Уақыт биігінен көрінген қайраткер

0
2818
Леонид Брежневті Алматыда қарсы алу сәті. Исатай Әбдікәрімовпен құшақтасуда, қасында Дінмұхамед Қонаев тұр

Осыдан дәл жиырма жыл бұрын «Дүниеден ғажайып бір жан өтті» атты ерекше естеліктерге толы құнды кітап жарық көрді. Бұл – өзгеше болмыс-бітімімен, кешегі бабалардың туын жоғары көтере білген ел ардақтысы, халық қалаулысы,  біреуден «оздым» деп апшымай, біреуден «қалдым» деп шапшымай, «ел ішін – алтын кеніші» санаған тұлға Исатай Әбдікәрімұлы жайындағы естелік әрі тарихи шежірелі құнды еңбек болатын. «Ұлы тұлғалар ғасырда бір туады», – деп даналықпен айтылған сөз рас. Исатай Әбдікәрімұлын жүз жылда бір келетін ғажап жанға ұқсатам, сол үшін де оның есімі жыл өткен сайын жадымызда жаңғырып тұрады…

Ортада Исатай Әбдікәрімов, Роза Бағланова, Алма Ақдәулетова, екінші қатарда Ержан Уәйіс

Бірде халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтан бір топ ақын-жазушылар сүйінші сұрай барыпты. Себеп – Қал-ағаға сүйіншіні «жудырмақ». Қожа-ағайындар арасынан бірінші рет хатшы сайланып отырса керек.

– Қалеке, сүйінші! Ағаң Исатай Әбдікәрімов обкомның бірінші хатшысы болды, жуыңыз! – деп шулап қоя беріпті.

Қалтай аға сабырлы, әріні көретін ақылды кісі емес пе:

– Әй, әріптестерім, оның несін айтасыңдар, тәйірі, обкомның хатшысы  деген не? Алланың өзі пайғамбарлығын біздің әулетке сыйлаған ғой! – деп сүйіншіні өздеріне «жудыртты».

Исламының жасыл туын көтерген, негізін қалаған екі дүниенің сардары Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) ұрпағы болғанымыз үшін мың да шүкіршілік.

Менің атам Уәйіс қожа Төрежан-ахун немересі көп жылдар бойы Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесінде шырақшы болды.

Атам Төрежан-ахун Самарқандта туып-өсіп, Көкілі таш, Мір Араб медресесінде білім алған. 1820 жылдары Сыр бойында Тотықұс аралына (қазіргі Өзгент ауылы) кеп қоныстанады. Имандылықты, ислам ілімін уағыздайды, мешіт ұстап, медресе салдырған. Бабаның сүйегі Хорасан Ата кесенесі маңында жатыр. Исатай Әбдікәрімұлы да  сол Өзгентте туып-өскен.

…Кеңестік кезеңде елімізде бір ғана телеканал болатын. Мен сол Қазақ телевизиясында тілші-редакторлық қызмет атқардым. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың телевизияға түсіру тобының мүшесі, тіпті жеке тілшісі болдым.

1976 жылы Қазақ телевизиясындағы тұңғыш іссапарым Қызылорда облысынан басталды. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімовтің қабылдауында болдым, екеуара жеке әңгімелесіп отырғанымызда:

– Сені теледидардан күнде көремін, жаңалықтар хабарынан, Қонаевтың қасында жүресің. Ауылың қайда? – деді іш тарта жылы сөйлеп.

Қызылқұм ауданынан екенімді айтып ем:

– Оның қай жері? – дегені.

Сол сәтте ағаның інілері екенімді білдірейін деп:

–  «Қожатоғай» совхозынан, – дей бергенімде ағаның жүзі нұрланып:

– О, інім екенсің, мен Шәуілдірде оқығанмын, – дей отырып, өмір жолынан аздап сыр шертті. Жұмысыма сәттілік тілеп, батасын берді.

Көп ұзамай, 1978 жылы Кубаға Гаванадағы жастар мен студенттердің дүниежүзілік ХІ фестиваліне делегат боп қатыстым, аға батасы қабыл болды деген осы.

Қызылордаға барған сол сапарымда шопандардың облыстық слеті өтті. Сонда телевизияға аймақ басшысы Исатай Әбдікәрімов сөз сөйледі, біздер телевизияға түсірдік. Социалистік Еңбек Ері Халық Ахмет жастарға шопандық аса таяғын берді.

Шыққан тегінен сөз қозғайтын болсақ, Исатай аға текті әулеттің ұрпағы. Ата-бабасы Сыр бойында ислам негіздеріне сай имандылық жұмыстарын атқарған. Өзі қасиетті Жаңақорған аймағында туып-өскен, мектеп бітіріп, шаруашылықта еңбек еткен. Ұлы Отан соғысына қатысқан, ауыл шаруашылық техникумын, педагогикалық институтын, Алматы, Мәскеуде жоғары партия мектебін бітірген. Бірнеше ауданның (аупартком) бірінші хатшысы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы, КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының орынбасары, СОКП Орталық Комитетінің мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бюросының мүшесі, Қазақ КСР, КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты қызметтерін абыроймен атқарды.

