Сапар Ысқақов-80: Қайраткер

0
3979

Қазақтың танымында «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген әдемі ұғым бар. «Жігітке жеті өнер де аздық етеді» деу де құлаққа сіңісті. Бұл сөздер әшейін қызылсөзге жел беруден туған нәрсе емес, белгілі бір негізге сүйенуден туындаған тұжырым. Ал, мұндай бағаға лайық қазақ азаматтары аз ба?! Әрине, оларды санамалап жатудың қажеті жоқ. Дегенмен, солардың бірі – Сапар Ысқақов туралы әңгіме бөлек. Неге десеңіз, ол – жиһанкез, ол – меценат, ол – қаламгер, ол – құрылысшы, ол – сүйікті жар, ол – асқар тау әке, ол – ардақты да аяулы ата, ол – атақты қобызшы Тілептің шөбересі, ең бастысы ол – қайраткер.

Бішкек қаласындағы кездесу. Ортада Сапар Ысқақов пен Махмұт Нәлібаев

Ал, қайраткер деген кім? Бұл сұраққа академик Манаш Қозыбаев: «…шен мен шекпен киіп, омырауына ілген ордендері мен медальдары жағаны етекке иіп, ісініп толған, номенклатуралық баспалдақтарға зорға сыйып, өзіне-өзі риза болғандардың бәріне «қайраткер» деген атақты үлестіріп жүрміз. Бұл дұрыс емес. Қызмет қандай лауазымды болса да, қайраткерлік атақты қолма-қол қосып бермейді. Қызметке тағайындайды, сайлайды, ал қайраткерлік атақты халықтың өзі береді. Қайраткерлік – ең алдымен ұлы істе танылады. Ұлы іс – халық мүддесінен туындайды. Ендеше қайраткер болу үшін ол парасат, ақыл иесі болуы керек», – деп әдемі жауап берген.

Рас, қайраткерлік ең алдымен ұлы істе танылады. Ал, «Сапар Ысқақов қайраткер болатындай не іс тындырды?» дейтін кейбір оқырманның сұрағына бүгінгі «Тұлғатануда» жауап іздеп көрелік.

Әлбетте, бір мақаламен Сапар ағаның адамдық, азаматтық, қайраткерлік тұлғасын толық ашу мүмкін емес. Десе де, бүгінде 80 жасқа толып отырған қайраткердің ұлағатты өмір жолына қысқаша тоқталып өтсек артық болмас.

Сапар Ысқақов – бұрынғы Торғай, қазіргі Қостанай облысындағы Амангелді ауылында 1941 жылы дүниеге келген. Қарағанды политехникалық институтын бітірген. Инженер-құрылысшы болып басталған оның еңбек жолы еліміздегі түрлі деңгейдегі құрылыс саласында жалғасып, басшылық қызметтер атқарған. 1991 жылдан бастап кәсіпкерлікпен айналысады. 1998 жылы отбасымен Елордаға қоныс аударып, жаңа астана құрылысына өз қолтаңбасын қалдыруды мұрат етті. Төккен тер мен еткен еңбек еш кеткен жоқ. Жеткен жетістіктері де толайым. Айталық, 2005-2006 жылдары «Жыл таңдауы» байқауында екі рет «Жыл адамы» – «Алтын Адам» атағын, 2006 жылы «Астананың іскер адамы», 2007 жылы «Ғасыр меценаты» (Мәскеу, Ресей) атақтарын иеленген. Мұнымен қоса, Сапар ағамыз Мәскеудің 850 жылдығы атындағы саябақтың «Ұлт мақтанышы» атты меценаттар аллеясына есімі жазылған тұңғыш қазақ.

