, біздің ол тақырыпқа қалам тербегеніміз артық болар.

Кешегі күндер, «Қазақ» газетімен, оның редакторы Қоғабай Сәрсекеевпен алғашқы таныстық күні кешегідей бәрі есте.

Жоғарыда жазғанымдай, 2008 жылдың наурыз айында бұрын есімін көп естіген жазушымен алғаш жолықтым. Есігінің маңдайшасында «Бас редактор» деген жазуы бар мен үшін беймәлім кабинетке жүрексіне кіргенім әлі есімде. Өзің жүрегіңмен сүйген, бірақ, қыр-сырына әлі қанық емес кәсіптің құлағынан ұстар-ұстамасың белгісіз өтпелі сол кезде толқымай тұру мүмкін бе!? Ішке аттаған бойда, «сценарий» бойынша «ассалаумағалейкүмді» жаңылыспай айтып, «сіздің шақыруыңызбен келдім» дедім. Қара торы өңді, дөңгелек жүзді ел ағасы көзілдірігін алып, орнынан көтерілген бойда қобалжу бірден жойылды. Өйткені, жылы қарсы алды. Таныстықтан соң газетке жұмысқа шақырды. Жауапты хатшы қызметіне қабылдады.

Әрине, жас тілшіде тәжірибе қайдан болсын. Қазір ойлап қарасам, Қоғабай аға сол кезде менің бойымнан талантты байқапты. Редакцияда жүріп көп нәрсені үйрендім, артынан бас редактордың орынбасары болдым.

Мен жұмысқа тұрған кезде «Қазақтың» қайта жарық көргеніне екі жыл ғана болған еді. Демек, газеттің әлі аяқтан тұрып кетпеген кезі. Сонда Қоғабай ағаның еңбекқорлығына, жұмысты жанындай сүйетініне, небір қиындықтарға төтеп бергеніне куә болдық.

«Қазақты» қазақпен қайта табыстырған қайраткер 2012 жылы 1911-1915 жылдар аралығында жарық көрген «АйҚАП» журналын да жарыққа шығарды. Сөйтіп, қазақтың тұңғыш журналын жұртшылықпен 97 жылдан кейін қайта қауыштырған еді.

Айта кетейік, Қоғабай ағаның қазасынан кейін «Қазақпен» бірге «Айқапты» да жарыққа шығару редакцияға қиынға түсті. Содан редакциялық шешіммен журнал сол кезде Ғалымқайыр Мұтанов басқаратын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің меншігіне өтті.

Қоғабай Сәрсекеевтің тұсында «Қазақ» газеті мен «АйҚАП» журналы материалдық қиындықтарға қарамастан, жарыққа шығуларын бір тоқтатқан емес. Қос басылымда қазақ шаруасы, Алаш арыстарының азапты жылдарға толы ғұмыры кеңінен жазылды. Бұл, әрине, Қоғабай ағаның үзбей iзденiп, талмай толғанып, жазар тақырыпты жазбай танып, келiстiре жазған – қалам қуатының арқасы болса керек. Қоғабай Сәрсекеев сондай редактор – қайталанбайтын тұлға, ұлтының адал азаматы болғанына редакция ұжымы, газеттің мыңдаған оқырманы, газетте жарияланған мақалалары куә.

«Қазақ» газетінің 100 жылдығына орай «Қазақ шаруасы» кітабының сүйінші данасы шыққанда Қоғабай аға: «Қазақ біткеннен таңдап, талдап, көріп барып тапқан көмекшім Жасұланға автордан. Ұлтыңның ұланы бол! Ағаң Қоғабай. 11.04.2013 жыл», – деп маған кітапты қолтаңбасымен сыйлаған еді.

Жеті жылдай Қоғабай ағаның жанында болып, оның «Қазақия», «Дешті Қыпшақ», «Қазақ шаруасы» сынды кітаптарының шығуына атсалысқаныма өзімді бақытты санаймын.

Рас, ол кісі «Қазақты» 2006 жылдан, «АйҚАП»-ты 2012 жылдан 2014 жылға дейін, яғни ақтық демі таусылғанша басқарды, бұл жылдары көрегендiк, көсемдiк қасиетiнен айырылған жоқ. Редакциядағы жалынды жастарға өнеге-үлгi көрсетумен өмiрден өттi.

Туған күн, мереке күндері редакцияда ақ дастарқан жайылатын. Редакцияда кілең жастар қызмет атқарды. Бір қуанышқа жайылған сол ақ дастарқан басында басшымыздан неге жұмысқа кілең жастарды қабылдағанын сұрадық. Сонда Қоғабай аға: «Мәңгілік ештеңе жоқ. Менен кейін газеттің жұмысын сендер жалғайсыңдар», – деп жауап берген еді.

Әрине, ол кезде редакторымыздың бұл сөзіне мән берген ешкім болмады. Қоғабай Сәрсекеев ауыр науқастан өмірден өткенде ғана сол сөзі санамызда қайта жаңғырды. Бұл редакторымыздың соңғы аманаты екен. Ал, аманатқа қиянат жасауға болмайды. «Қазақтың» Қоғабай Сәрсекеевсіз жарық көріп жатқанына биыл тоғыз жылға жуықтады…

«Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы, біз оны сан айтамыз жоқтап әлі», – деп Қасым ақын (Аманжолов) дүниеден өткенде Әбділда Тәжібаев жырлағандай, қазақ халқы Қоғабай Сәрсекеевті әлі талай іздейтін, сағынып еске алатын, жоқтап жыр арнайтын болады. Ал, газетіміздің екінші тынысын ашқан баспагердің артында қалған мұрасы ешқашан өлмейді. Болашақ ұрпаққа қызмет етіп, халықпен бірге жасай береді…

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here