Кімдер президенттікке кандидат ретінде тіркелді?

0
791

20 қазандағы жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты, Жигули Дайрабаевты, Мейрам Қажыкенді және Қарақат Әбденді Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде тіркеді.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Аумақтық сайлау комиссияларының хаттамасы бойынша Қазақстан президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау үшін уәкілетті өкілдер Қазақстанның бүкіл өңірлерінен 399 809 азаматтың қолын жинады. Бүгінде оның 141 045-і тексерілді, тексерілгендердің 140 167-сі түпнұсқа деп танылды. Орталық сайлау комиссиясының 2022 жылғы 26 қыркүйектегі қаулысымен белгіленген ҚР президенттігіне кандидатты қолдау үшін анық қолдардың санының жиналуына, яғни 118 273-тен кем болмауына байланысты тиісті қолдарды одан ары тексеру тоқтатылды.

Қазақстан президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаевты қолдау мақсатында Қазақстанның 20 өңірінен 125 081 азаматтың қолы жиналды. Бүгінгі күнге олардың 122 246-сы тексеріліп, 119 975-і расталды.

Тағы бір кандидат Мейрам Қажыкен де еліміздің 14 өңірінен 122 184 адамның қолын жинады. Оның барлығы тексерілді, соның ішінде кандидатты қолдаған 120 055 қол сенімді деп танылды.

Аумақтық сайлау комиссияларының хаттамалары бойынша ҚР президенттігіне кандидат Қарақат Әбденді қолдаған еліміздің 15 өңірінен 121 314 адамның қолы жиналды. Оның ішінде 120 158 қол тексеріліп, 118 418-і расталды.

Орталық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 59-бабының 5-тармағына сәйкес жоғарыдағы кандидаттардан барлық құжаттар заңда белгіленген мерзімде қабылданғанын хабарлады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here