Қарқаралы сапары

0
3156

Баршаға белгілі еліміздің тарихында қилы кезеңдер аз болған жоқ. Соның бірі – ақ қашқан, қызыл қуған жылдардың зобалаңы. Бұл да бір ел басына күн туған, ер алдында сын тұрған аса бір ауыр кезең болатын. Сол жылдарда елін қорғап құрбан болған ерлер көп. Солардың бірі – ақтардың қолынан небәрі 24 жасында қапылыста қаза болып, қыршынынан қиылған асыл ер Әбдірахман Жүнісов еді.

Таяуда Қарқаралы жерінде болған осы қанды оқиғаның 100 жылдығына орай Семей қаласындағы Абай атындағы ғылыми әмбебап кітапхана «Ел үшін туған есіл ер» деген тақырыпта ғылыми-теориялық конференция өткізген еді. Кітапхана директоры Г.Т.Жігітбаева, орынбасарлары Г.М.Аязбаева, Г.Т.Нұғыманова бұл конференцияның өтуіне үлкен маңыз берген. Ал, өз істерін жақсы білетін Ж.Ә.Манжибаева, Г.А.Игентаева, Т.О.Доскеева, М.И.Парфенович  сынды кітапхана қызметкерлері жан-жақты ізденіс жасаған бұл шара шындығын айту керек жас толқынға тамаша бір тағылымдық тәрбие беретіндей деңгейде өтті. Оған Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданынан шежіреші  Н.Сәменбетов, тарихшы Ж.Кәрібаев, ақын Н.Қарабалин, журналист М.Жұмабаев, жас талапкер А.Қайрат немересі және білім бөлімінің бір топ қызметкерлері қатысты.

Қарқаралыдан осындағы өлкетану музейінің бұрынғы директоры, зейнеткер М.Қасымжанұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы С.Оспанов, Қарқаралы музейінің ғылыми қызметкері С.Сәтбеков, Қазақстан Судьялар одағының мүшесі, зейнеткер М.Азбанбаев және басқалар қатынасып, өздерінің өзекті ойларын ортаға салды.

Біз төменде осы конференцияға қатысқан аягөздік ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Ақаш Көксегеновтың шағын жазбасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

РЕДАКЦИЯ

Кезінде Қарқаралыға қараған өңірде Кеңес өкіметін орнатуға белсене атсалысқан Әбдірахман Жүнісовтің есімін бүгінде көп адам біле бермейді. Өйткені, күрескерлігіне ғасырдан астам уақыт өткен, алдына халқының бақытты өмір сүруін ғана мақсат еткен азаматтың кім болғанын бұлайша ұмыттырған алмағайып оқиғаларға толы уақыт болатын. Бірақ, оның мақсатты ісі бүгінгі ұрпақтың санасында қайта жаңғыруға тиіс. Себебі, Әбдірахман Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатуға белсене атсалысқан революционерлердің бірі. Сондықтан да, ол осынау ақ ниетті күрес жолында қазақ халқын қисапсыз қырғынға ұшыратқан ақ бандылардың қолынан қаза тапты. Не бәрі 24 жасында өмірден озған осынау есіл ердің батылдық, батырлық ісін елге әйгілеу, ұрпаққа ұлағат ету – бүгінгі толқынның парызы.

Осы ретте Шұбартау, Аягөз өңірінде ұзақ жылдар ұстаздық еткен Самхан Жүнісов ағамыздың ерен еңбегін атап өткен жөн. Сол кісінің көп жылғы үздіксіз ізденісінің нәтижесінде халқының келешегі үшін шейт болып, Қарқаралының қасиетті топырағын мәңгіге жамылған Әбдірахмандай елдің батыр ұлы жайлы дерек жарыққа шықты.

Сәкеңнің өтінішімен сол кездегі Шұбартау ауданының басшылары арнайы экспедиция ұйымдастырып, көрші Қарқаралы ауданына жіберген-ді. Сол экспедицияның құрамында мен де болдым. Мақсатымыз – революционер Әбдірахман Жүнісов жайлы деректерді жинақтау, нақтылай түсу болатын. 

