Тақ мұрагері Ким Чен Ынның он жылдық билігі немен есте қалды?

0
2842
Ким Чен Ын мен Дональд Трамптың Солтүстік және Оңтүстік Корея шекарасындағы кездесуі. 2019 ж.

Түрі, тілі, діні мен ділі бір болғанымен, бүгінде корей ұлты екіге бөлінген мемлекет. Корей түбегінің оңтүстігінде – Корея Республикасы, ал солтүстігінде – Корей Халық Демократиялық Республикасы (КХДР) орналасқан. Соңғысының бейресми атауы – Солтүстік Корея. Билік Еңбек партиясының қолында, ал оның бас хатшысы – Ким Чен Ын. Яғни, біздің тілмен айтқанда, ол – социалистік елдің президенті. Бұл лауазымға Ким Чен Ын осыдан тура он жыл бұрын «сайланды». Сол кезде 29 жастағы жас саясаткерге әлемдік қауымдастық ықпалды жездесінің қолындағы қуыршақтың рөлін болжады. Алайда, билік тізгінін қолына ұстаған осы жылдарда Ким Чен Ын оңай шағылатын жаңғақ емес екендігін дәлелдей алды. Ол билікті уысынан шығармай, жетекші елдердің қарсылығына қарамастан үш рет ядролық бомбаны сынап та көрді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Солтүстік Кореяның негізін қалаған Ким Ир Сеннің (1912-1994) немересі, елдің екінші көшбасшысы Ким Чен Ирдің (1942-2011) ұлы Ким Чен Ынның он жылдық билігінің ең жарқын сәттерін еске түсіреді.

КИМ ЧЕН ЫН ЕКІ АҒАСЫНЫҢ АЛДЫН ОРАП КЕТТІ МЕ?

КХДР сөз жүзінде демократиялық ел болғанымен, іс жүзінде мемлекеттік басқару құрылымы автократия мен монархияға келеді. Билік әкеден балаға мұра ретінде қалады. Ким Чен Ын 29 жасында билік басына осындай мұрагерлік жолмен келді.

Солтүстік Корея әлемдегі ең жабық елдердің бірі болып саналады. Социалистік елдің ішінде болып жатқан оқиғалар жайлы ақпарат өте аз. Жабық елде шын мәнісінде не болып жатқанын нақты білу қиын. Негізгі ақпаратты әлемдік қауымдастық КХДР мемлекеттік баспа органдарынан немесе Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың барлау қызметтерінен алады. Әрине, Пхеньян өзін мақтаған, Батыс елдерін даттаған ақпарат таратады. Бірақ, 26 млн халқы бар және халықаралық санкция құрсауында қалған жабық елде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» тумағанын ішіміз сезеді. Бұл өзге тақырыптың өзегіне арқау болар бөлек әңгіме. Негізгі тақырыпқа оралайық.

Пхеньянның Солтүстік Кореяға қатысты таратқан кез келген ресми ақпаратына жұртшылық күмәнмен қарайды. Демократиялық принциптер ескерілмейтін, халқын елден сыртқа шығармайтын әрі интернетті бұғаттап тастаған автократиялық елде нағыз диктатура орнағанын бесіктегі баладан еңкейген қарияға дейін жақсы біледі. Содан жұртшылық Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың барлау қызметтеріне құлақ түреді. Мысалы, бүгінгі мақаланың арқауына айналған Ким Чен Ынның нақты жасы да белгісіз. КХДР ресми мәліметтерінде оның 1982 жылы 8 қаңтарда жарық дүниеге келгені жазылады. Бірақ, Оңтүстік Кореяның барлау қызметі оның бір жылдан кейін дүниеге келгенін хабарлайды. Сонда Пхеньян неге жалған ақпарат таратады? Бұл сұраққа Оңтүстік Корея барлау қызметінің өз жауабы бар. Олардың мәліметінше, Солтүстік Корея билігі Ким Чен Ынның туған жылын ел үшін маңызды мерейтойларға, яғни әкесі Ким Чен Ирдің 40 жылдығына және атасы мен елдің бірінші басшысы Ким Ир Сеннің 70 жылдығына орай өзгерткен. Демек, Солтүстік Корея келесі жылы Ким Ир Сеннің 110 жылдығын, Ким Чен Ирдің 80 жылдығын, Ким Чен Ынның 40 жылдығын тойлайды. Осылайша, Пхеньян болашақ үшінші көсемнің туған жылын бір жылға арттыруға идеологиялық тұрғыдан қараса керек.