Антарктикада қазақтың көк туы желбіреген күн

Жетпіс жасқа жетіп, жеті асудан асқан Сапар аға «Ана тілі» газетіне (2011) берген сұхбатында өзі жайлы былай деп толғаныпты: «Туған әкемнің аты – Әбдібек. Дәмелі деген апасының екі баласы қайтыс болған соң мені берген ғой. 1941 жылы күздігүні әулетіміздегі еркек кіндіктілердің бәрін соғысқа алып кеткен. Мені тәрбиелеген – Дәмелі апам. Әкем Әбдібек мені «балам» деп ешқашан айтқан емес. «Дәмелінің баласы» деп отыратын, жарықтық. Дәмелі апамды қазақтың кәдімгі ақсүйегі деуге болады. Біздің бабаларымыз орта шаруа болған. Өздері төрт ағайынды. Солардың ең үлкені – менің атам Омар деген кісі. Құранды өте жақсы білген. Ол кісіні «Омар қалпе» дейтін. Мен Дәмелі апамның тәрбиесінде өстім. Өз анам пысық, ал әкем жуас адам болатын. Ұшқыш болу бала кезден арманым еді. Соғыстан кейінгі жылдарда елімізге алғашқы ұшақтар келіп, соларды көрген біздің арманымыз осындай темір тұлпарды бағындыру болатын. Газет-журналдарда ұшақтар туралы көп жазылатын. 8-сыныптан бастап спортпен айналыстым, «Советская авиация» деген газетті жаздырып алатынмын. Бүгінгідей көз алдымда. Онда мен 7-сыныпта оқимын. 1953-54 жылдары Арқалықта тұрамыз, Қостанайдан пошта таситын ұшақ келеді. Жаз күндері қонатын, қона алмаса, қыста жерге жақындап келіп, поштаны тастап кететін. Ұшақ қонатын жерге біздің үй жақын болатын. Ұшақ келіп қона бастағаннан жүгіріп барамын. Айналдыра қарап, қызықтай бастаймын. Ұшқыштың есімі менімен аттас – Сапарғали Теңізбаев. Орскінің қазағы. Двигателі кішкентай ұшақтың оталуы қиын. Мен соған көмектесем. Сапарғалиға «от винта» деп бұйрық беремін. Сол көмегім үшін өзімді керемет бақытты сезінетінмін. Мотор от алған соң Сапарғали мені ұшаққа отырғызып, ауыл төбесінен екі-үш рет айналдырып, қайыра түсіріп кететін. Кейін оныншы сыныпты бітіргенде әкеме әскери авиация училищесіне баратынымды айтып едім, қатты наразы болды. Ол кісі үшін аспанда ұшу қауіпті болса керек әрі көз алдарынан алысқа кетіп қаламын ғой. Әкем соғыстан мүгедек болып оралған, көп жыл мұғалім болып қызмет істеген кісі. Үйдің үлкені – мен, менен кейін төрт қыз. Әйтсе де, әкемді азаматтық ұшқыштар училищесіне баруға көндіріп, Татарстанның Бугуруслан қаласындағы ұшқыштар училищесіне түстім. Әскери ұшақтармен ұшуды армандап жүрген менің көңілім бірден құлазып сала берді. Училищенің ауласы тозған, ғимараты ескі, іріп-шіріп тұрған бірдеңе. Қолды сілтеп, ауылға қайттым. Одан кейін сырттай оқуға да мүмкіндік болмады. Ақыры құрылыс саласына кеттім».

Иә, Сапар ағаның бала арманы орындалмаса да, ұшқыш болмаса да, инженер-құрылысшы мамандығын алды. Құрылыс саласында өнімді еңбек етті. Кемел болашақтың нышанына айналған жаңа астананың өзгеше безендірілген сәулетті ғимараттарының алыстан көз тартуына өз үлесін қосты, қосып та жүр. Қолтаңбасын қалдырды. Мысалы, 2012 жылы ашылған «Тілеп қобыз» сарайын алайықшы, бұл жай ғана концерттік зал емес, онда 125 орынға есептелген 79 қонақүй нөмірі, 170 орынға арналған мейрамхана, 80 орындық кафе-бар, фитнес-орталық, 300 шаршы метрді қамтитын кеңсе-сауда орындары және туризмді, сауда нысандарын, бизнес-орталықтарды ұйымдастыруға арналған түрлі мақсаттағы басқа да орындар бар. Ал, сол орталықтың құрылтайшысы Сапар аға екенін біреу білсе, біреу білмес.

