Сәлімгерей Қаратілеуов – 135: Елеусіз қалған есіл ер

0
5094

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында үндеу жариялап, жазықсыз жапа шеккендерді толық ақтау үшін арнайы комиссия құруды тапсыруы – тарихи әділдікті қалпына келтіру жолындағы ізгі әрі маңызды қадам болды.

Мемлекет басшысының үндеуі 1993 жылы қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңының заңды жалғасын тауып, қазіргі уақытта маңызы бар қалалар мен облыстық деңгейлерде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссиялар құрылып, өз жұмыстарына кірісіп кетті. Комиссия жұмысы барысында анықталып отырғандай, Сталиндік әкімшіл-әміршіл жүйе іске асырған саяси қуғын-сүргін зұлматының зардабы халқымызға аса ауыр тигенін бағамдауға болады. Cонымен бірге, осы уақытқа дейін ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер министрлігі мен прокуратураның архивтерінің жабық болуы XX ғасырдың 20-50 жылдарында жазықсыз жазаланып, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған қаншама тұлғаларымызды ақтауға, еңбектерін жарыққа шығарып, бүгінгі ұрпаққа таныстыруға кедергі келтіріп келді. Міне, осындай қазақ халқының ұлттық мүддесі жолында күресіп, артынан терең із қалдырған қайраткер тұлғалардың бірі – Қаратілеуов Сәлімгерей Алпанұлы болатын.

Қаратілеуов Сәлімгерей Алпанұлының өмір жолы мен қоғамдық-саяси қызметін саралай отырып, «ол кім болған, халқы үшін қандай қызмет жасады, неліктен осы уақытқа дейін саяси тұрғыдан ақталып, өзінің лайықты бағасын алмаған» деген сұрақтарға жауап беріп көрейік.

Қазақ елінің тәуелсіздігі жолында күрескен Батыс Алашорданың көрнекті мүшелерінің бірі – Қаратілеуов Сәлімгерей Алпанұлы 1887 жылы Батыс Қазақстан облысының Гурьев (қазіргі Атырау облысы) уезіндегі қарапайым малшы шаруаның отбасында дүниеге келді. Балалық шағында ауыл молдасынан хат танығаннан кейін Ресейдің Саратов қаласының жанындағы Марийнск ауыл шаруашылығы мектебінде оқиды. Білімге кұштар талантты жас ауыл шаруашылығы мектебін ойдағыдай бітіргеннен кейін Саратов ауыл шаруашылығы институтында оқуын жалғастырады. Бірақ, талантты жас отбасылық жағдайына байланысты еңбекке ерте араласып, институттың толық курсын аяқтай алмайды. 1915-1917 жылдары өзінің мамандығы бойынша Темір уезіндегі қоныс аудару пунктінде жер шаруашылығының нұсқаушысы болып еңбек етеді.

Жастайынан ұлттық езгіні, ұлттық қанауды көріп өскен алғыр ойлы саналы тұлғаның өміріндегі өзгерістерге 1917 жылы Ресейде болған Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы үлкен серпін берді. Ел аузындағы халқымыздың зиялы қауым өкілдерімен бірге қазақ халқының азаттығы жолындағы күреске белсене араласып кетті. Қоғамның демократиялық даму жолына жол ашқан Ақпан революциясынан кейін-ақ саяси күрес барысында Орал облыстық уақытша комитетінің мүшесі болып қабылданады. 1917 жылы шілде айында Орынбор қаласында өткен атақты Алаш ұлттық демократиялық автономиясына жол салған бірінші жалпықазақ құрылтайына делегат болып қатысады және осы құрылтайда Орал облысынан алдағы болатын Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат болып тіркеледі.

Батыс Алашорданың құрылуы мен қалыптасуында айрықша рөл атқарған Сәлімгерей Қаратілеуовтың Алашорданың Торғай бөлімшесінің қызметінде де өзіндік орны бар. 1919 жылы Алашорданың Торғай бөлімшесінің әскери кеңесіне мүше болды. Қазақ ауылдарын аралап, жігіттерді Алаш әскерінің құрамына тарту, Алаш әскеріне қажетті жылқылар жинау жұмыстарымен айналысты. Бүкілодақтық Орталық атқару комитетінің 1919 жылғы 4 сәуірдегі және 1920 жылғы 15 сәуірдегі қаулылары бойынша Алашорда мүшелеріне кешірім жарияланғаннан кейін оның көрнекті өкілдерінің бір тобы кеңес өкіметі жағына шыққан болатын. Солардың бірі – Сәлімгерей Қаратілеуов еді. Оның кеңес өкіметі жағына шығуына Казревком мүшесі Ғұбайдолла Әлібековтің өзіндік септігі де болды.

Ғұбайдолла Әлібековтің Казревком мүшесі Лежаваға Сәлімгерей Қаратілеуов туралы «Бұл жастың іске беріктігі, тамаша білімі бар» дей отырып, оған сенім білдіруге болатындығы және қамқорлыққа алуы жөніндегі өтініш хаты жайдан-жай қалмады (Салқынбек Д.И., Қабдөшев Б.Ж. Тұғыры биік тұлғалар. Алматы: Қазақпарат, 2011. -204 б.). Ол 1920 жылдың бас кезінде Орал қаласына келіп, жергілікті жерде кеңес ұйымдарын құру ісіне белсене кірісті. Осы жылы РК(б)П қатарына қабылданады. Орал губкомының құрамына кіріп, жер басқармасының меңгерушілігіне тағайындалды. Өз мамандағы бойынша қызметіне бел шеше кіріскен Сәлімгерей Алпанұлы ұлттық мүдде жолындағы саяси күрес жолын бір сәтте қаперден шығарған жоқ еді. Бұнда ол халық арасында кеңес үкіметінің саясатын түсіндірумен қатар, қазақ ұлтынан шыққан қабілетті қызметкерлерді кеңестік, партиялық органдарға тартты. Бұл кездегі губерниядағы қазақ халқының жағдайы аштықпен қоса, басқа жағынан алғанда да өте ауыр болатын. Губерниядағы партия және кеңес органдарында, уездік жауапты қызметтерде ұлы орыстық шовинизмнің «рухымен уланған» басшы қызметкерлер отырды. Олар қазақтарды таптық тұрғыдан саяси санасы өсіп жетілмеген деген секілді желеулермен жауапты қызметтерге алмады. Губерниядағы қалыптасып отырған жағдайды талқылау үшін 1922 жылдың наурыз айында Орал губерниясындағы жауапты қазақ қызметкерлерінің мәжілісі болады. Мәжіліске Елек, Жымпиты, Орал, Гурьев уездерінен 25 өкіл қатысты. Мәжілістің күн тәртібінде мынадай мәселелер қаралды:

  1. Далалық ашыққан тұрғындарға көмек көрсетуді ұйымдастыру, баяндамашы Әуезов;
  2. Губерниялық жер бөлімінің алда тұрған жерге дән себу науқаны жұмыстарының жағдайы, баяндамашы Қаратілеуов;
  3. Жұмысшыларды ұйымдастыру және олардың тұрмысын жақсарту жөнінде, баяндамашы Жолдыбаев;
  4. Қазақ ОАК-нің декреттерін іске асырудың тәсілдері, баяндамашы Мұстамбаев.

Мәжілістің күн тәртібі бойынша сөз алған қайраткерлердің барлығы губернияның алдында тұрған, әсіресе губерниядағы қазақ халқының алдында тұрған өзекті әлеуметтік-саяси, мәдени-рухани мәселелерді көтеріп, тез арада оларды шешудің жолдарын ұсынған болатын. Мәжілісте баяндама жасаған Сәлімгерей Қаратілеуов алда тұрған дән себу науқандарына, егістікке қатер төндіретін зиянкестерге қарсы күреске баса назар аударумен қатар, осыған дейінгі жылдардағы қазақтардың дәндік тұқымдарды өте аз алып келгені жөніндегі келеңсіздіктерге тоқталады. Мәжілісте оның баяндамасы бойынша «Губерниялық жер бөліміне дәндік дақылдарды бөлуде орыс тұрғындары отырықшы болғандықтан оларға үлестің көп бөлігін беру басшылығы әдісінен бас тарту» жөнінде қаулы қабылданады (ҚР Президентінің мұрағаты. 139-қ, 1-т. 279-іс. пп 2-4).

Сәлімгерей Алпанұлының губерниядағы қоғамдық-саяси қызметіне көз жіберіп қарайтын болсақ, оның  өте күрделі жағдайда жүргенін бағамдауға болады. Өйткені, бұл жылдары ұлттық республикалардағы кеңестік, партиялық органдарда отырған еуропалық қызметкерлер өздерінің «үйретуші» рөлін асыра бағалап, бұрынғы патша шенеуніктерінен асып түспесе кем түспеді. Өздерінің ұлттық республиканың аумағында жүргендері ойларына да келмеді. Соның салдарынан ұлттық мәселеге қатысты партия нұсқаулары мен партия съезінің шешімдері орындалмаған күйінде, қағаз жүзінде қалып жатты. Орталық билік тарапынан және орталыққа арқаланған оның жергілікті жерлердегі өкілдері тарапынан жүргізіліп отырған бұндай ұлттық кемістушілікке батыл түрде қарсы бас көтерген қазақ қайраткерлерінің алдыңғы тобынан Сәлімгерей Алпанұлын көреміз.

Өлкеде қалыптасып отырған ауыр қоғамдық-саяси жағдайға байланысты 1923 жылдың мамыр айында Орал губерниясының бір топ жауапты қызметкерлері, атап айтқанда, Губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары Забиров, Губкомның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Жантілеуов, Губком мүшесі, Губерниялық жер бөлімінің меңгерушісі Қаратілеуов, Губерния прокуроры Мұстамбаев, Губком мүшесі және Губерниялық кеңестік партия мектебінің меңгерушісі Стародубцев, бұрынғы Губерниялық халық сотының төрағасы Таттибаев, жергілікті қазақ тілінде шығатын газеттің редакторы Әлжебов Орталық партия комитетінің атына баяндамалық хат жазып, жергілікті жерлердегі орын алып отырған ұлттық кемсітушіліктерді объективті түрде Орталық комитетке жеткізген болатын. Сонымен қатар, Орталық партия комитетінің басшыларының бірі Л.Троцкийдің қабылдауында болып, өлкедегі орын алып отырған келеңсіздіктерден хабардар етеді. Міне, осы жағдайдан кейін Сәлімгерей Қаратілеуов алда болғалы жатқан ұлттық мәселе қаралатын ұлт республикалары мен облыстарының басшыларының кеңесіне жеке шақырту алады.

Сонымен, 1923 жылы маусым айында Орталық партия комитеті ұлт республикалары мен облыстарының басшы қызметкерлерінің кеңесін өткізеді. Орталық партия комитетінің басшылары Л.Троцкий, И.Сталин, Л.Каменов, В.Куйбышев, М.Фрунзе, Г.Зиновьев, С.Орджоникидзелердің қатысуымен өткен мәжілісте ұлттық республикалардың жағдайы, ұлттық артта қалушылықты жою жөнінде, ұлы державалық шовинизммен күрес мәселелері және ұлт аймақтарын кеңестік құрылысқа тарту жұмыстары басты мәселе ретінде көтерілді. Кеңесте Түркістан аймағынан сөз сөйлеген қайраткерлер С.Қожанов, Т.Рысқұлов, Ә.Икрамов, Ф.Ходжаевтар тарапынан ұлы орыстық шовинизмнің салдарынан жергілікті халықты кеңестік құрылысқа тарту жұмыстары әлі де болса баяу жүргізіліп отырғаны, кешегі ресейлік империялық кезеңмен салыстарғанда аймақта соншалықты үлкен өзгерістердің болмағаны жөнінде батыл пікірлер айтылған еді.