Ким Чен Ынның балалық шағы туралы да мардымды ақпарат жоқ. Бұл тұста ресми ақпаратқа ғана жүгінуге тура келеді. Ресми мәліметке сенсек, Ким Чен Ын – Ким Чен Ирдің үш ұлының кенжесі. Анасы Ко Ён Хи – Ким Чен Ирдің үшінші әйелі. Екі ағасы мен қарындасы бар. Үлкен ағасы Ким Чен Намды Ким Чен Ирдің бірінші әйелі Сон Хе Рим туған.

Солтүстік Кореяның басшылығы мен Ким әулеті туралы ақпарат жинайтын North Korea Leadership Watch порталының мәліметінше, Ким Чен Ын балалық шағын Солтүстік Кореяда өткізген. Тоқсаныншы жылдары оны ағасы мен әпкесімен бірге Швейцарияға оқуға бүркеншік атпен жіберген. Елдің болашақ үшінші көшбасшысы Отанына екі мыңыншы жылдардың басында оралған. Содан Ким Ир Сен атындағы Әскери университетке оқуға түскен.

Енді Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың барлау қызметтерінің бейресми мәліметтеріне тоқталайық. Жоғарыда қазіргі көсемнің бұрынғы көсемнің үш ұлының кенжесі екенін жаздық. Ресми мәлімет солай дейді. Бейресми мәлімет бойынша, Ким Чен Ирдің заңды төрт некеден туған сегіз, некесіз туған тоғыз, жалпы 17 перзенті болған. Әрине, Солтүстік Корея сияқты елде көшбасшы барлық жағынан мінсіз болуы керек. Сондықтан Ким Чен Ирдің некесіз туған балалары оның ресми өмірбаянында атап көрсетілмейді.

Көзі тірісінде Ким Ир Сен де, Ким Чен Ир де өздерін «мәңгілік көшбасшы» деп жариялағандарымен, мына жалған дүниеде ешкімнің де мәңгілік емес екені анық. Солтүстік Кореяның негізін қалап, өзі құрған елді соңғы демі қалғанша 45 жыл 302 күн басқарған Ким Ир Сен 1994 жылы 8 шілде күні қайтыс болғаннан кейін «таққа» оның ұлы Ким Чен Ир отырды. Ол да ақтық сапарға аттанғанша 17 жыл 162 күн елді уысынан шығармай ұстады. Яғни, осыдан тура 10 жыл бұрын, 2011 жылдың 17 желтоқсанында Солтүстік Корея басшысы жетпіске қараған шағында қайтыс болды. Ким Чен Ирдің мұрагері ресми мойындалған үш ұлдың кенжесі Ким Чен Ын болды.

Осы арада «Неге мұрагер үш ұлдың кенжесі болды?» деген заңды сұрақ туындайды. Өйткені, Ким Чен Ын отызға толмай жатып орда бұзды. Оның тете ағасы Ким Чен Чхольді есепке алмағанда, Ким Чен Ирдің тұңғышы Ким Чен Намның да билікті қолына ұстауға мүмкіндігі бар еді. Бірақ, Ким Чен Ын екі ағасының да алдын орап кетті. Сөйтіп, 29 жасында билікті қолына мықтап ұстады.

Айта кетейік, Ким Чен Ынмен қаны бір болғанымен, аналары бөлек Ким Чен Нам 2017 жылы 46 жасында Куала-Лумпур халықаралық әуежайында (Малайзия) жендеттердің қолынан қаза тапты. Жендеттер оны улап өлтірді. Оңтүстік Кореяның барлау қызметі Ким Чен Нам өлімінің артында туған інісі Ким Чен Ын тұрғанын, оны өлтіруді КХДР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің төрт қызметкері мен КХДР Сыртқы істер министрлігінің екі қызметкері ұйымдастырғанын жалпақ жұртқа жариялады. Сонда әулеттің тұңғышы Пхеньянға неге жақпайды қалды? Жауап беріп көрейік.