КСРО Бас хатшысы Леонид Брежневтің орынбасары болды, онымен бір кабинетте отырды, бірге тәтті шәй ішті. Сырдың топырағын кешіп өскен қазақтың қара баласы Мәскеуде Кремльдің төрінен осылай орын алған. Бұл зор мәртебе Алланың сыйы еді.

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына айрықша үлес қосқан, қазақ елін әлемге танытқан, үш мәрте Еңбек Ері атанған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен қызметтес болып қатар жүруі, осындай біртуар кемеңгердің сеніміне ие болуы, оның азаматтығы, адами қасиеті, білімі мен біліктілігі Исатай ағаға берілген үлкен мінездеме дер едім.

Ағаның табиғи болмысы, яғни Алланың берген мінезінің өзі адалдықтан, адамгершіліктен тұратын. Көзі тірісінде-ақ аңыз адамға айналды…

Аға туралы партия қайраткерлері де жақсы пікірлер айтатын. Бірде Қазақстанның құрылуының елу жылдық мерекесіне орай Бас хатшы Леонид Брежнев және өзге де республикалардан делегациялар келді. Біздер Қазақ телевизиясына түсіріп жүрдік. Өзбек делегациясын Шараф Рашидов басқарып келді. Оның құрамында Қарақалпақстанның басшысы Қалдыбек Камалов та болды. Екеуінен де сұхбат алдым.

Шараф Рашидовтың әңгімесі Брежнев, Қонаев жайында болса, Камаловтың сұхбаты Қонаев пен Исатай ағаға арналды. Өйткені, Қарақалпақстан мен Қызылорда облыстары шекаралас, ауылы аралас, қойы қоралас, бауырлас аймақтар болып келеді. 

Сол кезде Исатай Әбдікәрімұлының жақын досы, әріптесі Қалдыбек Камаловтың айтқан естеліктерінен есімде қалғанын айтайын.

Бұл – 1978 жыл, бұған дейін Қызылорда облысы шаруашылығы өркендеу үстінде болды. Аймақ басшысы И.Әбдікәрімұлының атына Л.Брежневтен құттықтау келіп, «Социалистік міндеттемелерді асыра орындағаны үшін» ризашылығын білдірген. Елдің тұрмыс-тіршілігі көтерілген кез, күз айында Қызылорда облысы туысқан Қарақалпақстанда «Мәдениет күндерін» өткізуге қызу дайындалып жатады. Исатай ағамыз бұған дейін Шараф Рашидовпен де, Қалдыбек Камаловпен де жақсы таныс болған. «Сіздің адамгершілігіңіздің алдында басымды иемін, өзіңнің досың» деп, қол қойған Шараф Рашидовтың және өзінің жазған хаттары әліге дейін сақтаулы. Күріш егістігі судан тапшылық көрген кезеңде Ташкентке телефон соғып, Исекең өтініш айтса, Рашидов өз ауыздарынан суды жырып, Қызылорда облысына жіберетіні де рас еді.

1974 жылы Қарақалпақстан автономиялық ел болған мүшел тойларының құрметіне той өткізеді. Исатай Әбдікәрімов Қазақстан атынан делегацияны бастап барады. Сол жолы Шараф Рашидовпен дастархандас болып, ұзақ әнгімелесіп, пікірлес болады.

Ал, 1978 жылы Қарақалпақстан өнер шеберлері біздің облыста, аудандарда кеш өткізіп, ризашылықпен аттанған.

Жоғарыда Исатай Әбдікәрімұлымен арамызда болған әңгімені жалғасам деймін. Сол кезде екеуміз сөйлесіп отырғанда аға:

– Димаш Ахметұлы «Алматыда қызмет істесең қалай болады» деп айтып жүр. «Өзімнің де, бәйбішемнің де денсаулығы мықты емес, осы арада болғанды қалаймыз» деп қашқалақтадым. Сірә, көшетін шығармыз. Алматы қанша дегенмен таулы өңір, ауа қысымы жағдайында күйіміз қалай болады?! Енді болмайды, шалды ренжітіп алармыз, – деді.   

Сөйтіп, Дінмұхамед Ахметұлының ұсынуымен Исатай Әбдікәрімов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағалығына тағайындалды. Мұнымен қоса КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы орынбасары қызметін қоса атқарды. Төраға – Бас хатшы Леонид Брежнев. Яғни, әр одақтас республикалардың сенімді өкілдері – Брежневтің орынбасары болып Кремльде отыратын. Исатай аға сол қызметке барғанда қазақстандықтарға, әсіресе Қызылорда облысының еңбек адамдарына көптеген орден, медальдарды тапсыру мәртебесіне ие болды.

Мен Дінмұхамед Қонаевтың қасында 12 жыл бірге жүрдім, көп мағыналы әңгімелерін тыңдаудың куәсі болдым. Ол кісі қожа әулетінің ұрпақтарын керемет сыйлайтынын, оларды пір тұтатынын үнемі айтып отыратын.