Осы кеңесте сөз алған Сәлімгерей Қаратілеуов: «Мен губерния масштабындағы ғана қызметкермін, бұл мәжіліске кездейсоқ қатысып отырмын. Жергілікті халықтың еңбекшілерін партия, кеңес, кәсіподақ, кооперация құрылысына тарту жұмысы Қазақстанда мынадай жағдайда: уездік атқару комитеттерінде қазақтар 51 процент, орыстар 49 процент, уездік съездерде қазақтар 43 процент, орыстар 63 процент, губерниялық атқару комитеттерінде қазақтар 37 процент, орыстар 63 процент, губерниялық съездерде қазақтар 34 процент, орыстар 66 процент. РКП қатарында 951 қазақ, 7 878 орыс бар… Қазақ тілін енгізу жөнінде жарлық, декреттерге қарамастан, қазақ тілін үйренуді ойына алған не бастаған бір де жан жоқ. Өткен төрт жылдың ішінде Орталықтан қазақ жеріне жұмысқа келген қызметкерлердің ішінен қазақ тілін енгізуді аузына алған бір адамды да көрген жоқпын. Олар қазақ тілін мәдениетсіз, қызықсыз тіл деп қарайды және Қазақстанда көп тұрмаймыз ғой деп ойлайды. 1920/21 жылы Орал губкомы қызметкерлерді қазақ тілін үйренуге міндеттеп еді, оған құлақ асқан ешкім болмады. Өткен төрт жылдың ішінде Қазақстанда партияда жоқтардың бір де бір жиналысы өткен емес, губерния көлемінде өтіп еді, бірақ онда қазақтар тым аз болды. Республикамызда қазақ тілінде 5 газет,  таралымы 7 555 дана,  орыс тілінде 17 газет – 21 170 дана, қазақ тілінде бір журнал, орыс тілінде 6 журнал. Мектеп саны 690, олардың 36 проценті қазақ, 64 проценті орыс мектептері, оларда оқитын 49 246 баланың 29 проценті қазақ, 71 проценті орыс балалары. Мен Түркістандық жолдастардың неге ренжитіндеріне таң қалып отырмын, олардың жағдайы бізге қарағанда әлдеқайда жақсы ғой», – деп бүкіл Қазақ автономиясы көлеміндегі қазақ ұлтының өкілдерін басшылық қазметтерге тарту мәселелеріндегі келеңсіздіктерді, қазақ тілінің жағдайын, қазақ тіліндегі газет-журналдардың таралымын және қазақ мектептерінің азшылық жағдайға ұшырап отырған жан айқайын тайсалмай сонау Мәскеудің төрінде батыл көтерген болатын (Ахмедов Ғ. Алаш «Алаш» болғанда: Естеліктер мен тарихи деректер. – Алматы: Жалын, 1996. – 224 б.).

Кеңесте Сәлімгерей Алпанұлына Лев Троцкий: «Партияның ұлттық мәселелер бойынша шешімдерін орындамай, оған жай әшейін декларативті түрде қарап отырғандарды нақты атап көрсетіңіз», – деп сұрақ қояды. Бұған жауап ретінде Сәлімгерей Алпанұлы губерниялық бақылау комиссиясының төрағасы Лытовты атап көрсеткен.

Орталық комитетте ұлттық республикалардағы қордаланып қалған мәселелерді шешу жөніндегі кеңестен кейін ұлт аймақтарындағы бұл салаға қатысты мәселелер шешімін табады деген үміт бар еді. Бірақ, үміт ақталмады, жағдай іс жүзінде басқаша өрбіді. Орталықтан келген «өкілдер» жағдайды одан әрі ушықтырып, ұлт кадрларын қуғындай бастады. Хат авторларының көпшілігі басқа аймақтарға жұмыстарға жіберілді. Олар «аймақтағы саяси ахуалдың бәрі жақсы, тек «қырғыз ұлтшылдығы» бар» деумен қордаланған мәселенің бәрін жабуға тырысты. Ұлттар кеңесінде сөйлеген Сәлімгерей Қаратілеуовті облыстық бақылау комиссиясы «жала жаптың» деген айыптаумен партиядан шығарады. Орал губерниясында орын алып отырған осындай өрескел бассыздықтардан кейін 1923 жылдың 20 желтоқсанында Оралгубкомның мүшелері Қаратілеуов, Мұстамбаев, Стародубцев Орталық партия комитетінің алқа мүшесі, әскери революциялық кеңестің төрағасы Лев Троцкийдің атына екінші рет қайтара хат жазуға мәжбүр болады. Аталған хатта ұлттар кеңесінің шешімдерінен көп жаңалық күтілгені, бірақ жағдайдың одан әрі ушығып, Қазақ автономиясында ұлт мәселесінің күрделі жағдайда қалып отырғаны баяндалып, «Орталық комитеттің алдына мынадай мәселелерді қоюыңызды сұраймыз» делінген:

«1) Қырғыз (Қазақ) Республикасындағы жоғарғы органды мансап қуған шағын топтың өз мақсаттарына пайдаланбасы үшін алда болатын өлкелік партия (1924 жылдың 3 қаңтарына белгіленген) съезіне Орталық комитеттің өкілін тез арада жіберу;

2) Қазақ автономиясындағы жалпы жағдайды анықтау үшін беделді тұлғаны іс сапарға жіберу. Атап айтқанда, Өлкелік және губерниялық партия-кеңес органдарының қызметтерін зерттеу;

3) Ұлттық мәселелер қаралған кеңестің шешіміне сәйкес, Қазақ автономиясының басшылық құрамын жаңарту;

4) Қазақ автономиясында қалыптасқан ауыр ахуалдың құрбаны болған жолдас С.Қаратілеуовті қайта партия қатарына алу» (Алматы қалалық ішкі істер департаментінің архиві. қ-7386, іс-11020. пп 1-3.).