Ким Чен Нам 2001 жылға дейін тақ мұрагері саналды. Екі інісі сияқты Швейцарияда білім алды. Отанына оралған соң бірқатар жоғары партиялық лауазымдарға тағайындалды, елдегі ақпараттық технология саласының дамуына жетекшілік етті және 2001 жылдың қаңтарында әкесі Ким Чен Ирмен бірге Шанхайға сапар шегіп, қытай шенеуніктерімен де кездесті. Бірақ, тұңғыштың сол жылы жасаған ойсыз әрекеті опық жегізді. Айталық, ол отбасымен бірге жалған доминикандық төлқұжатпен Жапонияға кірмек болған жерінде ұсталды. Сапардың мақсаты – төрт жастағы баласына атақты Диснейлендтің Токиодағы көшірмесін көрсету еді. Диктатор әкенің мұндай тірлікті құп көрмейтіні белгілі. Дегенмен, өз қолын өзі кесе алмады. Баласын құтқарды. Жапония Ким Чен Намды Қытайға депортация жасады. Содан әке мен баланың арасы нашарлап, көп ұзамай ол шетелге қоныс аударды. Әкесі қайтыс болғаннан кейін кенже інісімен де тіл табыса алмады. Тіпті, Пхеньян оны «АҚШ-тың Орталық барлау басқармасына мемлекеттік құпия ақпаратты жариялап жүр» деп те айыптады.

Бір айта кетерлігі, бастапқыда Ким Чен Ынмен тел өскен Ким Чен Чхоль де тақ мұрагері саналды. Ол да Швейцарияда оқыған. Қазіргі көсемнен 1-2 жас үлкендігі тағы бар. Дегенмен, ол 2015 жылы Лондонда із-түссіз жоғалып кетті. Бұған дейін Солтүстік Кореяның Ұлыбританиядағы елшісінің орынбасары болған оның қазіргі тағдыры белгісіз. Ал, Пхеньянның таратқан ресми мәліметінше, Ким Чен Чхоль тыныш өмір сүреді, саясатқа араласпайды.

ҚАРУЛЫ КҮШКЕ АҚША КӨП, ХАЛЫҚҚА АҚША ЖОҚ

Енді Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ынның он жылдық билігі немен есте қалғанына тоқталсақ. Сырт көзге адам тамсанатындай жетістік байқалмайды. Билік басында отырғандарда тоқшылық, жалпы халықта жоқшылық. Үлкен түрмеге айналған елден қашып шығу да оңай емес. Шекара жабық. Айнала толған көзбояушылық. Ким режимі әлемге Солтүстік Кореядағы алаңсыз тіршілікті көрсеткісі келеді, соған жұртшылықты сендіргісі келеді. Бірақ, сөз бен істің қабыспайтынын барша әлем біледі.

Ким Чен Ын 2010 жылы елдің қоғамдық өміріне белсенді араласа бастады. Ол генералға дейін көтеріліп, Кореяның Еңбек партиясы Орталық комитетінің мүшесі болып сайланды. Бір жылдан кейін, 2011 жылдың 17 желтоқсанында Ким Чен Ир қайтыс болды. Содан оның кенже ұлы «Солтүстік Корея көшбасшысының ұлы мұрагері» болып жарияланды. Сол жылдың 24 желтоқсанында ол Корей халық армиясының Жоғарғы Бас қолбасшысы атанды. Сарапшылар жас мемлекет басшысының тәжірибесіздігін алға тартып, оның Ким Чен Ирдің күйеу баласы Чан Сон Тхэктің қолжаулығы болатынын болжады. Алайда, сарапшылардың бұл болжамдары расталмады. Тіпті, Ким Чен Ын өз билігіне қарсы шыққан туысқандарын да аяусыз қырды. Мысалы, жоғарыда сөз болған жездесі «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деген айыппен ату жазасына кесілді. Үкім 2013 жылы 12 желтоқсанда орындалды. Мұндай мысалдардың көп екенін ескерсек, Ким Чен Ынның туған ағасы Ким Чен Намнан да құтылғанына күмән келтірмейді екенсіз…

