Докторанттарға диплом тапсырылды

0
1230

Өткен аптада, 3 тамызда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде докторантураны тәмамдаған білімгерлерге мемлекеттік жаңа үлгідегі «философия докторы» (PhD) дипломдарын тапсыру рәсімі өтті. Салтанатты шараны университеттің Басқарма Төрағасының орынбасары – Провост Қанат Тіреуов арнайы құттықтау сөзімен ашып, докторанттарға алдағы жауапты жолдарына табыс тіледі.

PhD дипломдарын тапсыру рәсімінде ҚазҰАЗУ проректорлары мен факультет декандары, диссертациялар қорғау жөніндегі Диссертациялық кеңестің  мүшелері, ауыл шаруашылығының белгілі ғалымдары, оқу орнының оқытушы-профессорлары мен ата-аналар қатысып, өз құттықтау лебіздерін білдірді.

«Университетіміздің оқытушылар қатарын магистратура мен докторантураны табысты аяқтаған, сондай-ақ озық, дамыған шет елдерде білім алған жас ғалымдар конкурстық негізде толықтыруда. Құрылымдық бөлімшелер басшыларының 65%-ы – жас ғалым-оқытушылар. Аграршы жас ғалымдар инновацияны заманауи жетістіктің маңызды факторы ретінде қарастыратынын және университетіміздің ғылыми әлеуетін өз бағыттарында іске асыруға мүдделі екенін жақсы білеміз. Университеттің жас ғалымдар кеңесі жемісті жұмысымен көзге түсуде. Бұл кеңес еліміздің жоғары оқу орындары арасында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының «Үздік жас ғалымдар кеңесі» атағына ие болғанын да мақтан тұтамыз. Бүгінгі жас докторанттарымыз да осы биіктерден көрініп, өз әріптестерінің жарқын істерін халықаралық деңгейде жалғастыратынына сенеміз», – деді Қанат Маратұлы.

Бүгінгі таңда ҚазҰАЗУ жаңа білімді кадрларды даярлауда ғана емес, осы білімді инновациялық қызмет арқылы өндіріске енгізуде және пайдалануда да еліміздегі алдыңғы қатардағы ЖОО-ға айналғанын, барлық аграрлық мамандықтар бойынша жоғары санатты сапалы мамандар дайындайтын Қазақстандағы жалғыз жоғары оқу орны екенін атап өткен жөн. 2021-2022 оқу жылында жаңа үлгідегі дипломдарды «Ветеринария», «Жерге орналастыру», «Кадастр», «Топырақтану және агрохимия», «Стандарттау және сертификаттау», «Экология» және «Аграрлық техника және технология» мамандықтары бойынша диссертацияларын сәтті қорғаған 25 PhD докторы ғылыми атағын алды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here