1989 жылдың 4 мамыры күні біздер бұрынғы Шұбартау ауданының орталығы болған Баршатас ауылынан аттанып, Қарқаралыға кешқұрым мезгілде жеттік. Ертесінде Қарқаралыда Наурыз тойы тойланғалы жатыр екен. Біздер сол мереке қарсаңына тап келіппіз.

Біз ертелете тұрып, мереке басталардан бұрын ауылдың ескі көз қарттары – соғыс және еңбек ардагері Ш.Мезгілбаев, есімі елге белгілі жазушы Мақсим Омарбеков, республикаға танымал айтулы ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы, қарт ұстаз Ж.Ерсалимов, кезінде Қарқаралыдағы қанды оқиғаны өз көзімен көрген К.Олжабаев және Өмірзақов ақсақалдармен хабарласып, ең алдымен әйгілі ақын, әнші, композитор Мәди Бәпиұлы бабамыздың қала сыртындағы кесенесіне барып зиярат етіп, құран бағыштадық.

Одан соң орталықтағы аудандық партия комитеті орналасқан ғимаратқа таяу жердегі айналасы қоршалған бауырластар қабіріне келіп тағы да құран бағыштап, өзіміз ат терлетіп арнайы іздеп келген Әбдірахман Жүнісов бауырымыздың басындағы белгі тасты аялай сипадық. Одан ары Қарқаралы қырғынында шейт болған боздақтарға арналып қойылған көрнекті обелиск алдында барша боздақтардың рухына тағзым еттік.

Осында әспеттеп аты жазылған біздің бауырымыз Әбдірахман Жүнісов жай қатардағы революционер емес еді. Ол Қарқаралыда ғана емес, Қарқаралыға қарасты өңірлерде қаншама комсол ұяшықтарын ұйымдастыруға күш салған, мектепте білім кәусарынан сусындаған жас толқынға дәріс берген, халыққа азаттыққа жетудің жолын нұсқаған білімді де сауатты азамат болған.

Ақ бандылардың қолынан қайтыс болардан бірнеше ай бұрын Әбдірахман Әленұлы коммунистік партия қатарына қабылданып, Қарқаралыдағы саяси кеңестің орынбасары қызметін атқарған. Міне, осындай шыңдалу жолынан өткен Әбдірахман Жүнісов уақытпен санаспай күндіз-түні халықты жаралы жыртқыштай жанталасқан ақ бандылардан қорғап қалу жолында аянбай еңбек еткен.

1921 жылдың жаз айларының бірінде осындай мәселеге байланысты шұғыл жиналыс өтіп жатқан үйді қапылыста бандылар қоршап алады да, оларды түгелдей тұтқындайды. Біз барғанда сол бір қанды оқиғаның куәсі болған үй бәз-баяғы қалпында сақтаулы тұр екен.

Жаулары оларды қалай тұтқындады дегенге келсек, әлгі үй ауылдың солтүстік жақ шетіндегі тау жақтан келетін ұрымталдау бұралаң сайға таяу тұр екен. Бандылар революционерлердің ішінде өздеріне сатылған бір сатқын арқылы хабар алып, жаңағы үйге таяу сай арқылы сау етіп, қапылыста басып қалған.

Сол күні олардан жауап алып, аузы берік темір қақпалы ат қораға қамап, ертеңінде қаладан жаяу айдап шығады да, шығысқа қарай баратын күре жолдың бойындағы жыраның маңында қырғынға ұшыратқан. Біз сол қырғын болған қанды орындардың бәрін көзбен көріп, атаман Анненков пен қанышер жауыз генерал Дутовтың қанды қол қарақшыларының сойқанды соқпағымен жүріп өттік. 

Революционерлерді жаулары жазалай бастағанда, олар да қарап қалмай қарсылық көрсеткен болуы керек. Оған осы жағдай жөнінде айтушылардың әңгімесінен аңғарғанымыздай, қаза болғандардың қайсыбірінің денесі әр тұста шашылып жатқандығы, сол маңды аттың тұяғы айғыздағаны, адамның сорғалаған қан іздерінің жатқандығы дәлел.

Осындай жастығын ала кетпекке бел буып ұзақ алысқандардың бірі – Әбдірахман Жүнісов екен. Оны тауып алғандардың айтуынша, ол негізгі қырылған топтан екі-үш метрден аса жерде жатыпты. Іздеушілер оны сорғалаған қан ізімен барып тапқан.