Қазіргі көсемнің әкесінен айырмашылығы – ол мемлекеттік телеарналардан түспейді. Халыққа бітпейтін үндеулер жариялайды. Зауыттар, құрылыстар мен білім ордаларына сапары кезінде қарапайым халықтан кашпайды. Құшақтасудан, қол алысудан бас тартпайды. Ресми фотохроникаға көз салсақ, «құрметті жоғарғы көшбасшымен» болған физикалық байланыстан қарапайым халықтың қуаныштың көз жасын ұстай алмайтынын көруге болады. Міне, ХХІ ғасырдағы идеологияның сиқы осындай!

Айтпақшы, Ким Чен Ынның «Ядролық ханзада» деген де лақап аты бар. Халық айтса, қалт айтпайды ғой. Оның тұсында елдің әскери әлеуетін дамытуға көп көңіл мен көп ақша бөлінді. Жаңа көшбасшы ядролық бағдарламаны дамытуға білек сыбана кірісті. 2013 жылы ел тарихындағы үшінші ядролық бомбаны сынақтан өткізді. 2015 жылы ол Солтүстік Кореяның өзінің сутегі бомбасын жасау жолында екенін жариялады. Өз билігінің он жылында Ким Чен Ын үш ядролық қаруды сынақтан өткізді және 100-ден астам баллистикалық зымырандарды ұшырды. Шамасы, ол мұнымен тоқтап қалмайды. Бұл сынақтар Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің, соның ішінде ата жаулары Оңтүстік Корея мен Жапонияның «түн ұйқысын төрт бөлгізген» күрделі мәселеге айналды. Әлем елдерінің қарсылығына қарамастан Пхеньянның ядролық қарудан бас тартатын түрі байқалмайды. Бұл мәселеде «өліспей-беріспейтіні» көрініп-ақ тұр.

Ким Чен Ын бастапқы жылдары сыртқы саясатта өте сақ болды. Өзін оқшауланған күйде ұстады. Мемлекеттен тыс жерлерге, тіпті «жақын досы» Қытайға да сапар шеккен жоқ. 2017 жылы кенеттен өзгеріп сала берді. Пхеньян мен Вашингтон арасындағы шиеленіс бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Қос мемлекет соғыс алдында тұрды. АҚШ-тың Оңтүстік Кореяда Зымыранға қарсы қорғаныс кешендерін орналастыруы мен екі елдің бірлескен жаттығулары Солтүстік Кореяның ашу-ызасын келтірді. Ата жауларының бұл әрекеттеріне жауап ретінде Жапония бағытына қарай баллистикалық зымырандарды ұшырды және ядролық қаруды тағы бір сынап көрді. Дегенмен, АҚШ бастаған Батыс елдерімен теке-тіресте Солтүстік Кореяның жеңілетіні айдан анық. Соғыс өтемі Ким режимі үшін тым қымбатқа түседі. Мұны ол жақсы түсінеді. Содан күрделі сыртқы саяси жағдай мен соғыс қаупі Ким Чен Ынды сыртқы дипломатиямен тығыз айналысуға итермеледі. Солтүстік Корея мен АҚШ шенеуніктері арасындағы байланыс шиеленісті төмендетуге көмектесті. 2018 жылы Ким Чен Ын көрші Оңтүстік Кореямен қарым-қатынас орната бастады. Ол Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Инмен кездесулер өткізді. Пхенчхандағы қысқы Олимпиада ойындарына Солтүстік Корея спортшылары мен жанкүйерлерін жіберді.

Екіжақты қарым-қатынастардың жылынуы аясында Сеул Пхеньянға оңтүстіккореялық K-pop орындаушыларын жіберді. Ким Чен Ын әншілермен кездесіп, оларға өнер көрсеткені үшін алғыс айтып, «концерт ұлттың бірыңғай келбетін көрсетудің жақсы мүмкіндігі болды» деп бағалады. Кезінде қатқан «тоң» жібіп, елде саяси жылымық пайда болып, екіге бөлінген бір ұлттың жақындасу жолындағы алғашқы қадамы басталғандай әсер қалдырған еді. Алайда, Ким Чен Ынды кейін қай шайтан түрткені белгісіз, КХДР-да оңтүстіктер мен олардың поп-мәдениетіне қарсы жұмыстар жүргізілді. КХДР көсемінің өзі K-pop мәдениетін жастарды бүлдіретін «қатерлі ісікке» теңеді. Сөйтіп, 2021 жылдың ақпан айында Оңтүстік Кореяның бейне материалдарын әкелу және тарату жазасы күшейтілді. Енді ол «қылмыс» үшін өлім жазасы беріледі.

