Қаруды өз еркімен тапсырғандар қанша өтемақы алады?

0
1042

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетіне қарасты Қару айналымын бақылау бөлімінің бастығы Асылбек Ыдырысов халықтан сатып алынған қару-жарақ үшін қанша өтемақы төленетінін айтып берді.

Қару тапсырғаны үшін төлемдер мөлшері олардың түріне, техникалық күй-жайына байланысты әр данасы үшін 10 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін, яғни 30 мыңнан 306 мыңға дейін әр түрлі болады. Өтемақы көлемін әр облыстық, қалалық және аудандық полиция органдарында құрылатын комиссиялар белгілейді.

«Мысалы, 100 АЕК-ке дейін немесе 306 мың теңгені – автоматты ойық қаруды тапсырған азамат ала алады. Мұндай соманың жартысы ойық ұңғылы мылтықтар мен карбиндер үшін төленуі мүмкін. Тапаншалар мен револьверлер үшін 122 мың теңгеге дейін ақы төлеу болжанады. Тегіс ұңғылы мылтықтардың әрбір данасы барынша 91 мың теңгеге бағалануы мүмкін», – деп түсіндірді Асылбек Ыдырысов.

Өтемақы төлеу мерзімі – 1 ай. Оның мөлшерін айқындау кезінде комиссиялар қарудың техникалық жай-күйін ескереді және 3 санатқа бөледі. 1-санаттағы қару үшін төлем ұсынылатын құнының 100%-ын, 2-санатқа 70%-ын, 3-санатқа 30%-ын құрайды.

Бірінші санаттағы қаруға пайдаланылмаған және техникалық ақауы жоқ қару не бұрын пайдалануда болған, бірақ ақауы жоқ, тауарлық түріне нұқсан келмеген қару жатады. Екінші санатта одан әрі пайдалануға кедергі болмайтын, жекелеген техникалық ақауы бар немесе тауарлық түріне нұқсан келген қару бар. Жөндеуге жарамды қарулар да екінші санатқа жатады. Үшінші санатқа техникалық ақау салдарынан пайдалануға жарамсыз немесе қауіпті, жөндеуге, қалпына келтіруге немесе ауыстыруға жарамсыз қарулар жіберіледі.

Криминалист-маманның қорытындысы негізінде атыс қаруы, оқ-дәрі немесе жарылғыш заттар болып танылмаған, ҚР ІІМ БДБ-ның «Криминалдық қару» және «Тіркелген қару» есебінде тұрған қару-жарақтарға, қолдан жасалған, сондай-ақ тегіс ұңғылы, газды және жарақат салатын патрондарға сыйақы төленбейді.

«Қару-жарақ заттардың қайдан пайда болуы туралы айтсақ, әлбетте олардың көбі бұрыннан мұраға қалған, не тауып алынған немесе оларды тіркеу бойынша шектеуді енгізгенге дейінгі сатып алынған қарулар. Мысалы, бұрын 1974 жылға дейін қарулар малшыларға аңдардан қорғану үшін есепсіз таратылған. Барлық тексеру шараларынан кейін тапсырылған қарулар мен оқ-дәрілер жою процессін бейнежазбаға бекіте отырып, комиссиялық түрде жойылады», – деді Асылбек Ыдырысов.

Жиналған қарулар бөлшектенеді және өнеркәсіп кәсіпорындарында балқытылады. Сонымен бірге, антикварлық және тарихи құндылығы бар қару криминалистикалық бөлімшелердің заттай коллекцияларына немесе Ішкі істер министрлігінің музейлеріне берілуі мүмкін.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here