Қорғаныс министрлері бітімгерлік операцияның нәтижелерін талқылады

0
884

Бейнебайланыс режимінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер Қорғаныс министрлері кеңесінің кезектен тыс отырысы өтті. Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның әскери ведомство басшылары Қазақстандағы Ұжымдық бітімгершілік күштерінің операция барысын және оны аяқтау тәртібін талқылады.

Еліміз үшін қиын-қыстау сәтте, террористік шабуылдан кейін Қазақстан Президенті шұғыл шаралар қабылдап, төтенше жағдай енгізілгенін жариялады.

Жыл сайынғы бірлескен оқу-жаттығулар, оның ішінде «Мызғымас бауырластық» бітімгершілік оқу-жаттығу барысында әзірленген іс-қимылдардың үйлесімділігінің арқасында ҰҚШҰ-ның бітімгершілік әлеуеті уақтылы іске кірісті. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың 2-ші және 4-ші баптарына сәйкес ҰҚШҰ-ның бітімгершілік контингенті әріптестерінен көмек сұраған Қазақстанға келіп орналастырылды.   

Оқиғалардың қарқынды дамуын ескере отырып, жағдайды тұрақтандыруда ауқымды рөл атқарған бітімгершілік контингент 6 қаңтардан бастап Қазақстанға жедел жетті. ҰҚШҰ-ның Ұжымдық бітімгершілік күштері жауынгерлік операцияларға қатысқан жоқ. Олардың міндеті – стратегиялық және әлеуметтік маңызды нысандарды, әуежайлар мен әскери әуеайлақтарды, телекоммуникация кешендерін, байланыс ұйымдары мен коммуналдық кәсіпорындарды күзету болды.

Ұйымға мүше мемлекеттер бітімгершілік күштерінің келуі, терроризмге қарсы операцияны тікелей жүргізетін күштер мен құралдардың едәуір бөлігін босатуға мүмкіндік беріп, экстремистердің белсенділігін төмендеуге ықпал етті.  

Қазақстанның Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Мұрат Бектанов әріптестеріне, ҰҚШҰ-ның Хатшылығы мен Біріккен штабына көрсеткен көмегі мен үйлесімді жұмысы үшін алғысын білдірді.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылған күннен бастап 30 жыл ішінде алғаш рет ҰҚШҰ-ның Ұжымдық күштері ұйымға мүше мемлекеттердің бірінің қауіпсіздігін, тұрақтылығын және тұтастығын қамтамасыз етуге жұмылдырылды. Аталған операция көпжылдық ынтымақтастық барысында пысықталған тетіктерді іс жүзінде сәтті қолданудың мысалы ғана емес, сондай-ақ шынайы одақтық рух пен жауынгерлік бауырластық ретінде ҰҚШҰ-ның тарих беттерінде де қалады.

Отырсқа қатысушылар әріптес мемлекеттердің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетігі ретінде ҰҚШҰ-ның қажеттілігі мен тиімділігін атап өтті. Ұйымның жауапкершілік аймағының периметрі бойынша тұрақсыздық ошақтарының пайда болуына байланысты кездесуге қатысушылар дағдарыстық жағдайларға ден қою мерзімдерін оңтайландыру және шешім қабылдаудағы жеделдікті арттыру мәселелерін талқылады.

Кезектен тыс отырыстың қорытындысы бойынша әскери ведомстволар басшылары ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері кеңесінің ұйымға мүше мемлекеттердің әскери контингенттерін Қазақстан Республикасының аумағынан тұрақты орналасу пункттеріне қайтаруды ұйымдастыру туралы бірлескен шешіміне қол қойды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here