Орталық Азиядан шыққан тұңғыш әйел президент

0
2090

Қырғызстан – әлемде президенттерінің саны жағынан да, премьер-министрлерінің көптігімен де географиялық глобуста қызыл жолақпен белгіленген мемлекет. Тәуелсіздігінің отыз жылында алты президент, жиырмадан астам премьер-министр ауысқан. Олардың арасында кәсіби мемлекетшіл тұлға да, белгілі ғалым да, кеңес мектебінің саяси дипломатия сынынан өткен тісқаққан саясаткер де болды.

Алатаудың арғы жағындағы айыр қалпақты елді басқарғандардың арасында кәсіби дипломат Роза Исаққызы Отынбаеваны ерекше атап өткен жөн. Ол – Орта Азиядағы тұңғыш әйел-президент, ел билігін бейбіт түрде тапсырудың негізін салған саясаткер.

Роза Отынбаева өтпелі кезеңдегі пре-зиденттік қызметін тапсырарда: «Біздің қырғыздар тәуелсіздік кезінде бастарынан өткерген бірнеше революция, бірде-бір жағдай көрші елдерде болған жоқ. Демек, бүгінгі күні қырғыздардан батыл, қырғыздардан демократ, қырғыздардан турашыл ел жоқ. Түбі біз озамыз!» – деп өз халқына өршіл рух беруімен халықтың есінде қалды.

Роза Отынбаева – 1950 жылы 23 тамызда Ош қаласында дүниеге келген. Үлкен отбасындағы сегіз баланың екіншісі. Әкесі Исақ Отынбаев – Қырғызстандағы белгілі қайраткер, Қырғызстан Жоғарғы сотының мүшесі, анасы Салиқа Даниярова – мұғалім болған. Болашақ президент 1972 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің философия факультетін «философия және қоғамтану пәнінің оқытушысы» мамандығы бойынша бітірген. 1975-1981 жылдары Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінде аға мұғалім, доцент, кафедра меңгерушісі, профессор болып еңбек жолын бастаған. 1981 жылы партиялық жұмысқа ауысып, Бішкек қала-сына қарасты Ленин аудандық партия ко-митетінің екінші хатшысы, 1983 жылдан Бішкек қалалық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарған.

1986-1989 жылдары Қырғыз КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Сыртқы істер министрі, 1989-1991 жылдары ЮНЕСКО істері жөніндегі КСРО комиссиясының төрайымы, жауапты хатшысы, КСРО Сыртқы істер министрлігінің алқа мүшесі, 1992 жылы Премьер-министрдің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған. 2005 жылы наурызда Қырғызстанның Сыртқы істер министрі қызметіне тағайындалған. 1991-1992 жылдары КСРО-ның Малайзиядағы және Брунейдегі Төтенше және өкілетті елшісі қызметтерінде болған. 1992-1994 жылдары Тәуелсіз Қырғызстанның АҚШ пен Канададағы, ал 1997-2002 жылдары Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландиядағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін атқарған. 2004 жылдың 9 желтоқсанынан «Атажұрт» қоғамдық қозғалысының төрайымы. Философия ғылымының кандидаты. Қырғыз тілінен басқа орыс, ағылшын, неміс, француз тілдерін жетік меңгерген. БҰҰ Бас хатшысының тұрақты өкілінің орынбасары ретінде грузин-абхаз шиеленісін реттеуге қатысқан. 2004 жылы туған Отанына оралып, оппозиция лидерлерінің біріне айналды.   

2010 жылы халық сенімі үкіметінің басшысы, кейін Қырғыз Республикасының өтпелі үкіметінің президенті болып сайланды.

Қырғызстан – КСРО-ның тоталитарлық билігімен, соңғы жиырма жылда авторитарлық режиммен басқарылған мемлекет. Бұрын партиялық номенклатуралық функционерлердің мүдделері қақтығысып жатса, тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік саясатта мүдделі топтардың ойындары үлкен рөл ойнады. Оған қатысудан бірде-бір партия тысқары қалған емес.

