Президент жетісулықтар алдында қандай мәселелерді көтерді?

0
511

Алматы және Талдықорған облыстары 1997 жылы біріктіріліп, сол кезде облыс орталығы – Алматы қаласы, төрт жылдан кейін облыс орталығы – Талдықорған қаласына көшірілді. Ал, Алматы қаласының іргесіндегі Қаскелең қаласының тұрғындарына бір шаруамен облыс орталығына бару оңайға соқпайтын. Өйткені, Қаскелең мен Талдықорған арасы 300 шақырымнан асады. Яғни, жол қашықтығы әуре-сарсаңға салатын. Биыл Президент Жарлығымен Алматы облысы қайта екіге бөлініп, тарихи әділеттілік орнады. Енді Қаскелең қаласының тұрғыны өз шаруасымен 100 шақырым арыда орналасқан облыс орталығы Қонаевқа барады. Сөйтіп, қаскелеңдіктер жол қашықтығын үш есеге қысқартты. Бұл бір ғана мысал. Түптеп келгенде, облыстың екіге бөлінуі өңірдің дамуына да қуатты серпін береді. Демек, Президенттің бұл шешімі оң болғанын уақыт дәлелді.

Мұны жазып отырғаным, бүгін Мемлекет басшысы өзінің Жарлығымен құрылған Жетісу облысына жұмыс сапарымен барып, өңір тұрғындарымен кездесті. Алматы облысының жер көлемі үлкен болғанын, жергілікті басқару ісін жетілдіру үшін биыл облысты екіге бөлу туралы шешім қабылданғанын жеткізген Қасым-Жомарт Тоқаев қазір Жетісудың әлеуметтік-экономикалық қуатын арттыруға бюджеттен қаржы бөлініп, қолдау көрсетіліп жатқанын айтты. Облыстағы мәселелерге де тоқталып, оларды шешу үшін жергілікті атқамінерлерге тапсырма жүктеді.

БІРІНШІ МӘСЕЛЕ – ауыл шаруашылығын дамыту және азық-түлік өнімдерін өндіру. Табиғаты жайлы, жері құнарлы Жетісу өлкесі өзінің ауыл шаруашылығындағы әлеуетін толық пайдалана алмай отыр. облыста 100 мың гектардан астам жер пайдаланылмай жатыр. Жер суаратын желілердің 70 пайызы тозып тұр. Президент облыс әкімдігін осы мәселелерді шешуге міндеттеді.

ЕКІНШІ МӘСЕЛЕ – қант қызылшасын өсіруді қолға алу. Еліміздегі 4 қант зауытының екеуі осы облыста орналасса, соның біреуі шикізаттың жоқтығынан жұмыс істемей тұр. Қант қызылшасын өсіретін алқаптар азайып кетті. Соның кесірінен импортқа тәуелділік арта түсті. Биыл жазда қант бірден қымбаттап, оның тапшылығы туындады. Президент бос тұрған зауытты тезірек толық іске қосуды, қажет болса басқа инвесторлар тартуды қарастыруды тапсырды.

ҮШІНШІ МӘСЕЛЕ – мол транзиттік мүмкіндікті ұтымды пайдалану. Президент аймаққа халықаралық көлік-логистикалық компанияларды тарту маңызды деп есептейді. Бұл үшін елімізде құрғақ порт, логистикалық және индустриялық аймақтарды қамтитын «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы бар екенін еске салды. Бүгінде Достық станциясында жылына 9 млн тонна жүк пен 300 мың контейнер қабылдап, жөнелте алатын терминал салу жоспарланып отыр. сондай-ақ, атқамінерлер Hubei Kelison индустриялық паркін салу жөнінде Қытаймен бірлескен жобаны жүзеге асыруға қатысты мәселелерді шешу қажет.

ТӨРТІНШІ МӘСЕЛЕ – тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту. Президенттің айтуынша, Жетісу халқының 90 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Бірақ, су құбыры желілерінің едәуір бөлігі әбден тозып, 1,2 мың шақырым құбыр желісі күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан өңірдегі құбыр желілерін кезең-кезеңімен жаңарту әкімдіктің басты міндеттерінің бірі ретінде айтылды.

БЕСІНШІ МӘСЕЛЕ – сапалы ауыз су. Президент ұзақ жылдар бойы тұрғындары таза ауыз сусыз отырған Текеліні мысалға келтірді. Бұл мәселені ұзаққа созбай шешу керектігін айтқан Президент облыс және қала әкімдері аталған тапсырманың орындалуына тікелей жауапты екенін еске салып, Үкімет республика бюджетінен алдағы жылы қаржы бөлу мәселесін қарастыратынын жеткізді.

АЛТЫНШЫ МӘСЕЛЕ – қолжетімді газ. Көгілдір отын облыс тұрғындарының 10 пайызына ғана қолжетімді екенін айтқан Президент бірқатар елді мекенді 2025 жылға дейін толық газбен қамтуды тапсырды.

ЖЕТІНШІ МӘСЕЛЕ – сапалы жол. «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Үшарал – Достық» тас жолдары салынып жатқанын еске салған Президент құзырлы органдарға жұмыс барысын қатаң бақылауға алып, келесі жылы толық пайдалануға беруді тапсырды.

СЕГІЗІНШІ МӘСЕЛЕ – мектеп тапшылығы. Әлеуметтік инфрақұрылымдар мәселесіне де арнайы тоқталған Президент облыста апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымда оқытатын мектептер жоқ болса да, босаңсуға болмайдтынын айтты. Мектеп мәселесі әкімдіктің ерекше назарында болуға тиіс. Бұған дейін Қазақстанда әлемнің жетекші бес техникалық университетінің филиалдарын ашу туралы бастама көтергенін еске салып, өзінің тапсырмасымен Үкімет облыс әкімдігімен бірлесіп Талдықорған қаласында шетелдік ірі технологиялық университеттің филиалын ашу мәселесін пысықтап жатқанын айтып өтті. Сондай-ақ, жиында биыл облыстың алты ауданындағы шалғай орналасқан шағын елді мекендерде медициналық пункттерге арналған 12 модульдік кешен салынатыны туралы айтылды. Ал, 2024 жылға дейін тағы 40 ауылда осындай нысан бой көтереді.

Бұрынғы кездесулерде жергілікті атқамінерлер Мемлекет басшысы алдында қағазда бар, істе жоқ шаруаларды тізіп шығатын. Мәселелер ашық айтылмайтын. Бір атап өтерлігі, қазір өңірлерге жұмыс сапары кезінде әкімдер айтпайтын мәселелерді Президенттің өзі көтеріп жүр.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here