«Бабалар ізімен» – Сапар Ысқақовтың авторлық жобасы

Сарайдың қалай салынғанын бір әңгімесінде Сапар ағаның өзі: «2005 жылы біз Астана қаласы әкімінің сол кездегі орынбасары, талантты композитор Төлеген Мұхамеджановтың идеясымен қазақ әндерінің халықаралық байқауын өткізгенбіз.  Бастапқы 2003-2004 жылдары Астана қалалық әкімдігі қолдап өткізді. 2005 жылы Төлеген Парламент Мәжілісіне депутат болып кетті де, байқауды ұйымдастырушылар «Өнерге, мәдениетке қолдау жасап жүргеніңізді білеміз, көмек берсеңіз» деп маған өтініш айтты. Себебі, конкурс тоқтап қалайын деп тұр. Мен келісім бердім. Сонымен, «Астана – 2005» деген атпен қазақ әндерінің конкурсы өтті. Шетелдерден әншілер келді. 2006 жылы тағы өткіздік. 2007 жылы экономикалық дағдарыс басталды. Өзіміздің құрылысымыз жүрмей жатты. Продюсер Мұрат Ерғалиев: «Елге хабарлап қойып едік, ұят болды», – деген соң, ойланып, тағы келістім. Бұл жолғы конкурстың аты «Астана – Тілеп» болып өзгертілді. Айтайын дегенім, ұйымдастыру комиссиясында ғұлама ғалым Ақселеу Сейдімбек бар еді. Ахаң маған: «Сәке, өнерді қолдап жүрсіз, неге Қобыз сарайын салмайсыз? Нью-Йоркте Карнеги-Холл, Лондонда Альберт-Холл бар. Дәл солардікіндей болмаса да, соған жетеғабыл сарай болсын», – деді. Бұл идея маған ұнады. 2005 жылы Қобыз сарайын салуға тапсырыс бердім. 2006 жылы құрылысты бастадық. Астана қаласының сол кездегі әкімі Өмірзақ Шөкеев те, Елорданың бас архитекторы Шоқан Матайбеков те қолдады. Әсіресе, Шоқан қуанды! Қобыз сарайының жобасын өзі сызды», – деп айтқан еді.

Сарайға «Тілеп қобыз» атауы кездейсоқ таңдалған жоқ. Сапар аға оны өзінің арғы атасы, атақты сазгер әрі қобызшы Тілеп Аспантайұлына (1757-1820) арнады. Аңызға сай, Қорқыттың қобызының сарынын мирас еткен оның шәкірті, бақсы Қойлыбай болса, ал ол осы өнерді 13 жастағы Тілеп Аспантайұлына табыстап, батасын берген көрінеді.

Жоғарыда Сапар ағаның қазіргі заманның Атымтай жомарты екенін айттық. Енді оның меценаттығы жөнінде бірер сөз айтсақ.

Шығыс ойшылдарының бірі: «Егер адам баласы өзінде бар дүниені қанағат тұтып, өз дүниесі өзіне жететіндігін сезінгенде ғана дүниенің жалғандығын жеңе алады», – деген екен. Осы тіркестер «қолы ашықтың, жолы ашық» қағидасымен өмір сүріп келе жатқан Сапар ағамызға арналғандай әсер қалдырады. Өйткені, жақсылық жасауды азаматтық парызы санайтын ел ағасының туған еліне, өнер, әдебиет пен мәдениетке үлкен жанашырлықпен, ізгі жүрекпен қаржы бөліп, демеушілік көрсетіп жүргенін көз көріп, құлақ естиді. Қаншама талантты жастарға қолдау көрсетті. Жалпы, үлкен жүректі қайраткердің осы кезге дейін елі үшін атқарған игі істерін айтып тауыса алмаспыз. Оның бәрін айту да мақсат емес. Оны біз айтпасақ та, халықтың өзі айтып жүр.

Әрине, мұның бәрін Сапар ағамыз байлығының асып-тасығандығынан жасап отырған жоқ, Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Нағыз байлық мал-мүліктің көптігінде емес, жүректің, жан дүниенің кеңдігінде», – делінгендей, шынайы байлықтың мән-маңызын түсінгендіктен жасап отыр. Оның үстіне отбасында сондай тәрбие алған. Бұл туралы қайраткердің өзі бір әңгімесінде былай депті: «Анам маған «Өмірде «жоқ» деп айтпа» деп жастайымнан құлағыма құйған. «Әсіресе жетім-жесірге, жоқ-жітікке қол ұшыңды бер. Ол ісің Алладан екі-үш есе болып қайтады», – дейтін. Осы сөздер есімде ерекше сақталды. Шынында, солай. Біреуге көмектессем, көп ұзамай сол жақсылығым бірнеше есе боп қайтады».

Міне, қайраткердің өзі айтқандай, жығылғанды демеу, құлағанды тұрғызу, жылағанды жұбату қасиеті оған қанмен берілген. Сондықтан да, отбасының осындай тәлім-тәрбиесін көрген қайраткердің қайырымды болмауы мүмкін де емес шығар.