Иә, көріп отырғанымыздай, бұл жылдары Сәлімгерей Алпанұлы сынды ұлт қайраткерлері үшін ұлттық мүдде жолындағы күрес оңайлықпен жүрмеді. Өйткені, билік тармақтары мен күштік әскери құрылымдардың негізгі тұтқалары (ОГПУ-дың төрағасы, партия комитетінің жауапты хатшысы, әскери округтың бастығы секілді) солардың қолында болғандықтан, республика аумағындағы ұлттық нышандарға қатысты барлық әрекеттер бақылауға алынып, тікелей Мәскеудегі өз басқармаларына хабарланып отырған. Әсіресе, Алаш қайраткерлерінің, кешегі Алаш ұлттық автономиясының құрамында болған, бүгінгі кеңестік қызметкерлердің басқан ізі аңдулы болды. Кеңес өкіметі оларға ресми түрде кешірім бергенімен де, олардың халық арасындағы ықпалы мен беделі кеңестік құрылыс жолындағы қазақ қайраткерлеріне әсер ететініне қорықты. Сонымен қатар, «ұлтшылдар бас көтеруде, кешегі Алашордашылар, партиялық, кеңестік органдардағы жауапты қызметтерге кіріп алып, өздерінің кешегі ұлтшылдық идеяларын тықпалап, Қазақстандағы кеңестік құрылыстың дамуына зор зиянын тигізіп отыр» деген сарындағы хаттар өзіміздің қазақтар тарапынан да, сол ұлтшылдықты дабырайта көрсетіп, соның тасасында шовинистік әрекеттерді белсенді жүргізуге тырысқан жат пиғылдағылар тарапынан да орталыққа жазылып жатқан сансыз хаттар мәселені одан әрі ушықтыра түсті.

Кеңестік құрылыстың алғашқы кезеңіндегі ұлттық мәселедегі қайшылықтардың одан әрі өршуіне жергілікті орыс ұлтының билік басында отырған өкілдері ғасырлар бойы отаршылдық қанаудағы езіліп келген қазақ халқының мұң-мұқтажын, әлеуметтік тұрмысын түсінбей, екінші жағынан алғанда түсінгісі де келмей жоқ жердегі таптық күресті тудыруы, қазақ қоғамын жік-жікке бөліп, бір-біріне қарсы қоюы, қасақана партия шешімдерін бұрмалап отыруы да себеп болды. Бұған қоса, билік басындағы қазақ қайраткерлерінің арасындағы алауыздық та кері әсерін тигізген болатын. Олардың бірін-бірі айыптаған істерін орталық ұтымды пайдаланып, оңтайлы сәтте оларды қызметтерінен алып, өз қалаулыларын жауапты қызметтерге қойып жатты. Мұны орталық партия комитеті «ұлт саясатын жергілікті коммунистер жете түсінбей, ұлтшылдыққа ұрынып отыр» деумен бүркемеледі.

Және республикадағы бүкіл қазақ партия, кеңес қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдерін өз бақылауларында ұстаған. Мәселен, Қазақ автономиясы бойынша ПП ГПУ-дың төрағасы Каширин ГПУ-дың шығыс бөлімінің бастығы Петерске жолдаған «айрықша құпия» түрдегі «1922 жылдың 1 қазаны мен 1923 жылдың 1 қаңтары аралығындағы Алашорданың, Қырғыз (Қазақ) ұлттық топтарының қызметі және жағдайы туралы» деген 16 беттен тұратын баяндамасында ұлттық топтардың қызметін сипаттайтын негізгі оқиға ретінде 3-ші Бүкілқазақтық кеңестер съезіне делегаттар сайлау науқанын мысал ете отырып, қазақ ұлттық топтарын үш бөлікке бөліп қарастырып жіктейді. Ол бірінші топқа кеңестік билікке ымырасыз жаулық көңіл-күйдегі Әлихан Бөкейхан, Райымжан Мәрсеков және тағы басқалар басқарған топты жатқызады. Екінші топқа Мұхамед-Хафиз Мырзағалиев пен Аспандияр Кенжиннің басшылығындағы қазақ қайраткерлерінің бір тобын жатқызған Каширин бұл топтың өзіндік ерекшелік сипаты «Жауапты орыс қызметкерлерінің көпшілігі ұшыраған орыс отаршылдығымен күрес» дей отырып, мүмкіндігінше олар кеңестік органдардан орыстарды ығыстырып, олардың орнына жергілікті халық өкілдерін қою жолында әрекет етіп жатқандығына тоқталады.

Кашириннің жазуынша, екінші топтың жақтастары Қазақстанның батыс губернияларының біршама аудандарында белсенді жұмыстар жүргізіп, өз адамдарын губерниялық атқару комитетінің құрамына өткізуге жұмылған. Ал, 3-ші Бүкілқазақ кеңестер съезіне бұл топтың басшылары Жолдыбаевты, Жантілеуовті, Қаратілеуовті өткізген. Қазақстанның өзге губернияларында бұл топқа қарсы үшінші топтың жақтастары қарсы жұмыстар жүргізіп, баспасөз арқылы Алашорда үкіметі кезіндегі олардың «революцияға қарсы» әрекеттерін әшкерелеуі сынды жұмыстарынан кейін бұл топ өзге аймақтарда сайлау науқандары кезінде айтарлықтай жеңістерге жете алмаған. Орталық атқару комитетінің төрағасы Сейітқали Меңдешев бастаған жергілікті солшыл коммунистерден тұратын үшінші топ, орталықтағы және жергілікті партия ұйымдарынан, сондай-ақ кейбір орыс коммунистерінен күшті қолдау алғаннан кейін, съезд қарсаңында және съезд кезінде өз қарсыластарына қарсы белсенді күрес жүргізіп, жеңіске жеткенін баяндай отырып, Каширин бұлардың өз қарсыластарын жеңудегі бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен пайдаланып, Алаш үкіметі, үкіметтің негізгі басшыларының қызметі жайында сыни мақалалар жазуы үлкен нәтижеге жеткізгеніне тоқталады (ҚР ПМ. 139-қ, 1-т. 550-іс. пп 28-36).

