Алаш идеясы қазақпен бірге өмір сүріп келеді

0
4744
Шілде айында Нұр-Сұлтан қаласында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы сынды ұлтымыздың ұлы тұлғаларына ескерткіш ашылды

2021 жыл – мемлекетіміз үшін, қазақ халқы үшін айтулы жыл. Тәуелсіздігімізге – 30 жыл! Осынау мерейтой сәтінде азаттығымызға тікелей қатысты кей мәселе тіл ұшына еріксіз оралады. Қандай мәселе дерсіз?! Әрине, ол – Алаш арыстарының өмір жолы мен Алаш қозғалысы.

Ары таза арыстарымыздың да, ұстанымы берік қозғалыстың да түпкі мақсаты – азаттық еді… Алайда, ұлыдержавалық үстемдік «Алаш» қозғалысына тұзақ құрып, алыптар тобын жаппай қуғын-сүргінге салды. Олардың азаттық идеясын қызыл империя барынша тұншықтырды. Тіпті, Алаш тұяқтары – ұрпақтарының соңына шам алып түсті. Бірақ, олардың екпінін басып, олар құрған Алашорда үкіметі мен «Алаш» партиясын таратып, қуғынға ұшыратса да, Алаш арыстары күрестің басқа түрін таңдады. Ол күрес – ағартушылық жолмен халықтың көзін ашып, санаға сілкініс жасау болатын. Және де бұл жолда Ағартушылық жолда Мұхамеджан Тынышбайұлы, Халел Досмұхамедұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Әлімхан Ермеков, Мырзағали Есполов, Қоңырқожа Қожықов сынды көптеген Алаш қайраткерлері, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылым мен мәдениеттің ірі тұлғалары Тұрар Рысқұлов, Санжар Асфендияров, Сұлтанбек Қожанұлы, Нәзір Төреқұлов, Мұхтар Әуезов, Әубәкір Диваев, Темірбек Жүргенов сынды зиялылар ғылыми мекемелерде, халық ағарту мен жоғары оқу орындарында еңбек ете жүріп, алған бағыттарынан тайқымады. «Қазақ балалары сауатын ашсын» деген ниетпен ана тілінде оқулықтар жазды, басылымдар шығарды. Алайда, идеологияшыл қоғам тұлғаларымыздың бұлай жұмыс істеуіне барынша кедергі келтіріп, оларға уақыт та, мүмкіндік те қалдырмады. Соңында «Алашорда» дейтін қасиетті әрі қасіретті дәуір турасында кейінгі ұрпаққа көп дүниені бұрмалап жеткізді…

Уақыт бәрін өз орнына келтірді. Тәуелсіздік таңымен бірге Алаш дәуірі қайта жаңғырды. Тарихымызға тіл бітті. Алаш арыстары жайында кесек туындылар жазылып, іргелі еңбектер зерттеліп жарық көрді.

Елді өркениетке жеткізудің тәуелсіздіктен басқа жолы жоқ екенін дұрыс болжай білген алаштықтардың асыл арманы орындалды. Егемендік бізді әлемге танытты. Рухани шыңдалдық. Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталды. Ежелден еркіндік аңсаған біздер бақытты кезеңді бастан өткерудеміз. Алайда, осынау бақыттың жолында жазықсыз жазаланған Алаш арыстарына мемлекеттік деңгейде қандай сый-құрметтер жасалуда? Осыған сәл тоқталайық.

Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі 1993 жылы құрылды және 1998 жылы ресми түрде ашылды

Алаш арыстарының құрметіне арналған іс-шаралар жыл басында-ақ басталып кетті. Соның бірі – Елордадағы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлына арналған ескерткіш. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ескерткіштің ашылу салтанатында Алаш қайраткерлерінің қажырлы еңбектерінен жүйелі түрде ой сабақтай отырып, өз пікірін былайша өріп еді:  «Олар елінің азаттығы мен өркендеуі жолында қызмет етті. Халықтың рухын оятып, санасына сілкініс әкелді. Жеріміздің тұтастығының сақталуына ықпал етті. Төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. Өркениетті зиялылықтың негізін қалады. Алаш арыстары заманның сын-қатеріне қарамай, Қазақ елінің мемлекетшілдік идеясын жаңғыртты. Тәуелсіздік жылдарында Алаш идеясы мен Алаш мұрасы түбегейлі қайта қаралды. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Алаш» автономиясының 100 жылдығын атап өттік. Биыл Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы Тәуелсіздік мерекесі аясында өтіп жатыр. Біз Алаш арыстарының есімін жаңғыртып, тарихи рөліне баға беруді қолға алдық. Менің Жарлығыммен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Алаштану ғылымы арыстарымыздың еңбектерін барынша қамтуы керек».

Міне, алашордалық көсемдер жайлы елдің ең биік мінберінен айтылған салмақты сөз, байсалды баға осы! Президенттің осы бір игі бастамасын әр аймақ басшылары лезде жалғастырып әкетті. Оған дәлел осы  жылдың қараша айында Түркістан облысының Қазығұрт ауданына қарасты Сарапхана ауылындағы «Мәңгілік Ел» саябағында ерекше салтанатты кеш өтті. Кештің ерекшелігі сол – 140 Алаш зиялыларының есімдері таңбаланған және тоғыз қайраткер – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабаев, Әлімхан Ермекұлы, Жаһанша Досмұхамедұлының тұлғалары мүсінделген ескерткіш ашылды. Мұның артынан іле-шала Атырауда «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» атты алқалы жиын болды.

