Санкция құрсауында қалған мемлекет

0
1142

Әлемнің бірқатар елдері осы күнге дейін Ресей Федерациясына қарсы 10 мыңнан астам санкция салды. Соның 70 пайыздан астамы Ресей 21 ақпанда Донецк пен Луганск халық республикаларының тәуелсіздігін мойындағаннан және 24 ақпанда «арнайы операция» деген сылтаумен Украинаға басып кіргеннен кейін қабылданды. Бір анығы, Украинадағы қақтығыс тоқтамай, Ресейге қарсы шектеулер енгізіле береді. Айталық, 19 мамырда Ұлыбритания Ресейдің «Аэрофлот», «Россия» және «Уральские авиалинии» әуекомпанияларына жаңа санкциялар салып, олардың активтерін бұғаттап тастады. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін солтүстіктегі көрші елге салынған ескі һәм жаңа санкцияларға тоқталады.

ҚАНША МЕМЛЕКЕТ РЕСЕЙГЕ ҚАРСЫ САНКЦИЯ САЛДЫ?

Рас, бұл басқа елдерге қарсы енгізілген санкциялардан әлдеқайда көп болып шықты. Мысалы, осы күнге дейін Иранға – 3 616, Сирияға – 2 608, Солтүстік Кореяға – 2 077, Венесуэлаға – 651, Мьянмаға – 510, Кубаға – 208 саяси-экономикалық санкция салынған болатын. Осылайша, санкциялар саны бойынша Ресей әлемде бірінші орынға шықты. Жоғарыда жазғанымыздай, шектеулердің саны апта құрғатпай артып та келеді. Санкциялар қаржыдан энергетикаға, көліктен БАҚ-қа, технологиядан автомобиль өнеркәсібіне, спорттан мәдениетке дейін салынды, салынып та жатыр.

Ресей Федерациясына қарсы салынған санкциялар саны бойынша АҚШ көш бастады. Ақ үйдің ықпалымен 1 983 санкция салынды. Одан кейінгі орындарда Канада (1 402), Швейцария (1 361) тұр. Үздік бестікті Ұлыбритания мен Еуропалық Одақ қорытындылайды. Осы үш ел мен Еуропалық Одаққа мүше 27 елден бөлек әлемнің тағы 28 елі де Ресейге қарсы шектеу енгізуден сырт қалмады.

Қалай болғанда да, Ресей Украинаға әскери күш қолдану арқылы әлемнің архитектурасын өзгертті. Содан бұрынғы қалыптасқан жүйе бұзылды. Батыс елдері бастаған әлемнің бірқатар елдері Ресейге қарсы саяси-экономикалық, мәдени-спорттық тұрғыда жаппай шектеу енгізу арқылы Путинді райынан қайтарғысы келеді.

Әрине, Ресейдің Украинадағы «арнайы операциясына» Батыс елдерінің қол қусырып қарап отырмайтыны белгілі еді. Яғни, Ресейдің аз уақытта Иран, Сирия және Солтүстік Кореяны басып озып, рекордтық санкциялар салынған елге айналғаны жаңалық емес. Тек Кеңес Одағының мұрагері саналатын Ресей енді сол санкцияларға төтеп бере ала ма, жоқ па?! Мәселе осында болып тұр.

ЖҮЗ ЖЫЛ БҰРЫН МӘСКЕУ НЕСІМЕН БАТЫСҚА ЖАҚПАЙ ҚАЛЫП ЕДІ?

Өткен ғасырдың басына шегініс жасасақ, Ресейдің өз тарихында бұған дейін де Батыс елдерінің санкцияларымен бетпе-бет қалған кездері болғанын көреміз. Енді соған шолу жасап көрейік.
Кеңестік Ресейге алғашқы санкция 1917 жылғы төңкерістен кейін көп ұзамай қолданылды. Сол жылдың соңында АҚШ билігі экономикалық шектеулерді енгізді, ал 1918 жылы оған Антанта құрамында болған Франция мен Англия да қосылды. Большевиктердің шетелдік капиталдың қатысуымен құрылған кәсіпорындарды ұлттандыруы санкцияға себеп болды.

Лениннің Патша үкіметінің қарызын төлеуден бас тартуы да Батыс елдерінің наразылығын тудырды. Бұған жауап ретінде еуропалық және америкалық банктер Ресейдің Мемлекеттік банкі мен Қаржы министрлігінің шоттарын бұғаттады, ал компаниялар «жеңген пролетариат елімен» сауда қатынастарын үзді. Дегенмен, 1920 жылы Азамат соғысы аяқталғаннан кейін Батыс елдері сауда бойынша өз шектеулерін алып тастады. Бұған Мәскеудің жаңа экономикалық саясатқа көшуі ықпал етті.