Өкінішке қарай, Ким Чен Ын режимі үшін адам өлтіру шыбын өлтірумен бірдей. Адам тағдырына балта шабу олар үшін түкке тұрмайды. Айтқанына көніп, айдауымен жүрмеген туған-туыстарын аяусыз қырған Ким Чен Ыннан мейірімділік күтудің өзі артық шығар. Оған «Qazaq» газетінде былтыр жарияланған Солтүстік Кореяның түрмесінен туған еліне тірі өлік болып оралған американдық студент Отто Уормбирдің тәлкекке түскен тағдыры дәлел. Қайталап жатпайық. Қысқаша баяндайық.

2016 жылы туристік топпен бірге 22 жастағы студент Пхеньянға барады. Туристерге арналған 47 қабатты қонақ үйге орналасады. Оттоға бәрінен қызығы – әр жерде ілінген үгіт плакаттары болды. Онда Солтүстік Корея зымыранының Ақ үйге шабуылы бейнеленген. Отто қонақ үйдегі осындай плакаттардың бірін жұлғаны үшін қамауға алынып, 15 жылға бас бостандығынан айырылып, қатаң түрдегі мәжбүрлі еңбекке жегілу жазасына ұшырайды. Уақытында саяси келісімнің болмауынан әрекетке көше алмаған Ақ үй Солтүстік Кореямен Швеция арқылы ғана байланыс орната алды. Солтүстік Корея әскері тұтқынды бір жыл бойы жасырын ұстаған. АҚШ дипломаттары сол жылы қыркүйек айында Пхеньянға ұшып барғанымен, келісім жасасу да, Оттоны көру де мүмкін болмаған.  Оттоның алғашқы соты 2016 жылы болып, отырыс бір-ақ сағатқа созылған. Одан кейін оны ешкімге көрсетпеген. Оттоның сот барысында өз қателігін мойындап, кешірім сұрап жылаған бейнежазбасы жаһанға тарады. Бұл жазбаны Отто Уормбирдің ата-анасы Фред пен Синди Уормбирлер де теледидардан көрді. Бұл олардың баласын «тірі» күйінде соңғы рет көруі еді. 2017 жылы АҚШ-тың сол тұстағы президенті Дональд Трамп мәселеге тікелей араласып, дәл сол жылы Отто бостандыққа шығып, еліне оралды. Бірақ, білікті дәрігерлердің өзі Оттоның өмірін сақтап қалуға қауқарсыз болды. Солтүстік Кореяға турист ретінде өз аяғымен кеткен Отто Уормбирдің араға 1,5 жыл салып елге оралғандағы күйі Шыңғыс Айтматов шығармасындағы мәңгүртті еске түсіретін. Журналистер «былайынша дені сау адамға ұқсайды, бірақ ақыл-естен айырылған, көзі ашық болғанымен, ештеңені көрмейтін» деп жарыса жазды. Цинциннати университеті маңындағы клиника дәрігерлерінің болжамынша, жігіттің мұндай жағдайға түскеніне жылдан астам уақыт болған, «өте ауыр психологиялық жарақат алған». Оттоға еш нәрсе көмектесе алмады. Отанына оралғанына 4 күн өткен соң Отто Уормбир қайтыс болды.

2018 жылы мен 2019 жылы КХДР мен АҚШ басшылары Ким Чен Ын мен Дональд Трамп Корея түбегін ядролық қарусыздандыру туралы келісім жасау үшін Сингапур мен Ханойда екі саммит өткізді. Алайда, екі жақтың процесті қалай көретіндеріндегі келіспеушіліктерге байланысты айтарлықтай прогреске қол жеткізу мүмкін болмады. Ал, Ақ үйдің жаңа иесі Джо Байденнің Ким Чен Ынмен кездесуге ниеті де жоқ. Өйткені, Пхеньянның ядролық қарудан ерікті түрде бас тартпайтыны белгілі.

