Түрленген Түркістан: Ескі қаланың жаңа келбеті

0
6944

«Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп Мағжан Жұмабаев жырлағандай, облыс орталығына айналған тарихи қала соңғы үш жылда адам танымастай өзгерді. Ал, Түркістанның түрленетіндей жөні де бар. Өйткені, облыс құрылған сәттен бастап өңір экономикасына шамамен 3,8 млрд доллар, соның ішінде Түркістан қаласына 1,3 млрд доллардан астам инвестиция тартылды. Бұл толымды тірлік бюджет қаражатымен қатар демеушілер мен инвесторлар есебінен де жүзеге асып жатыр.

ТҮРКІСТАННЫҢ ТҮРЛЕНУІНЕ БАРЛЫҚ ӨҢІР АТСАЛЫСЫП КЕЛЕДІ

«Көп түкірсе – көл» дегендей, «түріктің Тәңірі берген несібесі» Түркістанды абаттандырып, көшелерді көркейту, мәдени нысандар салу жұмыстарына еліміздің барлық өңірі бір атаның баласындай үлес қосып келеді. Мысалы, Шымкент қаласы «жақын көршісіне» ең қымбат сыйлықтардың бірін жасады. Қазақстанның үшінші мегаполисі тарихи қалада аумағы 8,4 мың шаршы метрді құрайтын үш қабатты ғылыми-әмбебап кітапханасын тұрғызып берді. Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметінше, кітапхана құрылысына барлығы 8 млрд теңге жұмсалған.

Екі млн халқы бар Алматы қаласы Түркістан қаласына ауданы 3 мың шаршы метрден асатын медиа орталықты сыйға тартты. Баспасөз үйінде телеарналар мен радиолардың, облыстық газеттердің редакциялары және түркітілдес елдердің БАҚ өкілдері орналасқан. Алматы әкімдігінің мәліметінше, жобаның жалпы құны – 4,8 млрд теңге болса, оның 2 млрд теңгесі медиа орталықты жабдықтауға жұмсалған.

Елорда еліміздің рухани орталығына аумағы 5,4 гектарды алып жатқан Нұр-Сұлтан алаңын тарту етті. Онда 30 мың шаршы метрге ағаштар егілді, 20 мың шаршы метрге жаяу жүргіншілер жолдары төселді, қалған жерлерге су бұрқақтар орнатылды. Бір сөзбен айтқанда, Елбасы мен Елорда атауын алған алаң түркістандықтардың көз қуанышына айналып отыр.

Түркістан облысы мен оның орталығын жаңартуға жоғарыда аталған үш мегаполиспен қатар елдің басқа өңірлері өзіндік үлес қосып жатқаны белгілі. Айталық, Алматы, Ақмола және Қарағанды облыстарының әкімдіктері Түркістандағы 30 га аумақта аттракциондары бар саябақты абаттандыруды өз мойындарына алды.

Ақтөбе облысы құны 9,4 млрд теңге болған бес жүз көрерменге арналған төрт қабатты театрды, Батыс Қазақстан облысы «Ақ Жайық» музыка мектебін, Қостанай облысы Неке қию сарайын, Шығыс Қазақстан облысы 1,1 млрд теңгелік заманауи су бұрқақты, Солтүстік Қазақстан облысы Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебін, Қызылорда облысы 100 адамға арналған шығыс моншасын, Павлодар облысы Халыққа қызмет көрсету орталығын сыйға тартты. Ал, Жамбыл облысының әкімдігі Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жатақханасын визит-орталыққа айналдырып берді.

Атына заты сай болған Атырау облысы жомарттық танытты. Ең бай облыс ең қымбат сыйлық жасады. Мұнайлы астана тарихи қалада ауданы 6 мың шаршы метрге жуық «Ұлы дала елі» мәдени-сауық орталығын салды. Инвестиция көлемі – 10,8 млрд теңгені құрады.

ҮШ ЖЫЛДА ЕҢСЕСІН ТІКТЕГЕН ҚАЛА

Биылдың өзінде Түркістанда 25-тен астам ірі инвестициялық жоба іске қосылды. Содан көне шаһарда жаңа нысандар көптеп салынып, келбеті күн санап түрленіп келеді. Ал, Түркістандағы жаңа ғимараттардың басым көпшілігі шығыстық стильде салынып жатыр.

Жаңа Түркістанда туристердің ерекше қызығушылығын тудырып жүрген көрікті орындардың бірі – «Керуен сарай» көпфункционалды туристік кешені. Кешен биылғы жылдың сәуірінде пайдалануға берілді.