Партиялардың өзара келісімі барысында елде өтпелі кезеңдегі президент сайлауына референдум өткізуге ұйғарым жасалды. Референдум қорытындысы бо-йынша Роза Отынбаева өтпелі кезеңдегі ел президенті лауазымын 2011 жылдың 31 желтоқсанына дейін атқарды. Бұдан кейін ол президенттік сайлауға өз кандидатурасын ұсына алмайтын болып ұйғарылды.

Сайлау күні өзінің туған жері, оңтүстіктегі Ошқа барып дауыс берген Роза Отынбаева: «Қырғызстанның Конституциясы мен заңдары бойынша Парламент сайлауынан кейін жаңа кабинет құрылғанша үкімет барлық іс-қимылдары үшін толық жауапкершілікті өз мойнына алады. Осыған орай Қырғызстанда отбасылық билікке жол берілмейді. Ақаев және Бакиев жүйесі енді Қырғыз елінде қайталанбайтын болады», – деген уағдаластыққа қол жеткізді.

Үкімет құрылмағандықтан, уақытша жоғарғы лауазым иесі ретінде президент Роза Отынбаева партиялардан саяси интригаларға бармай, сайлаушылардың мүддесі үшін қызмет етуді талап етті. Қырғызстанның жаңа Конституциясы бойынша сайлауда ең көп дауыс жинаған партия премьер-министрдің кандидатурасын ұсынуға тиіс болды. Осылайша, елдің жаңа тарихында президенттік билік тұңғыш рет бейбіт түрде бір қолдан екіншісіне өтудің жолы қаланды.                   

Роза Исаққызы өзі мемлекет басшысы болып тұрғандағы Қырғызстанның үлкен жетістігі – елдің парламенттік басқаруға өткендігі болды. Президент билігін толық орнықтырып алған соң, Бакиев билігінен бос қалған саяси вакуумды тездетіп толтыруды мақсат етіп қойды.

Президент елдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени даму саласында қордаланып қалған мәселелер бойынша Жоғарғы Кеңестің мәжілісіне қатысып, Қырғызстан халқына үндеу жасады. Мемлекет басшысы өзі басқарған 1 жыл 8 ай мерзімдегі жағдайға баға беріп, республиканың өсіп-өркендеуі үшін елді ынтымақта болуға шақырды. Бұрынғы президент Құрманбек Бакиев Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерінде және Ұлттық қауіпсіздік қызметінде реформа жасаймын деп, бұл органдардың штатын қысқартып, әлеуетін мүлде төмендетіп жіберген еді. Бакиев 2009 жылы өрескел түрде Конституциялық орган – Қауіпсіздік кеңесін таратып жіберген-ді. Ош және Жалал-абад гарнизондарындағы ішкі әскерлердің сандық құрамы қысқартылды. Керісінше экс-президент өз бауыры Жаныш Бакиев басқаратын Мемлекеттік күзет қызметінің күш-қуатын арттырды. Оны өзін күзету үшін жасады. Жаңа президент Бакиевтің кезінде жойылып кеткен Қауіпсіздік кеңесін қайтадан қалпына келтірді.

Қырғызстанның сыртқы қарызы 2,6 млрд АҚШ долларына жетті. Қарыздың 56 пайызы – Дүниежүзілік банкке, Халықаралық валюта қорына және Азия даму банкіне тиесілі болды. Сыртқы қарыз елдің ЖІӨ-нің 58 пайызына теңдестірілді. Бұл қа-рызды өтеу қырғыздарға оңайға түспеді.

2010 жылы Қырғызстанда сайлау тұңғыш рет биліктің араласуынсыз өтті. Десе де, дауыс беру кезінде қылмыстық топтардың дауыс беруге ықпалының болғандығы байқалды.

Жоғорғу Кенеш сайлауынан кейін Қырғызстан ТМД шеңберіндегі тұңғыш парламенттік басқару жүйесіне бетбұрыс жасады. Елдегі ірілі-ұсақты 150-дей партияның 29-ы сайлауда өз бағын сынады. Қырғызстан заңнамасы бойынша сайлау өтпейді деп есептеуге болатын ең төменгі көрсеткіш белгіленбеген. Қырғызстан президенті Роза Отынбаева жаңа Жогорғу Кенеш сайлауын ел тарихындағы ең демократиялы сайлау ретінде бағалады.