Сапар ағаның саяхатшы-жиһанкез екенін жұрт жақсы біледі. Оның есімі әлемнің 100-ден астам елінде және Антарктикада болғаны үшін 2008 жылы Қазақстанның рекордтар кітабына енген. Ол саяхатты студенттік жылдардан бастаған. Алғаш 1962 жылы Ленинградқа (Санкт-Петербург) барған. Сол 60 жылдан бері әлемнің 130-дан астам елінде болды. Ол бұл елдерге жай ғана қыдырып бармайды, әр елдің салт-дәстүрімен, тарихымен, мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен, табиғат ерекшеліктерімен танысып келеді. Көрген-естігендерін қағазға, видеоға, суретке түсіреді. Соның нәтижесінде Сапар аға бірнеше танымдық кітаптарды жарыққа шығарды. Антарктикада қазақтың көк туын желбіреткен де осы кісі.

«Солтүстік полюске дүниежүзіндегі 14 елден 85 саяхатшы аттандық. Бұл экспедиция – ешқандай ұйымдар мен өкіметтің тапсыруымен емес, қарапайым адамдардың бастамасы бойынша әрі өз қаржыларымен жасаған патриоттық қадамдары. Мұзды мұхитқа кейінгі 10 шақты жылда Қазақстан атынан ең алғашқы болып барған экспедиция құрамында мен және зайыбым Күміс, «Қазақстан» телеарнасының журналисі Ерлан Ақшалов, осы топқа кейіндеу қосылған алматылық кәсіпкер Вячеслав Ким бар еді. «Ямал» атты мұзжарғыш кемемен 14 күндік саяхат таңғажайып табиғат қызықтарына бөледі. Әуелі Баренц теңізін жүзіп өттік. Франц Иосиф архипелагы ерекше әсер қалдырды. Біріне-бірі жақын, жалғас 200 арал тобы 16 мың шаршы шақырымды құраса, соның 85 пайызын мұз алып жатыр. Ығы-жығы құс базары, морждар мен Арктиканың иелері – ақ аюларды көрдік. Біз Флора мүйісінде аз аялдадық. Солтүстік полюске жақындаған сайын қалың мұз қабатын жару қиынға түсті. Кемеміз сағатына 15-20 шақырымдық жылдамдықпен ақырын жылжып отырды. Сонымен Солтүстік полюске де жеттік. Сол жерде «Нұр Отан» партиясының, Астана қаласының және жерлестерім өтініш айтқан Қостанай облысының туын желбірете тіктік», – депті бір сұхбатында жиһанкез.

Бұдан бөлек, жиһанкездің өз қаржысына талай ғылыми экспедициялардың ұйымдастырғанын білеміз. Мысалы, «Бабалар ізімен» – Сапар Ысқақовтың авторлық жобасы. Былтыр саяхатшының өзі бастаған еліміздің ең танымал экспедициясы Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде жалғасын тапты. Екі апталық сапар барысында Сапар аға мен оның командасы  Оңтүстік-Шығыс Азияда қалған баба мұраларын түгендеді. Ал, «Бабалар ізімен» жобасы өз жұмысын 2016 жылы бастаған болатын. Бұйыртса, аталған жоба 2023 жылға дейін жалғасатынын айтып отыр Сапар аға. Бүгінгі күнге дейін «Kazakh TV» арнасынан экспедиция туралы ондаған деректі фильм көрерменге жол тартты. Көрермен жылы қабылдады. Өйткені, экспедицияның тарихи-танымдық жағынан халыққа берері мол. Осылайша, Сапар аға шығынның шаш етектен екеніне қарамастан «жоқты түгендеп, өшкенді жандырып» жүр.

Сапар аға туған жерінде кезекті бір үлкен жобаны қолға алды. Айталық, Амангелді ауылының жанындағы 7 гектар жерде еліміздің орталығы мен батысын жалғайтын жолдың бойында көпфункционалды туристік кешеннің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоба бойынша онда 12 нысан – әлемнің ғажайыптары мен әйгілі тарихи орындардың көшірмелері болады. Олардың ішінде әлемнің жеті жаңа кереметтерінің тізіміне енген екі ғимарат бар: Үндістандағы Тәж Махал сарайы және Мексикадағы Майя мәдениетінің ежелгі орталығындағы Чичен-Ица ғимараты. Сондай-ақ, Париждегі Триумфалды арка, Бразилиадағы Кафедралды шіркеу сияқты танымал нысандардың көшірмелері болады.

«Студенттік кезімде туризмге қызығып, 1962 жылдан бері әлемнің 130-дан астам елін араладым. Сапарлардың бірінде маған сәулет паркін құру және онда маған қатты әсер еткен түрлі елдердегі нысандарды жинау идеясы келді. Өйткені, ауылдағы ағайындардың көбінде әлемнің ғажайыптары орналасқан елдерге барып, оларды өз көздерімен көруге мүмкіндік жоқ. Осылайша, мен әлемге әйгілі нысандарды кішірейтілген нұсқада болса да, қарапайым адамдарға жақындатқым келді», – деп түсіндіреді Сапар аға.

