Қазақстандық министрлер қанша тіл біледі?

0
1560

Ranking.kz агенттігі тілді меңгеру деңгейі бойынша қазақстандық министрлердің рейтингін жариялады. Бұл тізімде Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясат көш бастады. 41 жастағы министр жеті тілде — қазақ, орыс, ағылшын, итальян, түрік, жапон және латын тілдерінде сөйлейді.

Екінші орында Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров тұр. Екеуі де бес тілде сөйлейді. 54 жастағы Мұхтар Бескенұлы қазақ, орыс, ағылшын, корей, жапон тілдерінде еркін сөйлесе, 38 жастағы Әлібек Сәкенұлы қазақ, орыс, ағылшын, испан, неміс тілдерін жетік меңгерген.

Үздік үштікті Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова түйіндейді. Олар төрт тілді біледі. Атап айтқанда, Дархан Қуандықұлы қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдеріне, Бағдат Батырбекұлы да қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдеріне, Тамара Босымбекқызы қазақ, орыс, ағылшын, неміс тілдеріне жүйрік.

Қазақ, орыс, ағылшын тілін білетіндер қатарында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев және Энергетика министрі Болат Ақшолақов бар. 

Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, Әділет министрі Қанат Мусин, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев қазақ және орыс тілдерінде сөйлейді.

Ranking.kz тізімі бойынша көш соңында Юрий Ильин тұр. Ол өзінің ана тілін ғана біледі. Сөйтіп, Төтенше жағдайлар министрі мемлекеттік тілді білмейтін болып шықты.

Айта кетейік, жалпы Қазақстанда ағылшын тілін меңгеру деңгейі өте төмен. EF English Proficiency Index рейтингінде Қазақстан былтыр әлемдегі 112 елдің ішінде 96-орында тұрды. Сөйтіп, еліміз ағылшын тілін өте төмен деңгейде меңгерген елдер қатарына жатқызылды. Көрсеткіш – 426. Рейтингте Нидерланды, Австрия және Дания көш бастап тұр. Соңғы орында – Йемен.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here