Балалар да құмар ойындарға көп тартылады

0
694

Лудомания – Қазақстандағы ең өткір әлеуметтік мәселелердің бірі. Тіпті, балалар да құмар ойындарға тартылатыны аз айтылып жүрген жоқ. Мұндайда «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, қозы өсірген озар» дейді қазақ. Өкінішке қарай, Қоғамдық саясат институтының Әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің бас сарапшысы Жанар Қадырбек айтқандай, қазақстандықтардың казино мен букмекерлік кеңселерге жұмсайтын қаражатының сомасы таң қалдырады.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, соңғы 5 жылда құмар ойындарды ұйымдастыру бойынша қызметтер көлемі 27 есеге, 2019 жылғы 13,6 млрд теңгеден 2023 жылы 368,7 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Сүреңсіз статистиканы алға тартсақ, букмекерлік кеңселер болашағымызды бүлдіретіні жайлы айтпасақ тағы болмайды.

Әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің бас сарапшысы Жанар Қадырбектің мәліметінше, «AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институтының әлеуметтік зерттеуінің нәтижелері бойынша халықтың 73,7 пайызы үшін лудомания өзекті мәселе болып табылады. Респонденттердің 66,1 пайызы құмар ойындарды тәуелділік деп санайды. Бұл ретте, респонденттердің 61 пайызы Қазақстандағы букмекерлік кеңселерге, әсіресе ауыл тұрғындарына (65,5%) тыйым салу талабымен келіседі.

Лудоманияға қарсы іс-қимыл аясында қауіпті құмар ойындарды жарнамалауға толық тыйым салуды және оларға қатысуға рұқсат етілген жасты 25 жасқа дейін арттыруды қоса алғанда, бірқатар шаралар ұсынылды. Қарызы бар адамдар мен алимент төлемейтіндерге де құмар ойындарға тыйым салынады.

«Уәкілетті органдар тарапынан лудоманиямен күрес бойынша тұрақты жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, соңғы 5 жылда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактілері бойынша 1 500-ге жуық қылмыстық іс тергелді (ҚК 307-бабы). Сонымен қатар, соңғы үш жылда ойын бизнесі субъектілерінің саны екі есеге азайды», – деп түйіндеді сарапшы.

Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет лудоманиямен күресуге бағытталған тиісті нормаларды әзірлеп, заңға өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Жақында оның да жемісін жейміз деп ойлаймыз.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here