ҚазҰУ-да Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы оқу зертханасы ашылды

0
1107

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, құрметті журналист Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының оқу-шығармашылық зертханасы ашылды. Салтанатты рәсімге Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, БАҚ басшылары, танымал журналистер, қоғам және өнер қайраткерлері, журналистика факультетінің оқытушы-профессорлары мен студенттері қатысты.

Жиылғандар алдымен «Нұртілеу Иманғалиұлы – ұлттық телевизияның қайраткері» атты кітап және фото көрмесімен танысты. Онда қайраткер тұлғаның баспасөз беттерінде әр жылдары шыққан сұхбаттары, ол жайлы мақалалар мен естеліктер жинағы, өмірінің жарқын сәттерінен түсірілген фотосуреттер қойылған.

Ашылу салтанатында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева құттықтау сөз сөйлеп, майталман журналистің еңбек жолына тоқталды. «Нұртілеу Иманғалиұлы ғұмырының 35 жылын телевизияға арнап, тынымсыз еңбек еткен тұлға болды. Ол нағыз еңбек адамы еді. Еңбек жолын қатардағы тілші болудан бастап, жоғары жауапты қызметтерге дейін өсті. Көрерменнің сүйікті тележүргізушісіне айналды. Бұл биікке ол талантымен, дарынымен, еңбекқорлығымен жетті», – дей келе, Нұртілеу Иманғалиұлының білікті тележүргізуші болуымен қатар, Қазақ телевизиясы саласында өзіндік мектеп қалыптастыра білгенін, оған қарап бой түзеп қаншама буын шәкірт өскенін  атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев өз сөзінде экран арқылы халықтың сөзін жеткізіп,  ұлт зиялыларын елге танытқан, өзі де ерен еңбегімен көпшіліктің ықыласына бөленген тұлға ғибратын жастарға үлгі етті. «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – өзіндік мектебі қалыптасқан ұлттық журналистиканың ұстаханасы. Журналистика факультетінен елімізге белгілі майталман тұлғалар өсіп шықты. Нұртілеу Иманғалиұлы осы үлкен мектептен тәлім алған қайраткер түлегіміздің бірі де бірегейі болды», – дей келе, бұл зертханалық кабинеттің тележурналистикаға қанат қаққан шәкірттердің ордасы боларына зор сенім білдірді.

Сондай-ақ алқалы жиында «Алматы» телеарнасының директоры  Нұржан Жалауқызы, «Qazaqstan» арнасы Алматы студиясының директоры Сәуле Жиреншина, Нұртілеу Иманғалиұлының зайыбы Қарлығаш Табулдинова және қаламгердің өзге де әріптестері мен замандас достары, шәкірттері сөз алып, оның азаматтық қыры мен журналистік сыры жайлы пікір білдірді.

Қарашаңырақ ҚазҰУ-дан түлеп ұшқан Нұртілеу Иманғалиұлы Қазақ телевизиясының «Жастар» редакциясында қатардағы тілшіден ҚР Үкімет кеңсесінің Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің сектор меңгерушісі, ҚР Президенті Әкімшілігінде бас маман қызметтеріне дейінгі үлкен жолдан өтті. «Хабар» агенттігінде жауапты қызметтер атқарды. Республикалық «Қазақстан» теле-радио корпорациясын басқарып, зейнетке шыққанға дейін басқарма төрағасының кеңесшісі болды. Саналы ғұмырының жарты ғасырын телевизия саласына арнап, «Құрдастар», «Жастар дауысы», «Арай», «Жадыңда ма, Жолдас», «Алтыбақан, «Айна», «Жас жігер», «Бетпе-бет», «Қолтаңба», «Діңгек», «Көршілер», «Заң сөйлесін», «Nur-Tiley» авторлық бағдарламаларын жасады.

Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Нұртілеу Иманғалиұлы екі мәрте ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Парасат» орденімен марапатталған.

Бұған дейін елімізде журналистика факультетінің студенттеріне Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы арнайы шәкіртақы тағайындалған болатын. Парламент Сенаты ұйымдастырған «Аманат» байқауы аясында Нұртілеу Иманғалиұлы атында журналистерге арнайы премия бекітілді. Телевизия ардагерінің атында волейболдан турнир өткізілді. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here