Нысан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қарама-қарсы «Әзірет Сұлтан» мәдени қорығының буферлік аймағында 20,5 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылған. Шығыс стилінде салынған ғимараттың архитектурасы да көздің жауын алады. Ал, көктем мезгілінде сакура ағаштары гүлдеп, кешенді одан сайын көріктендіре түседі. Бір мезетте 10 мың турист қабылдайтын осынау инвестициялық жобаны «Turkistan Tourism City» компаниясы іске асырды.

 Кешенде Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «ұшатын театр», сәйгүліктер шоуын өткізуге арналған амфитеатр, Шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, фуд-кордтар, қонақүйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес-орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталығы бар. Бұл ретте барлық құрылымдар су арнасы арқылы байланыстырылған. Су кешеннің қақ ортасын кесіп өтетіндіктен, әр 50-60 метр сайын көпір салынған.

Кешендегі ерекше нысандардың бірі – қауыз. Қауыздың қақ ортасында қираған кеменің кейпіндегі субұрқақ орналастырылған. Онда судағы «қайық шеруі» – театрландырылған шоу өткізіледі. Қойылым қазақтың ең көне мұраларының бірі, лиро-эпостық дастан – «Қыз Жібек» жырының негізінде әзірленген. Әр қайықта әртүрлі кейіпкерді бейнелейтін актерлер келушілерді қиялға толы әлемге жетелейді. Қойылым барысында ортада тұрған субұрқақтан бірде отшашулар атқылап, бірде су шапшып, шоуды әсерлі етіп жібереді. Арна жағасындағы тастардан әуезді ән естіледі. Бұл «Керуен сарайға» ерекше атмосфера сыйлайды. Сондықтан «Керуен сарай» «Қазақстандағы Венеция» аталып кетті.

Рас, кешеннің Орталық Азияда баламасы жоқ және ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен кейін өңірге туристер мен инвестиция тартатын басты орталық болып отыр.

ТАРИХИ ҚАЛАНЫ ДАМЫТУДЫҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ ЖҮРІП ЖАТЫР

Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде дамыту жұмыстары атқарылып жатыр. Арнайы кешенді жоспар әзірленіп, Үкіметпен бекітілді. Соңғы 3 жылда атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Түркістан қаласын дамытудың бірінші кезеңі аяқталып, негізгі әлеуметтік-инфрақұрылымы қаланды. Жалпы 445 млрд теңгеге жаңа 251 жоба іске асып, 123 нысанның құрылысы аяқталды.

Халықаралық әуежай, Әкімшілік-іскерлік және Рухани-мәдени орталықтары салынды, оларды өзара байланыстыратын Бекзат Саттарханов даңғылы қайта жөндеуден өтті. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар құрылды.

Қала аумағына Жасыл белдеу орнату мақсатында 13 мың га жерге 3,5 млн түп ағаш егіліп, толық газдандырылды.

Түркістан қаласының одан ары қарай дамуының екінші кезеңіне келетін болсақ, ол төрт аумақта жүзеге асырылады:

1-аумақ – әуежай аумағына 100 орындық қонақ үй, 3 ұшаққа арналған ангар, 400 га қара өрік бағы, 50 га жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1 200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады.

2-аумақ – Әкімшілік-іскерлік орталығында теннис орталығы, мұз сарайы, ат-спорт кешені, демалыс орындары және инженерлік инфрақұрылымы жүзеге аспақ. Сондай-ақ, 4,8 млн шаршы метр тұрғын үй салып, 46 мың пәтер пайдалануға беру жоспарлануда. Денсаулық сақтау саласында 570 орындық көп бейінді аурухана, жедел медициналық жәрдем станциясы және Ана мен бала орталығы бой көтереді.

3-аумақ – Бекзат Саттарханов даңғылы бойында спорттық кешен, Яссы желілік саябағы, ірі сауда орталықтары, 182 га универститеттік ботаникалық бақ, Парк Лайн коттедж кешені тұрғызылады.

4-аумақ – Мәдени-рухани орталықта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жоспарлануда.

Жалпы, Түркістан қаласын дамытудың екінші кезеңінде инвестициялардың көлемі 1,3 трлн теңге, оның 1 трлн теңгесі немесе 77%-ы жеке инвестициялар болып табылады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Міне, осылайша үш жылда Түркістан облысы еңсесін тіктеген өңірге айналды. Ал, облыс орталығы – Түркістан қаласы тоты құстай түрленді. Оған жоғарыда біз келтірген деректер дәлел бола алады. Осылайша, бүгінде ескі қаланың жаңа келбеті қалыптасты.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here