1925 жылы «алтын блокадасы» аясында АҚШ, содан кейін Англия мен Франция кеңестік алтынды төлем ретінде қабылдауды тоқтатты. 1928 жылы Иосиф Сталин индустрияландыруды бастағанда Кеңес Одағына зауыттар салу үшін жаңа импорттық жабдықтар қажет болды. Большевиктерге шикізаттар, атап айтқанда, ағаш, мұнай және астық экспортын арттырудан басқа ештеңе қалмады. Бидайды шетелге шығару 1932-1933 жылдары Ресейдің оңтүстігін, Қазақстан мен Украинаны ашаршылыққа алып келді. Осы оқиғалардың әсерінен Батыс елдері 1934 жылы «алтын блокаданы» жойды.

Батыс нарығына сталиндік КСРО көмір мен марганецті арзан бағамен сатуға тырысты. Кеңестік демпингті тоқтату үшін 1930 жылы АҚШ-қа Франция қосылып, арнайы санкциялар пакетін енгізді. Бұл саясат 1931 жылы кеңес экспортының 200 млн рубльге төмендеуіне алып келді. Бірақ, дипломаттар көп ұзамай мәселені шеше алды. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін тағы екі кішігірім санкция болды. 1933 жылы тыңшылық жанжалға байланысты санкцияларға КСРО-ның Финляндияға шабуылынан кейін АҚШ билігі енгізген моральдық эмбарго қосылды.

Джексон-Вэниктің 1946 жылы КСРО мен Батыс елдері арасындағы түзетуінен кейін қырғи-қабақ соғыс басталды. Бірнеше жылдық ынтымақтастық пен несие бойынша көмектен кейін америкалықтар КСРО-ға қарсы сауда блокадасын қайта енгізді. 1949 жылы АҚШ-та Ресейге және басқа социалистік елдерге стратегиялық маңызды материалдарды, жабдықтар мен қаруларды сатуға тыйым салатын «Экспорттық бақылау туралы» Заң қабылданды. 1949 жылы санкциялар пакеті экспорттық бақылау жөніндегі үйлестіру комитетімен нақтыланды. Бұл ұйымға Батыстың 17 мемлекеті кірді.

Вашингтон Мәскеуге қарсы «бақыланатын технологиялық артта қалу» стратегиясын қолданды, ол қырғи-қабақ соғыстың соңына дейін жұмыс істеді. Орыстарға мүлдем сатылмайтын тауарлардың арнайы тізімі жасалды. Басқа тауарларды шектеулі мөлшерде немесе түпкілікті пайдалануды бақылай отырып жеткізуге рұқсат етілді. Бұл КСРО-ға едәуір зиян келтірді.

Сталин билігі кезінде капиталистік елдермен сыртқы сауда айналымы төмендеді. Тауар айналымы 1948 жылғы 4,4 млрд рубльден 1951 жылы 3,3 млрд рубльге дейін қысқарды. Бірақ, КСРО мұны социалистік лагерь және үшінші әлем мемлекеттерімен сауданы кеңейту арқылы өтеді. Содан сауданың көлемі 1948 жылғы 11 млрд рубльден 1951 жылы 18 млрд рубльге дейін өсті.

САНКЦИЯ КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ ТҮБІНЕ ЖЕТТІ МЕ?

Санкциялардың келесі толқынына Кеңес үкіметінің еврей эмиграциясына кедергі келтіруі себеп болды. 1972 жылдан КСРО жоғары оқу орындарында тегін білім алған эмигранттар бұл соманы өтеуге міндетті болды. Орташа алғанда, ол – 12 мың рубльді құрады. Еврей диаспорасының ықпалын ескере отырып, бұл шара әлемде кеңестік биліктің қанды қылмыстарының ешқайсысы тудырмаған наразылықты тудырды.

1974 жылы конгрессмендер Генри Джексон мен Чарльз Вэниктің бастамасымен АҚШ-та эмиграцияға кедергі келтіретін елдермен сауда-саттықты шектейтін түзету қабылданды. Содан Одақтан АҚШ-қа импортталатын тауарларға тарифтер мен алымдар салынды. Бұл олардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетті. КСРО Бас хатшысы Леонид Брежнев «еврей мәселесі» бойынша жеңілдіктер жасағанымен, түзету КСРО-ға миллиардтаған шығын келтірді. Бірақ, астық эмбаргосының салдары Ақ үй қалағандай КСРО-ға қатты кері әсер етпеді.