Қазан айының басында екі млн тұрғыны бар Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйіне барып, ұлт ұстазының табанының ізі қалған, маңдайының тері тамған, яғни өзі тұрған, бірнеше жыл өмірін өткізген киелі үйді қоғамдық қордан коммуналдық меншікке беру туралы шешім қабылданғанын айтты. Сол кезде газет оқырмандарынан сүйінші сұраған болатынбыз. Өйткені, Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйін мемлекеттік қамқорлыққа алу ісі 28 жылдан бері шешілмей келген еді. Осы күнге дейін мұражай-үйдің түтінін түзу шығарып отырған Райхан Имаханбеттің жанайқайын естір құлақтың табылмай келгені де рас. Сондықтан ұлт ұстазының мұражай-үйіне мемлекеттік мәртебенің берілгені құптарлық іс болды.

Алаш қозғалысының көшбастаушысы Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы да Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл орайда ұлт көсемінің ұлт тарихындағы орны, өмірлік жолы, қажырлы күреске толы жылдарына қатысты насихаттау жұмыстары кең ауқымда жүргізіліп келеді. Дереккөздерге сүйенсек, республика деңгейінде Әлихан Бөкейхан ерекше ұлықталған өңір – туған жері Қарағанды облысына қарасты Ақтоғай ауданының Жекежал қыстауынан бастау алды. Сол қыстаудағы орны топырақтан аршылып, іргетасы ретке келтіріліп, аудан орталығында ескерткіші тұрғызылды. Биылғы мерейтойына орай Қарағанды қаласының Октябрь ауданына есімі берілді. Жалпы Қарағандыда Әлихан Бөкейхан есімімен аталатын 11 көше, 4 мектеп болса, Ақмола облысында 16 көшеге, Ақтөбеде 2 көшеге, Атырауда 5 көшеге, Жамбылда 7 көше мен 2 мектепке, Қызылордада 2 көше мен 1 мектепке, Павлодарда 2 көшеге, Түркістан облысы бойынша 5 көше мен 2 мектепке, Шығыс Қазақстан облысында 9 көше мен 2 мектепке ұлт көсемінің есімі берілген.

Сонымен қатар, қайраткердің өмір жолын қамтыған кітаптар да көптеп жарық көруде. Мәселен, қазан айының соңында ресейлік тарихшы, профессор Виктор Козодойдың «Алихан Букейханов. Человек-эпоха» кітабының тұсаукесері Алматыда өтті.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Ахмет. Ұлт ұстазы» тарихи телехикаясын түсірген «Қазақстан» телерадиокорпорациясы келесі жылы Әлихан Бөкейхан туралы фильмді жарыққа шығаратындарын хабарлады.

«Тәуелсіздіктің құнын біліп, оның қадір-қасиетін бағалау үшін біз өткенімізді ұмытпауымыз керек. Тарихта қандай жолдардан өттік, қандай тұлғалар болды – барлығын ұрпаққа ұғындыру керек. Сондықтан да, Президент ұлт тұлғаларын насихаттайтын тарихи телехикаяларды көбейтуді тапсырды. Осы туындылар арқылы біз өскелең ұрпаққа тарихи тұлғалар мен олардың өнегелі өмірін таныстырамыз», – дейді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.

Тағы бір жағымды жаңалық – Семей қаласындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университеті Әлихан Бөкейхан есімін алды. Кезінде «Алаш астанасы» атанған киелі қалада енді Alikhan Bokeikhan University бар. Университеттің бас ғимаратында орнатылған қайраткердің бюстінде Әлихан Бөкейханның «Өз күшіне сенбеген халық та, адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды» деген сөзі қашалған.

«Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген Әлихан Нұрмұхамедұлы халыққа қызмет етудің ерен үлгісін көрсетіп кеткен қайраткер. Ендеше, сертке адалдықтың, антқа беріктіктің, ұлт алдындағы жауапкершілік жүгін қара нардай көтере білудің жолын үйретіп кеткен Алаш арысының осылайша ұлықталып жатқаны қуанарлық жағдай. Бұл да азаттықтың арқасы. Өйткені, қазақты аяусыз қырған «қызыл империя» тұсында Алаш арыстарының аттарын атаудың өзі қылмыс саналды. Ендеше, туған халқының бостандығы жолында құрбан болған қайраткерлердің барлығы да елдік пен ерліктің өшпес өнегесі ретінде әспеттеле беруі керек.

Иә, бүгінде Алаш қозғалысы дәуірі мен қазақтың өткенін бағалау турасында жастар арасында арнайы кездесулер мен дәрістер өтуде. Мұндай дәрістер Алаш тұлғаларының тағдырымен ғана емес, олардың мұрат-мақсаттарының бүгінгі тәуелсіздікпен сабақтасып жатқандығын, ең бастысы, Алаш идеясын өскелең ұрпақтың бойына сіңіру болмақ.

Алаш қайраткерлері ұсынған, қалыптастырған идея қазақпен бірге жасап, қазақпен бірге ғұмыр кешеріне кәміл сенеміз!

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here