Бұл қазақ қайраткерлерінің саяси көзқарасы мен іс-әрекетіне орталықтың «қырағы» бақылаушысының өз пайым түсінігінше берген мәліметі мен саяси талдауы. Ол өзіне берілген тапсырманы мұқият орындап отыр. Ал, өз қайраткерлеріміздің сол кезеңдегі қалыптасқан саяси жағдайларға байланысты өз қарсыластарын тұқырту жөніндегі қадамдары мен іс-әрекеттері, ішкі өзара алауыздығы бұдан кейінгі жылдары да өрши түсіп, бұдан да сорақы жағдайлардың орын алғандығын өкінішпен айтуға тура келеді.

Өз ісінің жетік білгірі, агроном маман Сәлімгерей Алпанұлы 1924 жылы Қазақ облыстық партия комитетінің шешімімен өлкелік деңгейдегі жұмысқа тартылып, егін шаруашылығы халық комиссариатында жұмысын жалғастырды. Лев Троцкийдің атына бірнеше рет хат жазуынан кейін ақталып партия мүшелігі қалпына келтірілді. 1925-1926 жылдары Қазақстан мен Қырғызстанның оңтүстік губернияларының жер шаруашылығы бойынша БОАК-нің ерекше комиссиясының мүшесі, 1926-1927 жылдары Қазақстан жер шаруашылығы қазақ комиссариаты коллегиясының мүшесі, жерге орналастыру орталық басқармасының бастығы болып істеді.

Сәлімгерей Алпанұлы өзінің қоғамдық-саяси қызметіндегі жер шаруашылығы халық комиссариатында үлкен лауазымды қызмет атқармаса да, сол кезеңдегі еліміздегі аса жауапты қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу барысындағы айтыс-тартыстарға батыл араласып, өзіндік ой-пікірлерімен өз ісінің білікті маманы екенін көрсете білді. Олай дейтініміз, 1926 жылы 23 қазанда болған Қазақ өлкелік партия комитетінің кезектен тыс мәжілісінде «Қызылорда қаласының құрылыс жоспары және ауданының экономикасын зерттеудің нәтижелері жөніндегі» РКФСР Халық комиссарлар кеңесі комиссиясының баяндамасы тыңдалды. Мәжілісте комиссия атынан баяндама жасаған Юрцев қалаларды салудағы экономикалық алғышарттардың болуы, яғни жолдарының, құнарлы жерлерінің және халықты өзіне тартатын қызығушылығын тудыратын қажеттіліктердің болуы сынды мәселелерді баса көрсетіп, Қызылорда қаласының құрылыс жоспарын бекітуде осы мәселерге назар аудару қажеттілігін атап өтеді. Баяндамашы ең алдымен Қызылорданың орналасқан аймағының оған жақын басқа аудандармен байланысының нашарлығын, ауыл шаруашылығын дамытудағы басты рөл атқаратын жауын-шашынның аздығын, мал шаруашылығын дамытуға қажетті құнарлы шөптің аздығын, өнеркәсіп саласын дамытуға қажетті шикізат көздерінің алыстығын және аудан көлемінде сауда-саттықты дамыту, оны өткізу жолдарының да төмендігін алға тарта отырып: «аталған алғышарттарға байланысты Қызылорда қаласы тек өз ауданының көлеміндегі мүмкіндер есебінен ғана өсе алады. Оның бүкіл Қазақ Республикасының орталығына айналуына алғышарттар және қажетті кең түрдегі табиғи-экономикалық мүмкіндіктер жоқ» деген қорытынды жасайды (ҚР ПМ. 141-қ, 1-т. 490-іс. пп 491-496).

Мәжіліске қатысқан қазақ қайраткерлері – Ә.Жангелдин, С.Сәдуақасов, О.Жандосов, Ә.Лекеров, А.Кенжин, С.Есқараев және тағы басқалар тарапынан баяндамашыға сұрақтар қойылумен қатар, ұсыныстар айтылған еді. Мәжілісте сөйлеген Сәлімгерей Қаратілеуовтің пікірі ерекше назар аударарлық. Ол өлкенің, жер жағдайының білікті маманы ретінде Мәскеулік комиссияның қорытындысына қарсы батыл түрдегі өз пікірін білдіріп, комиссияның қорытындысында айтылған табиғи-географиялық тұрғыдан Қызылорда ауданының шектес аудандарымен байланысының ерекшелігін, нашарлығын жоққа шығарумен қатар, «ауданның экономикасын табиғи-географиялық жағдай емес, оның экономикасын өнеркәсіпті ұйымдастыру айқындайды» деп атап көрсетеді. Сонымен қатар, комиссияның қорытындысында айтылған «Қызылорда тек әкімшілік орталық болады» деген пікірді жоққа шығарып, Қызылорда қаласының бұл аудандағы жалғыз қала екенін, оның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына зор мүмкіндіктер бар екенін жан-жақты дәлелдеп, бұл мәселеге жоғары мемлекетшіл биіктен қарай білді (ҚР ПМ. 141-қ, 1-т. 490-іс. пп 508-512).

