Сенат Төрағасы Германия Елшісімен кездесті

0
256

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Германия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моника Иверсенмен кездесті. Сұхбаттасу кезінде Мәулен Әшімбаев таяуда ел Президенті жариялаған жаңа Қазақстанды құруға бағытталған жүйелі шаралар туралы айтты. Сенат Спикері осыған байланысты елімізде түрлі салада белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын, олардың негізгі міндеті әлеуметтік теңсіздікті азайту, мемлекеттің экономикаға қатысуын төмендету, шағын және орта бизнесті жаппай дамыту екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ елдің саяси жүйесін одан әрі демократияландыру да маңызды басымдықтардың бірі екенін айтылды.

Сонымен қатар тараптар екі елдің парламентаралық байланысын әрі қарай дамыту перспективаларына кеңінен тоқталды. Одан бөлек, Қазақстанның Жаңа экономикалық бағдарын іске асыру аясындағы ынтымақтастық мәселелері сөз болды.

«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты жаңа міндеттерді белгілеп берді. Президентіміз мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты мәселелерді шешу, банк саласын реформалау, барлық салада бәсекелестікті арттыруға тиісті жағдай жасау жөнінде нақты тапсырмалар берді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы және басқа да реформалары экономикалық жүйемізді жаңартуды, оның ішінде шетелдік кәсіпкерлер үшін еліміздің инвестициялық ашықтығы мен тартымдылығын қамтамасыз етуді көздейді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде Елші Қазақстан Президентінің реформаларына қолдау білдіріп, оларды елдің даму жолындағы маңызды қадам деп атады. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыру аясында елдеріміз арасындағы ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы ретінде Елшіге Германияның бірқатар дін лидерлері мен көрнекті саяси қайраткерлеріне Съезге шақыру хаты жолданғанын айтты. Ол Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі биылғы қыркүйек айында өтетініне назар аударып, дипломатты Германиядан шақырылған делегаттардың Форумға қатысуына жәрдемдесуге шақырды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here