Пхеньян өзінің әлеуметтік-экономикалық жетістіктері туралы соңғы кездері көп айтпайтын болды. Өйткені, экономикалық санкциялар, пандемия және егіннің бітік шықпауы Ким Чен Ынның қазіргі заманғы экономика құру жөніндегі барлық күш-жігерін жоққа шығарды. Ашаршылық елге қайта қауіп төндіріп тұр. Тоқсаныншы жылдардағы ашаршылықтан 3 млн адам опат болғанын ұмыта қойған жоқпыз. Оңтүстік Кореяның барлау мәліметтері бойынша, Солтүстік Корея билігі азық-түлік тапшылығына байланысты армия резервтерінен күріш тарата бастаған. Мұндай қауіпті Ким Чен Ын да жоққа шығармайды. Биылғы көктемде Солтүстік Корея көшбасшысы елдегі жағдайды «тарихтағы ең қиын» деп атады және отандастарын «жаңа қиын науқанға» дайындалуға шақырды. Дегенмен, Ким Чен Ын үшін тұрмысы төмен халқынан гөрі әлеуеті мықты қорғаныс күші маңызды. Тұрмысты түзеуге табылмаған ақша қорғаныс саласына табылып жатыр. Елде қару-жарақ сынақтары қайта басталды. Солтүстік Корея әскери күштері сүңгуір қайықтар мен пойыздардан баллистикалық зымырандарды ұшырды. Қазан айында Ким Чен Ын қорғаныс өнеркәсібі көрмесіне барып, Солтүстік Кореяға АҚШ-тың дұшпандық саясатына қарсы тұруға мүмкіндік беретін «жеңілмейтін әскер» құруға уәде берді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Майлықожаның термесінде «Атасы жақсы қандай-ды,/ Перзент қамын ойлайды» деген жыр жолдары бар. «Жақсы әке балаға қырық жыл азық» дегенді де қазақ айтқан. Қазақтың осы сөздері Ким Чен Ынға да қарата айтылғандай әсер қалдырады. Өйткені, атасы мен әкесі болмағанда, қазіргі көсем де болмас еді. Отызға толар-толмас жаста бір елдің тізгінін ұстау әркімге бұйыра бермейтін бақ. Дегенмен, ХХІ ғасырда халықты ХХ ғасырмен өмір сүргізу, қарсы шыққандардың көзін құрту, халқын «отырса – опақ, тұрса – сопақ» ету абырой әпермейтін тірлік. Кезінде ондаған ұлтты «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстаған талай империяның шаңырағы шайқалғанын ескерсек, Ким әулеті құрған режимнің түбі құлайтыны сөзсіз. Сонда жалғанды жалпағынан басқандар болашақ ұрпақтан алғыстың орнына қарғыс алады…

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Корея 1910-1945 жылдары Жапонияның боданында болды. Ал, 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыста фашистік Германияның жеңіліс тапқаны белгілі. Яғни, сол жылдың тамызында Германияның одақтасы болған Жапониядан Кореяны азат етуге екі ұлы держава – КСРО мен АҚШ білек сыбана кіріседі. Кореяға біріншісі елдің солтүстігінен, екіншісі оңтүстігінен «көмек қолын» созып, жапон басқыншыларын қуып шығады. Осылайша, Солтүстік Кореяны басқаруға коммунист Ким Ир Сен, Оңтүстік Кореяны басқаруға капиталистік көзқарастағы Ли Сын Ман тағайындалады. КСРО мен АҚШ-тың келісімі бойынша, уақытша басқару мерзімі аяқталғаннан кейін екі тарапты (солтүстік пен оңтүстікті) қайта біріктіру көзделеді. Бірақ, Корея екі алып державаның саяси ойыншығына айналып, корей ұлтының тағдыры тәлкекке түседі. 1948 жылы 15 тамызда Сеулде ресми түрде Корея Республикасы, ал 9 қыркүйекте Пхеньянда Корей Халық Демократиялық Республикасы құрылады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here