Сәлімгерей Алпанұлы егін шаруашылығы халық комиссариатында істеген кезінде қасиетті жер үшін күресте халқымыз үшін үлкен еңбек сіңірді деп айтуымызға болады. Қазақстанда Сталиндік әкімшіл-әміршіл билік жүйесі орнағаннан кейін жер мәселесіндегі түйткілдер бұрынғыдан да күшейе түсіп, кешегі Ресейлік империя кезеңіндегі отаршылдық саясат «жаңа сипатта» қарқын алды. Орталықтың бұл саясатына сол кезеңдегі ұлтжанды қазақ қайраткерлерімен бірге тізе қосып, батыл қарсылық көрсеткендердің алдыңғы қатарында Сәлімгерей Алпанұлы тұрды. Ол қасиетті жер үшін күресте қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш ұлт азаттық қозғалысының жетекшісі, Қазақстанда жерді пайдалану ісінің  білікті маманы, ғалым Әлихан Бөкейханның:

«а) Сырттан Қазақ жеріне қоныс аударуды уақытша тоқтату;

б) Жергілікті халықты түпкілікті жерге орналастыру;

в) Екінші кезекте төңкеріс жылдары келген қоныс аударушыларды жерге орналастыру;

г) Қазақстандағы құнарлы және құнарсыз жерлерді анықтау үшін жер қабатын ғылыми тұрғыдан зерттеумен айналысу» сынды ұсыныстарын қызу қолдады және соны іске асыруға бар күш-жігерін жұмсады (Сәдуақасұлы С. Екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Алаш, 2003. – т.2 –360 б.). Өйткені, өмірлік маңызы бар жер мәселесі қазақ халқының пайдасына шешілмей, бұрыннан ушыққан мәселе одан әрі ушыға түскен болатын. Бір ғана 1922-1925 жылдары аралығында қазақ жеріне 200 мыңдай орыс шаруалары келіп қоныстанған.

Сол кезеңдегі жерге байланысты ұлтаралық қатынастың күшейе түскенін атап көрсеткен 1924 жылы сәуір айында болған РК(б)П Қазақ облыстық партия комитеті пленумының және 1925 жылы болған РК(б)П бүкіл Қазақтық V конференциясының қарарларында: «Жергілкті халықты жерге орналастырып болғанша, елдің шаруашылық өміріндегі ұйымдастыру жұмыстарына кедергі келтіріп отырған өздігінен қоныс аударып келуді тоқтату жөнінде нақты әрекеттер жасалуы қажет» дегенімен де, іс жүзінде жағдай басқаша өрбіді. Мәскеудің пәрменімен Қазақстандағы партиялық билік Қазақстанға қоныс аударып келген шаруаларды жерге орналастырудың басқаша жоспарын жасады. Бұл жоспар бойынша, бірінші кезекте, 1918 жылға дейін қазақ жеріне келген келімсектердің жерге орналасуы заңдастырылды. Екінші кезекте, Қазақстанға өз еркімен 1922 жылдың 31 тамызына дейін келгендер жер алды. Үшінші кезекте, Қазақстанға 1922 жылдың 31 тамызынан 1924 жылдың 7 тамызына дейінгі аралықта келгендер жер алуы тиіс болды (Коммунистическая партия Казахстана в революциях и решениях съездов, конференций и пленумов. Алматы, 1981. с 34). Яғни, жергілікті халықтың мүддесі екінші қатарға ығыстырылып, қазақ жерін келімсектермен толтыру әрекеті арнайы түрде заңдастырылып, бұдан кейінгі жылдары бұл әрекеттер одан әрі күшейіп қатты қарқын ала түсті. Ресей империясы кезінде орыс үкіметі қазақ жеріне орыс шаруаларын қоныс аудару арқылы оларды осы аймақтағы өздерінің әлеуметтік және саяси тірегі етсе, кеңестік кезеңде орталықтың қолдауымен бұл саясатты жалғастырған Ф.Голощекин де оларды өзінің саяси ойынына пайдалануға бар күшін салды. Екі сөзінің бірінде еңбекшілер мүддесін, таптық күресті алға тартып, Қазақстанның ұлттық республика ретінде дамуына барынша кедергі жасап отырды.

Қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық өміріндегі маңызды орын алатын  жер мәселесіне келгендегі Голощекиннің іс-әрекеті кешегі отарлаушы, қанаушы империя шенеуніктерінен де асып түсіп, кең көлемде Ресейден келген шаруаларды қазақ жеріне орналыстыруда алдына жан салмады. Ұлт мүддесі жолында қазақ жерін барынша қорғап отырған қазақ қайраткерлерінің күресінен ұлтшылдықты көрген өзіміздің «қырағылар» да табылмай қалмады. Мәселен, 1929 жылы куәгер ретінде ОГПУ-дың шығыс бөлімі бастығының орынбасары Саенконың тергеу сұрақтарына жауап берген Кәрім Әлімбаев деген өзінің 1921 жылдан бастап, жер бөліміндегі әртүрлі жауапты (Сәлімгерей Алпанұлының орынбасары болған) қызметтерді атқарғаннан баяндап, орталықтың Қазақстандағы саясатына қарсылық білдірген қайраткерлердің қатарына Түркістан өлкесі бойынша С.Қожанов, М.Тынышбаев, А.Асфендияров, Х.Хожиковты, ал Қазақстаннан Ә.Әлібеков, Ж.Сұлтанбеков, С.Қаратілеуов және Н.Нұрмақовты жатқызып, олардың «ұлтшылдық» әрекеттерін жіпке тізгендей айтып береді.