Президент ел дамуындағы басқа да орын алған кемшіліктерді де ашып берді. Оның ашық пікірі кейбір елдерге ұнай қоймады.

«Қырғызстанға қазір көптеген елдердің тарапынан гуманитарлық көмек көрсетіліп жатыр. Солардың негізгісі, көршілес Қазақстан мен Ресейден келуде. Шалғай-да жатқан АҚШ тарапынан да көмек беріліп жатыр. Бірақ, солардың арасынан риясыз достық танытып отырғандары көп емес. АҚШ әкімшілігі Қырғызстанға 32 млн долларды құрайтын гуманитарлық көмек жеткізуге уәде берді. Бұдан да басқа қаржылай көмектер қарастырылуда. Алайда, америкалықтар бәз-баяғы әдетіне салып, өз тарапынан бөлінген қаражаттың елді демократияландыруға жұмсалуын талап етеді. Қырғызстанды Орталық Азияның демократиялы елі ретінде танитын АҚШ сол демократияның «жемісін» көріп жатса да қоятын емес. Айналып келгенде, АҚШ-қа керегі – әлемдік қауымдастықта өзіне қажетті аура қалыптастыру. Сол сияқты Ресей тарапынан Қырғызстанға жасалып жатқан көмектің артында да саясаттың сұлбасы сығалайды. Қалайда АҚШ-тан кем түспеу керек. АҚШ 32 млн доллар уәде етсе, Ресей де 30 млн-ды бергелі отыр. Қырғыздардың елдігі шайқалып, материалдық тұрғыдан қысылтаяң халге түскенін Мәскеу сәтті пайдалануға тырысып қалғысы келеді. Рас, көмек көрсетіліп жатыр. Бірақ, оның артынан айтар бұйымтайы ұртында сақтаулы тұрады. Ресейдің ойы әскери база ашу, Қырғызстанның жалғыз қару-жарақ өндірістік кешенін қарыздарын өтеу есебінде алып алу деген секілді салмақты шарттары дайын тұрады», – деп мәселенің мәнісін түсіндірген еді халыққа.

Роза Отынбаева Құрманбек Бакиев пен оның алдындағы Асқар Ақаев билігі кезінде экономикалық қылмыс жасағандардың бәріне мемлекетке келтірілген шығынның орнын толтыруға уәде берулеріне байланысты рақымшылық жасайтын жарлық шығарды. Президент сол арқылы кінәлілерді қылмыстық жауапкершіліктен босатуға берген уәдесінде тұрды.

Қырғызстанның Уақытша үкіметінің қиын жағдайда қалған сәттері көп болды. Оңтүстік аймақта төтенше жағдай енгізілді. Оған тәртіп сақшылары мен әскер араласты. Бүлік әрең басылды. Ол ұлтаралық қақтығысқа ұласты. Президент осынау қиын сәтте еш қорықпастан халықтың    арасына өзі барған кездері көп болды.

Роза Отынбаева бұрынғы президенттер кезінде халықтан жасырылып келген ең осал тұстарды аша отырып, одан шығудың жолын көрсетіп берді. Қырғызстандағы озбырлық эскалациясы тез және бірден өрбитін. Өз кезегінде бұл аймақтағы өзге де ойыншыларды, әсіресе, Ресей мен Өзбекстанды белгілі бір іс-әрекеттерге баруға итермелеп үлгермесе де, тым құрығанда нақты позицияны иемденуге әкеп соқтырды. Уақытша үкімет басшысы кезінде Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиевтің батылы жетпеген батыл қадамдарға барды.

ЕҚЫҰ полицейлерінің Қырғызстанға енуіне қарсылық акциясы ерекше белең алды. Қарсылық білдіру үшін Бішкек және Ош қаласының орталық алаңдарына жиналған халықтың саны 500-700 адамды құрады. Олардың арасында саясаттанушылар мен түрлі қоғамдық бірлестіктердің, тіпті қалалық әкімдіктің қызметкерлері де болды. ЕҚЫҰ өкілдерінің елді аттап басуына жол бермейтінін уәде етушілер арасында «Біз Отанымыздың кезінде Сербиядан Косовоны бөліп алған тағдырын қайталағанын қаламаймыз. ЕҚЫҰ-ның осы секілді операциялары арқасында Юго-славияның күйреуі орын алды» деп мәлімдеушілер де табылды.