Мұнда Бразилияның, Еуропаның және Азияның әйгілі нысандарынан басқа, әлемде теңдесі жоқ ерекше нысандар да салынады екен. Олардың ішінде Естелік қабырғасы, дала қызғалдағы түрінде салынған Дешті-Қыпшақ мұражайы, су арналары мен ән салатын субұрқақтар бар. Еске алу қабырғасының жоғары жағында «Ұлы даланың Ұлы адамдары» деп жазылады. 40-тан 60 сантиметрге дейінгі 200 қара плита 4 қатарға орналастырылады. Қабырғада ең танымал қазақтардың жерленген жерлерінен әкелінген жер капсулалары орналасқан ұяшықтар жасалады. Осыған кететін қыруар шығынның бәрін Сапар ағаның өзі көтереді.

«Біз жобаны «Тілеп» қайырымдылық қоры арқылы өзіміз қаржыландырамыз, ешкімнен ештеңе сұрамаймыз. Аз ақша кетпейді, пандемия аздап әсер етті, бірақ біз алға қойған мақсаттан бас тартпаймыз. Амангелді ауданы мен бүкіл Қостанай облысы үшін бұл бірегей туристік кешен болады», – дейді Сапар аға.

Бірегей кешен өңірдің туризм саласына қан жүгіртпек. Өйткені, кешен аумағында туристерге ыңғайлы болу үшін қонақ үй, мейрамхана, кафе, жазғы амфитеатр, спорт және балалар алаңдары салынады. Осылайша, Сапар ағамыз туған жердің тарихын білуге, туған жерге ту тігуге үндейтін кесек ойларын іске асырмақ.

Енді Сапар ағаның тағы бір қырына тоқталсақ артық болмас. Ол – кітапқұмарлығы. Шынын айту керек, бүгінгі біздің қоғамдағы үлкен мәселе – қазір кітап оқымайтын ұрпақ өсіп келе жатыр. Үлкені де, кішісі де кітап оқуды қойды.  Ал, көркем шығармалар оқитын кәсіпкерлерді тіпті ести бермейсіз. Алайда, Сапар ағаның ерекшелігі де сонда – көркем шығармаларды көп оқиды, өзінің жазған кітаптары да бар. Оның ой-өрісінің кең болуына сол оқыған кітаптарының үлесі болғандығын жоққа шығара алмаймыз. Осындайда заңғар жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ тілінде «таза адам» деген сөз үсті-басының тазалығымен бірге, ар-ұятының тазалығын да көрсетіп тұрады» дегені еске оралады. Сапар аға да біреудің жаңа ісін көрсе, оны ардақтай біледі, өзгеге де жақсылық тілейді. «Адамгершілік кімде болса, соны ер деп есепте» деген қағидадан ауытқыған жоқ.

Елге белгілі азаматтың халық алдындағы беделді болуы, өнімді алаңсыз еңбек етуі оның отбасына да тікелей байланысты. Сапар ағаға сүйікті жары Күміс жеңгеміз өзінің кішіпейіл мінезімен, салиқалы білімімен үлкен сүйеу болды. Қызы мен ұлдары әр салада абыройлы еңбек етіп жүрулерінің басты сыры да осындай отбасындағы орнықты тәрбиеден екені сөзсіз.

Ұлы Абай: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», – десе, осы үш қасиет бірдей Сапар ағаның тал бойына туа біткендей. Оған біз түгел қамти алмаған, бірақ шама-шарқымызша баян еткен қайталанбас өнегелі өмірі дәлел.

Эссеміздің басында жігіттің өнерпаздығы туралы аз-кем сөз қозғалған еді. Соны түйіндейтін болсақ, Сапар ағаның «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат екендігіне осы эссе арқылы да көз жеткізгендейміз-ау. Құрылысшы, кәсіпкер, меценат, қайраткер, жиһанкез, қаламгер сияқты сегіз қырынан таныла білген ұлтжанды азаматтың жалғыз-ақ сыры бар. Ол – қазақ халқына қалтқысыз еңбек ету.

Махмұт НӘЛІБАЕВ,
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы
Халықаралық қайырымдылық қорының төрағасы,
«Qazaq» газетінің құрылтайшысы,
«Марсель групп» компаниясының президенті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here