«Жер мәселесіне қатысты Қазақстандағы ұлтшылдардың идеялық тірегі, ақылшы-кеңесшісі – Әлихан Бөкейхан» деген ол: «Бұлар барлық мәселені сонымен кеңесіп шешеді және Ә.Бөкейханов арқылы проф. Швецовпен байланысып, Қазақстанға қоныс аударуды тоқтату үшін арнайы зерттеу жүргізіп, оның қорытындысы бойынша бос жерлердің жоқ екенін жалған мәліметпен дәлелдемек болды» деп жала жауып, Ә.Бөкейхан арқылы профессор Швецовпен байланысып, оны Қазақстанға шақырған С.Қаратілеуовтің ұлты үшін қызметін былай деп бұрмалайды: «1925 жылдан бастап, Жер жөніндегі комиссариат жер межесін жүргізу және оның мөлшерлі нормасын ғылыми тұрғыдан негізделген зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылдады. Қаратілеуов Ленинградқа профессор Швецовқа барып келді, оған дейін онымен келіссөз Әлихан Бөкейхан арқылы жүргізілген болатын, экспедицияның құрамын жасақтауды профессор Швецовтың өзі жүргізді, шақырылғандардың біразы экспедицияның құрамына Қаратілеуов пен Мурзиннің ұсынысымен кіргізілді. 1926 жылы Швецов Қызылордаға келген кезде онымен болған әңгіме барысында Қаратілеуов оған мынадай рухта былай деді: «Сіз қартайған адамсыз, бұл сіздің соңғы ғылыми жұмысыңыз болар. Сондықтан, сіздің есіміңіз қазақ халқының тарихында мәңгі қалуы үшін сіз бұл жұмысты сізбен біз келіскендей, қазақ жерін отарлаудан арашалап алатындай етіп аяқтағаныңыз жөн». Бұл ЦУЗ-да Қаратілеуовтің кеңсесінде болған еді. Айтылған әңгіме менің қатысуымда болды. Жаманмұрынов та болған сияқты. Қаратілеуов Бөкейханның пікіріне жиі сілтеме жасап, оның жер жөніндегі ең білгір маман екенін, жалпы ерекше талантты адам екенін жиі айтып отырды. Менің іске байланысты қарсылық білдіргеніме Қаратілеуов: «Сен не Бөкейханнан артық білесің бе? Боқмұрын, онымен қоймай әңгімеге араласасың…» деген еді. Менің ойымша, Жер шаруашылығы халық комиссариатындағы жерге орналастыру жұмыстары бойынша барлық нұсқауды Әлихан Бөкейхан беріп отырды», – деп ұлт қайраткерлеріне күйе жақты (ҚР ПМ. 141-қ, 1-т. 2409-іс. пп 2-6).

Кәрім Әлімбаевтың тергеушінің сұрақтарына берген жауаптарында ұлт жанашырларының жер үшін қасиетті күрестерін бұрмалап көрсетті десек те, кейбір мәселелер шындықтан алыс емес еді. Жер үшін күрестегі ортақ істе ұлт жанашырлары бірлесе қимылдап, қолдарынан келгенше қазақ жерін қорғап қалуды, Ресейден қоныс аударушыларды тоқтатуды мақсат етті. Сәлімгерей Қаратілеуов сынды қайраткерлер ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның Отанынан жырақта айдауда жүргеніне қарамастан, онымен байланысты үзбеді. Үнемі ақыл-кеңесін алып, Қазақстандағы жер нормаларын пайдалану ісінде ұлт көсемінің тұжырымдарын басшылыққа алды.

Жер нормаларына қатысты профессор Швецов жүргізген зерттеулерге қанағаттанбаған Голощекин 1927 жылы қараша айында өткен VI Жалпықазақтық партия конференциясында профессор Швецовты, Ә.Бөкейханды «ақша алғаннан басқа ештеңе де бітірмейді» деп айыптады. «Жер мәселесіне қатысты топтық тұрғыдан келу жоқ, басқа ұлттардың еңбекшілерінің мүддесін елемеу» деп, С.Қаратілеуов, А.Сұлтанбеков, Ә.Бөкейхандардың еңбегін жоққа шығарып: «Екі жыл бойы Қаратілеуов, Сұлтанбеков, Бөкейхандармен күрестік, олар бұл істе ілгері бір қадам да жасамады» деумен қазақ қайраткерлеріне қарсы қаһарын төккен болатын (ҚР ПМ. 141-қ, 1-т. 38-іс. пп 155-157).

Бұл жылдары Голощекин орталыққа жалған ақпараттар беру арқылы Қазақстандағы жер тапшылығына байланысты туындап отырған ұлтаралық шиеленістерді өзіне қарсы шыққан қазақ қайраткерлерінің партияның ұлт саясатын бұрмалаудан туындап отырған етіп көрсетті. Тікелей Мәскеудің қолдауына арқаланған Голощекин Қазақстанда әкімшіл-әміршіл билік орнатты. Ол қазақтың ұлтжанды қайраткерлерін «топшылдық», «ұлтшылдық» сияқты қолдан ойластырылған жалған саяси айыптаулармен айыптап, қуғындау жұмыстарын жүргізді. Голощекин қазақ қайраткерлерін түрлі жалған айдар тағып қуғындауды жүргізгенде С.Қаратілеуовті С.Сәдуақасов тобына жатқызып, 1927 жылы қараша айында болған VI партия конференциясында: «Мен Сәдуақасов деп айтқанда, онда жинақталған «Сәдуақасовшылдық» туралы айтамын, ол саңлақтарға Сұлтанбеков, Қаратілеуов, Мұстамбаев және тағы басқалар кіреді, бұлар социализмнің құрылысшылары» деген кекесінмен, бұл қайраткерлерді топшылдық ауытқушылықпен айыптады (ҚР ПМ. 141-қ, 1-т. 38-іс. п 220).

1929 жылдың бас кезінен бастап Қазақстанның барлық аймақтарында күрделі жағдай қалыптасты. Бұл күрделі жағдай саяси тұрғыдан алғанда, Алаш қайраткерлерінің түрлі жаламен жаппай қуғын-сүргінге ұшырап қамауға алына бастауынан көрінсе, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қазақ ауылдарын жайлаған алапат аштықтан көрінді. Сталиндік, оның қазақ жеріндегі «қолшоқпары» Голощекиндік әкімшіл-әміршіл саясаттың жүргізілуі кезеңінде Алаш арыстарымен мүдделес Сәлімгерей Қаратілеуо сынды тұлғалар да қуғын-сүргіннің, жалған жаланың, негізсіз айыптаулардың неше түрін басынан кешірді. Оған тағылған айып – «Ұлтшылдық және Алашордамен байланысы болған» болатын. Жалған саяси айыптаулар мен қуғын-сүргіннен кейін  Сәлімгерей Алпанұлы қызметінен алынып, партия қатарынан шығарылды.