– Менің әкем Меңліахмет қажы Жұмабайұлы кезінде Қазақ тұтыну одағының басшысы болған Өмірзақ Сәрсеновтің атасы Оспан қожаны пір тұтты. Тоғыз жасар кезімде Бақанаста: «Көзінен ұшқын атып, маңдайы жарқырап тұрған мына кішкентай бала келешекте қазақтың патшасы болады» деп, ақ батасын берген,  – деді қайран Димекең одан әрмен сөзін жалғап: – Ол тілек орындалды. Менің пірім – заңғар жазушы Мұхтар Әуезов.  Мұхаңның қызы Ләйла Мұхтарқызы – менің туған інім Асқар Қонаевтың жұбайы. Қалтай Мұхамеджановты да қатты құрметтедім. Исатай Әбдікәрімовты «Алматыға Ақ үйге, Үкімет үйіне де бір қожа керек қой» деп бір жағы әзілдеп, осында алдырған едім, – деп еді…

Өз дәуірінің перзенті болған, өмірден көргені де, түйгені де көп Исатай аға туралы көп айтуға болады. Исекең өте бауырмал, кішіпейіл, қолы да, жаны да таза адам, нағыз қайраткер. «Ал енді, Ержан қожа, ендігі пірім сен болдың» деп ақ батасын да берген. Бұл 1992 жылы 11 қазанда Түркияның Стамбул қаласындағы Сүлеймен мешітінде болған оқиға еді. Ата-анасына Құран бағыштадым. Түркияға бірінші халықаралық тілші қызметіне барарда үйіне арнайы барып, батасын алдым. Кейін Түркияға келген сапарында да қасында жүріп Анадолыдағы сұлтандар мұражайында, 7 мешітке ертіп барғанымды, қасында жүргенімді мақтан тұтамын, сұхбат алдым.

Исатай Әбдікәрімов Өзбекстанның бірінші басшысы Шараф Рашидовпен өте жақсы қарым-қатынаста болғанын жоғарыда жаздым. Шараф Рашидов та Дінмұхамед Қонаев сияқты Леонид Брежневтің жақын достары еді. 1978 жылы Одақ көлемі бойынша Өзбекстан мақта өндірісінде жоғарғы көрсеткішке жеткені үшін және Шараф Рашидовтың 60 жасқа толуына орай екінші мәрте Социалистик Еңбек Ері атағымен марапатталды. Рашидовты мерекелік күнімен құттықтау үшін Қонаевтан рұқсат алып, Исатай аға алдымен телефонмен хабарласады. Сонда: «Мен, Исатай Әбдікәрімов, Қызылорда облысы обкомының бірінші хатшысы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Еңбек Ері Сіздің екінші жұлдызыңызбен құттықтау үшін Сіздің Ақ ордаңызға келуге рұқсат сұраймын», – дей отырып, келісімін алады. Сонда Қызылорданың күрішінен жасалған кеудесіне алтын жалатқан екі жұлдыз бейнеленген бір жарым метрлік ағаш рамаға портретін салдырады. «Бұл – Қазақстанның сыйы, елдің сыйы» деп арнайы тапсырады. Рашидов Өзбекстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшелері және барлық министрлермен бірге Исекеңді ерекше күтіп, иығына өзбек шапанын жауып, зор сый-құрмет көрсетеді. Жеке резиденциясында қабылдайды. Ертеңіне өзінің жеке «Чайка» көлігін беріп, сол Ташкент облысындағы ағайындардың арасында болып, бір көтеріп тастаған екен. Міне, Шараф Рашидов пен Исатай Әбдікәрімовтың достастығы осындай болған.

Шараф Рашидовтың атында Өзбекстанда үлкен алаң бар, Ташкентте, Самарқандта,  Жызақта ескерткіші тұр, бірнеше елдімекендерге, аудандарға есімі берілген. Ал, Қонаев атамызға Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында мектептерге есімі берілген. Алматыда, сондай-ақ бірнеше облыстың орталығында көше бар. Президенттің Жарлығы бойынша Алматы облысының орталығы – Қапшағай қаласы Қонаевтың атымен аталмақ. Қызылордада Д.Қонаев атындағы көше бар. Ал, Исатай Әбдікәрімовтың атында Қызылордада агроколледж, Қожатоғай ауылында мектеп және бірнеше аудан орталықтарында көшелер бар.

1983 жылы Исатай Әбдікәрімовтың 60 жылдығына бір топ жазушылар Жұбан Молдағалиев, Әбділда Тәжібаев, Қалтай Мұхамеджанов, Сырбай Мәуленовтермен және әйгілі әнші Роза Бағлановамен бірге келіп, кешке қатыстым. Тарихи суреттерді газетке сол күннен естелік ретінде беріп отырмын.

Комсомол-партия қызметтерінде жетекшілік жасап, аудандық, қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі лауазымды басшылық қызметтер атқарған, биік-биік мінбелерден көрініп, ел басқару ісі мен ірі шаруашылық жұмыстарының бел ортасында жүрген Исатай Әбдікәрімовтің есімі ана дәуірде де, тәуелсіздік тұғырына қонып, құндылықтар өзгерген осы дәуірде де халқының жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз.

Ержан УӘЙІС,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
Құрметті профессоры

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here