1979 жылдың соңында Кеңес әскерлері Ау-ғанстанға баса-көктеп енгеннен кейін КСРО-ның Батыспен қарым-қатынасы ұзақ жылдар бойы ол жерден кеткенге дейін күрт нашарлады. Ауғанстан президенті Хафизулла Амин сарайына шабуыл жасалғаннан кейін бір апта өткен соң, АҚШ президенті Джимми Картер КСРО-мен «көптеген мәдени-экономикалық алмасулардың» тоқтатылатынын және сауданы шектейтінін мәлімдеді. Кеңес Одағы осы шектеуден соң, АҚШ суларында балық аулаудағы артықшылықтарын жоғалтты.

«Кеңес Одағы сұраған 17 млн тонна астық біз жеткізуге міндетті мөлшерден асып кетпейді», – деді АҚШ президенті сол тұста.

Бұл жолы да астық эмбаргосының салдары қатты әсер ете қоймады. Мысалы, Канада эмбаргоны тек 1980 жылдың 26 шілдесіне дейін қолдады, содан кейін КСРО-ға экспорт көлемі арта түсті. Аустралия Ресейге төрт жыл бұрынғысындай астық сатты. Нәтижесінде, КСРО шетелден 8 млн тонна астық сатып алып тұрды. Бұл – 1979 жылмен салыстырғанда 1 млн тоннаға артық көрсеткіш. Фермерлердің наразылығына қарамастан, АҚШ-та Рональд Рейган президент болып сайланғанға дейін эмбарго сақтауды жалғастырды.

Кеңес өнеркәсібі үлкен шығынға ұшырады. 1980 жылы 8 қаңтарда АҚШ өз компанияларына Мәскеуге жоғары технологияларды сатуға лицензия беруге тыйым салды. Кейін лицензиялар алынғаннан соң да 150 млн долларды құрайтын технологияны сатуға рұқсат берілмеді. Бұл шараларға Жапония мен Батыс Еуропа елдері қосылды. Бұл кеңестік экономика үшін өте сезімтал соққы болды.

КСРО-ға қарсы санкциялардың соңғы толқыны 1980-1981 жылдардағы Польшадағы оқиғаларға байланысты орын алды. 1982 жылы Ақ үй «Рейганометрия» деп аталатын жоспарды жариялады, оған АҚШ-тың одақтастары да қосылды. КСРО несиеге қолжетімділіктен айырылды және одан пайыздарды мерзімінен бұрын өтеуді талап етті.

Жабдықты жеткізуге эмбарго қоя отырып, АҚШ 2,5 жылға Сібірден Батыс Еуропаға баратын «Уренгой – Помары – Ужгород» газ құбырының екінші тармағының құрылысын тоқтатты. Ал, еуропалықтар Норвегиядағы кен орындарын игерудің арқасында кеңестік газдан ішінара бас тартты. Осылайша, тиімді санкциялар мұнай бағасының демпингтік саясатына айналды.

Сексенінші жылдардың ортасында Рейган үкіметі Таяу Шығыстың «шикізат» монархияларымен келісімге қол жеткізді, бұл бағаның төрт есе төмен-деуіне әкеліп соқтырды. Валюталық түсімдердің болмауынан кеңес дүкендерінде тапшылық орын алды. Экономикалық дағдарыс Горбачевтің қайта құруының апатты сценарийін алдын ала анықтады, ол кеңестік республикалар арасындағы «паразитизммен» және КСРО-ның ыдырауына қатысты өзара айыптаулармен аяқталды.

Соңғы жылдары Ресей санкциядан да көз ашпай келеді. Демек, «санкциялық үркіту синдромынан» Ресейдің тәжірибесі бар. Сондықтан шыдап бағуға тырысады. Бірақ, оған билік шыдаса да, қарапайым халық шыдар ма?!

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

1991 жылы жетпіс жыл бойы он бес кеңестік республиканы «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстап келген КСРО-ның шаңырағы шайқалды. Одақпен бірге Батыс елдерінің санкциясы да келмеске кеткендей көрінген еді. Бірақ, КСРО-ның мұрагері болып табылатын Ресей Федерациясының 2014 жылы Қырымды Украинадан «тартып алуынан» кейін өткен ғасырдағы «санкция соғысы» қайта басталды. Ал, 24 ақпандағы Путиннің Украинадағы «арнайы операциясы» жағдайды ушықтырып, Ресейді санкция құрсауында қалдырды.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here