Қайраткер тұлға 1931-1933 жылдары ауыл шаруашылығы мамандарына арналған Мәскеу қаласындағы социалистік жер шаруашылығы академиясында оқиды. Оны бітіргеннен кейін елге оралғанда бұрынғы айыптаулар мен қуғын-сүргін тоқтатылған жоқ. Ұзақ уақытқа созылған партиялық тексеру жұмыстарынан кейін, 1936 жылы наурыз айында партия мүшелігі қалпына келтіріліп, Алматы облысының Қастек ауданындағы «Дегерес» жылқы заводының директорлығына жіберіледі. Бұл, өкінішке қарай, қайраткер тұлғаның соңғы жұмысы болды.

Қазақстанда Сталиндік жаппай қуғын-сүргін жүргізілгенде, оған алдымен іліккен қайраткерлердің қатарында Сәлімгерей Қаратілеуов болды. Ол 1936 жылы 14 қарашада тұтқындалып, РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 10-тармағы бойынша айыпталды. Кейіннен оған 58-баптың 2-7-8-11 тармақтары қосылып, ұзаққа созылған азапты тергеуде болды. Тергеу барысындағы оған қойылған негізгі айып – «контрреволюцияшыл-оңшыл троцкистермен байланыста болған антисоветтік-ұлтшыл ұйымда болды, Алашордашылардың жазалау отрядына қатысып, Торғай облысындағы партизан отрядының командирі Таранды және Аманкелді Имановты өлтіруге қатысты, сондай-ақ шетелдегі ақ-эмигрант Мұстафа Шоқаймен байланыста болды».

Тергеудің алғашқы барысында Сәлімгерей Алпанұлы өзінің Алаштың әскери кеңесінің мүшесі болғанын, азамат соғысы жылдарында ақ гвардияшылар жағында болып, Кеңес өкіметіне қарсы күрескенін, Алаш әскеріне қажетті жігіттерді, мініс көлігін жинау үшін қазақ ауылдарына барғанын мойындап, жазбаша түсінік береді. Басқадай айыптауларды мойнына алмаған. Тек 1937 жылы 15 тамыз күні тергеушінің сұрағына берген жауабында, яғни жеті ай өткен соң ғана азапты ұрып-соғып қинаудан кейін: «Қазақстанда Жапонияның протектораты болатын буржуазиялық мемлекетті құру үшін Кеңес билігін құлатуды мақсат еткен антисоветтік-ұлтшыл ұйымның белсенді мүшесі болғанымды мойындаймын. 1917 жылдан бастап, осы уақытқа дейін созылған өзімнің барлық саяси қызметімде большевизмнің жауы болып, коммунистік партия мен кеңестік билікке қарсы күрес жүргіздім» депті (Алматы қалалық ішкі істер департаментінің архиві. № іс – 11020. п. 20).

Қазақстанда жаппай қуғын-сүргін жылдары бас шабар жендеттің рөлін атқарған кеңестік НКВД-ның тергеушілерін Сәлімгерей Алпанұлының бұл жауаптары қанағаттандырмаса керек. Азапты тергеу ісі одан кейін де жалғасқан. Енді оған «антисоветтік-ұлтшыл ұйымның тапсырмасымен лаңкестік әрекеттер жасады» деген де жалған айыптар тағылды. Осы негізгі айыптарға байланысты 1937 жылы 22-23 қазан күндері болған тергеушінің сұрақтарына былай деп жауап береді: «Мен Қаратілеуов коммунистік партия мен кеңестік билікке қарсы күрескен антисоветтік- ұлтшыл ұйымның құрамында болып, оған қарсы күрес жүргізсем де, кеңестік биліктің өкілдеріне қарсы күресті лаңкестік жолмен жүргізуді алдыма қойған емеспін, сондай-ақ бұл мәселеге байланысты өз ұйымымнан ешқандай тапсырма алған емеспін» (Алматы қалалық ішкі істер департаментінің архиві. № іс – 11020. п. 30).

Қайраткер тұлға Сәлімгерей Алпанұлының тергеу ісін жүргізген мемлекеттік саяси басқарманың тергеушісі Катков 1937 жылы 23 қазанда оған РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 2-7-8-10-11 тармақтары бойынша айып тағып, тергеу ісінің аяқталуы бойынша қаулы шығарған. Осы қаулы бойынша Қаратілеуов Сәлімгерей Алпанұлы 1938 жылы ақпан айында ату жазасына кесіледі.

1916 жылы Торғай даласындағы ұлт азаттық көтерілістің бас сардарбегі болған Аманкелді Имановтың 1919 жылы мамыр айында болған өлімі «Алаш» қайраткерлерінің тергеу ісіндегі оларға тағылған айыптауда және кейінгі тағдырларында маңызды оқиға болды. Және осы іске байланысты оларға жалған саяси айыптаулар тағылып, біржақты қараланып келді. Олардың ісін ақтауға басты кедергі болып келгенін де айтуға тиіспіз. Оның бір ұшы Сәлімгерей Қаратілеуовке де тигенін білеміз. Тергеу ісі барысында Сәлімгерей Қаратілеуов Торғай қаласында орын алған Аманкелді Имановтың да, партизан отрядының командирі Таранның да өліміне өзінің қатыстылығын мойындамаған. Және тергеушілер қанша тырысса да, бұл істе оған нақты кінә артып мойындата алмапты. Сонымен қатар, шетелде жүрген қазақтың ұлтжанды қайраткер тұлғасы Мұстафа Шоқаймен арадағы байланысын мойындатпақ болған істерінен де түк шықпапты. Яғни, қайраткер Сәлімгерей Қаратілеуовтың осы уақытқа дейінгі жарияланған еңбектердегі, мақалалардағы қылаң беріп келе жатқан оның батыр Амангелді Имановтың өліміне қатыстылығының негізі жоқ деп айтуымызға болады.

Өз ұлтының жарқын өмірі үшін өмірінің соңына дейін күресіп, артынан өшпес із қалдырған тұлғаның есімін ұлықтау, жарқын бейнесін жаңғырту жұмыстарын жүргізу біздің міндетіміз болып табылады.

Салқынбек ДОСАЛЫ,
Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-нің профессоры
Қазақстан педагогикалық
ғылымдар академиясының академигі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here