Есіл ерлер қырғындалған жерлерде болып, рухтарына тағзым еткеннен кейін біздер бірге жүрген адамдармен бұл кезде Наурыз тойын мерекелеуді бастап кеткен қарқаралылықтардың қатарына қосылдық. Мамырдың мамыражай күніндегі масатыдай құлпырған Қарқаралы қандай?! Сол мерекелі Қарқаралыдағы мерейі өскен халықтың қуанышы тіптен ғажап.

Қаланың орталық стадионына бірнеше ақшаңқан қазақ үйлер тігіліпті. Сол ақбоз үйлердің әрқайсысы осы өңірден шыққан белгілі адамдарға арналыпты. Біздерді орта тұстағы сахнаға таяу жерге орналасқан Кеңес Одағының батыры Нүркен Әбдіров атындағы үйде құрметтеп күтті.

Айтпақшы, Наурыз мерекесінің барысындағы салтанатты жиналыста алыстан келген қонақтардың атынан маған сөз берілді. Сол салтанатта мен қаламсап ұстап, қағазға шұқшимай-ақ көңілге құйылған төмендегі өлең жолдарын қарқаралылық ағайындармен бөліскен едім.

Қиылған қыршынынан есіл ер-ай!

Биігі аумайтұғын Қарқарадан,
Таулары талай тарих арқалаған.
Армысың, қасиетті Қарқаралы,
Наурызың құтты болсын алқалаған!
Думанға міне осындай тап келгенде,
Толғанбай тұра ала ма арқалы адам.
Бұл өзі жақсылықтың белгісіндей,
Тойларың тойға ұлассын тарқамаған!

Білемін тарихыңды көнедегі,
Кітаптар сөйлейді оны сөредегі.
Тағылымы таусылмайтын қазынадай,
Өзіңде өтті жандар өнегелі.
Солардың рухы бір сәт қолдады ма,
Құйылған көңілге осы өлең еді.
Наурызың қайта оралған құтты болсын,
Көсегең жұртым енді көгереді!

Мәні зор өйткені бұл мерекенің,
Бастауы болсын алда берекенің.
Алаңға ақбоз үйлер тіккен мынау,
Ұйымшыл көрініп тұр ел екенің.
Жап-жасыл айналасы Қарқаралы,
Жаннаттай аңдатады жер екенін.
Ұрпағың өсіп-өнсін ағайындар,
Паш етіп бабалардай ер екенін.

Өзіңді ат терлетіп іздеп келдік,
Ағайын, сіз деп келдік, біз деп келдік.
Шұбартау, Қарқаралы арасында,
Тарихи жолдар жатыр тізбектеліп.
Басыңнан қилы-қилы заман өтсе,
Оларды сізбен бірге біз де өткердік.
Қадірін бұл күндердің білейікші,
Жүрмейік босқа біздер дүрмекке еріп.

Арайлап атқан күліп таңда мына,
Көз салсақ жасыл желек маңға мына.
Түседі осында өткен қанды оқиға,
Адамдар жете алмаған арманына.
Әбдірахман Жүнісов соның бірі,
Тап келген тайқы заман тарланыма.
Тік тұрып бір сәтке біз ағайындар,
Етейік тағзым оның аруағына.

Сапарлас Самханның ол жақыны екен,
Бабасы Нұралыдай батыр екен.
Әбдірахман сол бабаға тартып туған,
Жасынан жанып тұрған батыл екен.
Жазылар өнегесі алда талай,
Көрмейді өйткені оны халқы бөтен.
Жерленген жетпіс сегіз адамның да,
Сақталар тасқа ойылған аты бекем.

Еске алып мен де алда отырамын.
Әрине өкінемін, опынамын.
Қиылған қыршынынан есіл ер-ай,
Ұмытылмас өзің жайлы оқығаным.
Қалдырмас менің жырым бейжай сірә,
Ұрпақтың бойларында оты барын.
Қамқадай Қарқаралы жеріндегі,
Мақпалдай болсын мәңгі топырағың!

Ақаш КӨКСЕГЕН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Қазақстанның Құрметті журналисі

АЯГӨЗ ҚАЛАСЫ,
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here