Қырғыздардың бұл жанұшыруларын түсінуге болатын еді. Осы сәтте Президент Роза Отынбаева бастаған Қырғызстан үкіметі ЕҚЫҰ полицейлерінің елге келуіне барынша ынталылық танытты. Тіпті, осылай болуы қажеттігін талап етті. Олар өз күшімен елді қалпына келтіре алмайтынын сезді. Себебі, Қырғызстанның оңтүстік аймақтары ырық бермей, қарулы қақтығыстарға бейімділік танытты. Сондықтан Отынбаеваның ҰҚШҰ бітімгер күштерін енгізу жөніндегі ұсынысы ашық болды. Жүргізілген шаралардың бәрі қырғыз халқының тез сауығып кетуіне тиімді ықпал етті. Дәл сол тұста Роза Отынбаеваны сынағандар, кейін оның іс-қимылы ерлікпен пара-пар деп жатты. Оқиғадан кейін Роза Отынбаева аймақта орын алған тәртіпсіздіктерді басқаны және сауатты іс-қимыл жасағаны үшін «Құрметті легион» орденінің командоры атанды. Оған құрметті атақ Франция президентінің жарлығы бойынша берілді. Бұл марапат Отынбаеваның өтпелі кезеңдегі қиындықтарға қарамастан, шешімді де батыл іс-қимыл танытқан еңбегін танудың нәтижесі болып табылды. Аталған орденді XIX ғасыр басында Наполеон Бонапарт тағайындаған және ол Франциядағы аса жоғары айырма белгісі болып саналады.

Қырғызстан президенті Роза Отын-баева АҚШ Мемлекеттік департаментінің «Қаһармандығы үшін» сыйлығымен марапатталған. Отынбаева бұл сыйлықты алған әлемдегі бірінші әйел-президент болды.

Роза Отынбаева Қазақстан Журналис-тер одағының наградасына да ие болған. Шолпан-Атадағы мемлекеттік резиденцияда Қырғызстан басшысына баспасөзге көрсеткен қолдауы және журналистермен өзара түсіністігі үшін арнайы диплом табыс етіліп, «Қазақстан Журналистер одағына – 50 жыл» медалімен марапатталды.

Ол өз қызметінен кетіп бара жатып: «Мен өмірімді Қырғызстаннан басқа жерде елестете алмаймын. Мені «біреулермен келісіп алған, бас сауғалап кетеді» деп жүргендер қатты қателеседі. Мен БҰҰ-да жұмыс істегенмін. Онда өте маңызды да пайдалы тәжірибе жинақтадым. Бірақ, мен өз тағдырымды халықаралық ұйымдармен байланыстырмаймын. Мен Қырғызстанда қаламын. Бастық болу міндет емес», – деп мәлімдеді.

Роза Исаққызы Қырғызстан президенті ретінде қысқа мерзімде неге қол жеткізді?

Ол – Қырғызстанның саяси практикасында екі рет қайталанған жағымсыз сары жолақты өшіруге бар күшін салды. Қырғызстанның белгісіз тылсым күші өмірлік қуатын сорып алған қағидасын сауықтыруға тыңнан жол іздеді. Ауыр күйзелістен қайраңда малтығып қалған Қырғызстан кемесін өрге сүйреді. Ақаев, Бакиевтің кезінде сенімнен айырылған Қырғызстан дипломатиясын айтарлықтай нығайтты. Халықаралық қауымдастықпен ынтымақтастықты өзіндік бір тіреу нүктесіне айналдырды. Алдыңғы қос президенттен соң, елде тәртіп орнатылып, іскерлік және моральдік ахуал қалыпқа келтірілді.

Роза Исаққызы бүгінде белсенді позицияда. БҰҰ Бас хатшысының медиация бойынша жоғары деңгейдегі консультативтік тобының және Мадрид клубының мүшесі болып қызмет атқарады.

Қырғыз елінің саяси қайраткері 2021 жылы халқымыздың классик жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовке сәлем салу ниетімен Алматыға келіп, жазушының қара шаңырағында болды.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here