Алашордашылардың еңбектері Mаңғыстау музейінде де сақтаулы

0
1006

Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің Түпқараған аудандық филиалындағы музей қорының көмекші қор жәдігерлерінің ішінде Алашорда мүшелері Телжан Шонанұлы, Ғаббас Нұрымұлы және Мұрзағазы Есполұлы аударған «Оқу құралы» атты жинақ сақталған.

Түпқараған аудандық филиалына қарасты Маңғыстау түбегіндегі алғашқы Тарас Шевченко музейі 1932 жылдан бастап көпшілікке қызмет көрсетіп келеді. Сол кезеңде музей қорында небәрі 30-ға жуық жәдігер болған. Ал, 1970 жылдан бастап этнограф-өлкетанушы Е.Өмірбаевтың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде музей қоры қазақ, орыс, түркімен халықтарының тұрмыс-тіршілігінде қолданылған бұйымдарымен, құлпытас түрлерімен, сонымен қатар ғылыми түпнұсқа кітаптармен, тұлғалардың жеке құжаттарының жинақтарымен толықтырылған.

Жоғарыда атап өткен үш автор бірігіп тәржіма жасаған бұл кітап музейге сол уақытта келіп түскен жәдігер болуы әбден мүмкін.

Бұл еңбек Маңғыстау музейінде жылдар бойына сақталған өте құнды жәдігер. Өткен ғасырдың 1926 жылы жарық көрген мұндай маңызды еңбектердің музей қорынан табылуы біз үшін үлкен жаңалық. Себебі, қазіргі таңда бұл өңірден шыққан Алашордаға тікелей қатысты тұлғалар жайлы мәліметтер тым аз. Осындай еңбектер арқылы өңірге белгісіз, сирек кездесетін есімдердің табылуына апарар жол ашылуы әбден мүмкін.

Телжан Шонанұлы – 1894 жылы қазіргі Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы №4 ауылда дүниеге келген. Алашорданың оқу комиссиясының мүшесі, тілтанушы-түркітанушы, доцент, қоғам қайраткері, ағартушы, педагог, аудармашы. Алматы қаласында 1937 жылдың 20 шілдесінде тұтқындалып, 1938 жылдың 27 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы сотының Әскери коллегиясымен ату жазасына кесілген.

Ғаббас Нұрымұлы туралы А.Шаяхметтің Abai.kz сайтында жарияланған «Алаш ұраны. Арғы атам – ер Түрік, біз қазақ еліміз!» мақаласында мынадай ақпарат кездеседі: «Г.Дулатова «Өмір өткелдері» атты кітабында: «Торғайда төңкеріс қызу жүріп жатқан. Әлі есімде, тәтемдер елге келгенде, өлең-жыр ағылатын. Сонда Ғаббас Нұрымов бастап, қалғандары шырқай қостап, мына өлеңді айтып бара жатты: Ол «Арғы атам – ер Түрік, Біз – қазақ еліміз…» – деген жолдардан басталатын. Міржақыптың құдай қосқан қосағы Ғайнижамалдың айтуынша, Ғаббас Нұрымов сәнді киінетін, домбыра мен мандолинді құйқылжыта тартып, ән салатын, сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз жігіт болған деген дерек келтіреді».

Мырзағазы Есполов (1896 ж. Қостанай маңы. 1936 ж.) – Алаш қозғалысының қайраткері, журналист, публицист, педагог. 1917 жылы желтоқсанда құрылған Алашорда үкіметінің әскери бөлімінде қызмет атқарып, Алаш милициясын жасақтауға көп еңбек сіңірді. 1920 жылдан халық ағарту саласында еңбек етіп, Ташкенттегі Қазақ педагогикалық институтында оқытушылық қызмет атқарды. Сталиндік саяси қуғын-сүргіннің зардабын тартып, 1929 жылы тұтқынға алынып, келер жылдың сәуірінде он жылға Соловецк лагеріне айдалды. 1936 жылы лагерьде жүріп қайтыс болған.

Осы есімдері аталған үш тұлғаның ішінде Телжан Шонанұлының есіміне арнайы тоқталып өтпекпіз. Ғалым өзінің қайраткерлік, ағартушылық және саяси қызметтерінен тыс көптеген кітаптар жазғаны көзі қарақты оқырмандарға белгілі. Т.Шонанұлының «Шала сауатты ересектер үшін оқу құралы», «Орыстар үшін қазақша əліппе» (1931), «Қазақ тілінің оқу құралы» (1933), «Қазақ жер мәселесінің тарихы», «Үлкендер үшін қазақ тілінің оқулығы», «Қазақ тілі. Грамматика мен емле», «Жаңалық (әліппе)», «Жаңалыққа жетекші» сынды бірнеше еңбектері бар. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлымен бірге 1926 жылы жазған 3-4 жылдыққа арналған 407 беттен тұратын көлемді «Оқу құралы» атты еңбегі алаштануда ойып орын алатын үлкен еңбек. Ахаң Телжан Шонанұлынан өзге қаламгер ғалымдардың ешқайсысымен бірге бір кітап авторы болмағаны аудармашының жұрттан оза шапқан білім деңгейін білдірсе керек.

Енді музейде тұрған еңбекке тоқталайық. Кітаптың сыртқы мұқабасы жоқ, қағазбен қапталған. Беттері бүтін, мазмұнының соңғы беттері жартылай жыртылған. Познер. «Сайасат сауатының оқыу құралы (ықшам мектептер үшін). Аударған: Шонан ұлы Телжан, Нұрым ұлы Ғаббас, Еспол ұлы Мұрзағазы» деп төте жазумен жазылған. Ал кирилл әріпінде «Книга для чтения для сокращенных школ политграмоты. Познер. Перевод: Нурумова, Испулова и Шонанова. Государственное издательство КССР. Кзыл-орда. 1926. Ташкент» деген жазуы бар. 257 бет. Дәйектемесінде (ескерту: мәтін түпнұсқа бойынша көрсетілген): «Бұл кітап партианың орталық камитетінің бірінші басқыш сайасат мектебі үшін шығарған пыроғырамасына дәлдеп жазылған оқыу құралы. Жазыушы кітабты мұндай мектебтерде оқыйтын партиа мүшелерінің білімдеріне ылайықтап, пыроғыраианың бұуындарына келтіре сабақ-сабаққа бөлген, әр сабақты айырым мәселелерге бөліп, араларын ұуластырыб байлаған. Басқа жазушыларша әр мәселені жекелеп жазбаған. Ұуластырған жерлерінде жазушы ұуластырыб отырған мәселелерін талдаб түсіндіріб кетеді». Оқу құралында тарау «айырық», кіріспе «дәйектеме» деп жазылған. Үш айырық, он сабақ берілген.

Бұл еңбек арқылы осы өңірде де Алаш қайраткерлерінің сирек еңбектерінің көптеп кездесуі мүмкін екенін ерекше айтқымыз келеді. Өткен ғасыр басындағы әр саладағы аударманың тілі, аудармашылардың стилі, ғасыр бұрынғы зиялыларымыздың саяси тақырыптағы лексикалық қоры және терминология мәселесін зерделеуде аталған кітап айырықша рөл атқарады. Сондықтан осы жолдағы ізденісіміздің алғашқы баспалдағы болған «Оқу құралының» орны ерекше.

Жансая СМАН,
Ә. Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің
жалпы тарих бөлімінің маманы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here